БІЗДІҢ НЕГІЗГІ ҰСТАНЫМЫМЫЗ – БІЛІМ САПАСЫН ТЕК ҮЗДІК МЕКТЕПТЕРДЕ ҒАНА ЕМЕС, ӘРБІР МЕКТЕПТЕ КӨТЕРУ
Білім беру жүйесі – қоғамның ертеңін айқындайтын маңызды салалардың бірі. Қазіргі таңда бұл бағытта мұғалімнің кәсіби әлеуетін арттыру, қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасы алшақтығын азайту, заманауи технологияларды оқу үдерісіне тиімді енгізу секілді өзекті мәселелерге басымдық беріліп отыр. Әсіресе жаңа оқу жылында жас мамандарды білім саласына тарту, тәжірибелі ұстаздардың біліктілігін жетілдіру, жасанды интеллект мүмкіндіктерін сауатты пайдалану және бала тәрбиесіндегі мектеп пен ата-ана жауапкершілігін күшейту маңызды міндеттердің қатарында.
Жамбыл облысында аталған бағыттар бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Ауыл мектептерін жас мамандармен қамту, білім сапасын арттыру, цифрлық мүмкіндіктерді пайдалану және озық педагогикалық тәжірибені тарату бағытында қандай нәтижелер бар? Осы және жаңа оқу жылындағы өзге де маңызды мәселелер жөнінде Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Қызылқұловамен сұхбаттасқан едік.
– Ләззат Әбілдақызы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Тамыз кеңесінде білім беру саласындағы кадр тапшылығын жою және ұстаздардың біліктілігін арттыру міндетін қойды. Бүгінде Жамбыл облысында педагог кадрлармен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешілуде? Әсіресе, жас мамандарды ауыл мектептеріне тарту және тәжірибелі ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Білім сапасының негізі – білікті педагог. Сондықтан педагог кадрлармен қамтамасыз ету, әсіресе ауыл мектептеріне жас мамандарды тарту – облысымыздағы білім беру саласының басты бағыттарының бірі. Жамбыл облысында бұл мәселе жүйелі түрде шешіліп келеді. Биыл өңір мектептеріне жоғары оқу орындарын тәмамдаған 100-ден астам жас маман жұмысқа орналасты. Олар – педагогикалық мамандықтарды үздік нәтижемен тәмамдаған түлектер. Сонымен қатар ауылдық жерлерге жас мамандарды тартуда «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының мүмкіндіктері тиімді пайдаланылуда. Бағдарлама аясында ауылға барған мамандарға әлеуметтік қолдау көрсетіліп, тұрғын үй мәселесін шешуге жағдай жасалуда.
Биылғы маңызды жаңалықтардың бірі – педагогикалық жоғары оқу орындарын жоғары GPA көрсеткішімен аяқтаған түлектерді жұмысқа тарту. Облыс бойынша GPA көрсеткіші 3,33-тен жоғары бірқатар жас маман конкурстық рәсімдерден өтпей-ақ жұмысқа қабылданды. Бұл – білім беру ұйымдарына білімі мықты, заманауи көзқарастағы жас кадрларды тартудың тиімді тетігі. Ал тәжірибелі педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру жұмыстары да тұрақты жүргізіледі. Мұнда тек дәстүрлі біліктілікті арттыру курстарымен шектелмей, педагогтердің тәжірибе алмасуына, озық әдістемелерді меңгеруіне, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын сабақта тиімді пайдалануына басымдық беріліп отыр. Біздің мақсатымыз – педагог тапшылығын сандық тұрғыдан ғана емес, сапалы кадрлармен қамтамасыз ету арқылы шешу. Себебі мықты мұғалім – сапалы білімнің басты кепілі.
– Президент аймақтар арасындағы білім сапасына қатысты алшақтықты жою қажеттігін де атап өтті. Өңірімізде қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасын теңестіру үшін қандай нақты шаралар қолға алынуда? Бұл бойынша білім сапасы төмен мектептермен қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
– Қала мен ауыл мектептерінің білім сапасындағы айырмашылықты азайту – өте маңызды міндет. Біз үшін баланың қай жерде тұратынына қарамастан, сапалы білім алуға бірдей мүмкіндігі болуы керек. Осы мақсатта облыста білім сапасы төмен мектептермен арнайы жүйелі жұмыс жүргізілуде. Ең алдымен әр мектептің нақты проблемасы зерделенеді: оқушылардың оқу жетістіктері, пәндер бойынша білім нәтижелері, педагогтердің құрамы, материалдық-техникалық база және басқару тиімділігі талданады. Осы талдау негізінде әр мектепке арналған жол карталары әзірленіп, нақты индикаторлар белгіленеді. Білім сапасы төмен мектептерге әдістемелік қолдау көрсетіліп, тәжірибелі педагогтер мен әдіскерлер бекітіледі.
Сонымен қатар мектептер арасында тәжірибе алмасу, тәлімгерлік институтын дамыту, пән мұғалімдерінің кәсіби қауымдас-
тықтарын күшейту жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесі де бар. Мысалы, халықаралық PISA-2025 зерттеуінің өңірлік нәтижесінде Жамбыл облысы математикалық сауаттылық бойынша 1-орынға ие болды. Бұл – облыс педагогтерінің еңбегінің және білім сапасын арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі. Бұдан бөлек, білім сапасын арттыруда цифрлық ресурстарды, онлайн платформаларды және жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану да маңызды рөл атқарады. Яғни біздің негізгі ұстанымымыз – білім сапасын
тек үздік мектептерде ғана емес, әрбір мектепте көтеру. Әсіресе ауыл мектебіндегі әрбір баланың сапалы білім алуына жағдай жасауға басымдық береміз.
– Жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізу мәселесіне де ерекше назар аударылды. Облыс мектептерінде бұл бағытта қандай жұмыстар жүзеге асып жатыр?
– Жасанды интеллект – бүгінгі білім беру жүйесіне еніп келе жатқан жаңа құрал. Бірақ оны мұғалімді алмастыратын технология ретінде емес, педагогтің жұмысын жеңілдететін, білім беру сапасын арттыратын тиімді құрал ретінде қарастыруымыз қажет.
Жамбыл облысында жасанды интеллектіні білім беру процесіне енгізу бойынша жүйелі жұмыстар басталды. Қазіргі таңда облыстың 25 мектебінде Google Workspace және Gemini құралдарын пайдалану бойынша пилоттық жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар педагогтердің жасанды интеллект мүмкіндіктерін сабақ барысында тиімді қолдануына бағытталған оқыту жұмыстары ұйымдастырылуда. Қыркүйек айында 400 педагогті жасанды интеллект құралдарын қолдануға үйрету жоспарланған. Бұдан бөлек, облыста жасанды интеллект бағытындағы заманауи жобаларға да көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, AI Innovation Academy, Tomorrow School, Damu Lab секілді жобалар арқылы оқушылардың цифрлық сауаттылығын, технология-
лық және инженерлік дағдыларын дамытуға мүмкіндік берілуде. Біздің алдымызда
2026–2029 жылдарға арналған жасанды интеллектіні дамыту бағыты бойынша нақты міндеттер тұр. Бұл жерде ең бастысы – технологияны мақсатсыз қолдану емес, оны оқушының сыни ойлауын, шығармашылығын, зерттеу қабілетін дамытуға пайдалану. Сонымен бірге оқушының дайын жауапты жасанды интеллекттен көшіріп алуы емес, оның көмегімен ақпаратты талдап, салыстырып, өз ойын қалыптастыруы маңызды. Сондықтан педагогтерді де, оқушыларды да жасанды интеллектіні қауіпсіз, сауатты және жауапкершілікпен пайдалануға үйрету – біздің негізгі міндеттеріміздің бірі.
– Мемлекет басшысы бала тәрбиесіне баса мән беру қажеттігін де шегелеп айтты. Қазіргі жағдайда мектеп пен ата-ана арасындағы байланысты күшейтіп, бала тәрбиесіне ортақ жауапкершілікті қалыптастыру үшін қандай жұмыстар атқарылуда?
– Білім мен тәрбие – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Баланың жақсы білім алуы қаншалықты маңызды болса, оның бойында адамгершілік, жауапкершілік, еңбекқорлық, отансүйгіштік сияқты қасиеттерді қалыптас-
тыру да соншалықты маңызды. Бұл бағытта мектеп пен ата-ананың өзара байланысын күшейтуге ерекше көңіл бөлінуде.
Бүгінде ата-анамен жұмысты тек жиналыс өткізумен шектемеу қажеттігіне басымдық беріп отырмыз. Ата-аналарға арналған кездесулер, ашық диалог алаңдары, психологиялық және педагогикалық кеңестер, түрлі тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырылады. Сонымен бірге мектептерде бала қауіпсіздігі, интернет мәдениеті, буллингтің алдын алу, құқықтық сауаттылық және жасөспірімдер арасындағы келеңсіз жағдайлардың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Бұл ретте ата-ананың жауапкершілігі де өте маңызды. Өйткені бала тәрбиесін тек мектепке жүктеп қоюға болмайды. Мектеп білім береді, отбасы тәрбиенің негізін қалыптастырады. Екеуінің бірлігі болғанда ғана нәтиже болады. Сондықтан ата-аналарды баланың оқуына ғана емес, оның күнделікті өміріне, ортасына, қызығушылығына, цифрлық кеңістіктегі әрекетіне де назар аударуға шақырамыз.
– Жаңа оқу жылындаөңіріміздің білім беру саласы алдында тұрған басты міндеттер қандай және жыл соңында қандай нәтижеге қол жеткізуді көздеп отырсыз-
дар?
– Жаңа оқу жылында білім беру саласы алдында тұрған міндеттер ауқымды. Оның ішінде бірнеше негізгі бағытты атап өтуге болады. Біріншіден, білім сапасын арттыру. Әсіресе білім сапасы төмен мектептердің нәтижесін көтеруге, қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайтуға басымдық береміз. Екіншіден, педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыру. Заманауи әдістемелерді, цифрлық технологияларды және жасанды интеллект құралдарын меңгерген мұғалімдер корпусын қалыптастыру қажет. Үшіншіден, оқушының функционалдық сауаттылығын дамыту. Бұл бағытта халықаралық зерттеулердегі көрсеткіштерді жақсарту ғана емес, оқушының алған білімін күнделікті өмірде қолдана алу қабілетіне басымдық беріледі. Төртіншіден, білім беру инфрақұрылымын жаңғырту. Биыл облыста
14 білім беру нысаны – 5 мектеп және 9 мек-
тепке қосымша құрылыс нысаны іске асырылуда. Қазіргі таңда олардың бірқатары пайдалануға берілді, қалған нысандарды кезең-кезеңімен аяқтау жоспарланған.Бесіншіден, бала қауіпсіздігі мен тәрбиесіне, инклюзивті білім беруге және әлеуметтік қолдауға ерекше назар аударылады.
– Жуырда ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесін өзге де білім ордаларына енгізу жоспарланып отыр-
ғанын жеткізді. Облыс аумағында бұл тәжірибені қай мектептерге енгізу көзделіп отыр?
– Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесі – білім сапасын арттыру, оқушының зерттеушілік және сыни ойлау дағдыларын дамыту, педагогтердің кәсіби әлеуетін күшейту тұрғысынан өте құнды. Жамбыл облысында да озық тәжірибелерді жалпы білім беретін мектептерге таратуға ерекше мән беріледі. Бұл жұмыстың негізгі мақсаты – бір мектептің тәжірибесін сол күйінде көшіру емес, оның тиімді тетіктерін өңір мектептерінің ерекшелігіне бейімдеп енгізу. Атап айтқанда, оқу бағдарламаларын жүзеге асыру, критериалды бағалау, жобалық және зерттеу жұмыстары, STEM бағыттары, оқушылардың функционалдық сауат-
тылығын дамыту, педагогтердің кәсіби қоғамдастықтарын қалыптастыру сияқты бағыттардағы тәжірибелерді кеңінен қолдану көзделеді. Бұл ретте тәжірибені таратуға әлеуеті жоғары, материалдық-техникалық базасы мен педагогикалық құрамы қалыптасқан мектептермен қатар, білім сапасын арттыруды қажет ететін мектептерге де назар аудару маңызды. Өйткені озық тәжірибе тек таңдаулы мектептерде қалып қоймауы керек. Оның нәтижесі облыстың барлық білім беру ұйымдарына жетуге тиіс. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылады және әр мектептің ерекшелігі ескеріледі.
– Биылғы жаңа оқу жылының қарсаңында география пәнінің айналасында көп дау туындағаны белгілі. Бүгінде аталған пән бағдарламасы мектептерде қалай жүргізіліп жатыр? Осы жөнінде кеңінен айта кетсеңіз…
– Иә, жаңа оқу жылы қарсаңында география пәнінің оқу бағдарламасына қатысты қоғамда түрлі пікірлер айтылғаны белгілі. Ең алдымен айта кетерлігі – мектептердегі оқу процесі Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі бекіткен қолданыс-
тағы мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттар мен оқу бағдарламалары негізінде ұйымдастырылады.
География – оқушының қоршаған ортаны, табиғи және әлеуметтік-экономикалық процестерді түсінуіне мүмкіндік беретін маңызды пәндердің бірі. Сондықтан пәнді оқыту барысында оқушылардың тек теориялық білімін қалыптастырумен шектелмей, олардың картамен жұмыс істеу, ақпаратты талдау, салыстыру, қорытынды жасау, географиялық деректерді күнделікті өмірде қолдану дағдыларын дамытуға мән беріледі.
Жаңа оқу жылында да география пәні бекітілген оқу бағдарламасына сәйкес оқытылады. Пән мұғалімдері оқу мақсаттарына сай қысқа мерзімді жоспарларын әзірлеп, сабақ барысында заманауи оқыту әдістерін қолданады. Сонымен бірге оқушылардың функционалдық сауатты-
лығын арттыруға, практикалық жұмыстарды күшейтуге, цифрлық карталар мен түрлі географиялық деректерді пайдалануға мүмкіндік беретін тәсілдерге басымдық беріледі. Бұл жерде ата-аналар мен қоғам тарапынан айтылатын пікірлерді де түсінеміз. Кез келген өзгеріс немесе жаңашылдық қоғамда талқылануы заңды. Бірақ мектептегі оқу процесі ресми түрде бекітілген нормативтік құжаттар негізінде жүргізіледі. Сондықтан педагогтерге де оқу бағдарламасының талаптарын сапалы орындау, ал ата-аналарға түсініксіз мәселелер туындаған жағдайда мектеп әкімшілігіне немесе білім басқармасының тиісті құрылымдарына жүгіну ұсынылады.
– Әңгімеңізге рақмет, кезекті жаңа оқу жылы табысты болсын!
Сұхбаттасқан Райхан Ильясқызы,
редактор.