Ещё один сайт на WordPress

БӘСІ БИІК «БАЛДЫРҒАН» БӨБЕКЖАЙ-БАҚШАСЫ

0

Бөбекжай-бақша – баланың өміріндегі алғашқы әлеуметтік орта, оның тұлғалық қалыптасуы мен танымдық қабілеттерінің негізі қаланатын маңызды мекен. Мұнда бүлдіршіндер қоршаған ортаны танып, өз қатарларымен қарым-қатынас жасауды үйреніп қана қоймай, алғашқы білім мен тәрбиеге қадам басады. Сондықтан мектепке дейінгі ұйымның басты міндеті – әр баланың жас ерекшелігі мен қабілетін ескере отырып, оның жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау. Осы бағытта тәрбиешілердің еңбегі мен бөбекжай-бақшадағы жүйелі жұмыстардың маңызы зор. Бүгінде мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың шығармашылық қабілетін шыңдауға, ойлауын дамытуға, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруге және қоршаған ортаға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған түрлі жұмыстар жүргізілуде.

Солардың қатарында Меркі ауданы бойынша 2025-2026 оқу жылында «Үздік балабақша» номинациясымен марапатталған «Балдырған» бөбекжай-бақшасының шоқтығы биік. Білім мен тәрбиені ұштастыра отырып, бүлдіршіндердің жан-жақты дамуына жағдай жасап келе жатқан білім ошағы 2012 жылы өз жұмысын бастады. Аталған оқу ордасы 140 тәрбиеленушіге арналған типтік, екі қабатты ғимаратта орналасқан. Мұнда мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың сапасын қамтамасыз етуге, балалардың жас ерекшеліктеріне сай білім алуына және шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған жұмыстар тұрақты түрде жүзеге асырылады. Бұл ретте мекемедегі педагогикалық ұжымның кәсіби шеберлігі мен ізденісі маңызды рөл атқарады.
Бүгінде бөбекжай-бақшада 17 педагог қызмет атқарады. Оның 10-ы жоғары білімді болса, 7 педагогтың арнаулы орта білімі бар. Педагогтердің барлығы өздерінің кәсіби құзыреттіліктерін жетілдіруге басымдық беріп, біліктілікті арттыру курстарынан өткен. Атап айтқанда, педагогтер мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңартылған мазмұнын іске асыру, мектепке дейінгі білім беру ұйымдары педагогтерінің ойын құзыреттілігін дамыту, білім берудегі жасанды интеллект пен инновациялық технологияларды оқу үдерісіне енгізу, сондай-ақ инклюзивті білім беруде балаларды қолдау, бейімдеу және нәтижелерін мониторингтеу бағыттары бойынша білімдерін жетілдірген.
Балабақша меңгерушісі Гулжан Байузахованың айтуынша, ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде оқу ордасы педагогтерінің біліктілік санаты 100 пайызға жеткен. Қазіргі таңда ұжымда 1 басшы-көшбасшы, 2 педагог-сарапшы және 14 педагог-модератор еңбек етеді. Бұл көрсеткіш педагогтердің кәсіби шеберлігін үнемі жетілдіріп, заманауи мектепке дейінгі білім беру талаптарына сай жұмыс жүргізуіне мүмкіндік беріп отыр.
– Балабақшада тәрбиеленушілерге ұлттық құндылықтарды ерте жастан бойына сіңіруге де ерекше мән беріледі. Осы мақсатта «Ұлттық балабақша моделі» жобасы аясында жүйелі жұмыстар қолға алынған. Жоба мазмұны оқу-тәрбие үдерісіне кіріктіріліп, балалардың ұлттық сана-сезімін қалыптастыруға, отансүйгіштікке, адамгершілікке тәрбиелеуге және қазақ халқының салт-дәстүріне деген құрметін арттыруға бағытталған. Жоба барысында бүлдіршіндер қазақ халқының салт-дәстүрлері мен ұлттық ойындары, ұлттық тағамдары мен қолөнері, ою-өрнектері мен ұлттық киімдері, музыкалық аспаптары мен тұрмыстық бұйымдары туралы мағлұмат алады. Ұлттық мұраны танып-білу тек теориялық түсіндірумен шектелмей, түрлі іс-әрекеттер арқылы жүзеге асырылады. Бөбекжай-бақша тәрбиеленушілерінен оркестр құрылып, балалардың музыкаға деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік жасалған.
Сондай-ақ бүлдіршіндер «Асық ату», «Бестас», «Арқан тарту», «Тақия тастамақ», «Ақсерек-көксерек» сынды ұлттық ойындарды ойнау арқылы ептілік, шапшаңдық, ұйымшылдық және өзара сыйластық қасиеттерін қалыптастырады. Ұлттық ойындар дене шынықтыру сабақтарымен қатар, серуендеу және еркін ойын әрекеттерімен сабақтастырыла ұйымдастырылады.
Ұлттық құндылықтарды шығармашылық арқылы танытуға да басымдық беріледі. Балалардың шығармашылық жұмыстарында ұлттық ою-өрнектерді пайдалану, қамшы, домбыра, киіз үй, ұлттық киімдер мен тұрмыстық бұйымдардың бейнесін салу, жапсыру, мүсіндеу жұмыстары жүргізіледі. Мұндай тапсырмалар бүлдіршіндердің ұлттық дүниетанымын кеңейтіп қана қоймай, эстетикалық талғамы мен шығармашылық қабілетін дамытуға ықпал етеді.
Бұдан бөлек, бөбекжай-бақшада балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған «Шабыт» жобасы да жүйелі жүзеге асырылуда. Жобаның негізгі мақсаты – бүлдіршіндердің өнерге деген қызығушылығын арттырып, қиялын, эстетикалық талғамын, шығармашылық ойлауын және өзін еркін таныту қабілетін дамыту. Жоба аясында өнер және шығармашылық орталықтары ұйымдастырылып, балалардың жас ерекшеліктеріне сай сурет салу, бояу, жапсыру, мүсіндеу, құрастыру және қолөнермен айналысуға жағдай жасалған. Мұнда әр баланың шығармашылыққа деген қызығушылығы ескеріліп, өз ойын түрлі тәсілдер арқылы жеткізуіне мүмкіндік беріледі.
Бөбекжай-бақшада балалардың зерттеушілік және танымдық қабілеттерін дамытуға да көңіл бөлінген. Осы бағытта арнайы эксперимент алаңы жұмыс істейді. Мұнда тәрбиеленушілер қарапайым тәжірибелер арқылы қоршаған ортадағы құбылыстарды бақылап, зерттеп, салыстырып, өз тұжырымдарын жасауға үйренеді, — деді мекеме басшысы Гулжан Туребековна.
Бөбекжай-бақшаның материалдық техникалық базасы да нығайып келеді. Білім ошағының материалдық-техникалық базасы оқу-тәрбие процесін сапалы ұйымдастыруға мүмкіндік беретін деңгейде қалыптасқан. Тәрбиеленушілердің жас ерекшеліктеріне сәйкес эксперимент алаңы, дене тәрбиесі залы, музыка залы, топтық бөлмелердегі дамытушы орталықтар және ойын алаңдары балалардың жас ерекшеліктерімен қызығушылықтарына сәйкес жабдықталған.
– Бөбекжай-бақшада «Балабақша – бала – отбасы» үштік одағы негізінде ата-аналармен серіктестік қарым-қатынас орнатуға ерекше көңіл бөлінеді. Ата-аналар баланың тәрбиесі мен дамуына қатысты педагогикалық процеске белсене қатысып отырады. Ата-аналармен жұмыс барысында жиналыстар, жеке кеңестер, сауалнамалар, ашық есік күндері, семинарлар, тренингтер, шеберлік сағаттары, шығармашылық көрмелер және бірлескен мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады.
Балабақшадағы ата-аналармен ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі – «Әкелер мектебі», «Аналар мектебі», «Әжелер мектебі» жұмыстары тиімді жүзеге асып отыр. «Әкелер мектебі» аясында әкелердің бала тәрбиесіне белсенді араласуын арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізіледі. Әкелер балалармен бірге спорттық жарыстарға, ұлттық ойындарға, шығармашылық және танымдық іс-шараларға қатысады.
Сондай-ақ «Әкем – менің тірегім», «Әкеме мың алғыс», «Әкелер және ұлттық ойындар» сияқты іс-шаралар арқылы балалардың әкеге деген құрметі, отбасы мүшелеріне деген сүйіспеншілігі қалыптастырылады. Әкелер өздерінің кәсіби және өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, балаларға үлгі-өнеге көрсетеді. Бұған қоса «Аналар мектебі» жұмысы ана мен бала арасындағы эмоционалдық байланысты нығайтуға, отбасылық тәрбие құндылықтарын дәріптеуге бағытталған. Аналар балалармен бірге шығармашылық жұмыстарға, ұлттық тағамдар мен қолөнерге арналған шеберлік сағаттарына, мерекелік және тәрбиелік іс-шараларға қатысады.
«Әжем, анам және мен», «Анамның қолынан», «Ана мен бала» тақырыптарындағы байқаулар мен бірлескен жұмыстар да жоспарға сәйкес жүргізіліп отырады. Аталған іс-шаралар арқылы мейірімділік, қамқорлық, сыйластық және отбасылық құндылықтар насихатталады. «Әжелер мектебі» ұлттық тәрбие мен ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етуде маңызды орын алады. Әжелер балаларға қазақ халқының салт-дәстүрлері мен ұлттық құндылықтарын таныстырып, өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөліседі
Әжелердің қатысуымен бесікке салу, тұсаукесер, шашу, бата беру, сияқты тәрбиелік бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылады және әр аптаның бейсенбі күні аудандық әжелер қауымдастығынан әжелер келіп балаларға ертегі оқып береді. Балалар үлкендерді құрметтеу, кішіге қамқор болу, ізеттілік, әдептілік және ұлттық дәстүрді қадірлеу құндылықтарын меңгереді.
«Балдырған» бөбекжай-бақшасында оқу-тәрбие процесі баланың жас және жеке ерекшеліктерін ескере отырып, заманауи талаптар мен ұлттық құндылықтарды ұштастыру негізінде жүзеге асырылады. «Ұлттық балабақша моделі» және «Шабыт» жобалары баланың ұлттық дүниетанымын, шығармашылық қабілетін, танымдық белсенділігін және әлеуметтік дағдыларын дамытуға ықпал етуде, — деді Г.Байузахова.
Педагогтердің кәсіби құзыреттілігі, материалдық-техникалық базаның жеткілікті деңгейі, дамытушы орталардың тиімді ұйымдастырылуы және ата-аналармен тығыз серіктестік орнатылуы баланың қауіпсіз, жайлы әрі шығармашылық ортада жан-жақты дамуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар бөбекжай-бақшаның жетістіктері өте көп. Яғни, педагогтар мен балалар байқауларға белсене қатысып отырады екен.
– 2023-2024 оқу жылында басшымыз Байузахова Гулжан Туребековна Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқу ісінің үздігі» Құрмет дипломымен марапатталды. Сондай-ақ 2024-2025 оқу жылында бөбекжай-бақшамыз облыс бойынша «Үздік ауылдық мектепке дейінгі ұйым», номинациясын иеленіп, 500 000 теңгенің сертификатына қол жеткізді. Сонымен қатар Меркі ауданы бойынша «Үздік балабақша» номинациясымен марапатталып 150 000 теңгенің сертификаты берілді.
Облыстық деңгейдегі байқауларда да бөбекжай тәрбиеленушілері жоғары нәтижелер көрсетті. Облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен өткен «Өнеріміз саған Қазақстан» фестивалінде «Балдырған» бөбекжай-бақшасының тәрбиеленушілері ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Балаларды байқауға Райымжанова Нафисат Есимжановна дайындады. Ал «Менің әкем – полиция» байқауында Жәнібекқызы Медина І дәрежелі дипломға ие болды. Оның жетекшісі – Шайхиева Жаннат Жолдасбекқызы. Сонымен қатар «Мен зерттеушімін» байқауына қатысқан Талғат Ж., Алибек А. және Браун А. жүлделі ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Жас зерттеушілердің жетекшісі – Адиева Индира Байдаулетовна.
Бөбекжай-бақша ұжымының экологиялық бағыттағы еңбегі де облыстық деңгейде жоғары бағаланды. Облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен өткен «Экологиялық білім берудің үздік ұйымы» байқауында «Балдырған» бөбекжай-бақшасының ұжымы «Табиғатқа жанашыр ұйым» номинациясы бойынша ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Бұл жетістік ұжымның балаларға экологиялық тәрбие беруге, табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жұмыстарының нәтижесін көрсетеді.
Аудандық деңгейдегі байқауларда да «Балдырған» бөбекжай-бақшасының тәрбиеленушілері бірнеше мәрте топ жарды. Аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен «Өнеріміз саған Қазақстан» байқауында бөбекжай тәрбиеленушілері Бас жүлдені иеленді. Жас өнерпаздарды байқауға Райымжанова Нафисат Есимжановна дайындады. «Менің әкем – полиция» байқауында Жәнібекқызы Медина Бас жүлдемен марапатталды. Оның жетекшісі – Шайхиева Жаннат Жолдасбекқызы. Ал «Мамандықтар қалашығы» байқауында тәрбиеленуші Оспан Алинұр І дәрежелі дипломмен марапатталып, өз қабілетін танытты. Байқауға жетекшілік еткен педагог – Касенова Нурзада Мауеевна.
Педагогтер арасында ұйымдастырылған аудандық байқауларда да бөбекжай ұжымы белсенділік танытып, кәсіби біліктілігін көрсетті. Аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен «Ең үздік дене тәрбиесі жетекшісі» байқауына қатысқан Шураева Курбанкуль Бас жүлдеге ие болды. Сонымен қатар «Мектепке дейінгі ұйымның үздік педагогі» байқауына қатысқан тәрбиеші Усипбекова Жадыра Жанузаковна І дәрежелі дипломмен марапатталды, — деді бөбекжай-бақшаның әдіскері Арайлым Маниева.
Арайлым Серікқызының да ауыз толтырып айтатын кәсіби жетістіктері баршылық. Әдіскер ретінде ол мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласындағы жаңашылдықтарды меңгеріп, кәсіби біліктілігін үнемі жетілдіруге басымдық беріп келеді. Оның еңбегі тәрбиеленушілердің жетістігімен ғана емес, өзі қатысқан республикалық деңгейдегі кәсіби іс-шаралар мен алған марапаттарынан да көрініс табады.
Республикалық балаларды ерте дамыту институтының ұйымдастыруымен өткен «Өнеріміз саған Қазақстан» фестивалінде «Балдырған» бөбекжай-бақшасының тәрбиеленушілері дипломмен марапатталып, жас өнерпаздарды дайындаған жетекшілер қатарында Арайлым Маниева мен Райымжанова Нафисаттың еңбегі атап өтілді.
Арайлым Серікқызының кәсіби шеберлігі де республикалық деңгейде жоғары бағаланып келеді. Республикалық балаларды ерте дамыту институты тарапынан ол «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудағы мазмұнын іске асырудағы кәсіби шеберлігі мен белсенділігі үшін» марапатқа ие болды. Сонымен қатар әдіскер «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарындағы жобалық қызмет» тақырыбындағы республикалық ғылыми-әдістемелік конференцияға қатысып, сертификат иеленді. Бұл оның кәсіби білімін үздіксіз толықтырып, тәжірибесін жаңа бағыттармен ұштастыруға ұмтылысын аңғартады.
Педагогтің еңбегі тәрбиеленушілерді түрлі шығармашылық жобалар мен республикалық бастамаларға сапалы дайындауынан да көрінеді. Әдіскер Маниева Арайлым Серікқызы «Барлығына рахмет» республикалық челленджіне тәрбиеленушілерді жоғары деңгейде дайындағаны үшін Балаларды ерте дамыту институтының Алғыс хатымен марапатталды. Бұл марапат – оның балалармен жұмыс істеудегі жауапкершілігі мен шығармашылық ізденісіне берілген лайықты баға.
«Балдырған» бөбекжай-бақшасының бүгінгі жетістіктері – балаға сапалы тәрбие мен білім беруге ұмтылған білікті педагогтер еңбегінің жемісі. Мұндағы әрбір жоба, әрбір ізденіс пен әрбір жетістік бүлдіршіндердің жан-жақты дамуына жасалған маңызды қадам. Ал педагогтердің кәсіби біліктілігін үздіксіз жетілдіруі білім беру үдерісінің мазмұнын байытып, тәрбиеленушілердің өз қабілетін еркін танытуына мүмкіндік беріп отыр.
Бүгінгі балабақша жетістігі – бір күннің емес, жүйелі еңбектің, тынымсыз ізденістің және бала болашағына деген шынайы жанашырлықтың нәтижесі. Сондықтан «Балдырғанның» бағындырған белестері алдағы уақытта да жаңа ізденістерге жол ашып, ұжымның толайым табыстармен толыға беруіне негіз болары сөзсіз.

Қ.ҚАПТАҒАЙ,
журналист.
Меркі ауданы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.