ТАРАЗДЫҚ ТӘРБИЕШІНІҢ ТОЛАЙЫМ ТАБЫСЫ
Баланың балалық шағы – оның болашақ тұлғасының іргетасы қаланатын аса
маңызды кезең. Осы уақытта бүлдіршіннің бойына білім мен тәрбие дәнін егіп, айналасына деген алғашқы көзқарасын қалыптастыратын маман – мектепке дейінгі ұйым педагогі. Тәрбиеші үшін әр баланың жүрегіне жол табу, оның табиғи қабілетін байқап, қызығушылығын қолдау үлкен жауапкершілік пен кәсіби шеберлікті талап етеді. Сондықтан балабақшадағы әр күн – баланың ертеңіне жасалған маңызды қадам.
Баланың күлкісінен қуат алып, оның кішкентай жетістігін үлкен жеңіс деп бағалайтын педагог өз ісіне жүрек жылуын арнайды. Мұндай маманның еңбегі тек күнделікті оқу-тәрбие үдерісімен өлшенбейді. Ол – бүлдіршіннің алғашқы ұстазы, бағыт берушісі әрі бала қия-
лының қанаттануына себепкер тұлға. Осындай ізденісі мен еңбегін кәсіби шеберлікпен ұштастырған Айгерім Жоралбаева жуырда республикалық деңгейде өз біліктілігін дәлелдеп, «Мектепке дейінгі ұйымның үздік педагогы – 2026» байқауында І орынға ие болды.
Айгерім Қанатқызы 2007-2011 жылдары Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінде білім алып, «Бастауыш сыныптың информатика пәні мұғалімі» мамандығын меңгерген. 2021 жылы педагогикалық еңбек жолын «Айнелек» балабақшасында тәрбиеші болып бастаған ол 2025 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Тараздағы №20 бөбекжай-бақшасында тәрбиеші қызметін атқарып келеді.
– Осыдан 5 жыл бұрын алғаш рет балабақша табалдырығын тәрбиеші ретінде аттап, бала жүрегіне жол табатын үлкен де жауапты мамандықты таңдадым. Бұл 5 жыл мен үшін үлкен белеске айналып, мол тәжірибе мен зор ізденіс сыйлады. Осы уақыт ішінде талай бүлдіршіннің өміріне кішкентай болса да өз үлесімді қосып, олардың алғашқы қадамдарына, алғашқы жетістіктеріне куә болдым. Әр баланың күлкісі, «апай» деген бір ауыз жылы сөзі мен үшін үлкен бақыт. Бұл сала маған сабырды, мейірімділікті, жауапкершілікті, үнемі ізденуді және өз мамандығымды шын жүрегіммен жақсы көруді үйретті. Сондықтан тәрбиеші болуды тек жұмыс деп ғана емес, жүрек қалауым, сүйікті мамандығым ретінде жоғары бағалаймын.
Балалар әлеміне қадам басу мен үшін үлкен жауапкершілікпен қатар, жүрекке жылу сыйлаған ерекше сезім болды. Әр бүлдіршіннің күлкісі, қуанышы, кішкентай жетістігі – мен үшін үлкен бақыт. Олардың бойына білім мен тәрбие беріп қана қоймай, мейірімділікке, достыққа, ізгілікке баулу алға қойған басты мақсаттарымның бірі. Осы мамандықты таңдап, бала жүрегіне жол табатын тәрбиеші болу — менің өмірімдегі ең дұрыс шешімдердің бірі. Бала күлкісімен басталған бұл жол мен үшін үлкен бақыт пен жүрек қалауына айналды, — деген ұстаз жуырда байқауда еншілеген жүлдесі талабын одан әрі шыңдап, жігерін жани түсетінін жеткізді.
– Аталған байқаудың қалалық және облыстық кезеңдерінен Бас жүлдені иеленіп, республикалық айналымда 1-орынға қол жеткіздім. Бұл – мен үшін үлкен қуаныш әрі зор жауапкершілік. Осы жарқын жетістік өзіме деген сенімімді арттырып, кәсіби ізденісіме жаңа серпін берді. Байқау барысында жинақтаған тәжірибем мен алған әсерлерім алдағы уақытта да жаңашылдыққа ұмтылып, білімімді жетілдіре түсуіме жол ашады деп ойлаймын. Бұл жеңіс мені одан әрі қанаттандырып, балалармен жұмыс барысында жаңа әдіс-тәсілдерді іздеуге, әр баланың қабілетін ашуға және өз ісіме бұрынғыдан да үлкен жауапкершілікпен қарауға ынталандырады. Еңбегімнің бағалануы – мен үшін мәртебе ғана емес, алдағы биіктерге бастайтын үлкен баспалдақ, — деді Айгерім Жоралбаева.
Кейіпкеріміздің жетістіктері тек осы байқаумен ғана шектелмейді. Атап айтсақ ол бұған дейін «Барлығына рақмет!» республикалық челленджіне қатысқаны үшін, «Тәрбиеленушілердің дене, зияткерлік және жеке тұлғалық дамуын қамтамасыз ететін оңтайлы ойын әдістері» тақырыбындағы тренинг-тимбилдингте үздік нәтиже көрсеткені үшін арнайы Алғыс хаттарымен марапатталса, «Жас техниктер» кіші жоба негізінде ұйымдастырылған қалалық семинарда кәсіби деңгейде іс-тәжірибесімен бөліскені үшін Сертификатты еншілеген. Білікті тәрбиешіден тәлім алған бүлдіршіндердің де жеңістері өз алдына бір төбе. Кеңінен тоқталсақ, оның шәкірттері «Әжем, анам және мен» қалалық байқауынан 2 дәрежелі Диплом, «Шебер әке, өнерлі ана, еңбекқор бала» қолдан жасалған бұйымдар қалалық байқауында Бас жүлде, аталған сайыстың облыстық кезеңінде 2-дәрежелі Диплом, «Әсемпаз болма әрнеге» қалалық мәнерлеп оқу байқауында да 2 дәрежелі Дипломға лайық деп танылған.
Педагог еңбегінің шынайы бағасы – оның алған марапаттарымен ғана емес, айналасына қалдырған өнегесімен де өлшенеді. Айгерім Жоралбаеваның кәсіби жолына көз жүгіртсек, ізденіс пен тәжірибенің, талап пен талпыныс-
тың өзара сабақтасып жатқанын аңғаруға болады. Ол үшін әрбір байқау – өз мүмкіндігін сынайтын орта, әрбір жетістік – жаңа міндеттер жүктейтін белес. Ал тәрбиеленушілерінің түрлі додаларда топ жарып, шығармашылық қабілеттерін танытуы – педагог еңбегінің нәтижелі екенінің айқын көрінісі.
Бүгінде мектепке дейінгі тәрбие саласында жаңашылдыққа бейім, кәсіби білімі мен шығармашылық ізденісін ұдайы ұштастыратын мамандардың орны айрықша. Айгерім Қанатқызының республикалық байқаудағы жеңісі де осы бағыттағы еңбегінің лайықты бағасы. Ең бастысы, ол бұл жетістікті мәреге емес, алдағы ізденістерге бастайтын жаңа мүмкіндік ретінде қабылдайды. Демек, бүгінгі жеңісінің артында әлі талай тың бастама мен толымды еңбекке жол ашатын жарқын жоспарлар бар екені сөзсіз.
Қ.Аманкелдіұлы,
журналист.
Тараз қаласы.
