Ещё один сайт на WordPress

ЖАС ҰРПАҚҚА ЖІГЕР БЕРГЕН ЖАМИЛЯ

0

Шыны керек, әскери дайындық десе, көбіне көз алдымызға сап түзеп тұрған сарбаздар, әскери киім киген ер азаматтар елестейді. Алайда Отан қорғауға даярлықтың негіздерін жас ұрпаққа үйрету тек ерлерге тән міндет емес. Бұл жауапты жұмысты жүрек қалауымен атқарып, шәкірттеріне тәртіп пен төзімділікті, батылдық пен елжандылықты бойына сіңіріп жүрген әйел ұстаздар да бар. Солардың бірі – Меркі ауданындағы Ақкөз Қосанұлы атындағы №18 жалпы орта білім беретін бастапқы әскери даярлық пәнінің мұғалімі Жамиля Аманбай.

Жамиля Бақтыбекқызы 1998 жылы Жамбыл облысының Меркі ауданында дүниеге келген. 2016 жылы өзі еңбек етіп жүрген жоғарыда аталған білім ордасын тәмамдап, 2016-2020 жылдар аралығында сол кездегі Тараз мемлекеттік университетінде жоғары білім алып, бастапқы әскери даярлық пәнінің мұғалімі атанды. Оның ұстаздық жолды таңдауына отбасындағы тәрбие мен өнеге үлкен әсер етіпті.
– Біздің жанұямызда 10 адам бар. Әкем мен анам өз мамандықтарының иесі, бауырларым білім жолында. Ұстаздықтың отбасымызда жалғасып келе жатқаны мен үшін ерекше мақтаныш. Әпкем мен сіңілімнің де білім саласында еңбек етуі ұстаздықтың адамға беретін қуанышын, жауапкершілігін және қоғамдағы маңызын жақыннан сезінуге мүмкіндік берді. Отбасымнан алған тәрбие мен еңбекқорлық, бір-бірімізге деген құрмет пен қолдау ұстаздық ұстанымымның қалыптасуына ықпал етті. Соның арқасында қазіргі таңда аудандағы 30 мектептің ішінде Бастапқы әскери даярлық пәнінен сабақ беріп жүрген қыз баланың бірі болуым – үлкен жауапкершілік әрі ерекше мақтаныш, — деген ұлағатты ұстаз сан қырлы салада неге дәл осы пәнді қалағанын кеңінен әңгімелеп берді.
– Оның басты себебі – балаларға әскери өмірдің қыр-сырын таныстыру, олардың бойындағы батылдық пен жауапкершілікті қалыптастыру, Отанды қорғаудың маңызын түсіндіру. Өзіме әскери адамдардың жауапкершілігі, адалдығы және елге деген қызметі бұрыннан ұнайды. Әскери форманың өзіндік ерекше мәні бар және оны кию үлкен жауапкершілікті талап етеді.
Бастапқы әскери даярлық сабағы – тек әскери білім беретін пән емес. Бұл сабақ арқылы оқушы тәртіптілікке, жинақылыққа, төзімділікке, бір-біріне көмектесуге және қиындыққа мойымай, өзіне сенуге үйренеді.
Даңқты батыр Бауыржан Момышұлының «Ешкім іштен батыр болып тумайды, батырлық та өскен орта мен көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады» деген тағылымды сөзі менің ұстаздық ұстанымыммен үндеседі. Себебі патриоттық сезім бала бойында өздігінен қалыптаспайды. Ол – отбасындағы тәрбие, мектептегі білім, ұстаздың өнегесі, қоршаған ортаның әсері арқылы қалыптасатын құндылық.
Сондықтан менің басты мақсатым – әр оқушының жүрегіне, туған жерге, туған елге деген сүйіспеншілікті сіңіру. Оқушы Отанын сүюді тек сөзбен емес, өз ісімен, тәртібімен, еңбегімен және айналасындағы адамдарға деген құрметімен көрсетуі керек деп ойлаймын, — деп ағынан жарылды Жамиля Бақтыбекқызы.
Кейіпкеріміздің өзі сүйіп таңдаған жұмысында қол жеткізген табыстары өте мол. Атап айтсақ, ол Меркі аудандық «Ауған соғысы ардагерлерінің одағы» қоғамдық бірлестігінің, аудандық білім бөлімінің және Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының Алғыс хат, Грамоталарымен марапатталған. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің 31 жылдығына және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 78 жылдығына арналған алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушылары арасында өткізілген XVII облыстық байқауының «Пневматикалық винтовкадан оқ ату» сайысында I орынды иеленгенін де ерекше атап өткен абзал.
Білікті маманның шәкірттерінің де жетістігі бір төбе. Нақтырақ тоқталсақ, оқушысы – Әскербек Нұрасыл Халық қаһарманы, полиция капитаны – Ғазиз Байтасовты еске алуға арналған 2025-2026 оқу жылындағы білім алушылардың арасында ұйымдастырылған аудандық «Жас қозғалыс инспекторлары» атты әскери-патриоттық сайысына қатысып, «Жас реттеуші» номинациясын иеленсе, тағы бір шәкірті – Шынар Өсер «Сапта жүріп ән айту» XXIII байқауында пневматикалық винтовкадан оқ атудан қыздар арасында I орынға қол жеткізді.
– Мен үшін ұстаздың ең үлкен жетістігі – оқушысының алған бағасы ғана емес, оның жақсы адам болып қалыптасуы. Бір-бірін құрметтейтін, үлкенді сыйлайтын, кішіге қамқор болатын, қиын сәтте жолдасына қолдау көрсете алатын, елінің тарихын құрметтеп, болашағына жауапкершілікпен қарайтын азамат тәрбиелеу – ең басты мақсатым.
Педагогикалық қызметім барысында мектепішілік және аудандық деңгейдегі әскери-патриоттық, спорттық және қауіпсіздік бағытындағы іс-шараларды ұйымдастыруға белсенді қатысып келемін. Шәкірттерім саптық дайындық, әскери-қолданбалы спорт түрлері, алғашқы медициналық көмек көрсету, қауіпсіздік негіздері, патриоттық байқаулар мен спорттық жарыс-
тарда өз білімдері мен шеберліктерін көрсетіп жүр.
Бүгінгі оқушы – ертеңгі ел азаматы. Ал оның жүрегіне, Отанға деген сүйіспеншіліктің алғашқы дәнін себу – ұстаздың үлкен міндеті. Мен таңдаған мамандығымды мақтан тұтамын, себебі ұлттың болашағын тәрбиелеу – үлкен абырой, әрі үлкен жауапкершілік, — деді Ж.Аманбай.
Жамиля Бақтыбекқызының еңбек жолына зер салсақ, мамандықтың мәні оның атауында емес, оны атқаратын адамның ниеті мен табандылығында екенін аңғарамыз. Ерекше саланы таңдаған жас ұстаз өз ісіне деген адалдығы арқылы қалыптасқан түсініктерді жаңартып, білім мен тәрбиенің кез келген бағытында нәзікжандылардың да биік нәтижелерге жете алатынын көрсетіп келеді. Оның әрбір жетістігі – тынымсыз ізденістің, ал шәкірттерінің әрбір жеңісі – ұстаз еңбегінің жемісі. Ең бастысы, кейіпкеріміз үшін қызметтің нәтижесі марапатпен өлшенбейді. Оның ұстаздық жолындағы шынайы бағасы – өмірден өз орнын табуға ұмтылған, алған тәлімін күнделікті ісімен дәлелдей алатын шәкірттерінің жетістігі. Осындай өз ісіне берік, көзқарасы қалыптасқан мамандардың еңбегі мектеп қабырғасында ғана емес, елдің ертеңіне қызмет ететін жас буынның азаматтық болмысының қалыптасуында да айрықша орын алады.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.