БІЛІМ БАҒЫНДА БҮР ЖАРҒАН МАМЫРБАЕВТАР ОТБАСЫ
Ұстаздық – жай ғана мамандық емес, ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауды, бала жүрегіне жол табуды талап ететін үлкен жүрек пен қажырлы еңбекті қажет ететін қасиетті жол. Ал, бұл жолды бір адамның ғана емес, тұтас әулеттің өмірлік ұстанымына айналдыруы – ерекше өнеге.
Бір шаңырақтан бірнеше буынның ұстаздық қызметті таңдап, бар ғұмырын білім мен тәрбие саласына арнауы олардың осы мамандыққа деген сүйіспеншілігін аңғартады. Әулеттегі аға буынның тәжірибесі кейінгі ұрпаққа бағыт-бағдар болып, ұстаздықтың жауапкершілігі мен қадірін бала кезден сезінуге ықпал етеді. Осындай отбасыларда мектеп өмірі, шәкірт тәрбиесі, ізденіс пен білімге ұмтылыс күнделікті тіршіліктің ажырамас бөлігіне айналады. Бірі қалыптастырған дәстүрді екіншісі жалғастырып, әр буын өз қолтаңбасын қалдырады. Сондықтан бүгінде ел ертеңін тәрбиелеуге атсалысып жүрген ұстаздар әулеттерінің еңбегі кәсіби сабақтастықтың ғана емес, ұрпақ тәрбиесіне деген ортақ жауапкершіліктің де көрінісі екені даусыз. Осындай ұлағатты әулеттердің қатарында Байзақ ауданының Мамырбаевтар отбасының шоқтығы биік.
Бұл әулеттің ұстаздық жолы Серік Мамырбаевтың есімімен тығыз байланысты. Түймекент орта мектебінің ардагер ұстазы, Байзақ ауданының құрметті азаматы Серік Мамайұлы 1932 жылы аталмыш ауданның Құрама ауылында дүниеге келген. Жастайынан білімге, ұстаздыққа қызыққан ол бұл мамандықты өмірлік жолы ретінде таңдады. Ұстаздыққа деген алғашқы қызығушылығына соғысқа дейінгі жылдары ауыл тұрғындарына сауат ашу сабақтарын өткізген мұғалімнің еңбегі себеп болған екен. Жас кезінде сол ұстазына қызыға қарап, оның балалар мен үлкендерге білім үйреткеніне тәнті болған сол кездегі бозбала Серік кейін өзі де саналы ғұмырын ағартушылыққа арнады.
Кейіпкеріміз еңбек жолын 1951 жылы В.И.Ленин атындағы жетіжылдық мектепте «аға пионер вожатый» болып бастап, 1953 жылы Шымкент педагогикалық институтына оқуға түседі. Жоғары білім алғаннан кейін Жамбыл атындағы орта мектебінде тәрбиеші, Чапаев атындағы мектепте оқу ісінің меңгерушісі, Ақжар орта мектебінде мұғалім әрі директордың орынбасары қызметтерін атқарды. Ал ғұмырының қырық жылға жуық уақытын Түймекент орта мектебіне арнады. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген Серік Мамырбаев талай шәкірттің білім нәрімен сусындауына жол ашып, олардың өмірден өз орнын табуына ықпал етті. Оның шәкірттері арасынан мектеп директорлары, медицина ғылымының докторлары секілді елге белгілі азаматтар шықты.
Серік Мамырбаевтың ұстаздық еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланды. Атап айт-
қанда, 1970 жылы Қазақ КСР Оқу министрлігінің «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісіне, 1984 жылы «Еңбек ардагері» медаліне ие болса, сол жылы «Аға мұғалім» атағы берілді. Сонымен қатар Ұлы Отан соғысындағы жеңіске – 60, 65, 70 мерекелік медальдарымен және 1964 жылғы тың игерудің 10 жылдығына арналған төсбелгімен марапатталып, Байзақ ауданының Құрметті азаматы атығ берілді.
Білікті ұстаз аудан көлемінде озық тәжірибесін де таратып, жас мамандарға әдістемелік көмек көрсетіп отырды. Мектептегі оқушылардың өндірістік бригадасын 13 жыл басқарып, шәкірттерімен бірге Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне бірнеше рет қатысып, жеңімпаз атанды. Ол басқарған оқушылардың өндірістік бригадасы республикада екінші орын алып, «МТЗ-80» тракторын сыйлыққа иеленген.
Ұстаздықпен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсене араласқан Серік аға аудандық қазақ тілі қоғамын басқарып, қазақ тілі мен әдебиеті пән бірлестігіне жетекшілік етіп, оқушылардың білім сайыстарын ұйымдастырды. Облыстық және аудандық деңгейдегі түрлі әдістемелік жұмыстарға қатысып, мұғалімдердің біліктілігін арттыруға үлес қосты. Оның 2003 жылы «Төл туындылар» атты өлеңдер жинағы да жарық көрген.
Өмірінің соңына дейін кейінгі буынға ақыл-кеңесін айтып, ұстаздық өнегенің қадірін дәріптеген Серік Мамырбаев 2023 жылы 93 жасында дүниеден өтті. Артында мағыналы ғұмыр жолы, мол мұрасы және ұстаздық дәстүрді жалғастырған ұрпақтары қалды.
Кейіпкеріміздің өмірлік жары – Манат Ерназарова да білім саласынан алыстаған жоқ. Ол ұзақ жылдар мектеп кітапханасында еңбек етіп, ұрпақ тәрбиесіне өз үлесін қосты. 60 жылға жуық тату-тәтті ғұмыр кешкен екеуі он бес перзент тәрбиелеп өсірді. Бүгінде көзі тірі 13 баласы өмірден өз жолдарын тауып, өнегелі шаңырақтардың иесі атанып отыр.
Артында қалған ұрпақтарының арасында ұстаздық жолды жалғастырғандар да жетерлік. Солардың бірі – осы отбасының үшінші қызы Гаухар Атейбекова. Гаухар Серікқызы еңбек жолын 1981 жылы Ақжар орта мектебінде аға тәлімгер болып бастады. Жамбыл педагогикалық институтының математика бөлімін тәмамдап, Жамбыл орта мектебінде, Дихан ауылындағы Киров орта мектебінде математика пәнінің мұғалімі, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарды. Кейін Гагарин орта мектебінде математика пәнінен сабақ беріп, 45 жылдық еңбек өтілімен зейнетке шықты. Педагог-шебер Гаухар Серікқызы аудандық, облыстық деңгейдегі көптеген марапатқа ие болып, 2023 жылы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің Алғыс хатымен марапатталды. Оның қызы Меруерт те анасының жолын жалғап, 10 жылдан бері математика пәнінен сабақ беріп келеді.
Бұл әулетте ұстаздық тек атадан балаға ғана емес, ерлі-зайыптылардың ортақ кәсіби ұстанымына да айналған. Отбасының тағы бір өкілі Жанболат Мамырбаев бастапқыда механик мамандығын меңгеріп, еңбек жолын өндіріс саласында бастаған. Алайда уақыт өте келе білім беру саласына бет бұрып, 2004 жылы «Болашақ» гуманитарлық-техникалық колледжін, кейін Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетінің бастауыш білім беру факультетін тәмамдады. 2011 жылдан бері Түймекент орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етіп келеді.
Жанболат Серікұлының ұстаздық жолында да ізденіс пен шығармашылық қатар өрілген. Ол мектепішілік «Жас маман – 2012» байқауында, аймақтық «Екі жұлдыз – 2014» байқауында бас жүлде иеленіп, аудандық «Екі жұлдыз» мега-шоуында жүлделі орыннан көрінді. Біліктілікті арттыру курстары мен облыстық семинарларға қатысып, жинақтаған тәжірибесін бөлісіп отырды.
Жанболаттың шаңырағында да білімге деген құрмет берік қалыптасқан. Жұбайы Гүлжанат Елешқызы медицина саласында еңбек еткенімен, балаларының бірі педагогикалық бағытты таңдаған. Үлкен қызы Айгерім Абай атындағы педагогикалық колледждің хореография факультетін қызыл дипломмен тәмамдап, кейін дефектология мамандығы бойынша білімін жалғастырған. Екінші қызы Айсара шет тілдері факультетінде білім алған. Ал ұлы Ерасыл Түймекент орта мектебінің үздік оқушысы атанған.
Ұстаздық дәстүрді жалғастырған әулет мүшелерінің бірі – Жаухар Мамырбаева. Ол 1993 жылы Абай атындағы педагогикалық жоғары оқу орнын тәмамдап, еңбек жолын Макаренко атындағы, қазіргі Киікбаев орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып бастады. Кейін жоғары білімін жалғастырып, бүгінде №1 мектеп-гимназиясында қызмет атқарып келеді. Педагогикалық өтілі 33 жылды құрайтын Жаухар Серікқызының санаты – педагог-зерттеуші. Оның жұбайы Арман Нұрпейісұлы Абдиманапов та білім саласында отыз үш жылдан бері еңбек етіп келе жатқан педагог-зерттеуші ұстаз.
Әулеттің келесі өкілі – Гүлмайра Мамырбаева. Ол 2004 жылдан бері Байзақ ауданындағы Үлгілі орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етіп келеді. 2006 жылдан бастап аталған мектепте бастауыш кәсіподақ төрайымы қызметін де атқарып, әріптестерінің қоғамдық жұмыстарына белсене араласты. Кәсіби еңбегі үшін 2021 жылы «шебер-педагог» санатын алып, 2023 жылы «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, 2024 жылы жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі жетістіктері үшін «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды. Гүлмайра Серікқызының ұлы Нұрғиса да ата жолын таңдап, білім саласына келді. Ол 2022-2024 жылдары Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің IT академиясын басқарса, 2024 жылдан бері осы оқу орнында аға оқытушы, сеньор-лектор болып еңбек етіп келеді.
Әке жолын жалғастырған ұлдарының бірі – Нұрболат Мамырбаев. Ол білім саласындағы еңбек жолын Сарыкемер ауылындағы Гагарин мектебінде математика-информатика пәндерінің мұғалімі болып бастап, кейін сол білім ордасында басшының оқу ісінің орынбасары қызметін атқарды. Одан әрі Қарасу, Берікқара, Қостөбе орта мектептерінде директор болып, басшылық қызметтерде еңбек етті. Кейін Байзақ ауданының білім бөлімін басқарып, туған жеріндегі оқу-ағарту саласының дамуына елеулі үлес қосты. Еңбегі «Әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін» салалық кәсіподақ төсбелгісімен, «Қазақстан патриоты» медалімен және бірқатар Құрмет грамоталарымен бағаланған.
Нұрболаттың жары Жанар Примкулова да ата жолын жалғап, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі атанды. Білім саласында 35 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан педагогика ғылымдарының магистрі, педагог-шебер өз тәжірибесін республика көлемінде таратып, оқу-әдістемелік бағытта да нәтижелі жұмыс жүргізіп келеді. Оның еңбегі Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен, мемлекеттік медальмен және түрлі деңгейдегі Құрмет грамоталарымен атап өтілген. Бұл шаңырақтағы ұстаздық сабақтастық мұнымен де тоқтаған жоқ. Олардың ұлы Әмір де «Алтын белгі» иегері атанып, бүгінде «педагог-психолог» мамандығы бойынша білім алуда.
Берекелі отбасының ұстаздық шежіресінде Гүлмира Мамырбаеваның да өзіндік орны бар. Ол 1976 жылы ұстаздар отбасында дүниеге келген. Ата-анасы білім саласында ұзақ жыл тер төккен Гүлмира Серікқызының балалық шағы да мектеп өмірімен, кітаппен, ұстаз еңбегімен біте қайнасып өскен.
1994 жылы мектепті тәмамдаған соң сол білім ордасында аға тәлімгер болып еңбек жолын бастады. Кейін Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының «Филология» факультетін бітіріп, «филолог-оқытушы» мамандығын алды. 2005 жылдан бастап Түймекент орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек етті. Әке жолын жалғаған ол 2017 жылдан бері директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келеді. Ұстаздық жолдағы ізденісі нәтижесіз емес. Атап айтсақ, аудандық, облыстық байқауларда жүлделі орындарға ие болып, өзі білім берген оқушылары да аудандық, облыстық және республикалық сайыстарда жүлдегер атанып жүр.
Әулеттің ұстаздық дәстүрін жалғастырған кенже ұл Ақболат та білім саласында еңбек етіп келеді. Ол бастапқы әскери даярлық пәнінің мұғалімі болса, жұбайы Қарлығаш көркем еңбек пәнінен сабақ береді. Осылайша бұл шаңырақта ұстаздық екі адамның ғана кәсібі емес, отбасының ортақ ұстанымына айналған. Олардың қызы Қырмызы да ата-анасының жолын жалғауға ниетті. Қазіргі таңда М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде ағылшын тілі мұғалімі мамандығы бойынша білім алып жүр.
Мамырбаевтар әулетіндегі ұстаздық сабақ-
тастықтың тағы бір жалғасы – Гүлсана Қарлықбайқызы. Ол әулеттің үлкен ұлының келіні, яғни кейінгі буын өкілі. 2021 жылдан бері ҒБайтасов атындағы тірек мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет атқарып келеді.
Бұған қоса Индира Иманбекова да білім беру саласында еңбек етіп келеді. Индира Төлеубекқызы Серік ата мен Манат апаның 13 баласының бесіншісінің жары, яғни Мамырбаевтар әулетінің келіні. Қазіргі таңда Тараз қаласындағы №16 бөбекжай-бақшасында тәрбиеші болып қызмет атқарып, педагог-сарапшы санатына ие. Оның да бүлдіршіндерге тәлім-тәрбие берудегі еңбегі әулеттің ұстаздық дәстүрінің аясын кеңейте түседі.
Мамырбаевтар әулетінің тағылымды тарихына көз жүгірткенде, бір әулеттің тыныс-тіршілігінен тұтас бір дәуірдің білім саласындағы бейнесін аңғаруға болады. Өткен ғасырдың орта тұсында ауыл мектебінде шәкірт тәрбиелеген Серік Мамайұлының маңдай тері бүгінде әр салада еңбек етіп жүрген ұрпағының қызметімен жалғасып келеді. Олардың әрқайсысы заман талабына сай өз бағытын қалыптастырғанымен, бәріне ортақ бір қасиет бар – қоғамға пайдалы болуға деген ұмтылыс.
Саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған Серік атаның өмір жолы артындағы ұрпағына өлшем боларлық өнеге қалдырды. Сол өнегені әр буын өз болмысына сіңіріп, жаңа белеске көтеріп келеді. Бір әулеттің тарихы осылайша отбасы шеңберінен асып, талай жастың болашағына әсер ететін игі іске ұласып отыр. Ең бастысы, мұндай әулеттердің ғибратты жолы мамандықтың мәнін сөзбен емес, нақты еңбекпен танытатын өмір мектебі болып қала береді.
Қ.Қаптағай,
журналист.
Байзақ ауданы.