ҰСТАЗДЫҚПЕН ӨРІЛГЕН ҰЛАҒАТТЫ ҒҰМЫР
Елімізде білім беру саласының дамуына өзіндік үлесін қосып, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп жүрген білікті ұстаздар аз емес. Соның ішінде қасиетті Жамбыл жерінде де өз ісіне адалдығымен, кәсіби шеберлігімен шәкірт жүрегінен жол тапқан педагогтер көп. Олар білім берумен ғана шектелмей, шәкірттерінің бойындағы қабілетті танып, оны шыңдауға, өмірден өз орнын табуына бағыт-бағдар беріп келеді.
Әсіресе, кәсіптік білім беру саласында еңбек ететін ұстаздарға жүктелер жауапкершілік жүгі ерекше. Өйткені колледж қабырғасында шәкірт тек теориялық білім алып қана қоймай, таңдаған мамандығының қыр-сырын меңгеріп, еңбек нарығына қажетті кәсіби дағдыларды қалыптастырады. Демек, мұндағы ұстаздың міндеті – білім үйрету ғана емес, болашақ маманның кәсіби қалыптасуына жол ашу.
Осындай жауапты міндетті абыроймен атқарып, шәкірттерінің кәсіби білімі мен өмірлік ұстанымының қалыптасуына үлес қосып жүрген ұстаздардың еңбегі қашанда құрметке лайық. Солардың бірі – Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығы бойынша арнайы пәндер оқытушысы Сандуғаш Наметқұлова.
Сандуғаш Жанұзаққызының балалық шағы Байзақ ауданына қарасты Кеңес ауылында өтіп, алғашқы білім негізін ауыл мектебінен алды. Тоғыз жылдық мектепті тәмамдағаннан кейін, ұстаздық мамандыққа деген қызығушылығы мен бала тәрбиесіне деген ерекше ықыласы оны Тараз қаласындағы қазіргі Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжіне жетеледі.
Аталған оқу орнын үздік көрсеткіштермен тәмамдап, болашақ маманның педагогикалық дүниетанымы қалыптасып, бала тәрбиесі мен білім беру саласына деген кәсіби ұстанымы айқындала түсті.
Кәсіби білімін одан әрі тереңдету мақсатында 1994–1996 жылдары Жамбыл педагогикалық институтында «Мектепке дейінгі педагогика және психология» мамандығы бойынша білімін жалғастырды. Жоғары білім алу кезеңі оның педагогикалық теорияны тәжірибемен ұштастырып, бала психологиясы мен мектепке дейінгі тәрбие мәселелерін терең меңгеруіне негіз болды.
Кейіпкеріміз еңбек жолын 1996 жылы Тараз қаласындағы №36 орта мектепте, кейін Тараз қаласындағы №44 орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет атқарып, ұстаздық тәжірибесін шыңдай түсті. Осы жылдар ішінде білім алушылармен жұмыс істеудің тиімді әдіс-тәсілдерін меңгеріп, педагогикалық шеберлігін жетілдірді. Ұстаздық қызметті тек білім берумен шектемей, әр баланың жеке қабілетін танып, оның тұлғалық қалыптасуына ықпал етуді басты кәсіби ұстанымдарының бірі ретінде қалыптастырды.
Кәсіби ізденісін үздіксіз жалғастырған Сандуғаш Жанұзаққызы 2012–2014 жылдары Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетінің «Педагогика және психология» мамандығы бойынша магистратурада білім алып, оқуын сәтті аяқтады. Нәтижесінде педагогика ғылымдарының магистрі академиялық дәрежесіне ие болды. Оның білім жолы мен еңбек тәжірибесі – педагогикалық мамандыққа деген адалдықтың, кәсіби ізденістің және үздіксіз білім жетілдірудің жарқын үлгісі. Балалық шақтан басталған ұстаздыққа деген қызығушылығы жылдар өте келе терең кәсіби ұстанымға ұласып, педагогика саласындағы тәжірибесі мен білімін ұрпақ тәрбиесіне арнаған тағдырлы жолына айналды.
Бүгінде еңбек нарығы білікті әрі бәсекеге қабілетті мамандарды талап етеді. Осы міндетті жүзеге асыруда колледждердің рөлі айрықша. Ал сол білім ордаларында жас мамандарды даярлайтын оқытушылардың еңбегі үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Олар шәкірттеріне белгілі бір кәсіпті үйретіп қана қоймай, еңбекке құрметпен қарауды, ұқыптылықты, ізденісті, өз ісіне адал болуды қалыптастырады. Өйткені кәсіби шеберлікпен қатар, маманның адамдық қасиеті де оның болашақтағы жетістігіне әсер етеді.
Колледж ұстазы үшін әр студенттің жетістігі – еңбегінің нәтижесі. Бір шәкірттің өз мамандығын сүйіп, білікті маман атануы, алған білімін ел игілігіне жаратуы – ұстаз үшін үлкен мәртебе. Сондықтан кәсіптік білім беру саласында еңбек етіп жүрген оқытушыларды жас ұрпаққа мамандық үйретуші ғана емес, олардың кәсіби өмірге қадам басуына жол ашатын тәлімгер деп бағалауға болады, – дейді Сандуғаш Жанұзаққызы.
Сандуғаш Наметқұлова 2014 жылдан бастап Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінде «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығы бойынша арнайы пәндер оқытушысы қызметін атқарып келеді. Бұл кезең оның кәсіби өміріндегі жаңа белес болды. Бұған дейін мектеп қабырғасында жинақтаған мол педагогикалық тәжірибесін ендігі жерде болашақ тәрбиешілерді даярлау ісімен ұштастырды.
Колледж қабырғасында еңбек ете жүріп, білім алушылардың кәсіби құзыреттілігін қалыптастыруға, олардың теориялық білімін тәжірибемен байланыстыруға және болашақ мамандардың шығармашылық әлеуетін дамытуға ерекше көңіл бөлді. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласына мамандар даярлауда заманауи педагогикалық технологияларды тиімді қолдана отырып, кәсіби ізденісін жалғастырып келеді.
2022–2025 жылдары колледжде әдістемелік кабинеттің меңгерушісі және әдіскер қызметтерін атқарды. Осы кезеңде оқу-әдістемелік жұмыстарды ұйымдастыруға, педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыруға, озық педагогикалық тәжірибені жинақтау мен таратуға, білім беру үдерісін әдістемелік тұрғыдан жетілдіруге белсене атсалысты. Әдістемелік қызмет барысында педагогтердің шығармашылық ізденісін қолдауға, жаңа педагогикалық технологияларды білім беру үдерісіне енгізуге және оқу-тәрбие жұмысының сапасын арттыруға өзіндік үлесін қосты.
2025 жылдан бастап аталмыш білім ошағында «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығы бойынша арнайы пәндер оқытушысы қызметін қайта жалғастырып келеді. Бүгінде ол көпжылдық педагогикалық және әдістемелік тәжірибесін болашақ мектепке дейінгі ұйым педагогтерін даярлау ісіне бағыттап, жас мамандардың кәсіби қалыптасуына өз үлесін қосуда.
Сандуған Жанұзаққызының саналы ғұмыры мен еңбек жолы – ұстаздық мамандыққа деген адалдықтың, үздіксіз ізденістің және кәсіби дамуға ұмтылыстың жарқын көрінісі. Мектеп мұғалімінен арнайы пәндер оқытушысына, әдіскер мен әдістемелік кабинеттің меңгерушісіне дейінгі еңбек жолы оның педагогикалық қызметтегі мол тәжірибесі мен жан-жақты кәсіби шеберлігін айқындайды.
Ұлағатты ұстаздың еңбек жолында қол жеткізген толайым табыстары өте мол. Атап айтсақ, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Құрмет грамотасының, Жамбыл облысы әкімінің, облыстық білім басқармасының Алғыс хаты мен Құрмет грамоталарының иегері және республикалық «Үздік педагог-2017» байқауының жүлдегері. Ол сонымен қатар «Көркем жазу» авторлық бағдарламасы, «Балалардың жазғы демалыс-сауықтыру лагерін ұйымдастыру бағдарламасы» білімгерлерге арналған көмекші құрал, «Бастауыш сыныпта үлгерімі төмен оқушылармен жұмысты ұйымдастыру жолдары» әдістемелік нұсқаулық, «Педагогика курсынан практикум» оқу құралы (ISBN 978-601-327-235-1 «Эверо» баспасы) және «Балаларды мектепке даярлауға педагогикалық-психологиялық даярлық» атты мектепке дейінгі тәрбие және оқыту мамандығының студенттеріне арналған авторлық бағдарламаны әзірлеген.
Бұған қоса Сандуғаш Жанұзаққызы кәсіби ізденісі мен педагогикалық тәжірибесі түрлі деңгейдегі байқаулар мен ғылыми-әдістемелік іс-шараларда да лайықты бағасын алып келеді. Мәселен, 2021 жылы Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығы ұйымдастырған «Үздік бейнесабақ» облыстық онлайн-байқауында жүлделі III орынға ие болды. Сол жылы «Үздік педагогтердің эстафетасы» жобасына қатысып, Алғыс хатпен марапатталды.
Сандуғаш Жанұзаққызының кәсіби қызығушылығы ғылыми-тәжірибелік бағыттағы жұмыстардан да анық көрінеді. Айталық, 2021 жылы «Ыбырай Алтынсарин және жаһандану жағдайындағы білім» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияға қатысып, Алғыс хат пен сертификат иеленсе, «Қазіргі білім мен тәрбие жүйесіндегі ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтардың өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда да өз ізденісін танытып, Алғыс хатпен марапатталып, сертификат алды. Сонымен қатар «Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық идеялары және заманауи білім беру» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияға қатысып, Алғыс хат пен сертификатқа қол жеткізді.
Ұстаздың кәсіби шеберлігін айқындайтын маңызды белестердің бірі – 2022 жыл. Осы жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері арасындағы білім беру саласы бойынша кәсіби шеберліктің республикалық конкурсында І орын иеленді. Сол жылы Сандуғаш Жанұзаққызы «Инновациялық педагогикалық технологияны енгізу негізінде бәсекеге қабілетті мамандарды қалыптастыру және дамыту» атты республикалық педагогикалық ғылыми-практикалық конференцияға қатысып, Дипломмен марапатталды. Бұдан бөлек, «Техникалық және кәсіптік білім берудегі қазіргі білім: тәжірибе және инновация» тақырыбындағы облыстық тәжірибелік семинарға қатысып, Алғыс хат алды. Ал «WorldSkills Jambyl-2022» облыстық чемпионатын өткізу мен ұйымдастыру жұмыстарына белсенді қатысып, сарапшылық қызмет атқаруы оның кәсіби білімі мен тәжірибесінің әртүрлі бағытта сұранысқа ие екенін көрсетті.
Кейіпкеріміздің кәсіби жолындағы тағы бір маңызды ерекшелік – өз тәжірибесін өзгелермен бөлісуге деген ұмтылысы. Ұстаздық шеберлік тек жеке жетістікпен өлшенбейді. Педагог өзі жинақтаған озық тәжірибесін әріптестерімен бөлісіп, кәсіби ортадағы ізденіске үлес қосқанда ғана оның игілігі еселене түседі. Осы ұстанымды берік қалыптастырған Сандуғаш Жанұзаққызы 2025 жылы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері арасында өткен «Үздік ұстаздан – үздік тәжірибе» атты облыстық шеберлік сыныбында өз тәжірибесімен бөлісті.
Ұстаздың кәсіби жетістіктеріне зер салсақ, бір ерекшелік анық көрінеді. Бұл – ұстаздың ізденісінің бір ғана бағытпен шектелмеуі. Ол педагогикалық шеберлігін байқаулар арқылы шыңдап, ғылыми-практикалық конференциялар арқылы білімін толықтырып, әдістемелік жұмыстар арқылы тәжірибесін жүйелеп, шеберлік сыныптары мен семинарлар арқылы оны әріптестерімен бөлісіп келеді. Яғни оның әрбір жетістігінің астарында өз кәсібіне деген жауапкершілік, жаңалыққа деген қызығушылық және шәкіртке сапалы білім беруге деген ұмтылыс жатыр.
Білікті педагогтың жеке өзінің ғана емес, шәкірттерінің де жетістігі өз алдына бір төбе. Нақтырақ тоқталсақ, 2020 жылы «Білімді ұрпақ – жарқын болашақ кепілі» тақырыбында өткен «ХІІ Жас Дарын» республикалық ғылыми-практикалық конференциясында шәкірттері А.Серікбай – III, А.Бөркеева II дәрежелі дипломмен марапатталды. Сондай-ақ ұстаз шәкірттерінің кәсіби біліктілігін арттыруға да ерекше көңіл бөледі. Мәселен, 2021 жылы облыстық «WorldSkills Jambyl-2022» чемпионатына «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» құзыреттілігі бойынша қатысқан білімгер Н.Абылаева II орын иеленді. Сонымен қатар 2024 жылы «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығының студенттері арасында өткен «PedSTART» республикалық педагогикалық олимпиадасында Сандуғаш Жанұзаққызы жетекшілік ететін «Smart Pedagog» командасы I орынға ие болды. Шәкірттерін ғылыми ізденіске баулу бағыты да назардан тыс қалған емес. 2025 жылы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттеріне арналған «Студенттік ғылыми ізденіс нәтижелері: талдау мен мәселелер» атты V Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда А.Аяпберген өз жобасын ұсынып, Дипломмен марапатталды. Бұл да білім алушының зерттеушілік қабілетін қалыптастыруға бағытталған ұстаз еңбегінің жемісті екенін көрсететін жетістіктердің бірі.
Сандуғаш Жанұзаққызы шәкірттерінің кәсіби байқауларға қатысуына ғана емес, олардың педагогикалық идеяларын танытуына да қолдау көрсетіп келеді. Мысалы, 2025 жылы «№2 Алматы гуманитарлық-педагогикалық колледжі» ұйымдастырған «NextGen Teacher: шекарасыз білім» халықаралық салалық байқауына қатысқан Гүлім Асылбек арнайы Дипломмен марапатталды.
Мақаламызға арқау еткен педагогтің өмір жолына үңілгенде, оның мамандық таңдауы мен кейінгі кәсіби бағытының өзара сабақтасып жатқанын аңғаруға болады. Бір кездері өзі білім алған қара шаңыраққа ұстаз болып оралып, енді сол жерде келешек мамандарға дәріс беруі – еңбек жолының мәнді бір белесі. Ұстаз бен шәкірт арасындағы осындай сабақтастықтың өзі педагог еңбегінің уақытпен бірге жалғасатын қадірін айқындай түседі. Бүгінде Сандуғаш Наметқұлованың есімі кәсіби ортадағы жетістіктерімен ғана емес, шәкірттерінің нәтижелерімен де қатар аталады. Оның алдынан өткен әрбір білім алушы – педагогикалық жолдың жалғасы. Бірі ғылыми ізденіске ден қойса, енді бірі кәсіби байқауларда қабілетін танытып, өз мамандығының биігін бағындыруға ұмтылады. Ұстаз үшін мұндай сәттердің әрқайсысы жылдар бойы атқарылған еңбектің үнсіз әрі ең қымбат бағасы болса керек.
Мектепке дейінгі тәрбие мамандарын даярлау – келешек ұрпақтың алғашқы қадамына жауапты жандарды тәрбиелеу. Сондықтан бұл саланың маманына қойылатын талап та жоғары. Ал осындай маңызды бағытта өз тәжірибесін арнаған Сандуғаш Жанұзаққызының еңбек жолы – таңдаған ісіне тұрақтылықпен қызмет етудің өнегелі көрінісі.
Қ.ҚАПТАҒАЙ,
журналист.
Тараз қаласы.
