Ещё один сайт на WordPress

ПЕРИЗАТ ҰСТАЗДЫҢ ПАРАСАТТЫ ЖОЛЫ

0

Ұстаздық – білім берумен ғана шектелмейтін, үлкен жауапкершілік пен үздіксіз ізденісті талап ететін қасиетті мамандық. Әсіресе, математика секілді логикалық ойлауды, дәлдік пен табандылықты қажет ететін пәнді оқытуда мұғалімнің кәсіби шеберлігі айрықша маңызды.

Оқушының бойындағы қабілетті дер кезінде байқап, оны дамытуға бағыт беру, білімін шыңдап, түрлі додаларға дайындау – тәжірибелі педагогтің негізгі міндеттерінің бірі. Осы үдеден шығып, ширек ғасырға жуық уақыт бойы шәкірт тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан ұстаздың бірі – Қордай ауданындағы Т.Бигелдинов атындағы орта мектептің математика пәнінің мұғалімі Перизат Кесикбаева.
Перизат Беделбайқызы 1969 жылғы 29 қарашада Меркі ауданы, Меркі ауылында дүниеге келген. 1977-1987 жылдары Трубицын атындағы №17 орта мектепте білім алып, кейін Тараз қаласындағы Жамбыл педагогика институтына оқуға түсті. 1987-1992 жылдары жоғары білім алып, мұғалім мамандығын меңгерген жас маман ұстаздық алғашқы еңбек жолын сол кездегі Луговое ауданындағы М.Горький атындағы №34 орта мектептен бастады. Мұнда 1992-1993 жылдары математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген ол 1993-1996 жылдары Меркі ауданындағы №1 орта мектепте ұстаздық тәжірибесін одан әрі жетілдірді.
2002 жылдан бастап Перизат Беделбайқызы қазіргі жұмыс орнында балаларға математика пәнінің қыр-сырын терең меңгертіп келеді. Ұстаздық қызметпен қатар, мектептің басқару ісіне де белсене араласып, 2010-2012 жылдары директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 2012-2017 жылдары директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды.
Басшылық қызметте жүріп жинақтаған тәжірибесі бүгінде оның ұстаздық жұмысында үлкен пайдасын тигізіп отыр. Оқу үдерісін ұйымдастыруды, оқушының білім деңгейін саралауды, мұғалім еңбегін жүйелеуді жақсы білетін педагог әр шәкірттің жеке қабілетіне назар аударады. Оның басты ұстанымы – математиканы жаттатудан бұрын, баланы ойлануға үйрету.
Ұстаз еңбегінің ең үлкен көрсеткіші – шәкірт жетістігі. Ұлағатты ұстаздың оқушылары соңғы жылдары аудандық, республикалық деңгейдегі түрлі олимпиадалар мен ғылыми жобаларда жүлделі орындардан көрініп келеді. Бұл нәтижелер бірнеше жыл қатарынан қалыптасқан жүйелі еңбектің жемісі.
Мәселен, 2022 жылы оның шәкірттері «Алтын сақа» математикалық олимпиадасында, 5-6 сыныптарға арналған пәндік олимпиадада және 7-8 сынып оқушылары арасындағы аудандық пән олимпиадасында жүлделі орындарға ие болды. Атап айтқанда, Тоғжан Қасым, Аружан Базарбекова және Махфуза Қатарбек сынды озат шәкірттері III дәрежелі дипломдармен марапатталды.
2023 жылы да бұл жетістіктер жалғасын тапты. 7-8 сынып оқушыларына арналған аудандық пән олимпиадасында Арайлым Құлжабай III дәрежелі Дипломды иеленсе, жаратылыстану-математика циклы пәндері бойынша Президенттік олимпиаданың аудандық кезеңінде Алтынай Дойшы III дәрежелі Дипломға лайық деп танылды.
2024 жылы «Алтын сақа» математикалық олимпиадасында Нұрсәт Қадырбек II дәрежелі Дипломға қол жеткізсе, республикалық «Алтын түлек» олимпиадасында Бегімай Мұратхан мен Нұрай Мұратхан III дәрежелі диплом иеленіп, ұстаз еңбегін тағы бір мәрте нәтижемен дәлелдеді.
Өткен жыл да Перизат Кесикбаеваның шәкірттері үшін айрықша нәтижелі болды. Бұл жылы оқушылары ғылыми жоба, математикалық олимпиада, Президенттік олимпиада, «Алтын түлек» және ауыл мектептеріне арналған республикалық олимпиадалардың аудандық кезеңдерінде жүлделі орындарды еншіледі.
Әрине, бұл жетістіктердің әрқайсысы – бір күндік дайындықтың нәтижесі емес. Олимпиадаға дайындық оқушыдан да, мұғалімнен де табандылықты, тұрақты еңбекті және терең білімді талап етеді. Перизат Беделбайқызының шәкірттерінің әр түрлі жастағы және бағыттағы білім додаларында жүлде алуы ұстаздың оқушылармен жүйелі жұмыс жүргізетінін аңғартатыны сөзсіз.
Мұғалімнің шәкірттері интеллектуалдық бағыттағы жарыстарда да белсенділік танытып келеді. Айталық, «Кенгуру» математикалық интеллектуалды олимпиадасына 5-10 сыныптардан 48 оқушы қатысып, олардың барлығы I және II дәрежелі дипломдармен марапатталды. Ал жаратылыстану бағыты бойынша өткен «Ақбота» интеллектуалдық марафонына 5-10 сыныптардан 46 оқушы қатысып, барлығы I және II дәрежелі дипломдарға ие болды. Осындай жарқын нәтижелер ұстаздың тек жекелеген дарынды оқушылармен ғана емес, тұтас сыныптармен, түрлі деңгейдегі балалармен жүйелі жұмыс істейтінін көрсетеді. Білімге қызығушылығы әртүрлі оқушыларды ортақ мақсатқа жұмылдырып, олардың бойындағы қабілетті ашу да – мұғалімнің үлкен еңбегі.
Перизат Кесикбаеваның кәсіби белсенділігі шәкірттер жетістігімен ғана өлшенбейді. Ол әріптестері арасында да тәжірибелі маман ретінде танылып, пәндік іс-шараларға белсенді қатысады. Мысалы, 2025 жылы «Математикалық регата» олимпиадасының аудандық кезеңінде қазылар алқасының құрамында болды. Бұл да оның математика пәнін терең меңгерген, кәсіби білімі мен тәжірибесі жоғары педагог екенін айғақтайтыны белгілі.
Ал ағымдағы жылы ұстаздың өзі де кәсіби байқауда бақ сынап, «Математикалық регата» математика пәні мұғалімдерінің байқауында II дәрежелі диплом иеленді. Яғни шәкірттерін білім бәйгесіне дайындап қана қоймай, өзі де кәсіби ізденістен қол үзбей, жаңа белестерге ұмтылып келеді.
Перизат Беделбаеваның көп жылғы еңбегі биылғы тамыз айында тағы бір мәрте лайықты бағаланды. Жуырда өткен облыстық дәстүрлі Тамыз кеңесінде білікті педагог Жамбыл облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Бұл тәжірибелі ұстаздың білім беру саласындағы ұзақ жылғы еңбегіне, шәкірт тәрбиесіндегі табандылығына және кәсіби жетістіктеріне көрсетілген құрмет деуімізге әбден болады.
Ұстаз еңбегі – көзге көрінбейтін, бірақ нәтижесі жылдар өткен сайын айқындала түсетін еңбек. Бүгінгі сабақ, бүгінгі есеп, бүгінгі олимпиадаға дайындық – ертеңгі үлкен жеңістің негізі. Перизат Кесикбаеваның 30 жылға жуықтаған еңбек жолы осыны дәлелдейді.
Білімді ұрпақ тәрбиелеу – ел болашағына қызмет ету. Ал сол жолда бар ғұмырын арнап келе жатқан ұстаздың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Қорыта айтқанда, кейіпкеріміздің кәсіби жолы – еңбекке адалдықтың, ұстаздық жауапкершіліктің және шәкірт жетістігіне деген шынайы жанашырлықтың жарқын үлгісі.

Қ.АМАНКЕЛДІҰЛЫ,
журналист.

Leave A Reply

Your email address will not be published.