Ещё один сайт на WordPress

БІЛІКТІ БАСШЫ, БІЛГІР МАМАН – МЕКТЕП МЕРЕЙІ

0

Қай дәуірде де қоғамның іргесін берік етіп, елдің ертеңін қалыптастыратын мерейлі мамандықтың иесі — ұстаз. Себебі ұстаздық жай ғана мамандық емес, жүрек қалауы мен жан дүниенің тазалығын талап ететін ұлы қызмет. Яғни, бұл мамандықты таңдау болашақтың тағдырын мойынға алу деген сөз.
Ұстаз – әр адамның алғашқы бағыт сілтеушісі, өмір жолындағы алғашқы шамшырағы. Оның мейірімі балаға қанат бітірсе, талапшылдығы тұлға қалыптастырады. Осы қасиеттердің барлығы бір бойында үйлесім тапқан ұлағатты ұстаздардың бірі – Жамбыл ауданы, Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясының директоры Гульвира Оразалиева.

Гульвира Салыққызы 1992-1996 жылдары қазіргі Абай атындағы педагогикалық училищеде «Жалпы білім беретін мектептің бастауыш сыныптарын оқыту», 2000-2003 жылдары «Әулие-Ата» университетінде «Қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі», ал 2022-2024 жылдары Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында «Қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандықтары бойынша білім алды.
Бірнеше жоғары білімі бар білікті маман еңбек жолын Тараз қаласындағы №23 орта мектепте «қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі» болып бастаған. Сол кездегі жас маман алғашқы еңбек күнінен-ақ шәкірт жүрегіне жол тауып, ұлағатты ұстаз болуға деген талпынысы мен жауапкершілігі айқын көрінді. Сабақ беруімен ғана шектелмей, әр оқушының қабілетін ашуға, әдебиетке деген қызығушылығын оятуға барын салды.
Ол оқыту мен тәрбиелеудің заманауи әдіс-тәсілдерін меңгеріп, білім беру үдерісіне шығармашылықпен қарап, жаңашыл бағытта жұмыс істей білді. Қазақ тілі мен әдебиетінің терең мәнін ұғындырып, ана тіліміздің байлығы мен көркемдігін шәкірт санасына сіңіруді басты мақсатына айналдырды. Ұстаз ретінде кәсіби шеберлігімен ғана емес, адамгершілігімен, әділдігімен, шынайы жанашырлығымен де танылды.
Гульвира Салыққызының еңбек жолы әрі қарай Тараз қаласындағы №31орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметімен жалғасты. Бұл қызметте де ол өзіне жүктелген міндетті үлкен жауапкершілікпен атқарып, оқушылардың тәрбиесі мен рухани дамуына ерекше көңіл бөлді. Мектептің тәрбиелік жұмыс жүйесін заманауи талаптарға сай ұйымдастырып, оқушы мен ата-ана, ұстаз арасындағы үйлесімді байланысты қалыптастыруға ықпал етті. Тәрбие саласындағы түрлі жобалар мен іс-шаралардың бастамашысы болып, ұлттық құндылықтарды насихаттауға, патриоттық рухты арттыруға бағытталған жұмыстарды нәтижелі жүргізді. Әр оқушының тұлғалық дамуына жағдай жасап, мектеп ұжымында сыйластық пен ынтымақтастыққа негізделген орта қалыптастырды. Кәсіби білімі мен басқарушылық қабілетінің арқасында ұжым мен ата-аналар тарапынан зор құрметке ие болды.
Сонымен қатар білікті маман аталған оқу ордасында директордың ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі қызметті де абыроймен атқарды. Осылайша, педагогикалық қызметтің барлық сатысынан өткен ұлағатты ұстаз, білікті маман 2024 жылдың 14-қазанында Жамбыл ауданында Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясының директоры қызметіне тағайындалды. Содан бері білім ордасын биік белестерге бастап келеді. Айталық, жаңа басшы келгелі бері мектептің даму стратегиясы қайта қаралып, заманауи білім беру талаптарына сай көптеген оң өзгерістер енгізілді. Мектептің оқу-тәрбие жұмысы жаңа деңгейге көтеріліп, оқушылардың білім сапасы арта түсті. ҰБТ көрсеткіштері жақсарып, республикалық және облыстық олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болған оқушылар саны көбейді.
Сонымен қатар, директор ұстаздар құрамының кәсіби біліктілігін арттыруға айрықша көңіл бөліп келеді. Мұғалімдер түрлі семинарлар мен курстарға қатысып, жаңартылған білім мазмұнына сай тәжірибелерін жетілдіруде. Мектеп ұжымы ұйымшылдықпен жұмыс істеп, әр оқушының қабілетін ашуға бағытталған оқыту тәсілдерін кеңінен қолдануда.
Қызметке кіріскен алғашқы күннен бастап білім сапасын көтеруді басты мақсат еткен мектеп директоры бүгінде ұжым мен ата-аналар қауымының зор сеніміне ие болды. Ұлағатты ұстаз, білікті басшы ретінде ол оқу ордасының мерейін үстем етуді жалғастырып келеді.
Жалпы, Гульвира Салыққызының ұстаздыққа деген ұлы мұратының іргетасы бала кезінен басталған.
– Бастауыш сыныпта оқып жүрген кезімде бізге Клара Талғатқызы есімді ұстаз сабақ берді. Оның келбеті, дауыс ырғағы, сабақты түсіндіру тәсілі, оқушылармен қарым-қатынасы – бәрі менің бала жүрегіме терең әсер қалдырды. Клара Талғатқызы сабағына аса ұқыпты, талапшыл, жауапты әрі әділ болатын. Әр оқушының мінезі мен қабілетін дәл танып, соған сай бағыт-бағдар беріп отыратын. Ол кісінің сабағында отырған әр сәт мен үшін қызықты да, тағылымды еді.
Ұстазымыздың білімге деген құштарлығы, әр сөзі мен ісінен көрініп тұратын кәсіби шеберлігі мені қатты қызықтыратын. Оның үлгілі болмысына қарап, мен де ішімнен: «Өскенде мен де дәл осындай мұғалім болсам ғой!», — деп армандайтынмын. Бұл арман уақыт өте келе мақсатқа айналды. Сол кезден бастап өз болашағымды ұстаздықпен байланыстыруға бел будым.
Бала күнгі сол таза ниетім мен ықыласым мені үнемі алға жетелеп отырды. Ұстаз болу – жай ғана кәсіп емес, жүрек таңдауы екенін ұғындым. Себебі, ұстаз болу адам жанына сәуле шашу, білім беріп қана қоймай, тәрбиелеу, бағыт беру, өмірлік жол сілтеу деген сөз. Бұл қасиетті жолды таңдау үшін ең алдымен адам бойында үлкен жауапкершілік пен шынайы сүйіспеншілік болуы керек.
Клара Талғатқызы мен үшін ұстаздықтың шынайы келбетін, биік бейнесін қалыптастырды. Оның берген сабағынан ғана емес, жүріс-тұрысынан, оқушыларға деген көзқарасынан, әрбір сөзі мен ісінен үлгі алдым. Уақыт өте келе, мен де ұстаз атандым. Бүгінде, артқа көз тастай отырып, сол бала арманымның маған жол көрсеткенін, менің бүкіл өмірлік бағытымды айқындап бергенін шын жүрегіммен түсінемін, — деп ағынан жарылды Гульвира Салыққызы.
30 жылға жуық уақытын оқу-ағарту саласына арнап келе жатқан білікті басшының жеке басының жетістіктері де жетерлік. Атап айтсақ, ол Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасымен, облыстық «DIRECTOR`S CUP» дебат турниріне қатысып жүлделі I орынмен, «Абай және заманауи өркениет: рухани құндылықтар, ғылыми және жасанды интеллект дәуірі» атты халықаралық ғылыми – практикалық конференциясының Сертификатымен және өзге де түрлі дәрежедегі Дипломдар, Алғыс хаттармен марапатталған.

Қ. Қаптағай,
журналист.
Жамбыл ауданы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.