Ещё один сайт на WordPress

БАЛАЛАР ҚАУІПСІЗДІГІ – БАСТЫ НАЗАРДА

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалар қауіпсіздігіне баса мән беру керектігін үнемі айтып келеді. Ел Президенті республикалық педагогтар сьезінде сөйлеген сөзінде де осы мәселеге арнайы тоқталған болатын.

– Мектепте балалар өздерін қай жағынан да жайлы сезінуі керек. Бөгде адамдардың мектепке кіруіне жол беруге болмайды. Сондықтан, білім ошақтарының бәріне дабыл қағу, бейнебақылау жүйесі орнатылады. Министрлік әкімдіктермен бірлесіп мектептердің қауіпсіздігін толық тексеруі керек. Сондай-ақ жаңа мектептердің жобасын жасағанда бұл мәселе мұқият ескерілуге тиіс. Мемлекет те өз кезегінде баланың құқығы мен қауіпсіздігінің қорғалуын қамтамасыз етуі керек, — деген Қасым-Жомарт Кемелұлы нақты тапсырмалар жүктеген еді.
Бұл бойынша Жамбыл облысында да жүйелі жұмыстар қолға алынған. Облыс әкімдігі білім басқармасының мәліметінше, балаларды жайлы және қауіпсіз ортамен қамтамасыз ету мақсатында барлық білім беру ұйымы бейнебақылаумен, дабыл түймесі жүйелерімен 100 пайыз жабдықталған. Айталық, аймақтағы 456 мектеп жедел басқару орталықтарына, 245 мектеп турникеттермен/домофондармен және 240 оқу ордасы мамандандырылған күзетпен қамтамасыз етілген.Сонымен қатар ҚР Президентінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының 82 тармағы – «Оқу материалдарына лезде қол жеткізуді, мектеп ғимаратына кіруді қамтамасыз ететін және тамақтану үшін төлем құралы болып табылатын оқушыларға арналған сәйкестендіру карточкалары жүйесін іске қосу» аясында Тараз қаласының екі мектебіне пилоттық тәсілде «Алақан» және «ОтанМектеп» бағдарламалық-аппараттық комплекстері енгізілуде. Соның ішінде облыс орталығындағы №64 орта мектепте цифрлық жүйе өз тиімдігілігін көрсетіп келеді. Бүгінде мұндағы «ОтанМектеп» аппараттық-бағдарламалық кешені «Әлеуметтік әмиян» жүйесімен интеграцияланған. 2023 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілген білім ордасына енгізілген қауіпсіздік жүйесі мектептің әртүрлі салаларында жұмыс істейтін бірнеше компоненттен тұрады. Бұған бейнекамера, дабыл жүйелері, күзет қызметі, және мектептің ішкі тәртібі мен оқушылардың іс-әрекеттерін бақылау жүйелері кіреді.
Мектепке қойылған 34 ішкі және 17 сыртқы бейнекамерасы – оқу ордасы аумағында қауіпсіздікті бақылаудың негізгі құралы. Камералар мектеп дәліздерінде, алаңында, сондай-ақ, кіреберістер мен шығуларда орналасқан. Бұл жүйе оқушылардың, мұғалімдердің және қызметкерлердің іс-әрекеттерін тұрақты бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бейнекамера жүйесі мектепте тәртіп бұзушылықтарды тез арада анықтауға және олардың алдын алуға көмектеседі.
Мектеп оқушыларының денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жаңа технологиялар мен жүйелерді енгізу маңызды. Осы мақсатта мектепте орнатылған турникет жүйесі мектеп аумағында тәртіпті күшейтуге және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге елеулі үлес қосуда. Турникет жүйесінің негізгі мақсаты – мектеп аумағына рұқсатсыз кіруді болдырмау және мектептің ішкі тәртібін сақтау. Турникеттер тек оқушыларға ғана емес, сондай-ақ мұғалімдер мен қызметкерлерге де қолжетімді. Бұл жүйе мектепке тек рұқсат етілген адамдардың кіріп-шығуын қамтамасыз етеді.
Оқу ошағында орнатылған электронды дабыл жүйесі де мектеп ішінде төтенше жағдайлар туындағанда, жылдам әрекет етуге мүмкіндік береді. Бұл жүйе мектепке қауіпті жағдайлар кезінде, мысалы, өрт, террористік акт немесе басқа да қауіп-қатерлер болған жағдайда дер кезінде дабыл беру арқылы оқу орнындағы барлық адамдарды хабардар етеді. Сонымен қатар, қауіпсіздік қызметі мен полициямен тығыз байланыс орнатылған, бұл жүйенің тиімділігін арттырады.
Оқу ордасының директоры Эльмира Қойлыбаеваның сөзінше мектептің аумағында тәулік бойы жұмыс істейтін күзет қызметі де қамтамасыз етілген.
– Күзетшілер мектеп ғимаратының барлық маңызды орындарын бақылап, оқушылардың мектепке кіру және шығу тәртібін қадағалайды. Сондай-ақ, оқушылар мен мұғалімдердің мектеп ішінде қауіпсіздігінің жоғары деңгейде болуын қамтамасыз етеді. Күзет қызметі көбінесе алдын алу мақсатында жұмыс істейді, яғни оқушыларға мектеп аумағында қауіпсіздік талаптарын сақтауға көмектеседі.
Қауіпсіздік жүйесі тек мектеп қызметкерлерімен ғана емес, оқушылар мен олардың ата-аналарымен де тығыз байланыс орнатқан. Ата-аналарға да мектеп қауіпсіздігі туралы кеңестер мен нұсқаулар ұсынылып, оқу жылының басында қауіпсіздік ережелерін түсіндіретін арнайы жиналыстар ұйымдастырылды. Жалпы, №64 орта мектепке енгізілген қауіпсіздік жүйесі өзінің тиімділігін толығымен дәлелдеуде. Бейнекамералар, дабыл жүйелері, күзет қызметі және оқушылар мен ата-аналармен жүргізілген жұмыс мектептегі тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаруда. Бұл жүйе тек мектептің тыныштығын сақтап қана қоймай, сондай-ақ, оқушылардың білім алуға деген ынтасын арттыруға да оң ықпал етті. Бұл тұрғыда оқу ордамыз оқушылар мен мұғалімдер үшін қауіпсіз әрі қолайлы оқу орта қамтамасыз етуде өзгелерге үлгі бола алады, — деді Эльмира Серікқызы.
Бұдан бөлек, Тараз қаласындағы №63 мектепте 2024 жылдың 4 қарашасынан бастап «Алақан» аппараттық-бағдарламалық кешенін енгізу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда жүйеге балалардың мәліметі енгізіліп жатыр. «Алақан» аппараттық-бағдарламалық кешені де «Әлеуметтік әмиян» жүйесімен интеграцияланған.

Қ.Қаптағай,
журналист,
Тараз қаласы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.