ӘДІСТЕМЕЛІК ҚЫЗМЕТТІҢ САПАСЫ БІЛІКТІ ӘДІСКЕРЛЕРГЕ БАЙЛАНЫСТЫ
Жуырда Астана қаласында Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы және Астана қаласының әдістемелік орталығының бірлесе ұйымдастыруымен «Әдістемелік орталықтардың трансформациясы: қазіргі заманғы сын-қатерлер жағдайындағы даму бағыты мен стратегиялық рөлі» тақырыбында әдіскерлердің II республикалық форумы өткен болатын.
Әдістемелік орталықтардың қызметін жетілдіруге қатысты өзекті мәселелерді талқылау және әдістемелік жұмыстың сапасын арттыруға бағытталған ұсыныстарды әзірлеуді мақсат еткен басқосуға Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың білім басқармалары, әдістемелік орталықтар (кабинеттер), білім беру саласының сарапшылары, Қазақстанның барлық өңірлерінен 60-қа жуық педагог-әдіскерлер қатысты.
Форумның алғашқы пленарлық сессиясында ҚР Оқу-ағарту министрлігінің орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев Қазақстандағы білім беру жүйесінің дамуы туралы негізгі статистикалық деректерді ұсынып, елде жекелеген өңірлер бойынша білім беру сапасының көрсеткіштері туралы хабардар етті. Сондай-ақ жиынның жалғасында «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының вице-президенті Ержан Әубәкіров сөз сөйлеп, өңірлерде білім беру сапасын арттыруға бағытталған жекелеген жобалардың іске асыру туралы айтты. Сонымен қатар ол бұл бастамалар халықаралық жергілікті жағдайларға бейімделген және басқа өңірлерде қамту үшін әлеуеті бар табысты қазақстандық әзірлемелер екенін атап өтті.
Келесі кезекте Ы.Алтынсарин Ұлттық білім академиясының президенті Мадина Тыныбаева да осындай бастамалардың маңыздылығына түсініктеме берді. Бұған қоса форум аясында Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығының басшысы Сындар Дауешова Әдістемелік орталығы жүзеге асырып жатқан жаңашыл жобаларды, олардың білім беру саласына әкеліп жатқан оң өзгерістері туралы, сондай-ақ озық елдердің білім беру ұйымдарымен тәжірибе алмасу барысында енгізілген барлық жаңашыл бағыттарға құндылықтар тұрғысынан саралап, ұлттық мазмұнға лайықтап енгізу арқылы жақсы нәтижелерге қол жеткізгенін нақты деректермен дәйектеп көрсетті. Сонымен қатар Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Руслан Қаратабанов Білім беру стандартына енгізілген өзгерістер, әдістемелік нұсқаулықтар жайлы мәселелерге егжей-текжейлі тоқталды.
Үш күнге ұласқан форумға Жамбыл облысынан да арнайы делегаттар қатысып қайтқан еді. Солардың қатарында облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің басшысы Шахризада Өсерова да бар.
– Жиынның пленарлық пікірталас, кейс-сессия бөлімдерінде білім саласындағы республикамызға танымал, үздік сарапшылар дәріс өткізіп, озық тәжірибелермен бөлісті. Сондай-ақ әдістемелік қызметті тиімді ұйымдастырудың мүмкіндіктері бойынша Астана қаласы, Батыс Қазақстан облысындағы әріптестеріміздің, Астана қаласындағы жетекші мектептердің, «Алматыкітап» баспасының жұмысымен таныстық. Форумның екінші күні әдістемелік орталықтар (кабинеттер) қызметін трансформациялау бойынша өзекті мәселелерді талқылау мақсатында педагогикалық хакатон форматында өтті.
Жалпы, осы жиыннан түйгенім – бүгінде біз «әдістемелік қызмет» терминінің мазмұнына жаңаша қарауымыз керек. Өйткені, білім беру жүйесінің алдында заманауи, өзекті мәселелер тұр. Әдіскер – бұл бақылаушы емес, білім беру жүйесінің дамытуға ниетті, мұғалімнің құзыретін практикалық жазықтыққа қалай көшіру керектігін түсінетін жоғары біліктілік санатындағы педагог. Сондықтан әдістемелік қызмет арқылы педагогтердің нақты кәсіби қиындықтарын жоюға мүмкіндік беретін ғылыми-әдістемелік сүйемелдеуді жасай отырып, өңірлік әдістемелік активті, яғни арнайы іріктелген әдіскерлер пулын дамытуымыз қажет. Ерекше атап өтерлігі, әдістемелік қызметтің алдында мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын іске асыруда, функционалдық сауаттылықты қалыптастыруда, сандық құзыреттілікті, білім беру процесінің тәрбиелік бағытын арттыруда, мұғалімді әдістемелік сүйемелдеуді ұйымдастыруда неғұрлым тиімді тәсілдерді табу үшін жаңа міндеттер тұр. Сондықтан бұл форум аталған міндеттерді тиімді жүзеге асыруға бағыт-бағдар көрсетіп, жол сілтеді, — деді Шахризада Асылбекқызы.
Қ.АМАНКЕЛДІҰЛЫ,
журналист.