ТАРАЗДА ЗАМАНАУИ ҮЛГІДЕГІ ЖАҢА МЕКТЕП АШЫЛАДЫ
Тараз қаласында таяуда заманауи үлгіде білім беретін «JAS TAMIR ELITE SCHOOL» жекеменшік мектебі ашылады. Аталған білім ордасының ерекшелігі неде? Осыған тоқтала кетейік.
Біріншіден, мектеп құндылықтарға негізделген білім беру арқылы жұмыс жүргізеді. Екіншіден, Сингапурлық және Кембридждік оқыту әдістемесі оқу процесінде кеңінен пайдаланылады. Үшіншіден, қаладағы ең білікті педагогтер мен шетелдік оқытушылар сабақ береді. Төртіншіден, мектеп 1-11 сыныптар топтамалары аралығында жұмыс істейді. Бесіншіден, мектеп бір ауысымды яғни, ұзартылған күндік жүйеде оқу — тәрбие үрдісін ұйымдастырады. Сонымен қатар оқушылар түске дейін сабақта, түстен кейін қосымша сабақтармен, үй тапсырмасын орындаумен,түрлі үйірмелерге қатысуға мүмкіндік алады. Домбыра, хореография, көркем гимнастика, жүзу, каратэ, шахмат, робототехника, 3D модельдеу, мобилография, актерлік шеберлік, сондай-ақ, ағылшын, француз, түрік, корей тілдері үйірмелерінде балалар сан түрлі шығармашылық салаларын меңгеріп шықпақ.
Оқу ордасының оқыту тілі қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Келесі оқу жылынан бастап ағылшын тіліндегі сыныптарды ашу жоспарлануда. Ағылшын тілі, математика пәндері тереңдетіліп оқытылады. Оқушыларды пәндік олимпиадаларға дайындау жүргізіледі. Бастауыш сынып оқушылары үшін үш мезгіл тамақтандыру мен тасымалдау да қарастырылған. Оқушыларға жайлы қауіпсіз орта жасалған. Қауіпсіздік сақтау мақсатында бейнебақылау жүйелері барлық оқу кабинеттеріне орнатылған. Мектеп оқушылары үшін жазғы каникул кезінде шетелге тілдік лагерьлерге бару ұйымдастырылады. «IELTS» және «SAT» емтихандарына даярлау сыныптарын ашу жоспарланып отыр. Ерекше атап өтерлігі, барлық сыныптың сыйымдылығы 20 оқушыдан аспайды.
Мектеп заманауи модификацияланған оқу кабинеттерімен жабдықталған, барлық оқу сыныптары интерактивті тақталар және панельдермен қамтылған. Сонымен қатар спортзал, кітапхана, асхана, бассейн, актзалы, гимнастикалық зал қарастырылып, робототехника пәні кабинеті жасақталған. Коворкинг орталығы, тынығу алаңы да бар.
«БШ» – ақпарат