Ещё один сайт на WordPress

БАЙЗАҚТЫҢ БІЛІМ САЛАСЫНДА БЕРЕКЕЛІ ІСТЕР АТҚАРЫЛУДА

0

«Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік». Үш жүздің басын қосқан Абылай ханның осы бір өміршең өсиеті бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан емес. Өйткені заман талабы – сол, біліммен ғана күш сынасып, бәсекеге түсетін кезең бұл. Сондықтан әлемде болып жатқан қиындықтарға қарамастан білім беру саласы өз жұмысын жүйелі түрде жалғастырып, керісінше, дамудың жаңа сатысына көтеріліп келеді. Бұл тұрғыдан өңірлердегі оқу-ағарту ісін ілгерілетуге мемлекет тарапынан айрықша назар аударылуда.
Соған орай аудандағы білім саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде Байзақ аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрболат Мамырбаевпен (суретте) сұхбаттасқан едік.

– Нұрболат Серікұлы, әңгімеміздің әлқиссасын мектепке дейінгі білім беруден бастасақ… Бүгінде Байзақ ауданында балғындарды балабақшамен қамтамасыз ету көрсеткіші қай деңгейде?
– Қазіргі таңда өңіріміздің білім бөліміне қарасты 57 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істеуде. Оның ішінде 46 балабақшаның 23 мемлекеттік нысанында 2 281 бала, 23 жекеменшік балабақшада 2 381 балғын, мектептер жанындағы 11 шағын орталықта 419 бала тәрбиеленуде. Соның нәтижесінде аудан бойынша 2-6 жас аралығында мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылғандар үлесі 97,6, ал 3-6 жас аралығында 100 пайызды құрап отыр.
– Аудан аумағында жекеменшік балабақша немесе мектеп ашуға ниетті кәсіпкерлерге қандай қолдау көрсетілуде?
– Мұндай кәсіпкерлер ауданда жетерлік. Айталық, олардың өтініштері бойынша 2024 жылдың соңында Сарыкемер ауылынан 90 орынды, Байзақ ауылынан 125 орынды, Үлгілі ауылынан 125 орынды, Талас ауылынан 175 орынды жекеменшік балабақшалар ашу жоспарланып отыр.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін елімізде 1 мың мектеп салуды тапсырған болатын. Бұл тапсырма Байзақ ауданында қалай орындалуда?
– Ел Президентінің осы тапсырмасы ауданда ойдағыдай орындалуда. Осының аясында Байзақ ауданының Аққия мен Сарыбарақ ауылдарында 100 орынды мектептер салынуда. Аталған оқу ордалары 2025 жылдың қаңтар-ақпан айларында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ал 2026 жылы Сарыкемер ауылынан 600 орынды, Байзақ ауылынан 300 орынды, Жеңіс ауылынан 100 орынды мектептер салу жоспарланып отыр.
– Жаңа оқу жылында Байзақ ауданында «Жайлы мектеп» ашылған болатын. Қазіргі таңда осындай үлгідегі мектептерге тұрғындар тарапынан сұраныс қандай?
– Ағымдағы жылдың 2 қыркүйегінде облыс әкімінің қатысуымен аталған жоба аясында №7 орта мектеп ашылған болатын. Ғимарат 600 оқушыға арналған. Жалпы мектепте 36 оқу кабинеті, 2 спортзал орналасқан. Бүгінгі таңда мұнда 707 бала білім алуда. Оқу орнында оқушылардың қауіпсіздігі заманауи талаптарға сай жасалған. 1-4 сыныптардың оқу блогы, спортзалы, кіріп-шығу есігі, турникеттері бөлек орналасқан. 5-11 сыныптардың оқу блогы, спорт залы, кіріп-шығу есігі, турникеттері бөлек орналасқан. Білім ордасын оқушылар ықшам аудан бойынша толық қамтылды. Мектепте білім алушылардың алаңсыз тәлім алуына барлық жағдай жасалған.
– Байзақтағы балғындардың оқу ордаларындағы қауіпсіздігі заманауи дабыл құрылғыларымен қаншалықты қорғалған?
– Аудандағы терроризмге қарсы осал объектіге кіретін 42 мектепке «Дабыл түймесі» орнатылған. Мәселен, біз жоғарыда тілге тиек еткен №7 орта мектепте бейнебақылау құрылғыларымен толығымен қамтасыз етілген. Барлығы 103 бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр. Оның 33-і сыртқа, 70-сі ішке қойылған. Жалпы ғимаратта дабыл түймелері 4 жерде орналасқан және Байзақ ауданының ішкі істер бөліміне қосылған.
– Былтыр аудандағы мектептердің бірінде оқушылар мен ұстаздар тамақтан жаппай уланған еді. Енді осындай жағдайларға тағы да жол бермеу үшін қандай шаралар қолданылып, нендей жұмыстар атқарылуда?
– Үстіміздегі оқу ???? 2022 жылдың 31 тамызы мен 5 қыркүйегінде алқалық басқару органы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі №198 бұйрығымен бекітілген «Жалпы білім беретін мектептерде білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жекелеген санаттарына тегін және жеңілдетілген тамақтандыруды ұсыну» мемлекеттік қызметті көрсету қағидаларына сәйкес анықталған «аудан бойынша 1 914 білім алушы мектеп асханасында бір мезгіл тегін тамақпен қамтылатын балалар тізіміне енсін» деген шешім қабылданып, көрсетілетін қызметті алушылардың (ата-аналардың) құжаттары аталған қағида талаптарына сәйкес жинақталды. Аталған бағытта тиісті жұмыстар жүргізу мақсатында Байзақ аудандық білім бөлімінің 29.08.2024 жылғы №388 бұйрығы қабылданып, жылдық атқарылатын жұмыс жоспары құрылып, жоспар мектеп басшысымен бекітілді. Сонымен қатар «Байзақ ауданының мектептерінде оқушылардың ыстық тамақпен қамтылуының өзекті мәселелері» тақырыбында әлеуметтік педагогтарға семинарлар ұйымдастырылып отырады.
Қазір аудан бойынша 44 мектепте 9 927 оқушы, оның ішінде 1-4 сыныпта 8 013 оқушы, жекелеген санаттарда 1-11 сыныптарда 1914 ыстық тамақпен қамтылған. Байзақ ауданының білім бөлімі тарапынан мектеп асханаларына ай сайын зерделеу жұмыстары жүргізіледі. Перспективалық төрт апталық мәзір жасалып, бекітілді. Мәзірді әзірлеу кезінде аспаздық өнімдер екі-үш күнтізбелік күнде қайталанбайды. Ас блогы қызметкерлерінің жеке гигиенасына қойылатын талаптар бойынша ескертулер жасалады.
– Жуырда Байзақ ауданында қос бірдей жасөспірімнің өз өзіне қол жұмсауы күллі елдің жағасын ұстатты. Қазір бұл қайғылы жағдай бойынша қандай іс-шаралар қолға алынып отыр? Алдағы уақытта оқушылардың суицидке бармауы үшін аудандық білім бөлімі тарапынан қандай жұмыстар жүргізілуде?
– 2024 жылдың 28 қазанында Ғ.Байтасов атындағы тірек мектебінде орын алған келеңсіз оқиғаға байланысты ауданның білім беру ұйымдарының психологтары дереу әрекет етті. Әлеуметтік желілерде «дабыл белгісі» арқылы аталған оқиға жайында ақпарат алған мамандар дабыл белгісі бар оқушылардың үйлеріне барып, олардың ата-аналарымен және балалармен жеке жұмыстар жүргізді. Психологтар Қ.Сатымбек есімді оқушымен тығыз байланыста болған балалармен де сұхбаттар өткізіп, олардың психологиялық жағдайын анықтады. Әрбір баламен жеке әңгімелесу барысында балалардың эмоционалды хал-ахуалы бағаланып, оларға қажетті психологиялық кеңестер мен қолдау көрсетілді. Келешекте мұндай жағдай қайталанбауы үшін көптеген іс-шаралар кешені қолға алынып отыр. Осы сәтті пайдалана отырып соларға нақтырақ тоқтала кеткен жөн болар. Атап айтсақ, Байзақ ауданының білім беру мекемелерінде келеңсіз оқиғалардың алдын алу және оқушылардың қауіпсіздігі мен психологиялық әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында бірқатар кешенді шаралар тұрақты түрде жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар аудан мектептерінде агрессия, буллинг және кибербуллинг мәселелерін шешу, суицид пен зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында жүргізіліп келеді.
Біріншісі, сенім қызметтерін жандандыру. Қазір мектептерде «Сенім бұрыштары» белсенді қызмет атқаруда, бұл оқушыларға өз мәселелерін анонимді түрде білдіруге мүмкіндік береді. Әр мектепте арнайы «Сенім жәшіктері» орналастырылып, балалар өз ойлары мен алаңдаушылықтарын осы жәшік арқылы жеткізе алады. Сонымен қатар, «Сенім телефондары» үнемі жұмыс істеп, педагогтар мен психологтар тарапынан бақылауда ұсталады. Бұл телефондарға хабарласқан оқушыларға қажетті психологиялық қолдау көрсетіліп, олардың мәселелеріне жедел әрекет ету жолға қойылған.
Екіншісі, интерактивті құралдарды қолдану. Буллингтің алдын алу мақсатында аудан мектептерінде дәліздер мен жалпыға қолжетімді жерлерде «Stop Bullying» QR-кодтары орналастырылды. Бұл QR-кодтарды пайдалану арқылы оқушылар буллинг туралы ақпарат ала алады, сондай-ақ зорлық-зомбылықтан сақтану жолдары туралы қажетті мәліметтермен таныса алады. Бұл әдіс арқылы балалар мен ата-аналар арасында буллинг мәселесі жөнінде хабардарлық деңгейін арттыру көзделген.
Үшіншісі, ата-аналармен кездесулер. Зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында аудан мектептерінде ата-аналарға арнап «Қоғамдағы, отбасындағы зорлық-зомбылық және бейбітшілік қағидаттары» тақырыбында арнайы кездесулер ұйымдастырылды. Бұл кездесулерде отбасындағы бейбіт қарым-қатынас пен балаларға деген мейірімділікке тәрбиелеу мәселелері көтерілді. Ата-аналарға отбасында зорлық-зомбылықтың алдын алудың маңыздылығы түсіндіріліп, қиын жағдайларда қандай шаралар қолдану қажеттілігі туралы ақпарат берілді.
Төртіншісі, оқушылармен психологиялық жұмыстар жүргізілуде. Мектеп әкімшілігі мен педагогикалық-психологиялық қызметі оқушылар арасында буллинг пен кибербуллингтің алдын алу мақсатында бірқатар іс-шаралар жүргізуде. Атап айтқанда, оқушылар арасында буллинг, кибербуллинг туралы сауалнамалар мен С.Спилбергердің тұлғалық ерекшеліктерді анықтауға арналған тесті алынды. Бұл зерттеулердің нәтижелері бойынша оқушылардың эмоционалды күйі бағаланып, оларға сәйкес психологиялық қолдау көрсетілді.
Сынып сағаттары аясында «Өмір құндылығы» және «Біз бақытты баламыз!» тақырыптарында талқылаулар өткізілді. Бұл іс-шаралар оқушыларға өмірдің мәнін түсінуге көмектесіп, өздеріне сенімділік пен өмірге деген оң көзқарас қалыптастыруға бағытталды.
Бесіншісі, психологиялық қызметтің іс-шаралары. Аудандық психологиялық қызметтің ұйымдастыруымен зорлық-зомбылық, буллинг және суицидтің алдын алу бойынша арнайы іс-шаралар жоспары құрылып, осы жоспарға сәйкес мектеп психологтары белсенді түрде жұмыс атқаруда. Бұл жоспар шеңберінде ата-аналармен түсіндіру жұмыстары, дәрістер және балалармен алдын алу бойынша тренингтер өткізіледі. Ата-аналар мен педагогтарға арналған дәрістерде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың және буллингтің бала психологиясына әсері, сондай-ақ отбасындағы қарым-қатынастың бала дамуына ықпалы туралы жан-жақты түсініктемелер беріледі.
Оқушыларға арнап «Түсіністікке үйренеміз», «Мен өмірді таңдаймын», «Өмір құндылығы» атты психологиялық тренингтер ұйымдастырылды. Бұл тренингтер балалардың өмірге деген құштарлығын оятып, өздерінің мықты және әлсіз жақтарын түсінуге, басқа адамдармен түсіністік пен сыйластықта болуға үйретеді. Сонымен қатар, «Әр бала зорлық-зомбылықсыз балалық шаққа құқылы» тақырыбында дөңгелек үстелдер өткізіліп, оқушылар арасында зорлық-зомбылықтың зиянды жақтары талқыланды.
Алтыншысы, мектеп психологтарының біліктілігін арттыру. 2023-2024 оқу жылының бірінші және екінші жарты жылдығында Байзақ ауданының психологтарының біліктілігін арттыру мақсатында «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығына арнайы сұраныс жасалып, психологтар қажетті курстардан өтті. Бұл шара мектеп психологтарының кәсіби деңгейін арттырып, оларды балаларға жоғары сапалы психологиялық қолдау көрсетуге дайындауға бағытталған.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Қ.Аманкелдіұлы,
журналист.
БАЙЗАҚ ауданы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.