Ещё один сайт на WordPress

АБУМАЛИКОВТЕРДІҢ АБЫРОЙЫ АСТЫ

0

Отбасы — мемлекеттің іргетасы. Сол үшін қоғамдағы әр жанұяның босағасы берік, мерейі үстем болмай елдің мықты болуы мүмкін емес. Отбасы – адам баласының өсіп-өнер, қаз тұрар, қанат жаяр алтын бесігі. Сондықтан бұл әлеуметтік институтты дамыту өзекті мәселе.

Осыған орай жуырда облыстық білім басқармасының тапсырысымен «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі «Білікті отбасы» отбасылық зияткерлік байқауын ұйымдастырған болатын. Сайыс нәтижесі бойынша ІІІ орынды Сарысу ауданының Дарибековтер, ІІ орынды Меркі ауданының Утеевтер, І орынды Тараз қаласының Абумаликовтер жанұясы еншіледі.
Абыройы асқан Абумаликовтер отбасы көпшілікке өздерінің ұйымшылдығымен, татулығымен, өнерпаздығымен үлгі. Жанұяның отағасы Ерлан Қанатбайұлы Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназияда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берсе, жұбайы Аида Ержігітова Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясында орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек етуде.
– Байқау 6 кезеңнен құралды. Бірінші кезеңде сайысқа қатысушылар өздерін өлең жолдары немесе отбасылық ұран арқылы таныстырса, екінші бөлімде үміткерлер өздерінің отбасылық белгілерін және сайысқа қандай мақсатпен келгендерін қағаз бетіне түсірді. Үшінші кезеңде әр түрлі тақырыпта және логикалық 20 сұрақ қойылса, төртінші кезеңде ақын жазушылардың белгілі шығармалары мен өлең жолдары және мақал-мәтелдердің алғашқы жолдары беріліп, қатысушылардың соны аяқталған жерден әрі қарай жалғастыруымен ерекшеленді. Бесінші кезеңде бізге Тараз қаласында орналасқан тарихи мәдени ескерткіштердің суреттері көп қиынды (мозайка) түрінде жасырылды. Сол суреттерді тиісті орнына қойып құрастырып, ескерткішке байланысты сұраққа жауап бердік. Ал соңғы кезеңде әр қатысушы отбасыға тарих, салт-дәстүр, мемлекеттік мерекелер бойынша сұрақтар қойылды, — дейді Ерлан Қанатбайұлы.
Бұл жанұяда 2 ұл, 2 қыз бар. Үлкен ұлы Асхаттың мамандығы аудармашы болса, келіні Ақмаралдың да мамандығы мұғалім. Үлкен қыздары Асыл темір жол саласында жұмыс істесе, екінші ұлдары Ақтөре Анкарадағы Гази университетінде тіс дәрігері мамандығы бойынша білім алып жатыр екен. Ең кенжелері Айлана – Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясының 5-сынып оқушысы, оқу озаты.
Абумаликовтер отбасының айбыны бұдан да асқақтай түсеріне сенім мол.

Ш.Жамбыл,
журналист.

Leave A Reply

Your email address will not be published.