Ещё один сайт на WordPress

КӘСІПТТІК БІЛІМНІҢ АЛҒАШҚЫ ҚАРЛЫҒАШЫ

0

Бүгінде кәсіптік білімнің көкжиегі кеңейіп, ерекше назар аударылуда. Әсіресе, техникалық мамандықтарға деген күн өткен сайын артуда. Бұл тұрғыда биылғы дәстүрлі Тамыз кеңесінде «Ең үздік ауыл колледжі» атанған Құлан агротехникалық жоғары колледжі сенім үдесінен шығуда.

Аталған колледж Қазақстандағы ең алғашқы білім ордасының бірі. Оның құрылу тарихы да тым тереңде жатыр. Соған аз-кем тоқталсақ, Орынбор қаласында өлкелік ветеринарлық және зоотехникалық техникумды ашу мәселесі Қазақ АССР-ның Егіншілік халық комиссариаты коллегиясының отырысында қаралып, сол жерде техникумды ашу қажеттілігі туралы шешім қабылданған. Сол шешімнің негізінде 1923 жылдың 3-ші тамызында Қазақ АССР-ның Халық комиссарлар кеңесінің жарлығымен Орынбор қаласында Өлкелік ветеринарлық және зоотехникалық техникумы есігін айқара ашты. Техникумда алғашқыда ветеринарлық және зоотехникалық бөлімдері, кейін жер қатынастары бөлімі жұмыс істей бастады. 1930 жылы техникум Алматы қаласынан қазіргі Таразға ауыстырылып, Әулиеата ветеринарлық-зоотехникалық техникумы деп атала бастады. Арада 30 жылдан астам уақыт өткен соң яғни 1963 жылы Қазақ ССР-ның Ауылшаруашылығы министрлігінің бұйрығымен техникум Ақкөлден қазіргі Т.Рысқұлов ауданының орталығы Құлан ауылына көшірілді. Осыдан бері техникум өзінің тұрақты мекеніне ие болды.
Техникум ұстаздары Оңтүстік өңірлік ауылшаруашылығы техникумдарының семинар-кеңестері жұмысына үнемі белсене қатысып отырды. Осындай семинар-кеңестер Жамбыл зоотехникалық ветеринарлық техникумның базасында да бірнеше рет ұйымдастырылды.
Білікті мамандарды дайындаудың негізгі кезеңдерінің бірі өндірістік тәжірибе болғандықтан, 1985 жылы малдәрігерлігі мамандығының тәжірибелік алаңын кеңейту мақсатында 100 орынға арналған типтік малдәрігерлік клиника салынып пайдалануға берілді.
Техникумда жастар тәрбиесіне, саясатына ерекше көңіл бөлінді. 1985 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 40-жылдығына орай оқу орнында ашылған Жауынгерлік даңқы мұражайы жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеуде зор ықпалын тигізді.
Егемендікке қол жеткізіп, азаттық ақ таңы атқаннан кейін колледж жаңаша кейіпке еніп, дамудың даңғыл жолына бет бұрды. Айталық, 1991 жылы 35 арнайы пәндер дәрісханалары мен зертханалары бар, 920 орындық техникумның жаңа типтік оқу-лабораториялық корпусы пайдалануға берілді. Заман ағысына сай колледжде «Зооветеринария», «Іс қағаздарын жүргізу және мұрағаттану», «Ауышаруашылық өнімін өндіру технологиясын ұйымдастыру», «Салық ісі»,«Құқықтану», «Фермер шаруашылығын ұйымдастыру және жүргізу», «Әлеуметтік педагогика», «Мектепке дейінгі білім беру және тәрбиелеу», «Кәсіптік оқыту», «Агрономия», «Зоотехния» сияқты жаңа мамандықтар ашылды. Ал 1995 жылы 12 желтоқсанда Жамбыл зоотехникалық ветеринарлық техникумы Құлан ауылшаруашылығы колледжі болып атауын өзгертсе, 2018 жылы Құлан агротехникалық колледжі деп аталды. Ал 2020 жылы жоғары колледж статусына ие болды.
Бүгінде оқу ордасын білікті басшы Олжас Мұсақұлов басқарады.
– Қазіргі таңда Құлан агротехникалық жоғары колледжі өңірдің ауылшаруашылығы саласына кадрлар даярлайтын базалық колледж ретінде қалыптасқан. Оқу орнында 14 мамандық 27 біліктілік бойынша 600 жүзге жуық студент мемлекеттік тапсырыс негізінде білім алуда. Жаңа оқу жылына 6 мамандық бойынша 173 студентке мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылды. Соңғы үш жылда колледжің материалдық-техникалық базасы заманауи техника және құралдармен толықтырылып қайта жаңғыртылды. 2018 жылы колледжде ветеринарлық клиника, дәнекерлеу цехы, жылыжайлар, 2019 жылы агрономиялық зертхана, сүт, ет өнімдерінің цехтары, гараж, қоралар мен интенсивті бақ іске қосылды. Былтыр колледждің материалдық-техникалық базасы «Жас маман» республикалық жобасы аясында «Агрономия», «Дәнекерлеу ісі» мамандықтары бойынша заманауи үлгідегі WorldSkills талаптарына сәйкес келетін құрылғылармен жабдықталды. Аталған мамандықтар бойынша оқу жұмыс бағдарламалары оқыту нәтижесіне негізделіп кредиттік-модульдік тәсілмен Soprano Group әзірлеген білім беру бағдарламалары негізінде жасалды.Сондай-ақ өңірдің ауыл шаруашылық мамандарына деген қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында «Ет және ет өнімдерінің өндірісі», «Сүт өнімдерінің өндірісі», «Орман шаруашылығы, бақ-саябақ және ландшафт құрылысы», «Балық шаруашылығы», «Ара шаруашылығы» мамандықтары жаңадан ашылды. Ағымдағы жылы Құлан агротехникалық жоғары колледжі, Т.Рысқұлов ауданының әкімдігі және аудандағы ең ірі «Шәушен» шаруа қожалығы арасында Корпоративтік басқару (қамқорлыққа алу) Меморандумына қол қойылды. Меморандум аясында колледждің оқу-тәжірибелік алаңында «Шәушен» шаруа қожалығының демеушілігімен малды бордақылау кешенінің құрылысы жоспарлануда.Сонымен қатар шаруа қожалығы колледждің жер учаскесіне егістік мақсатында пайдалануға арпа, оқу-тәжірибе алаңында пайдаланатын ірі қара және ұсақ малдарды жем-шөппен қамтамасыз ету мақсатында бидай берілді. Тағы бір айта кетерлігі, 2019 жылдан бастап колледжде әлеуметтік серіктестердің демеушілігімен озат және белсенді жастарға мотивациялық серпін беру, материалдық қолдау көрсету мақсатында «Атаулы шәкіртақы» жобасы енгізілді. Оқу орнында қорытынды аттестаттауды WorldSkills стандарттары негізінде демонстрациялық емтихан форматында өткізу үрдісі қалыптасқан, — деді Олжас Нұрланұлы бізбен әңгімесінде.
Колледж білімгерлері мен ұстаздарының да ауыз толтырып айтарлық жетістіктері өте көп. Мәселен, «Ветеринария» және «Агрономия» құзыреттіліктері бойынша 30 студент демонстрациялық емтихан тапсырып, Skills паспорттарға ие болды. Сондай-ақ WorldSkills қозғалысы аясында республикалық «WorldSkills Karaganda – 2019» чемпионатында «Ветеринария» құзыреттілігі бойынша ІІІ орынды еншілесе, «WorldSkills Aqmola – 2022» чемпионатында «Астық және оны қайта өңдеу өнімдерінің сапасын айқындау» құзыреттілігі бойынша ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Сонымен қоса 2021 жылы колледжде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары педагогтері арасындағы ауыл шаруашылығы саласы бойынша тұңғыш «Республикалық кәсіби шеберлік конкурсы» ұйымдастырылды. Білім мекемесінің ветеринарлық пәндер оқытушысы Рашид Сарсенбиев аталған байқаудың Бас жүлдесін олжалады. Осы жылдар ішінде колледж 40 мыңнан астам ауыл шаруашылығы мамандарын даярлап шығарды. Олардың арасында еселі еңбегімен ел құрметіне бөленген ардақты азаматтар көптеп саналады. Атап айтқанда, «Адамзаттың Айтматовы» атанған, дүние жүзіне аты мәшһүр қырғыз жазушысы Ш.Айтматов, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының мүшесі, зоология институтының директоры академик Н.Досжанов, малдәрігерлік ғылымдарының докторы, профессор О.А.Гаврилов, Малдәрігерлік эктопаразитологиялық ғылыми-зерттеу институтының директоры, мал дәрігерлік ғылымдарының докторы, профессор С.С.Вечеркин, академик, ауылшаруашылығы ғылымының докторы М.Абдраимов, академик, психология ғылымының докторы М.Перленбетов, Қазақ ұлттық университетінің доценті Г.С.Узбекова, заң ғылымының докторы А.Тойшыбеков, Парламент депутаттары Қ.Айтаханов, Ж.Кәрібаев, Ә.Көпбергенов, Социалистік Еңбек Ерлері Р.Сәбденов, Ә.Исмаилов, Н.Биғазиев, тағы басқалары бар.
Кәсіптік білім беру жүйесінің алғашқы қарлығашы саналатын Құлан агротехникалық жоғары колледжі жылдар бойы берік қалыптасқан дәстүрді одан әрі жалғас-
тыра отырып, тәуелсіз мемлекетіміздің ертеңгі болашақ ұрпақтарын тәрбиелеуге, білікті мамандар даярлау ісіне бұдан да зор үлес қоса бермек.

.Шахабай,
журналист,
Т.Рысқұлов ауданы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.