ЖАРТЫ ҒАСЫРЛЫҚ ЖАРҚЫН ЖЫЛНАМА
Байзақ ауданында орналасқан Ғ.Мұратбаев гимназиясының аты бүгінде облысқа ғана емес күллі республикаға мәшһүр. Талай дарынды жасты ұясынан түлеткен еңселі білім ордасының құрылғанына биыл 50 жыл толды.
Жарты ғасырдың бедерінде Мұратбаев гимназиясы білім саласының өркендеуі-
не зор үлес қосып келеді. Әсіресе, егемендік жылдары оқу ошағы қанатын кеңге жайып, заман ағымына сай жаңаша сипатқа ие болды. Айталық, оқу ордасы 2003 жылы мектеп-гимназия, 2018 жылы гимназия статусын иеленді. Содан бастап мектептің екінші тынысы ашылып, жаңа дәуірі туды деуге болады. Қазіргі таңда мұнда 1222 бала білім алса, оларға 130 мұғалім тәлім беруде. Олардың жетістіктері де ауыз толтырып айтарлықтай.
– Жалпы білім беретін пәндер бойынша аудандық олимпиадаға 41 оқушы қатысып, 29-ы жүлделі орынды иеленді. Ал облыстық олимпиадаға 8 оқушы қатысып, 4-і 3 жүлделі орынды еншіледі. Сондай-ақ 8-11 сынып оқушылары арасында өткен облыстық «Ғылыми жоба» байқауына – 8 оқушы қатысып, 2 оқушы ІІ орынды иеленді. 1-7 сыныптар арасында өткен аудандық «Зерде» шығармашылық зерттеу жобалары мен ғылыми жұмыстары байқауына – 14 оқушы қатысып, жүлделі І, ІІ орынға қол жеткізді. Сонымен қатар халықаралық «Жас толқын», «Ақбота» байқауларынан да өрендеріміз құр алақан қайтқан емес. Бұл тұрғыда педагогтердің де табыстары толағай, Мәселен, осы кезге дейін 2 әріптесіміз республикалық «Үздік педагог» конкурсының жеңімпазы атанса, аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық білім бәйгелерінде топ жарғандары да жетерлік. Бұдан бөлек олар үнемі түрлі деңгейдегі семинарлар мен конференцияларда өз іс-тәжірибесімен бөлісіп тұрады, — дейді гимназия директоры Мұхит Наметқұлов.
Гимназия ұжымының сапалық құрамы да ешкімнен кем соқпайды. Айталық, жалпы ұстаздар құрамының 64,6 пайызы «педагог-шебер», «педагог-зерттеуші», «педагог-сарапшы», жоғары және бірінші санатты дәрежелердің иегерлері. Мұндағы жас мұғалімдердің үлесі артып келеді. Өткен оқу жылында олардың саны 29-ды құраған.
Оқу ордасы заманға сай материалдық-техникалық базамен толығымен жабдықталған. Бұған спортзал, шеберхана, 3 компьютерлік, мультимедиялық, мемлекет стандартына сай физика кабинеттері мен экология, даңқ залы дәлел бола алады.
Жарты ғасырлық жарқын жылнама оқу ордасының беделі биікте екенін дәлелдей түсуде. Әрине, бұған мектептің алғашқы директорлары болған Чингиз Гаджиев, Ольга Мелентьева және Роза Хван сынды білікті басшылардың тигізген септігі мол. Бүгінде Мұхит Жанұзақұлы басқаратын білім ордасы тек асқарларға құлаш ұрып, жетістіктерін еселей түсері анық.
Қ.АМАНКЕЛДІҰЛЫ,
журналист.
Байзақ ауданы.