ҚОС ДӘУІРДЕН СЫР ШЕРТКЕН БІЛІМ ОРДАСЫ
Қатпарлы тарихы сан ғасырға жалғасқан еліміздің білім ордаларының да шежіресі тым әріде жатыр. Солардың бірі – ғасырлық ғұмыры бар Т.Рысқұлов атындағы №23 орта мектеп. Қордай ауданы Әлжан ауылында орналасқан білім ордасы қос дәуірден бері еш үзіліссіз қызмет көрсетіп келеді. Осы жылдар ішінде сан мыңдаған шәкіртті ұядан ұшырды.
Жалпы бұл мектеп аудандағы ең алғашқы оқу орындарының бірі болып саналады. Мұның аз-кем құрылу тарихына тоқталып кетсек. 1921 жылы Қордай аймағындағы Қалғұты, Жалаңаш сондай-ақ Қараұшықты мекендейтін бытыраңқы қазақ ауылдары бір жерге көшіріліп әкеліп осы Қасық селосына тұрақтандырылады. Сол кездері ауыл балалары үшін мектеп ашу қажеттігі туындады. Совет өкіметін орнатуға белсене қатынасқан, 1918 жылдан КПСС мүшесі, Қордай ауданындағы алғашқы партия ячейкасы, кейіннен Жетісу губерниясының бастығы болған Олпан Кәриевтің осы мектепті ұйымдастыруға сіңірген еңбегі зор. Бұл қатарда Қасық селосының байырғы тұрғыны дербез пенсионер Мамыт Надырбаев, кедейлер тобының бастығы Әлтай Бөлтіріков, Ленин орденді Қазақ ССР жоғары советінің депутаты Ермекбай Есбаев, республикаға еңбегі сіңген мұғалім Қияқбек Бірқожаев, алғашқы комсомол ұйымының бастығы Кіребай Сарыбаев та бар. Осылайша 1922 жылы мектеп есігін айқара ашып, «Нариман болысының бірінші басқыш мектебі» деп аталады. Оған ең әуелі ескіше сауаты бар Майбұлақ Қаражанов арнайы шақыртылып, мұғалімдікке жіберіледі. Ол бұл өңірде тұңғыш ұйымдасқан қазақ мектебінің бірінші мұғалімі болады. Содан 1928 жылға дейін бастауыш, кейін бес кластық мектеп болып қайта құрылады. «Октябрьдің жеті жылдық жеміс мектебі» деп ат беріліп, меңгерушілікке Исахан Сәрсебеков тағайындалады. Кейін 10 жылдыққа дейін ұлғайтылып, 1939 жылы алғашқы өрендерін ұядан ұшырады. 1931 жылдан 1936 жылға дейін «Бубнов атындағы коммунистік жастар мектебі» деп те аталып жүрді. Бұл атауы сол жылдары мектеп жанынан жетім балалар үшін ашылған интернатқа байланысты берілген еді. Содан жылдар жылжып 1972-1973 оқу жылы мектеп құрылысы бітіп, пайдалануға берілді. Осылайша ауылдың немесе колхоз-совхоздың атына байланысты Қасық, Талапты орта мектебі деп аталып келген. 1984 жылы қыркүйек айында Кенен Әзірбаев атындағы орта мектеп болды. 1990 жылы мамыр айында мектеп жаңадан Тұрар Рысқұловтың есімін иеленді.
Елімізге танымал тұлғалардың есімі осы білім ордасымен тығыз байланысты. Бұл қатарда Қазақ ССР оқу министрі Балжан Бөлтірікова, сол жылдардағы Семей облыстық советі атқару комитетінің председателі Екейбай Қашағанов, академик Нығмет Сауранбаев, еңбекшілер депутаттары аудандық советі атқару комитетінің председателі болған М.Смағұлов, Қазақ ССР-на еңбегі сіңген дәрігер, Ленин орденді Жамила Шурина, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Мұратхан Тәнекеев, Қазақстанға аты әйгілі композитор Өмірбек Байділдаев, Қырғызстан мемлекеттік университетінің доценті, математика ғылымының кандидаты Сара Сәтіқұловалар бар. Сонымен қатар Қазақ ССР жоғары Советінің депутаты С.Қожантаев, аудандық саниэпистанциясының бас дәрігері болған Қ.Саниязов, аталмыш мектептің директорлары Н.Тілеубаев, Н.Байқожаев, Н.Байділдаев, Ә.Уалиевтердің есімдері оқу ошағының тарихында мәңгі қалары сөзсіз.
Егемендік жылдары еңселі оқу ордасының екінші тынысы ашылып, құлпырып сала берді. Заманға сай материалдық-техникасы жақсарып келе жатқан мектепті бүгінде білікті басшы, ұлағатты ұстаз Әлия Байгелова (суретте) басқарады.
– Мектепке 2020 жылы күрделі жөндеу жұмысы жүргізілген болатын. Бүгінде мұнда 950-ден астам оқушы білім алуда. Ал оларға білім беру жолында 88 мұғалім қызмет атқарады. Барлығы дерлік жоғары білімді, өз ісінің мамандары. Еңбек өтілі едәуір ұстаздармен бірге жас мамандар да етене еңбек етіп келеді. Жетістіктері де аз емес. Аудандағы алдыңғы мектеп қатарынан түспейтін білім ұясы оны қашанда дәлелдеп келеді. ҰБТ бойынша да көрсеткіштері жоғары. Аудандық мектепаралық пән олимпиадаларында оқушыларымыз топ жаруда. Тек оқушылар ғана емес, ұстаздардың да жетістері жетіп артылады. Мұғалімдеріміздің облыстық, республикалық байқаулардан жүлдесіз оралған кезі жоқ. Сондай-ақ, білім беруден бөлек оқушылар үшін қосымша жұмыстарда жасалынуда. Мәселен, мектепішілік «Мектеп айнасы» атты шағын газетіміз бар. Онда шығармашыл оқушылардың туындылары ұдайы жарияланып тұрады. Сонымен қатар, «Qadam.FM» атты мектепішілік радиомыз да бар. Мұны да белсенді оқушылар бос уақыттарында жүргізіп отырады. Ұзақ қоңырауда түрлі жаңалықтар айтылып, шұғыл хабарламалар таратылады. Бұл мектеп өмірінен тыс бос уақытты тиімді пайдалану мақсатындағы жұмыстарды жас маман Райхан Дүйсен қолға алып, ұйымдастыруда. Осындай ғұмырлы мектепте қызмет ету осындағы әрбір мұғалімге үлкен абырой. Мерейтойға орай мектеп тарихынан сыр шертетін жинақ шығарсақ деген жоспарымыз да бар, — деді Әлия Сатыбалдықызы.
Қазіргі таңда жоспарды жүзеге асыру бойынша жұмыстар басталып та кеткен екен. Мектеп түлектері де алтын ұяларымен тығыз байланыста. Біз де қос дәуірден сыр шерткен білім ордасының беделі биіктеп, жұлдызы әрдайым жарқырай беруіне тілекшіміз.
Ш.Жамбыл,
журналист.
Қордай ауданы.