ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНКУРСТАН ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ
Жуырда «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен бірлесіп, жыл сайын дәстүрге айналған Ө.Жолдасбеков атындағы математика және механика бойынша зерттеу жобаларының ХІI халықаралық конкурсын өткізді. Оқушылардың логикалық ой-өрісін арттыру, оларды математикаға қызықтыру және алған білімін сынап, өз-өзін дамытуларына жағдай жасау, математика және механика ғылыми-зерттеу саласына қызығушылық танытатын дарынды оқушыларды анықтауды мақсат еткен сайысқа облысымыздың 9 өрені өз жобаларымен қатысты. Олар математика, қолданбалы математика, механика және экономика секциялары бойынша ғылыми зерттеулерін қорғап, бақ сынады.
Білім бәйгесінің қорытындысы бойынша 6 жерлесіміз үздіктер қатарынан көрінді. Атап айтсақ, Тараз қаласы №40 гимназиясының 11 сынып оқушысы Рауль Нурмухамедов I дәрежелі, 30 мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушысы Нуриза Кенбаева, облыстық Үш тілде оқытатын мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектептің 11 сынып оқушысы Жанерке Базарбай IІ дәрежелі, Ы.Алтынсарин атындағы №49 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Дана Несіпбай, Дарынды балаларға арналған IT лицей-интернатының 11 сынып оқушылары Шұғыла Сағынбек және Дамир Серікбаев ІІІ дәрежелі Дипломдармен марапатталса, халық-аралық конкурста көрсеткен ерекше жетістігі үшін Тараз қаласы №24 гимназиясының 11 сынып оқушысы Александр Лукаш арнайы Грамотаға ие болды.
Біз де өз кезегімізде жас зерттеушілерді және оларды дайындаған жетекшілерін жеңістерімен құттықтаймыз!
«Жас дарын» редакциясы