ҮЗДІКТЕН ҮЛГІ АЛ!
Байзақ ауданындағы білім беру ұйымдарынан соңғы үш жылда Ғ.Мұратбаев атындағы гимназиясынан Бақыт Күдериева, Мөлдір Рахметқұлқызы және №1 мектеп- гимназиясынан Үміт Сүгірбекова сынды білікті ұстаздарымыз «Үздік педагог» атағына ие болды.
Жуырда Түймекент орта мектебінің директоры Индира Спаналиеваның бастамасымен марапат иелерімен арнайы кездесу өткізілді. Ұжым мүшелерімен тәжірибе алмасып, оларға серпін беруді көздеген шара барысында сала үздіктерінің өмірбаяны мен еңбек жолы жөнінде бейнебаян мен жүрекжарды жыр жолдары көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар үздік педагогтер өз тәжірибелерімен бөлісіп, қойылған сауалдарға жауап берді.
Тәжірибе бөлісу барысында портфолио жинақтау, авторлық бағдарлама жазу, білім алушылардың үлгеріміне ағымдық бақылауды жүргізу, сабақты зерттеу кезіндегі туындайтын мәселелер сияқты түрлі бағыттағы жұмыстар сарапталып, пікірлер алмасылды.
Кездесу соңында мектеп психологтары «Жылы лебіз» тренингін өткізді. Үздік педагогтер мектеп ұжымының жұмысына табыс тілеп, жылы жүздесу үшін алғыстарын білдірді.
Өз тілшіміз.