ТАЛАП БАР ЖЕРДЕ ЖЕТІСТІК МОЛ
Жуырда Тараз қаласындағы «Шахристан» этно-тарихи кешенінде дәстүрлі Тамыз кеңесі өткені көпке мәлім. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысқан жиында бірқатар үздік білім беру ұйымдары арнайы аталымдармен марапатталып, қаржылай сертификаттарға ие болды. Нақтырақ айтар болсақ, Тараз қаласындағы Төле би атындағы №8 гимназия «Орта білім беретін үздік ұйым» атанып, 34 миллион теңгенің сертификатын олжаласа, «Білім беру ұйымдары қызметтерінің тиімділігін бағалау» рейтингісінің нәтижесінде ең жоғары көрсеткішке жеткен Меркі ауданы И.Трубицын атындағы №17 мектеп-гимназиясы «Ең үздік инновациялық мектеп», Талас ауданы А.Байтұрсынов атындағы гимназия «Ең үздік қала мектебі», Байзақ ауданы Диқан орта мектебі «Ең үздік шағын жинақталған мектеп», Тараз сервис және технология колледжі «Ең үздік колледж» номинациялары бойынша 1 миллион теңгенің сертификатын иеленді. Біз бүгін «Ең үздік ауыл мектебі» атанған Жамбыл ауданындағы Ю.Гагарин атындағы мектеп-гимназия жайлы мақаламызға арқау етпекпіз.
Аталған оқу ордасының қабырғасы ең алғаш 1969 жылы сегізжылдық орыс мектебі ретінде қаланған. Ал 1992 жылы алғашқы түлектерін ұядан ұшырса, 1993 жылы қазақ тілді сыныптарға бүлдіршіндер қабылдана бастады. Бүгінде білім ошағын білікті басшы Бегманова Дәметкен Әбілекқызы басқаруда.
– Мектебімізде қазіргі таңда жалпы 1122 оқушы білім алса, оларға 112 педагог тәлім беруде. Оқу ордасының материалдық-техникалық базасы да талапқа сай жабдықталған. Айталық, мұнда 35 оқу бөлмесі, 4 компьютер сыныбы, 220 компьютер, 2 интерактивті кабинет, робототехника кабинеті мен шеберхана, спортзал мен мәжіліс залы бар. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде биылғы ҰБТ-ға 45 оқушы қатысып, 2-і «Алтын белгіге», 5-і «Үздік аттестатқа» ие болды. Сондай-ақ, 33 өреніміз мемлекеттік грантқа қол жеткізсе, 1 оқушы «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алуға мүмкіндік алды. Осылайша білім сапасы 93,7 пайызды құрап, ең жоғары нәтижеден көріндік, – дейді Дәметкен Әбілекқызы.
Болашақтың тізгінін ұстаған жас жеткіншектерге сапалы білім беру, жаңа қырын ашып алға жетелеу – мектеп ұстаздарының алға қойған негізгі міндеті. Осы міндеттерін толығымен орындап жүрген ұстаздар көптеген жетістіктерге де қол созуда. Атап айтар болсақ, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Гүлнұр Ботаева Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Ұлы дала жыршысы» атты аудандық мәнерлеп оқу байқауына қатысып, жүлделі ІІ орынды иеленсе, «Ұлы даланың ұлы тұлғасы – Абай!» атты халықаралық олимпиадасында қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Камшат Онласын І орынды олжалады.
Сондай-ақ, «Мемлекеттік рәміздер – мақтанышым» атты Республикалық жас таланттар байқауында өскелең ұрпақтың отаншылдық сезімін арттыруға қосқан үлесі үшін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ділдайым Танаева Алғыс хатпен, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Зарина Аташева қоғамдық-гуманитарлық бағыты бойынша аудандық «Үздік бейнесабақ» байқауына қатысып, І дәрежелі дипломмен марапатталды. Жетістіктер легі мұнымен тоқтамайды. Химия пәнінің мұғалімі Анар Айтекова мұғалімдер арасында өткен аудандық олимпиададан І орынды жеңіп алып, облыстық кезеңде ІІ орыннан көрінсе, бастауыш сынып мұғалімі Алмагүл Баймұхамбетова «Үздік педагог» байқауында жүлделі ІІІ орынды иеленіп, бағалы сыйлыққа қол жеткізді. Сондай-ақ, мектеп кітапханашысы Мирагүл Иманкулова республикалық «Кітапхана ісі» турниріне қатысып, І орынды жеңіп алса, Торайғыров университетінің 60 жылдығына арналған «XII Торайғыров оқулары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда химия пәнінің мұғалімі Анар Айтекова, география пәнінің мұғалімі Гүлвира Оразалиева және қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлзира Мырзаханова жүлделі орындардан көрініп, жұмыстары конференция жинағына енді. Бұл ұстаздар жетістігінің бір парасы ғана. Ұстаздары ұлағатты оқу ордасының өрендері де жеңіс пен жүлдеден құр алақан емес. Мәселен, мақтанышымыз Айбибі Сарықбаева (жетекшісі Танаева Д.А) және Тоғжан Керімбек (жетекшісі Сайлауова А.Т.) «Елбасы Медалі» байқауына қатысып, қола медальді қоржынға салса, Қазақстан Республикасы ауыл мектептерінің 5 және 6-сынып оқушылары арасында өткен «Мың бала» ұлттық олимпиадасында Айдана Әсембек, Гүлбина Байшахан, Дінмұхаммед Нұртай (жетекшісі Танаева Д.А.) жеңімпаз атанып, дипломмен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ал, 9-сынып оқушысы Әмірсәлім Нұрбол республикалық Айқанат олимпиадасына қатысып ІІ орын иеленді. Пән олимпиадаларына оқушыларымыз олжалаған жүлделер де өз алдына бір төбе.
Атап айтар болсақ, жалпы білім беретін пәндер бойынша облыстық олимпиадада құқық негіздері пәні бойынша 9-сынып оқушысы Нұрай Мырзахмет III орынды (пән мұғалімі Жанар Дайрабаева), Әл-Фараби атындағы халықаралық олимпиадада 10-сынып оқушысы Елнұр Тұрсынбаеваға 1-орын бұйырса, Зере Амантай ІІ орынды иемденді. Сонымен қоса, «British Buldog» олимпиадасынан 34 оқушы, «Кенгуру математика барлығы үшін» сайысынан 70 оқушы, «Золотое рунодан» 7 оқушы, КИО мұғалімдер үшін бәсекесінен 58 ұстаз, КИО оқушылар үшін 65 оқушы жүлделі орындарды иеленді. «Ақбота» интеллектуалды марафонына 109 оқушы қатысып, әртүрлі дәрежедегі Дипломдарды олжалады.
Әрине, алтын ұяның таудай табыстары бір мақалаға сыймайды. Әлі де алар асулар жетерлік екеніне күмән жоқ. «Ұлы педагог В.А.Сухомлинский: «Мұғалімнің оқу үрдісіне шығармашылықпен қарауы баланың бойындағы жасырын қабілеттері мен дарынын ашады», – деген болатын. Сондықтан да әрбір мұғалім кәсіби біліктілігін дамыту үшін өз бетінше ізденуі, ынталануы қажет. Талаптанып ізденген адам қандай қиындық болмасын, оны еңсеріп, мол жетістікке кенелетіні анық. Себебі сан түрлі мамандықтың ішінде мұғалім атауы білімділікті, кәсібилікті, тәрбиелілік пен шеберлікті аса қажет ететін мамандықтың бірден-бірі. Елбасы «Ел болашағы – білімді ұрпақ қолында» деп айтқандай, оқушыларға тәлім-тәрбие беруде, оларды ғылыми ізденіске баулуда мектеп ұстаздары бар білім-біліктерін жұмсауда. Инновациялық технологияларды, әдіс–тәсілдерді жете ұғынып, тәжірибеде ұтымды қолданудың нәтижесінде педагог кадрларымыз алдыңғы қатардан көрініп жүр. Талай іздену мен еңбектенудің арқасында биыл «Ең үздік ауыл мектебі» аталымын жеңіп алдық. Бұл біздің әрі қарай кеңге қанат жаюымызға серпіліс береді», – деді мектеп басшысы бізбен әңгімесінде. Ең үздік ауыл мектебінің тыныс-тіршілігімен танысып, алдағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындыруына тілек білдірдік.
Құрбанәлі Шахабай,
журналист.
Жамбыл ауданы.