ЖАЛЫНДЫ ЖАСТАРДЫҢ ЖІГЕРІН ЖАНЫҒАН ЖАМБЫЛПОЛИТЕХ
Жуырда «Білім сапасы мен адами капитал: жаңа оқу жылындағы өңірлік басымдықтар» тақырыбындағы дәстүрлі Тамыз конференциясы өтті. Жиын барысында білім беру ұйымдарының жетістіктері сараланып, үздік мекемелер марапатталды. Солардың қатарында Жамбыл политехникалық жоғары колледжі «Үздік техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы» номинациясына ие болды.
Бүгін біз мақаламызға арқау еткен аталған колледж – Әулиеата өңіріндегі техникалық және кәсіптік білім берудің қалыптасуы мен даму тарихында өзіндік орны бар іргелі білім ордасы. 70 жылдан астам уақыт ішінде қарапайым кешкі химия-механикалық техникумнан заманауи зертханалары, халықаралық байланыстары, өндірістік серіктестері, цифрлық инфрақұрылымы және жасанды интеллект бағытындағы жобалары бар жоғары колледж деңгейіне дейін көтерілген оқу орны бүгінде жаңа даму кезеңіне қадам басып отыр.
Колледж тарихы Жамбыл өңіріндегі химия өнеркәсібінің қалыптасуымен тікелей байланысты. Әріден бастасақ, 1954 жылы КСРО Министрлер Кеңесінің қаулысымен Суперфосфат зауытының базасында Жамбыл кешкі химия-механикалық техникумы құрылды. Оқу орнының негізгі міндеті қарқынды дамып келе жатқан химия өнеркәсібіне білікті орта буын мамандарын даярлау болды. Осылайша, бүгінгі Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің тарихы өндіріс пен білімнің сабақтастығынан
басталды. Кейін оқу орнының құрылымы кеңейіп, жаңа мамандықтар ашылып, өңір экономикасының қажеттілігіне қарай мамандар даярлау бағыттары көбейді. Ал, 1996 жылы оқу орнына колледж мәртебесі берілсе, 1998 жылы Жамбыл политехникалық колледжі мен Жамбыл қазақ-түрік есеп-экономикалық колледжі біріктіріліп, біртұтас Жамбыл политехникалық колледжі құрылды. Бұл кезең оқу орнының тек техникалық бағытпен шектелмей, экономика және басқа да салалар бойынша мамандар даярлау мүмкіндігін кеңейткен маңызды белес болғаны белгілі. Араға біраз уақыт салып, 2017 жылы білім ордасына жоғары колледж мәртебесі беріліп, оқу орны Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының қазіргі атауына ие болды. Нәтижесінде, 70 жылдан астам уақытта колледж бірнеше тарихи кезеңнен өтіп, өңірдің ірі көпсалалы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының біріне айналды.
Бүгінде бұл оқу ордасы облыстағы еңбек нарығының қажеттілігіне бейімделген білім беру бағдарламаларын іске асыратын заманауи білім беру орталығы болып отыр. 2025-2026 оқу жылындағы көрсеткіш бойынша колледжде 2 670 білім алушы, 27 мамандық, 245 педагог қызметкер және 115 әлеуметтік серіктес кәсіпорын бар. Білім ордасының тізгінін 2025 жылдан бері білікті басшы Асхат Картаков ұстап келеді.
– Колледж өнеркәсіп, химия, энергетика, құрылыс, көлік, ақпараттық технологиялар, автоматтандыру, байланыс, қызмет көрсету және басқа да салаларға қажетті мамандар даярлайды. Оқу орнының басты мақсаты – студентке диплом берумен шектелмей, нақты өндірістік ортада жұмыс істей алатын, жаңа технологияларды меңгерген және еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман қалыптастыру.
Оқу ошағымыздың басты ерекшеліктерінің бірі – жұмыс берушілермен қалыптасқан жүйелі байланыс. Қазір колледждің 115 әлеуметтік серіктесі, 89 дуалды оқыту кәсіпорны және 100-ден астам өндірістік практика базасы бар. Сондай-ақ, 24 мамандық бойынша дуалды оқыту жүйесі енгізілген. Соңғы жылдары дуалды біліммен қамтылған студенттердің саны тұрақты өсіп келеді. Дуалды оқыту студентке колледж аудиториясында алған білімін кәсіпорындағы нақты жұмыс жағдайында бекітуге мүмкіндік береді.
Кәсіпорындар тек практика базасы ретінде ғана емес, білім беру процесінің толыққанды серіктесі ретінде қарастырылады. Жұмыс берушілер білім беру бағдарламаларын жетілдіруге, практикалық даярлықты ұйымдастыруға, кәсіби құзыреттерді бағалауға және түлектерді жұмысқа орналастыруға қатысады.
Студенттердің кәсіби даярлығын көрсететін маңызды бағыттардың бірі – WorldSkills қозғалысы. Колледж студенттері әр жылдары өңірлік және республикалық кәсіби шеберлік чемпионаттарына қатысып, жүлделі нәтижелер көрсетіп келеді. WorldSkills стандарттары оқу бағдарламалары мен практикалық даярлыққа да кезең-кезеңімен енгізілуде.
Сонымен қатар қорытынды аттестаттауда демонстрациялық емтихан форматы кеңейтіліп жатыр. Мұнда студент теорияны қаншалықты білетінін ғана емес, нақты кәсіби тапсырманы қаншалықты сапалы орындай алатынын көрсетеді, — деді Асхат Уайысұлы.
Әрине, заманауи маманды ескі технологиямен даярлау мүмкін емес. Сондықтан соңғы жылдары колледждің материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта колледжде бірнеше жаңа білім беру және өндірістік алаң қалыптасқан.
– Колледж базасында Tomorrow School өңірлік кампусы жұмысын дамыту қолға алынған. Оның негізгі бағыттары – жасанды интеллект, бағдарламалау және цифрлық технологиялар. Бұл студенттердің ІТ саласындағы заманауи құзыреттерін қалыптастырып, жаңа технологиялық ортада жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жасанды интеллектінің дамытуға айрықша назар аударып, нақты тапсырмалар жүктеген еді. Бұл бағытта колледжіміздің қабырғасында да ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Айталық, біздегі перспективалы жобалардың бірі – AI инновациялар академиясы. Академия жасанды интеллектіні зерттеу, деректерді талдау, бағдарламалау және студенттік инновациялық жобаларды жүзеге асыру алаңы ретінде дамуда. Мұндағы негізгі идея – студентті жасанды интеллектті жай ғана пайдаланушы емес, оның мүмкіндігін кәсіби міндеттерді шешуге қолдана алатын маман ретінде даярлау. Әрине, жасанды интеллект бағыты тек ІТ мамандықтарымен шектелмейді. Бұл ретте жасанды интеллект мүмкіндіктерін оқу процесін ұйымдастыруда, білім беру аналитикасында, кәсіби бағдар беруде, цифрлық контент әзірлеуде және студенттік жобаларда пайдалану көзделуде. Колледж базасында жасанды интеллект зертханасының ашылуы да – осы жұмыстардың
жалғасы. Жаңа зертхана студенттердің жасанды интеллект пен робототехника бағытындағы практикалық дағдыларын дамытуға септігін тигізуде.
Білім беру процесін цифрландыру да колледж дамуының маңызды бағытына айналған. Оқу процесінде LMS платформалары, электрондық журнал, цифрлық білім беру ресурстары, интерактивті оқу материалдары және қашықтан білім беру технологиялары пайдаланылады. Педагогтер цифрлық контент әзірлеп, студенттер заманауи ақпараттық ресурстарды оқу барысында қолданады, — деді колледж директоры.
Колледждің тарихи бағыты – химия өнеркәсібі. Сол дәстүрді жаңа технологиялық деңгейде жалғастыру мақсатында химия саласы бойынша «Даму зертханасы» білім беру-өндірістік химия кластерін дамыту қолға алынған. Кластер химиялық зерттеулер, өндірістік технологиялар мен экологиялық қауіпсіздік бағыттарын біріктіруге мүмкіндік береді.
Құрылыс саласындағы мамандарды даярлауда KNAUF компаниясымен бірлескен шеберлік орталығының да маңызы зор. Студенттер мұнда құрғақ құрылыс, сылақ жұмыстары және заманауи құрылыс технологияларын халықаралық талаптарға сәйкес меңгереді. ALT University қолдауымен электромобиль зертханасының іске қосылуы да колледждің жаңа технологияларға бет бұрғанын көрсетеді. Бұл жерде студенттер электр көліктерінің құрылымы, диагностика жүйелері және инновациялық автомобиль технологияларымен танысады екен.
Колледж директорының айтуынша, оқу орнының соңғы жылдардағы дамуында халықаралық ынтымақтастықтың орны ерекше.
– Қытай Халық Республикасындағы Weifang Vocational College, Sunmaker Training Institute, KidsGo Technology Ltd, Ресей Федерациясындағы Сосновоборск политехникалық колледжі, Қытайдағы Шыңжаң көлік кәсіптік университеті және басқа да шетелдік білім беру ұйымдарымен ынтымақтастық бағыттарын дамытуда. Студенттер мен педагогтер үшін халықаралық тағылымдамалар, тәжірибе алмасу, бірлескен бағдарламалар және академиялық ұтқырлық мүмкіндіктері кеңейіп келеді. Қытайдағы серіктестермен химиялық технология, жасанды интеллект және кәсіптік білім беру бағытындағы байланыстардың дамуы студенттерге шетелдік зертханалар мен өндірістік тәжірибемен танысуға мүмкіндік беруде.
Биылғы халықаралық бағыттағы маңызды жаңалықтардың бірі – Италиядағы Afol Metropolitana College оқу орнымен стратегиялық әріптестіктің орнауы. Милан қаласында жасалған келісім білім беру тәжірибесімен алмасуға, бірлескен жобаларды іске асыруға, академиялық ұтқырлықты дамытуға және педагогтер мен студенттердің кәсіби құзыреттерін арттыруға бағытталған. Бұл – Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің халықаралық білім кеңістігіне интеграциялануының тағы бір нақты қадамы.
Сапалы білім беру тек аудитория мен зертханамен шектелмейді. Колледжде студенттердің білім алуына, шығармашылық және кәсіби дамуына, қоғамдық өмірге араласуына жағдай жасауға басымдық беріледі. Сондай-ақ, инклюзивті білім беру ортасын қалыптастыру аясында кедергісіз орта, психологиялық-педагогикалық қолдау, цифрлық қолжетімділік және әлеуметтік бейімдеу бағыттары қарастырылған. Мұндағы негізгі қағида – әрбір білім алушыға тең мүмкіндік беру, — дейді Асхат Уайысұлы.
Заманауи зертханалар мен жаңа технологиялардың тиімділігі оларды меңгерген білікті педагогтер болғанда ғана артатыны айтқын. Бүгінде колледжде 245 ұстаз еңбек етеді. Педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру, өндірістік тағылымдамадан өтуі, жаңа педагогикалық және цифрлық технологияларды меңгеруі, халықаралық тәжірибеге қатысуы – тұрақты назарда. Соның нәтижесінде оқу ордасының жетістіктері облыстық және республикалық деңгейде көрініс табуда. Білім беру сапасын арттыру, жұмыс берушілермен байланысты күшейту, дуалды оқытуды дамыту, WorldSkills қозғалысына қатысу, материалдық базаны жаңарту және цифрлық технологияларды енгізу – мұның барлығы біртұтас даму стратегиясының құрамдас бөліктері.
Қазіргі таңда колледжде химиямен қатар бағдарламалау, автоматтандыру, робототехника, цифрлық технологиялар, электромобильдер және жасанды интеллект бағыттарын меңгеруде. Бірақ технология қаншалықты өзгерсе де, колледждің негізгі миссиясы алмасқан жоқ. Ол – еңбек нарығына қажет, өз кәсібін жетік меңгерген, білімді, жауапты және бәсекеге қабілетті маман даярлау. Осылайша, тарих пен жаңа технологияны сабақтастырған бұл оқу ошағы өткеннің тәжірибесін сақтай отырып, болашақтың білім беру моделін қалыптастыруға ұмтылып келеді. Сондықтан Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің «Үздік техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы» аталымына лайық деп танылуы кездейсоқтық емес, заңдылық деумізге толық негіз бар.
Қ.ҚАПТАҒАЙ,
журналист.
Тараз қаласы.
