ІНЖУ ЖАҢАБАЙ – «ҚОЛА ДОМБЫРА» ИЕГЕРІ
«Балапан ұядан не көрсе, ұшқанда соны іледі», – дейді дана халқымыз. Бұл – баланың тұлға болып қалыптасуында отбасының рөлі айрықша екендігінің айқын дәлелі болса керек. Расында да, әке көріп оқ жонып, шеше көріп тон пішкен талай тарландар бар бұл қазақта.
Мысалға, атақты аңыз адам Асанәлі Әшімовтың баласы Сағи Әшімов әке жолын қуып, атақты «Шығыс жұлдызы» – Шоқан рөлімен ел жүрегінен енші алса, қазақты ғаламға танытып, күллі дүниені әнмен тербеген Димаш Құдайбергеннің әкесі мен анасы да ән өнерінен алыс емес екені баршаға мәлім.
«Ат тұяғын тай басар» демекші, бүгінде айтыс өнерінің де туын биік ұстап, ата дәстүрін жалғап келе жатқан жас буын өкілдері де аз емес. Солардың бірі – жыр әлемінде өзіндік өрнегімен көзге түсіп жүрген, Тараз қаласындағы №3 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Інжу Есетқызы.
Жастайынан жүрегіне ұлттық рух пен өнердің отын жағып өскен Інжу – отбасындағы өнегелі тәрбиенің жемісі. Әкесі – Есет Досалы сөз өнерін серік еткен айтыскер ақын, әрі Дидар Апбасов, Алина Айдаралы, Айсұлу Жүнісбек және Әсемай Сейдакбарова қатарлы республикалық айтыстарда жүлделі орындарға ие болып аймағымыздың атын асқақтатып жүрген ақындардың ұстазы.
Кейіпкеріміз 2009 жылдың 28 шілдесінде Тараз қаласында дүниеге келген. Алғашқы білімін 2014 жылы Шона Смаханұлы атындағы №44 орта мектептен бастап, 3-сыныптан кейін №3 мектеп-лицейге ауысады. Дәл осы жерде ақындық қадамын бастаған ол 4-сынып оқып жүрген кезінде алғаш рет қалалық оқушылар айтысына қатысып, суырылып алға шыққан жас өрен сол сәттен бастап сахнаға деген сенімін, айтысқа деген сүйіспеншілігін арттырды. Қалалық деңгейде топ жарған ол, кейін облыстық сайыстарда да бақ сынап, үздік нәтиже көрсетті. Ал 9-сыныптан бастап республикалық оқушылар айтысына қатысып, қарсыластарына дес бермей даралана бас-тады. Соңғы жылдары ол телевизиялық деңгейдегі айтыстарға да қатысып, елге танымал ақындармен тең дәрежеде сөз сайысына түсіп жүр.
Ерекше атап өтерлігі, №3 мектеп-лицейінің оқушысы Інжу Жаңабай жуырда Астанада өткен «Қола домбыра – 2025» республикалық ақындар айтысында Бас жүлдені иеленді. Осыған орай Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев жас айтыскер ақынмен арнайы кездесті.
Жүздесуде Ербол Шырақпайұлы Інжудің бойындағы дарынды танып, оны шыңдауға бағыт-бағдар берген ата-анасы мен ұстаздарына шынайы ризашылығын жеткізді. Сонымен бірге жалынды жасқа шығармашылық шабыт, биік белестер мен жаңа жеңістер тіледі. Өз кезегінде Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Мəдениет саласының үздігі, Інжудің əкесі əрі ұстазы Есет Досалы көрсетілген қолдау мен құрмет үшін облыс əкіміне алғысын білдірді.
Еске сала кетейік, дүбірлі дода Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қолдауымен Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі, «El umiti» корпоративтік қоры жəне «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен екінші жыл өткізіліп отыр. Жоба жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің деканы Серікзат Дүйсенғазы. Айтыста еліміздің барлық өңірінен іріктеуден өткен 10-18 жас аралығындағы 22 дарынды оқушы екі күн бойы бақтарын сынап, сөз құдіретін паш етті.
Жас ақындар қоғамдағы өзекті үш негізгі тақырып аясында айтысқа түсті. Олар «Жасанды интеллект дəуіріндегі жасампаз жас-тар», «Еңбек адамы – елдің тірегі», «Цифр-ландыру мен білім: жаңа дəуірдің талабы» тақырыптарында суырып салып, көпшілікке өз өнерлерін көрсетті.
Жас ақындардың шеберлігіне айтыс-кер, «Алтын домбыра» иегері Еркебұлан Қайназаров, айтыскер Иран-Ғайып Күзембаев пен Өміржан Көпбосын, «Еl umiti» қорының өкілі Азамат Оңайбаев, Парламент Мəжілісінің депутаты, қазылар алқасының төрағасы Ринат Зайыт төрелік етіп, шын жүйріктердің өнеріне əділ бағасын берді.
Тартысты доданың қорытындысы бойынша жыр алыбының атын иеленіп отырған облысымыздың намысын қорғаған Інжу Жаңабай ерекше өнер көрсетіп, көпшіліктің көзайымына айналып, бас жүлдені олжалады. Сондай-ақ жас айтыскерді «Жамбыл облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер одағы» арнайы күтіп алып, құрмет көрсетті.
Өңіріміздің намысын республикалық додада қорғап, бас жүлдемен оралған Інжу қарсыластардың мықты болғанын тілге тиек етті.
– Өте қуаныштымын. Қоланы алсам деген мақсатым болды, бірақ шын мəнінде жеңемін деп ойлаған жоқпын. Қазылар алқасы əділ бағалады деп есептеймін. Екінші күн мен үшін қиын болды, қарсыластарым мықтылықтарын көрсетті. Айтыс өте шынайы өтті. Төртінші сыныптан бастап қалалық айтыстарға қатысып жүрмін, ал тоғызыншы сыныптан бері республикалық деңгейде өнер көрсетіп келемін. Менің осы жолда жетістікке жетуіме күш салған барша ұстаздарыма, отбасыма жəне қолдаушыларыма алғыс білдіремін. Төл өнеріміз қашанда асқақтай берсін, — деді «Қола домбыра – 2025» иегері Інжу Есетқызы.
Сондай-ақ Астанада өткен шығармашыл оқушылар арасындағы ХІІ республикалық «Ақберен» өнер байқауында да Інжу Жаңабай «Ақындар айтысы» номинациясы бойынша I орынды иеленді. Ал командалық есепте біздің облыс Бас жүлдені еншіледі.
Ұлттық өнерге құштар Інжу туралы сөз қозғалғанда, ұстазы әрі әкесі Есет Жаңабайұлының сахнада тұрып сөз таба алмай, көз жасына ерік берген кішкентай құлыншағының алғашқы қадамын сағынышпен еске алды.
– Төртінші сынып оқып жүрген кезінде қалалық оқушылар айтысына алғаш қатысты. Үстелге отырғанда аяғы жерге жетпейді. Үстелге көтеріп отырғыздық. Сол кезде 8 сыныптың баласымен айтысты. Інжудің қалалық айтысқа алғаш қатысқаны. Сахна төріне шыққанда толқып кетіп, бір сәт сөз таба алмай көзінен жас парлап еді. Көз жасы мен үшін әлсіздіктің емес, өнерге деген шынайы сүйіспеншіліктің, үлкен жауапкершіліктің белгісіндей көрінді. Байқауда қалалық білім бөлімінің әдіскері Гауһар Шерімқызы «Тіл көзден Алла сақтасын. Қызыңды түсіріп ал сахнадан. Биылға осы жетер. Келесі жылдан қатыстыр» деді. Тыңдадым. Жүгіріп барып қызды сахнадан түсіріп алдым. Інжу сонда жылап жіберді. Намыстанып жылады. Сол кезде «Алла өмірін ұзақ етсін, мынау қызымнан бірдеңе шығады екен» деп ойладым. Бұйырса осы Жамбыл жеріне «Күміс домбыра», «Алтын домбыра» айтыстарынан бас жүлде алып қуантады деген сенімім мол. Інжуді менің 20 жыл бойғы айтысқа бала дайындаған еңбегіме Алланың берген сыйы деп білемін, — деді әке жүрегі елжіреп.
Әке сөзіне қарап-ақ, Інжудің айтысқа келуі жай ғана қызығушылық емес, жанына сіңген өнерге деген махаббат пен рухани тәрбие екенін аңғаруға болады. Әке мен қыз арасындағы осы бір шығармашылық үндестік – қазақы отбасындағы рухани сабақтастықтың көрінісі.
Ал Інжудің аяулы анасы – Гүлжан Қаржаулова, қаладағы №32 балабақшаның үлгілі тәрбиешісі. Әкесі мен қызы айтыс сапарымен ел аралап жүрген сәттерде, олардың амандығын тілеп, шаңырақтың шаттығын сақтап отырған – осы асыл жар, ардақты ана Гүлжан ханым.
– Інжу кішкентайынан сабырлы, байсалды болып өсті. Әкесі – айтыс ақыны әрі ұстаз, сондықтан өнерге деген талпынысына ерекше назар аударып, әр қадамын бақылап отырды. Қызымыздың сахнаға шығуға деген ынтасы ерте оянды. Әр айтысқа дайындалған сәті – біздің үйдегі үлкен бір мереке секілді. Бір үйден екі адам – әкесі мен қызы – айтыс сапарына кетеді. Сол күндері жүрегіміз бірде толқып, бірде алаңдап отырады. Қызымның сахнада сөз сайысына түскенін елестетіп, тілеуін тілейміз. Ал жеңіспен оралған сәті – бүкіл еңбегіміздің өтеуі, ең үлкен қуанышымыз. Өзім де тіл маманымын, сондықтан кейде Інжумен мақал-мәтел, көркем тіркестер жайында ақылдасып отырамыз. Осындай сәттерде оның өнерге деген ықыласы мен ізденісін көріп, аналық жүрегім елжірейді. Қызыммен мақтанамын. Ол – біздің отбасының ғана емес, ұлт өнерінің де үміті деп сенемін, — деді Гүлжан Мақұлбекқызы ағынан жарылып.
Әрине отбасы – шағын мемлекет десек, сол мемлекеттің берік іргетасы – татулық пен сыйластық, ұрпақ тәрбиесі мен өзара құрмет екені сөзсіз. Інжудің ата-анасымен тілдескенімізде ойымызға қазақтың: «Баланың бас ұстазы – ата-ана» деген сөзі оралды. Ал ақын қыз ата-ананың тәрбиесі – өмірдің ең алғашқы мектебі деп санайды.
– Адамның мінез-құлқы, мәдениеті мен өмірге деген көзқарасы ең алдымен отбасындағы жылу мен тәрбиеге байланыс-ты қалыптасады. Біздің үйдегі тәрбие мен тәртіп те өзгеше. Әкем мен анамның ашық-жарқын мінезі бізге де жұққан. Сондықтан болар, біз үйде көп әңгімелесеміз, бірге күліп, бірге ой бөлісіп, көңілімізді мазалаған нәрсені де, қуанышты сәттерімізді де еркін айтып, бөлісе аламыз. Үйде біз үш қызбыз. Әкеміз ешқашан дауыс көтеріп, ұрысқан емес. Қай мәселе болса да, сабырмен сөйлесіп, ақылмен шешеді. Ал анамыз әрдайым мейірім мен түсіністік танытады. Біздің отбасымыздың басты ұстанымы – сенім. Себебі ата-ананың балаға деген сенімі – тұлға болып қалыптасудың ең мықты іргетасы, — дейді жас айтысқар Інжу Есетқызы.
Ақсүйек өнердің айшықты әлемінде қанат қағып, биік белестерді бағындырып келе жатқан өлеңнің жас жұлдызы – Інжуге айтыс аламанында тұлпарыңның тұяғы сүрінбесін, шабыт пен жеңіс серігің болсын деп тілейміз!
Қ.Қаптағай,
журналист.
Тараз қаласы.