Ещё один сайт на WordPress

ТІРЕК МЕКТЕПТЕРДІҢ БҮГІНГІ ТЫНЫСЫ ҚАЛАЙ?

0

Форум

Жуырда Педагогикалық шеберлік орталығының Тараз қаласындағы филиалының ұйымдастыруымен «Ауыл мектебі: сапалы оқыту және кәсіби ынтымақтастық алаңы» тақырыбындағы тірек мектептердің форумы өтті.

Ауыл мектебінің жаңа мүмкіндіктері шеңберінде сапалы оқыту және кәсіби ынтымақтастықты құрудың тиімді тәсілдері бойынша тәжірибе алмасуды мақсат еткен басқосуға Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының, оқу-әдістемелік кабинетінің, ауылдағы тірек мектептердің басшылары мен пән мұғалімдері  қатысты.

Ең әуелі облыстық оқу-әдістемелік кабинеті басшысының орынбасары Агура Нарегеева сөз алып, форум жұмысына сәттілік тіледі. Агура Марбанқызы өз сөзінде «Ауыл мектебі – сапа алаңы» тұжырымдамасы негізінде жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы және атқарылған жұмыстарды тілге тиек етті. Сондай-ақ Педагогикалық шеберлік орталығы Тараз қаласындағы филиалының директоры Гульмира Тортаева «Ауылдық аймақтағы тірек мектептердің әлеуетін арттыру» жобасы аясында мектепке көрсетілген әдістемелік қолдау шаралары туралы және оның тиімділігі туралы баяндаса,  жаратылыстану-математикалық бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Гүлнұр  Мақсұтова  ауыл мектептерінде Назарбаев зияткерлік мектебінің тәжірибесін енгізу мүмкіндіктерімен бөлісті.

Форум жұмысы тірек мектеп директорларының алқа отырысымен жалғасты. Мұнда білім ордаларының басшылары жоба аясында жасалған мүмкіндіктер негізінде мектептердегі білім беру сапасын жетілдіру жолдарын талқылап, тиімді тәжірибелерін ұсынды. Солардың қатарында Байзақ ауданы, Сарыкемер мектеп-гимназиясы тірек мектебінің директоры Әсел Қуатова да бар.  Әсел Берікқызының айтуынша,  «Қазақстан халқына» және «Білім беруді тұрақты дамыту» қорының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Ауылдық жерлердегі тірек мектептерінің әлеуетін дамыту» жобасы аясындағы ілкімді істер ауылдағы білім ордалары үшін үлкен серпіліс әкеліп, оң өзгерістерге есік ашып отыр.

– Біздің мектебіміз осы жобаға 2024 жылы қосылды. Осынау аз ғана уақыттың ішінде ауыл мектебінің қандай мүмкіндіктерге ие екенін, ең бастысы, өзгерістен қорықпай қабылдап, оны тиімді іске асыру арқылы қандай нәтижелерге қол жеткізуге болатынына көзіміз жетті. Осы арқылы біз мектебіміздің инфрақұрылымының нығаюына ғана емес, ойлау тәсілінің, жұмыс стилінің, көзқарастың да жаңаруына куә болдық. Айталық, жоба аясында мектебімізде «Қазақстан халқына» қорының демеушілігімен заманға сай жабдықталған STEM зертханалары, ІТ сыныптары, интерактивті құралдармен жабдықталған 25 пән кабинеттері орнатылды. Сондай-ақ, робототехника, 3D модельдеу, түрлі шығармашылық бағыттағы телестудия, арт-студия, музыка, спорт үйірмелері ашылып, оқушылардың практикалық дағдыларын дамытуға мүмкіндік туды. Сонымен қатар Коворкинг аймағы, заманауи кітапхана және жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз етілді.  Мұндай өзгерістер білім беру мазмұны мен тәсілдерін жаңартуға және ауыл баласының да қаладағы замандастарымен тең дәрежеде сапалы білім алуына  септігін тигізді. Осының нәтижесінде түрлі тақырыпта сұхбаттар жүргізіп, подкасттар түсіріп,  журналистика және мобилография бағытына қызығушылық танытатын оқушылар саны күннен күнге артуда. Телестудия жұмысына өткен оқу жылында көбірек 9-сынып оқушыларының қатысқанын ескере отырып, алдағы 2025-2026 оқу жылында қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы 10-сыныптың біреуін «журналистика» бағытында ашуды жоспарлап отырмыз.

Сонымен қатар мектеп әкімшілігі мен педагогикалық ұжым Астана, Түркістан, Шымкент, Аягөз қалаларында тірек мектебінің жұмысын ұйымдастыру, педагогтерге кәсіби қолдау көрсету бағытындағы семинарлар мен интенсивтерге қатысты. Осы арқылы педагогтеріміз заманауи оқыту технологияларын игеріп, сабақты зерттеу, іс-әрекеттегі зерттеу, рефлексиялық талдау секілді тәсілдерді өз тәжірибелерінде кеңінен қолданып жатыр. Бұған қоса желілік қауымдастық арқылы тәжірибе алмасу, кәсіби қолдау көрсету, үздік тәжірибелерді таратуды белсенді түрде жүзеге асырып келеді. Осының бәрі педагогтің тек орындаушы емес, ұйымдастырушы, бағыттаушы, зерттеуші тұлға ретінде қалыптасуына жол ашты, – деген Әсел Берікқызы жоба шеңберінде қол жеткізілген тағы бірнеше жетістікті атап көрсетті.

– Жаңа инфрақұрылым мен әдістемелік қолдаудың арқасында оқытудың сапасы артып, мектептің даму бағыты айқындалды. Сондай-ақ, мұғалімдеріміз өз тәжірибелеріне рефлексия жасап, оны жетілдіруге мүмкіндік алды және жаңа әдістерді батыл қолдану, зерттеу жүргізу, өзара үйрену дағдылары қалыптасты. Ал оқушыларымыз үшін оқу үрдісі қызықты, интерактивті, өмірмен байланысты, зерттеу мен шығармашылыққа негізделді. Сондай-ақ олар жаңа құрал-жабдықтармен жұмыс істеу арқылы техникалық сауаттылықтарын жетілдірді. Бұл өзгерістер менің де басшылық стилімді түбегейлі өзгертті.

Осы ретте бізге барынша қолдау танытып, бағы-бағдар көрсеткен «Қазақстан халқына», «Білім беру саласын тұрақты дамыту» қорларының менеджерлері мен Педагогикалық шеберлік орталығының тренерлері, Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің  педагогикалық ұжымына зор алғысымды білдіремін!, – деді Әсел Қуатова.

Мойынқұм ауданындағы Т.Рысқұлов атындағы тірек мектебі де жан-жақты қолдаудың арқасында дамудың жаңа кезеңіне қадам басып келеді. Бұл туралы оқу ордасының директоры Шарбат Кашкимбекова кеңінен айтып берді.

– Біздің мектептің  жаңа даму кезеңі 2023 жылы жүзеге асқан ауқымды толық жаңғырудан басталды. Бұл тек сыртқы келбетті емес, оқытудың ішкі сапасын өзгерткен трансформация болды. Барлық оқу кабинеттері интерактивті тақталармен, жылдам Wi-Fi желісімен және жаңа жиһаздармен жабдықталды. Бұл мұғалімдерге саралап оқыту және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар әдістерін толық енгізуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар білім ордасында STEM-зертхана, телестудия, шахмат кабинеті мен арт-студия ашылды. Сондай-ақ робототехника және жас журналист 10-нан астам үйірме арқылы оқушылардың 70 пайыздан астамы қосымша біліммен қамтылды.

Осы ретте айта кетейік, инфрақұрылымдық жаңарулар мен Назарбаев зияткерлік мектебінің озық әдістемелерін енгізу арқылы бірнеше бағытта айқын табыстарға қол жеткіздік. Атап айтсақ, жаратылыстану-математикалық пәндер бойынша оқушылардың орташа үлгерім балы 7 пайыздан жоғары өсті. Бұл – STEM-зертхананың тікелей әсері.  Облыстық пәндік олимпиадаларға қатысу белсенділігі 2 есеге артып, оқушылардың критикалық ойлау және мәселе шешу дағдылары күшейді. Осы кешенді өзгерістердің нәтижесінде ұжымның жұмысы жоғары бағаланып, Т.Рысқұлов атындағы тірек мектебі 2024 жылы «Үздік ауыл мектебі» номинациясының жеңімпазы атанып, 1 000 000 теңге көлеміндегі сертификатқа ие болды. Бұл – біздің ұжымдық еңбегіміз бен жүйелі трансформациямыздың нақты дәлелі, – деді Шарбат Сарчукенқызы.

Форумның тәжірибелік бөлімі шеберлік алаң жұмыстарымен жалғасты. Жиын барысында өткізілген іс-шараларға филиал директоры  Гүлмира Тортаева,   тренерлері Шакизат Алтаева және Айнұр Журунова модераторлық жасады.

Шара соңы «Ауыл мектебі: сапалы оқыту және кәсіби ынтымақтастық алаңы» тақырыбындағы бейнефильммен түйінделді.

 

Қ.ҚАПТАҒАЙ,

журналист,

Тараз қаласы.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.