Ещё один сайт на WordPress

ЕРЕН ЕҢБЕК ЕЛЕНДІ

0

Ұстаздардың кәсіби мерекесіне орай Астана қаласында салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиынға ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Қазақстан Республикасының Парламенті депутаттары, білім беру ұйымдарының басшылары, өңірлерден келген үздік ұстаздар мен ардагерлер қатысты.

Ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтаған министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев
білім саласын жан-жақты дамытуға басымдық беріп отырғанын атап өтті. Бүгінде елімізде осы мақсатта білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын жаңғыртумен қатар, ұстаздардың кәсіби беделін арттыруға, әлеуметтік қолдауға бағытталған маңызды қадамдар жасалуда.
– Ұстаз – жас ұрпақтың дүниетанымын қалыптастыратын, өмірге деген көзқарасын айқындайтын тұлға. Олар жас ұрпақты үздіксіз оқуға, өзін-өзі дамытуға бағыттайды, болашаққа сеніммен қадам басуына жол сілтейді. Сондықтан ұстаздардың еңбегі лайықты бағаланып, оларға үнемі құрмет көрсетіліп келеді», — деді министр Жұлдыз Сүлейменова.
Министр сонымен бірге өскелең ұрпаққа сапалы білім және тәрбие жұмысында ұстаздармен, ата-аналармен ынтымақтастықта жұмыс жүргізілетінін атап өтті. Бүгінде оқу-ағарту саласының алдында жаһандану көшімен бірге келген инновациялық толқындар, жасанды интеллект технологияларын білім беру үдерісіне тиімді енгізу міндеті тұр. Жұлдыз Сүлейменова осы тұрғыда педагогикалық қоғамдастықпен бірқатар ұстанымдарымен бөлісті.
– Біріншіден, мектепте сапалы, қолданбалы білім берілуі тиіс. «Заң мен тәртіп» қағидасы мен «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының сапалы орындалуына ерекше мән беретін боламыз. Ұстаздармен форумда Мемлекет басшысы айтқан жасанды интеллект технологияларын енгізу ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларды жан-жақты қолдау үшін өте өзекті.
Екіншіден, білім жүйесі аясында оқушылардың адамгершілік мен моральдық келбетін қалыптастырудың «Адал азамат» біртұтас тәрбиелік бағдарламасын мазмұнды жүзеге асыруды ары қарай жалғастырамыз.
Үшіншіден және ең бастысы, мұғалімнің біліктілігін үздіксіз арттыру және олардың шығармашылық жұмысына жағдай жасау басты басымдығымыз болады», — деген ведомство басшысы бірқатар үздік педагогтерге түрлі дәрежедегі марапаттарды табыстады.
Солардың қатарында Қордай ауданы, Бетқайнар колледжінің директоры Гүлнар Алимбаева да бар. Гүлнар Еділбайқызы білім беру саласына қосқан зор үлесі мен үздік еңбегі үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Бұл марапат ұстаз еңбегіне берілген жоғары баға әрі жастарға сапалы білім мен өнегелі тәрбие берудегі қажырлы еңбектің нәтижесі екені сөзсіз.

«БШ» – ақпарат.

Leave A Reply

Your email address will not be published.