Ещё один сайт на WordPress

БЕДЕЛІ БИІК «БІЛІМ» КОЛЛЕДЖІ

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа арнаған Жолдауында жұмысшы мамандық иелеріне арнайы тоқталған болатын.

– Жоғары оқу орындары ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері де білікті кадрлар даярлауы қажет. Үкімет колледжде жақсы оқыған түлектерді мамандығы бойынша мемлекеттік қызметке алу мүмкіндігін қарастыруға тиіс.
Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам.
Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді, — деген ел Президенті біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс екенін әрі бұл бағыттағы жұмыстар үздіксіз жалғасатынын жеткізді.
Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Біз түрлі саладағы мамандарға, қатардағы жұмысшыларға құрмет көрсетуіміз қажет. Бәсекеге қабілетті экономикасы бар озық ел боламыз десек, ең әуелі адал еңбекті бағалаған абзал. Бұл тұрғыда кәсіптік білім ордаларына зор жауапкершілік жүктелері сөзсіз.
Тараз қаласындағы «Білім» кәсіби гуманитарлық-техникалық колледжі Президент жүктеген жауапкершілікке лайық бола алатын бірден-бір оқу ордасы десек, қателеспейміз. Тарихы 2006 жылдан бастау алатын оқу ошағының материалдық базасы жыл санап жақсарып келеді. Оқу орнының ғимаратының жалпы алаңы 1200 шаршы метрді құрайды. Қазіргі таңда колледжде 1 спортзал және спорталаңы бар. Сондай-ақ оқу ошағында 36 жалпы білім беретін және арнайы пән оқу кабинеттері, 2 зертхана, 2 шеберхана жұмыс істейді. Барлық оқу кабинеті жиынтықтаушы интерактивті жабдықтармен жабдықталған. Шеберлердің жұмыс жоспарлары, паспортизациялары мен өткізу қабылдау актілері де бекітілген.
Бүгінде колледж тізгінін білікті басшы Жанат Ертаева ұстап отыр.
– Қазіргі уақытта колледжде қызмет көрсету саласының мамандықтары бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде кадрлар даярланады. Бәсекеге қабілетті мамандарды сапалы даярлау үшін ұйымдастыру және бақылау жұмыстары колледжде жүйелі жолға қойылған. Оқу үдерісін ұйымдастыру колледж қызметінің барлық түрлерінің негізгісі болып саналады. Техникалық және кәсіптік білімнің қолжетімділігін және кадрларды даярлау сапасын қамтамасыз ету бойынша колледжде 7 мамандық 7 біліктілік бойынша мамандар даярланады. Атап айтсақ, мұндағы білімгерлер «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Бағдарламалық қамтамасыз ету (түрлері бойынша)», «Банк және сақтандыру ісі», «Бастауыш білім беру педагогикасымен әдістемесі», «Құқықтану», «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар» және «Сандық техника (түрлері бойынша)» біліктіліктері бойынша тәлім алуда. Қазір колледжде 835 білімгер білім алып жатса, оның 489-ы күндізгі бөлім, 271-і дуальдық оқыту және 75-і сырттай бөлімде», — деген Жанат Акебаевна «Жұмысшы мамандықтар жылы» кәсіптік оқу ордаларына тың серпін беретінін баса жеткізді.
– Әрине, биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылы» колледждердің білім сапасын арттырып, жаңа белеске жетелейтініне сенімдімін. Осындай мерейлі сәт біздің де назарымыздан тыс қалмады. Мәселен, «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай «Ер дәулеті – еңбек», «Еңбекпен ел көгерген» тақырыптық экскурсиялар мен көрмелер, «Мамандығы бойынша үздігі» және «Еңбек адамы» атты үздік бейне байқау ұйымдасты-
ру жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар тек мұнымен шектелмейді. Бұдан да бөлек түрлі іс-шараларды қолға алмақпыз. Қазір олардың жоба-жоспарлары жасалуда, — деді колледж басшысы бізбен әңгімесінде.
Аталған колледж білімгерлері зерттеу жұмыстарымен айналысуға, танымдық қызығушылықтарын арттыруға, шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында түрлі деңгейдегі ғылыми-практикалық, ғылыми-теориялық конференцияларға белсене қатысып келеді. Колледж оқытушыларының іс-тәжірибелері тек облыс ғана емес, республика көлемінде де кеңінен таратылып келеді. Сондай-ақ оқытушылардың кәсіптік деңгейін, педагогикалық іс-тәжірибелерін бағалау мақсатында әдістемелік кабинетінің басшылығымен рейтингтік бағалау жүйесі енгізілген. Рейтингтік бағалау жүйесі көптеген номинациялар бойынша ең үздік оқытушыларды, циклдык әдістемелік комиссия, кабинет, үйірме және топ жетекшілері анықталады. Оқытушылар өз білімдерін жетілдіру мақсатында жыл сайын білім жетілдіру курстарынан өтіп, білімдерін көтеруде. Білім алушылардың қабілеттерін арттыру үшін колледж оқытушылары тарапынан да көптеген жұмыс жүргізілуде. Солардың ішінде дарынды білім алушылар арасында жаратылыстану және гуманитарлық пәндер бойынша өткізілетін пәндік олимпиадалардың орны ерекше. Колледж білім алушыларына түрлі деңгейдегі пәндік қашықтық онлайн олимпиадалар мен байқауларға
қатысып, жаңа біліммен қарулануға мүмкіндік алуда. Бұған қоса колледжде «Студент жастар одағы» өзін-өзі басқару ұйымы да жұмыс істейді. Сонымен бірге студенттердің құқықтары мен мүдделерін қорғау, шығармашылық белсенділігін және өз бетінше әрекет етуін іске асыру мақсатында «Студенттік парламент» жасақталған. Білім биігінен көрінген студенттердің де еңбегі еш қалмай, «Жыл студенті» құрметті атағына ие болса, колледждің қоғамдық өміріне белсенді қатысқандар «Жыл белсендісі» номинациясын еншілейді.

Ш.Жамбыл,
журналист.

Тараз қаласы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.