Ұлттық бірыңғай тестілеу – түлектердің білім деңгейі мен табандылығын айқындайтын маңызды сынақ. Биылғы ҰБТ қорытындысы бойынша Жамбыл облысының дарынды жастары ерекше нәтиже көрсетіп, өңір мерейін үстем етті. Солардың қатарында дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» мектеп-интернатының 11-сынып оқушысы Нұрғанат Қанат білім бәйгесінде ең жоғары 140 ұпайды жинап, үздік нәтиже көрсетті.
Нұрғанат Бақытжанұлы – білім мен зияткерлік сайыстарда бірнеше жылдан бері топ жарып келе жатқан дарынды оқушы. Ол тарих пәнінен 4 дүркін республикалық пәндік олимпиаданың жеңімпазы атанып, «Ой шебері» зияткерлік байқауында І орынды иеленген. Сонымен қатар «Хабар» телеарнасында көрсетілетін республикалық «XXI ғасыр көшбасшысы – 2026» зияткерлік байқауының жеңімпазы ретінде де көпшілікке танылды. Сондықтан оның бұл жетістігі кездейсоқтық емес, ұзақ жылғы жүйелі білімнің, қажырлы еңбектің және үздіксіз ізденістің жемісі екені сөзсіз.
– «JUZ40» білім беру орталығының тәлім алушысы атанған өткен жылдың тамыз айынан бастап тек 140 ұпай алуды мақсат еттім. Осы жолда қаңтардағы ҰБТ-дан – 139, наурызда – 137, басқа да сынақ тесттерінен 140 ұпай алған кезім де болған. Мұның барлығының негізгі нүктесін нағыз ҰБТ-дағы 140 балл қойды. Экранда ең жоғары ұпай жинағанымды көрген сәттегі эмоцияның қандай болатынын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бірден жақындарымнан сүйінші сұрауға асықтым. Әрине, арасында қобалжыған, мотивацияны төмендеткен кездерім де аз болған жоқ. Бұл ретте ең әуелі ата-ананың, қоғамның және өзіңнің үмітің ақталуға тиіс. Еңбегіңнің қаншалықты тиімді болғанын сол кезде көресің. Дегенмен, қобалжу сезімін жеңуге болады. Мысалы, болашақ нәтижені ойлап уайымдауды тоқтатып, бар күш-жігерді тек дәл қазір істеп жатқан іске жұмсау керек. Тек өз бақылауыңдағы дүниеге ғана жауапкершілік алған кезде қобалжудан арыласың, — деді Нұрғанат.
Жоғарыда айтқанымыздай, жас талапкер ҰБТ-ға дайындықты арнайы оқу орталығында өткен жылдың тамызында бастаған, сол уақыттан тест тапсырған күнге дейін тоқтатпапты. Дайындыққа күніне кем дегенде 5-6 сағатын арнаған. ҰБТ-дағы таңдаған пәні дүниежүзі тарихы мен ағылшын тілі болды. Болашақ мамандығы да айқын.
– Таңдаған мамандығым – халықаралық қатынастар, яғни дипломат болу. Ол үшін Мақсұт Нәрікбаев университетін таңдап отырмын. Осы арқылы келешекте еліміздің халықаралық аренадағы орнын нығайтып, халқыма пайдамды тигізгім келеді, — деген жас талапкер өз қатарластарына да ақыл-кеңесін жеткізді.
– Қазір өзімнің көп замандасым әлеуметтік желіге әуес екені жасырын емес. Ондайды өзім де бастан кешіргенмін. Сондықтан алдағы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысатын құрдастарыма айтарым – энергияны, потенциалды далаға құртпай, бар уақытты тиімді пайдалану қажет. Адам өз іс-әрекетін жоспарлап, өз-өзіне есеп беруі керек. Жоспарың анық болса, алынбайтын асу жоқ. Қазір ҰБТ-ны төрт рет тапсыруға мүмкіндік берілген. Дегенмен, барлық күш-жігерді мамыр-шілде айларының аралығында өтетін негізгі сынаққа жұмсаған жөн. Осы ретте менің осындай жарқын жетістікке қол жеткізуге зор ықпал етіп, қолдау көрсеткен ата-анама, жақындарыма және ұстаздарыма шексіз алғысымды білдіремін, — деп ағынан жарылды кейіпкеріміз.
Осы ретте жас түлектің анасымен тілдесудің де сәті түсті. Анасы Меруерт Саяқбаеваның айтуынша, оқу орталы-ғының мұғалімдері дайындық барысында балаларды үйдің барлық шаруасынан босатуды сұранған екен.
– Балам жетінші сыныпта Тараздағы Білім-инновация мектебіне ауысты. Біз ауылды жерде тұрамыз. Екі аптада бір рет келіп тұрады үйге. Жаздай түннің бір уағына дейін, таңға дейін отырып дайындалатын кездері көп болатын. Сондай үлкен еңбек ақталды деп ойлаймын. Кейде түннің бір уағында дайындалып отырғанын көрсем жаным ашып кететін, — дейді анасы.
Нұрғанат үйінің кенже баласы екен. Анасының сөзінше алдындағы әпкесі де, екі ағасы да мектепте сабағын өте жақсы оқыған. Дегенмен, кенжесі Нұрғанат бауырларынан оза шапқан екен.
Айрықша атап өтерлігі, талапкерді ҰБТ-ға дайындаған «JUZ40» білім беру орталығы ерекше жетістігі үшін оған Астана қаласынан бизнес-кластағы құны 50 миллион теңге болатын 2 бөлмелі жаңа пәтердің кілтін табыстады. Сонымен қатар, орталық Нұрғанатқа жоғары оқу орнында оқитын төрт жыл бойы ай сайын 140 мың теңге көлемінде шәкіртақы төлейді. Ал оның ата-анасына 3 миллион теңге көлемінде сыйақы берілді.
Қ.Қаптағай,
журналист.
Тараз қаласы.
