МОТОЦИКЛДЕРДІ ҚЫЗЫҚТАЙМЫН ДЕП, ВЕЛОСИПЕДІМНЕН АЙЫРЫЛДЫМ
Балалық шақ... Бұл – әр адамның жүрегінде мәңгі сақталатын ең шуақты, ең кіршіксіз кезең. Уақыт өткен сайын алыстап бара жатқандай көрінгенімен, оның әрбір сәті сана түкпірінде сайрап тұрады. Кейде бір әуен, бір иіс, тіпті бір қарапайым көрініс бізді сол алаңсыз күндерге қайта жетелеп әкетеді. Сол сәтте жан дүниеміз жеңілдеп, бала көңілдің шынайы қуанышын қайта сезінгендей боламыз.
Балалық – қамсыз күлкі мен шынайы сезімнің, армандар мен қиялдардың алтын бесігі. Ол кезде уақыт та баяу өтетіндей, ал әлем шексіз әрі жұмбақ болып көрінеді. Әр күн – жаңа жаңалық, әр ойын – үлкен оқиға, әр достық мәңгілік байланыс секілді. Ауладағы асыр салып ойнаған ойындар, жаздың ұзақ кештері, үлкендердің ақыл-кеңесі, ана мейірімі мен әке қамқорлығы – мұның бәрі балалық шақтың баға жетпес бояулары.
Журналымыздың «Балалық шаққа саяхат» айдары – әр жүректе сақталған сол бір тәтті естеліктерді қайта тірілтіп, өткеннің ізімен сыр шертетін ерекше кеңістік. Бұл айдарда әр адамның өміріндегі ұмытылмас сәттер, балғын күндердің бояуы, балалықтың аңғал да адал әлемі туралы әңгімелер өрбиді. Мұнда әрбір естелік – бір тағдыр, әрбір әңгіме – бір ғұмырдың шынайы бөлшегі. Бүгін біз осы айдарымыз арқылы Байзақ ауданындағы К.Әзірбаев атындағы балалар саз мектебі директоры, домбыра аспабының мұғалімі Панабек Ахметовтің балғын күндеріне сапар шегуді жөн көрдік.
Панабек Үшкемпірұлы 1975 жылы Байзақ ауданының Сарыкемер ауылында туып өскен. Бала Панабек 1982 жылы 7 жасында осы ауылдағы Қазақстанның 40 жылдығы атындағы орта мектептің табалдырығын аттады.
– Бастауыш сыныпты үздік оқыдым. Сынып жетекшіміз Дариға Абдралиева әпкейіміз еді. Ол кісі «Әліппе» оқытып әріп тануды, сандарды үйретіп, математикадан сабақ берді. Ән сабағын да өзі жүргізетін. Ең алғаш менің ән айтатын дауысым бар екенін де өзі байқап, мектепішілік концерттерде бір ағайдың баянның сүйемелдеуінде түрлі мерекелерде ән айтқызатын.
Отбасымызда 4 ұл, 1 қыз болды. Әкем Тараз қаласындағы сол кездегі әйгілі терікомбинатында қарапайым жұмысшы еді. Шыны керек, ол кісі көп нәрсеге басын қатыра бермейтін. Жұмысына барып келіп, тапқан еңбекақысын бірден анамызға тапсыратын. Әкемнің «Үлкендерді көргенде «Ассалаумағалейкүм!» деп қол беріп амандасу керек» деген сөзі әлі күнге есімде. Кейін ойласам, сол бір ғана қол беріп амандасудың астарында қаншама тәлім-тәрбие, ізет пен құрмет жатыр екен ғой.
Ал, анамыз үй шаруасымен айналысып, біздің сабаққа таза киініп барып келуімізге және тамағымыздың тоқ болуына жағдай жасады. Үлкен ағамыз бізге қатты қарайтын. Таңертең ерте тұрып, өзінен кейінгі інісімен бірге үй шаруасымен айналысатын. Ортамыздағы жалғыз әпкеміз ұлдардың арасында өскен соң, еркекшоралау болды. Алдымдағы ағам да өте еңбекқор еді. Ал мен үйдің кенжесі болған соң, көп жұмыс істетпейтін, бәрі жақсы көріп еркелететін. Әкем де анам да, әнді жақсы айтатын. Әсіресе, әкем орыс әндерін нақышына келтіріп, кәсіби әншілер сияқты, иірімдерін әдемі шырқаушы еді. Анам да тойларда, түрлі отырыстарда ән орындағанда ешкімнен кем түспейтін. Содан болар мен де музыкаға жақын болып өстім. Аудан орталығында музыка мектебі бар еді. Сол жерде ең үлкен ағам, әпкем және мен үшеуіміз тәлім алдық. Үлкен ағам өнерді өзіне біразға дейін серік етті. Күй тартып, шет ел композиторларының шығармаларын да өте жақсы меңгерді. Алайда, ол ағам әскерге барып келген соң, өрт сөндіруші мамандығын таңдап, басқа салаға ауысып кетті. Әйтпесе, ол аудан орталығындағы мәдениет үйінде талай мәрте өнер көрсетті, той басқарып, қаншама келіннің бетін ашты. Ал, әпкем музыкаға қатты қызыға қоймады. Қазір осы жолды мен ғана жалғастырып келемін, – деген кейіпкеріміз балалық шақтың балдан да тәтті сәттерін еске алды.
– Жоғарыда айтқанымдағыдай мен бастауыш мектепті үздік оқыдым. Бірақ 5-сыныптан бастап оқу үлгерімін нашарлай бастады. Әсіресе, алгебра, химия, физика, геометрия пәндері мен үшін қиындық тудыратын. Әлде сол кездегі «қыздар ғана жақсы оқуы керек» деген түсінік пе, әйтеуір біраз сабағым үштік бағаға бір-ақ түсті. Бір үйден кейін тұратын көрші досым, әрі сыныптасыммен балалық шағымның көп күндері бірге өтті. Біз үнемі бірге жүретінбіз. Бірде сол досыма әкесі су жаңа велосипед алып берді. Ол кезде менің үш дөңгелекті велосипедім бар еді. Сол досымның жаңа велосипедіне қатты қызықтым да, маған да әкем жаңасын алып берер деген оймен әлгі ескі «көлігімді» таспен ұрып сындыруға бекініп, әбден ұрғыладым. Алайда, ол ойым іске аспады. Тағы бір күні сол досыммен 2-3 сынып оқып жүрген кезімізде үйдің артындағы кішкентай талдардың арасынан үйшік жасап, сол жерде тығылып темекінің тұқылын шеккенбіз. Қазір ол досым Астанада тұрады, бала-шағалы, шағын кәсібі бар. Бүгінде ол да, мен де шылым шекпейміз.
Ауылымызда орыс, неміс, корей, түрік секілді өзге ұлт өкілдері көп еді. Солармен бірге біраз балалық кезіміз өтті. Ауыл шетінде ағатын Талас өзенінің маңынан шықпайтынбыз. Жазда суға шомыламыз, ал, көктем, күзде қармақпен балық аулаймыз. Кейін өзге ұлт өкілдері бір команда, ал біз қазақтар бір команда болып футбол ойнайтынбыз.
Тағы бір қызық оқиға есіме түсіп отыр. Бірде жазғы демалыста жоғарыда айтқан велосипедіме мініп, үйден алыстау ұзап шығып кеттім. Ауылдың шетіндегі бір дүкенде түрлі заттар бар екен. Велосипедімді сыртқа қойып, сатылымдағы түрлі мотоциклдерді қызықтап, жүріп қалыппын. Шықсам велосипедім жоқ. Өңім бе, түсім бе деп, түк түсінбей абдырап тұрып қалдым. Сәлден соң есімді жинап, велосипедімнің қолды болғанын ұғындым. Содан жылап үйге қарай жүгірдім. Анам алдымнан қарсы алып, құшақтап, не болғанын сұрады. Мен болсам ентігімді баса алмай, мән-жайды әрең айтып бердім. Анам ештеңе етпейді деп жұбатып, біраз құшақтап жанымда отырды. Бір айдан соң әкем жап-жаңа велосипед алып берді. Оны содан кейін құлыптап, байқап қарап жүретін болдым.
Сыныптастарыммен үзіліс кезінде леңгі теуіп, асықты да аттық. Оны мұғалім ағайымыз алып қойып, кейінірек сабақ біткен соң қайтарып беретін, – деп ағынан ақтарылған Панабек Үшкемпірұлы санадағы әсерлі естелігін сол кездегі ұстаздарымен жалғады.
– Осы ретте, сол кездегі ұстаздарымның барлығына шексіз ризашылығымды білдіремін. Олар бізге жақсы тәрбие беріп, оқуға баулыды. Әсіресе, мен екі тілде диктант жазғанды ұнататынмын. 4-сыныпқа барған кезде музыка мектебіне домбыра үйренуге қатыстым. Аяқ алысым жақсы болып, көптеген күйлер үйрендім. Ұстазым Салауат Чайзадин деген білікті маман еді. Сол кездегі сыныпта түрлі ұлт өкілдерімен сольфеджио сабағында бірге отыратынбыз. Музыкалық терминдер орыс тілінде сәл түсініксіздеу, оның үстіне орыс мектебінде оқитын балалар бізге қарағанда пысықтау болатын. Мен Консерваторияға барамын десем әлгі неміс, орыс достарым әбден күлетін. 5 жыл домбыраны жақсы меңгеріп шығып, музыка мамандығын таңдағанымды әсіресе, анам армандайтын. Телевизордан «Отырар сазы» оркестрінің орындауындағы концертті тамашалап отырып, үнемі «кейін Панабек балам да осындай домбырашы болады» дейтін, — деді кейіпкеріміз ой жорғасын өткен күндерге жіберіп.
Бозбала Панабектің алға қойған мақсаты анасының арманымен ұштасып, Тараз қаласындағы музыкалық училищеде «Домбыра» мамандығы бойынша білім алды. Лимаш Күзембаева секілді білікті ұстаздан ұлттық аспаптың қыр-сырын меңгеріп, шеберлігін шыңдады. Аталған колледжді аяқтаған соң, 1994-1999 жылдар аралығында Алматыдағы Құрманғазы атындағы Ұлттық Консерваторияның домбыра аспабы бойынша профессор Қаршыға Ахмедияровтың сыныбына қабылданды.
– Үлкен оқу ордасы, қазақ мәдениетінің қара шаңырағынан таусылмас тағылым алдым. Жаңа достар тауып, ұлағатты ұстаздардың дәрісін тыңдадық. Жоғары орнын аяқтап, диплом алған соң, Астана қаласына шақыртулар түсті. Алайда, үлкен ағам ауылға қайтқанымды қалағандықтан туған жерге туымды тіктім. Ол кезде тоқырау кезі, Сарыкемерден жұмыс табыла қоймады. Өзім білім алған музыка мектебінде жарты жылдай тегін, еш еңбекақы алмастан жұмыс істедім. Маған маңыздысы – ақша емес, балаларға білім беру еді. Содан 2000 жылдың қыркүйек айынан бастап, осы білім ордасына тұрақты жүмысқа орналастым. Екі жылдан соң бөлім меңгерушісі, одан кейін кәсіподақ төрағасы, 2007 жылы директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болдым. 2013 жылдан бері осы орданың тізгінін ұстап келемін, — дейді Панабек Ахметов.
Әкесі Үшкемпір мен анасы Рәзия қанаттарын қатайтқан 5 перзенті бүгінде өз алдына жеке шаңырақ көтеріп, өмірдегі өз жолдарын тапты. Мәселен, кейіпкеріміздің үлкен ағасы Қуаныш пен жеңгесі Күміс «Хан сарайы» және «Ақ сарай» секілді қос мейрамхананың иесі атанып, кәсіпкерлікке бет бұрса, одан кейінгі аға жеңгелері Ербол мен Ляззат, Есбол мен Маржан да – бизнестің биігіне көтерілген табысты отбасылар. Әпкесі Шолпан мен жездесі Әділ де өз шаруашылықтарын дөңгелетіп отырған жайы бар. Панабек ұстаздың жұбайы Раушан болса – аудан әкімдігінің экономика бөлімінде бас маман. Мамандығы – экономист-бухгалтер. Бүгінде барлығы өсіп-өркендеп, ұл-қыздарынан немере сүйіп отырған бақытты жандар. Мұның бәрі ата-аналарынан алған тәлім-тәрбиенің нәтижесі екені даусыз.
Панабек Ахметовтің балалық шағына жасаған бұл саяхат бір адамның ғана естелігі емес, тұтас бір дәуірдің, қарапайым ауыл өмірінің, шынайы тәрбиенің көрінісі іспетті. Оның әңгімесінен біз ата-ананың мейірімі мен тәлімі, ұстаздың өнегесі, достықтың қадірі мен балалықтың аңғал сәттерін анық аңғарамыз. Бүгінгі жетістікке жеткен азаматтың қалыптасуында сол бір қарапайым күндердің, бала жүрекке сіңген құндылықтардың орны айрықша екені айқын сезіледі. Әкенің бір ауыз өсиеті, ананың аялы алақаны, ұстаздың бағыт-бағдары – бәрі біріге келіп, тұлғаның тұғырын бекемдеді.
Панабек Үшкемпірұлының өмір жолы – табандылықтың, еңбекқорлықтың және өз ісіне деген адалдықтың жарқын үлгісі. Балалық шақтағы қарапайым армандар мен алғашқы қадамдар үлкен мақсаттарға ұласып, бүгінгі биік белестерге жеткізгені шындықү Расында, бала кезде бойға сіңген тәрбие мен құндылықтар адамды өмір бойы жетелеп өтеді. Ұлағатты ұстаздың тағылымды естеліктері осыны тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.
Әңгімелескен Қ.Аманкелдіұлы,
журналист.
Байзақ ауданы.