Ағымдағы жылдың 3-21 сәуір аралығында өткен 9-11 сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша Т.Рысқұлов ауданы, №6 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Кәусар Қашқынбай жоғары нәтиже көрсетіп, «ҮЗДІК АУЫЛ МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ – 2026» атағына ие болды.
Сондай-ақ, Кәусар Қашқынбай – Ауыл мектептерінің 9-11 сынып оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша І дәрежелі диплом және алтын медаль иегері. Сонымен қатар, SDU UNIVERSITY қазақ тілі мен әдебиеті білім беру бағдарламасы бойынша 2026-2030 оқу жылдарына 100 пайыз жеңілдік иегері атанған болатын.
Осылайша, Кәусар өз білімін дәлелдеп, республикалық деңгейдегі үздіктер қатарынан көрінді. Бұл марапат оқушының қажырлы еңбегі мен білімге деген құштарлығының айқын көрінісі.
Жеңімпаз оқушының өзінің айтуынша, ол олимпиадаға 9-сыныптан бастап түбегейлі бет бұрып, дайындала бастаған екен.
– Мен олимпиада жолына 9-сыныптан бастап қадам бастым.10-сыныпта да бақ сынап, тәжірибе жинадым.Алайда сол жылдар мен үшін тек дайындық пен ізденіс кезеңі болды. Сол еңбектің жемісі 11-сыныпта көрініп, республикалық деңгейде өзімді дәлелдеуге мүмкіндік алдым. Сондықтан бұл жетістік тек бір күннің немесе бір айдың емес, бірнеше жылға созылған табандылық пен үздіксіз еңбектің жемісі деп есептеймін. Дайындық процесіне келер болсақ,бұл жолда ұстаздарымның бағыт-бағдары мен қолдауы үлкен рөл атқарды. Дайындық жай ғана оқу емес, терең ізденіске жетеледі.Әр тақырыпты жан-жақты талдап, көркем шығармалардың тереңіне бойлай білдім. Сонымен қатар тілдік нормаларды жүйелеп, эссе жазу дағдыларымды жетілдіруге көп көңіл бөлдім.
Олимпиада барысында мен үшін ең қиын болған кезең – 2 кезең, яғни, тапсырмаларды талдау, грамматикалық талдаулар, көркем шығарма үзіндісімен жұмыс. Олай болған себебі, біз 11-сынып оқығандықтан келетін тапсырмалар мен тақырыптар барлық сыныптың оқулықтарын қамтиды. Бұл кезеңде оқушының тек білімі ғана емес, терең талдау, жылдам ойлау мен өз пікірін нақты жеткізе білу қабілеті сынға түседі. Соған қарамастан өзімді жинақтап,жинаған тәжірибемді барынша қолдануға тырыстым.
Жалпы, менің қазақ тілі мен әдебиеті пәніне деген қызығушылымның қалыптасуына бастауыш сынып мұғалімім – Кусепова Гүлбүбі Алпысбайқызының әсері ерекше болды. Бас-тауыш сыныптағы ана тілі, әдебиеттік оқу сабақтарында ұстазым ақын-жазушылардың әрбір шығармасын мұқият түсіндіруге тырысатын. Бастауыш сынып оқып жүрген кездің өзінде, көптеген ақындардың өлеңдерін жаттатып, үлкен қолдау бере білді. Сол берілген бағыт-бағдардың нәтижесінде 2-сыныпта Алматы қаласында «Жырлайды жүрек» атты Мұқағали Мақатаев оқулары байқауында 1-орын, 4-сыныпта да дәл сол байқаудан республикалық кезеңде Бас жүлдені қанжығама байладым. Осы сәт мен үшін алғашқы сенімнің қалыптасқан сәті болды. Содан бастап әр шығарма астында терең мағына бар екенін түсініп,әдебиетке деген қызығушылығым одан сайын күшейе түсті.
«Үздік ауыл мектебінің оқушысы – 2026» атағын алу мен үшін ең алдымен тынымсыз еңбектің нәтижесі бағаланған сәт болды. Мен оны жай ғана марапат емес, осы уақытқа дейінгі талпынысым мен ізденісімнің және білім берген ұстаздарымның еңбегінің көрінісі деп қабылдадым. Бұл атақ маған үлкен жауапкершілікті де жүктеді. Себебі ол тек менің жетістігім емес, мен оқитын мектептің, мені тәрбиелеген ата-анамның да беделімен байланысты екенін түсіндім.» Үздік ауыл мектебінің оқушысы» атану нақты бір биіктікке шыққандай сезім сыйламайды, керісінше, көп нәрсе енді басталып жатқандай көрінді. Жалпы алғанда, берілген бұл атақ мәртебе емес, әрі қарай дамуға, жаңа мақсаттар қоюға серпін берген маңызды кезең деп санаймын. Менің бүгінгі күні жетіп жатқан барлық жетістігіме ең көп ықпал еткен адамдар ретінде ең алдымен ата-анамды атап өтемін. Олар мен үшін әрқашан сенім мен қолдаудың тірегі болды. Қандай жағдай болмасын, менің арман-мақсаттарыма бей-жай қарамай, үнемі алға ұмтылуға жігер беріп отырды. Сонымен қатар, маған оқыған екі мектебімде де қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген ұстаздарым – Өтепбергенова Жеңіс Қылышқызы мен Баймахан Айкенже Ермасаққызы ерекше әсер берді. «Мұғалімнен жолым болды» деген сөзді осы жерде айта кетсем артық болмас.Ол жандар менің бұл пәнге деген қызығушылығымды оятып қана қоймай, оны тереңдетуге үлкен ықпалын тигізді. Өткізген әр сабақтары мен үшін өз көзқарасымды қалыптастыруға жетелейді, — деген Кәусар алдағы арман-мақсат, жоспарларымен бөлісті.
– Олимпиада менің өміріме ең алдымен өз-өзіме деген сенімділікті алып келді. Бұрын кейде күмәндану, “қолымнан келе ме екен” деген ойлар болатын. Ал осы жолдан өткеннен кейін, еңбектің нәтижесіз қалмайтынына көзім жетті. Сонымен қатар, бұл тәжірибе маған уақытты дұрыс жос-парлауды, жүйелі жұмыс істеуді үйретті. Кез келген жетістік бір күнде емес, ұзақ әрі тұрақты дайындықтың нәтижесінде келетінін түсіндім. Олимпиада мені тек білім жағынан емес, мінез жағынан да шыңдады. Сабырлылық, табандылық, жауапкершілік сияқты қасиеттерді бойыма сіңіруге мүмкіндік берді.
Ең маңызды өзгеріс — мақсатқа деген көзқарасымның өзгеруі болды. «Адамның ойы жеткен жерге қолы да жетеді» демекші бұрын ол тек арман сияқты көрінсе, қазір нақты еңбекпен жетуге болатын дүние екеніне көзім жетті. Менің алдағы уақытқа қойған жоспарларым мен мақсаттарым жайлы айтар болсам, бітіруші түлек болғаннан кейін ең алдымен Ұлттық бірыңғай тестілеуден жақсы нәтиже көрсетіп, өзім қалаған жоғарғы оқу орынында, өз мамандығымда оқу. Қазіргі сәтте сол жолда жүйелі дайындық үстіндемін.Екінші мақсатым – шет тілдерін үйрену. Әлемнің бірнеше тілінде еркін сөйлей алсам деймін.Бұл білім жағынан ғана емес, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу үшін де маңызды деп ойлаймын. Жалпы,басты жоспарым – өзімді осымен тоқтатып қоймай, жан-жақты дамыту, бәсекеге қабілетті ұрпақ ретінде қалыптастырып үздіксіз білім алу. Мен болашақта қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болуды жоспарлап отырмын. Бала жасымнан ұстаздардың ұлы істерге толы ұлағатты өмірі мені мұғалім болуға ұмтылдырды. «Алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын – мұғалімдікі» деген Мағжан ақынның ойы әсер етті ме, кішкене кезімнен «Ұстаз болсам» деген ұлы арманым сәби жүрегімді шымырлатқаны рас. Мұғалім болу – өте жауапты іс. Ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Ол – бағыт көрсететін, әр баланың жүрегінде ерекше орын қалдыратын, адамды қалыптастыра алатын тұлға. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін ұстаз мамандығының қыр-сырын жетік меңгере білсем деймін. Әр балаға пәнді тек жаттап алу емес, түсініп, сезініп оқуына көмектескім келеді, — деп жүрекжарды ойын жеткізді Кәусар Қашқынбай.
Осы ретте жеңімпаз жасөспірімнің жетекшісі – қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, педагог-зерттеуші Айкенже Баймаханмен тілдесудің сәті түсті.
– Біз қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен қатысқандықтан, әр пәнді жекелей меңгертуге күш салдық. Қазақ тілінен де, әдебиеттен де теориялық базаны күшейте отырып, барлық сынып оқулықтары бойынша қайталау жұмысын жүргіздік. Қазақ тілінен тіл білімі салалары бойынша білімді толықтыру, фонетика, лексика, морфология, синтаксистік талдауды жүйелі жасап отырдық. Оқушының тыңдалым/айтылым, оқылым, жазылым дағдыларының да жоғары болуы үшін осы дағдыларды дамытуға бағытталған тапсырмалар беріліп отырды. Қазақ әдебиетінен кезеңдері бойынша ақын-жазушы шығармаларын жіктей отырып, конспект жасалынды. Сонымен қатар, қазақ әдебиетінен әдебиет теориясын игерту де маңызды.
Кәусардың басты ерекшелігі мен артық-шылығы – оның ізденімпаздығы мен таудай талабында, мұғалімнің қойған үдесінен шыға білуінде, ұстаз берген бағыт-бағдарды дұрыс жалғастырып, әрі қарай іліп кететін алғырлығында. Осындай үлкен жетістікке жетуде бірлескен жұмыстар маңызды,әрине. Мектептегі жайлы атмосфера мен ұстаздың берген тәлім-тәрбиесімен қоса, ата-ананың баланы үйден қолдауы балаға қанат бітіреді. Баласының бір пәнге ерекше қабілетін байқаған ата-ана оның қанатының құлаштап кең жайылуына себепкер боп, мүмкіндіктер жасап отырса, балада да сенімділік пайда болады. Осы орайда Кәусардай қызды тәрбиелеп, тәлім берген ата-анасына шынайы ризашылығымды білдіремін, — деді Айкенже Ермасаққызы.
Қорыта айтқанда, Кәусар Қашқынбайдың жетістігі – ауыл мектебінде білім алатын оқушылар үшін үлкен үлгі, жігер беретін жарқын оқиға. Оның табандылығы, үздіксіз ізденісі мен ұстаздарынан алған сапалы білімі кез келген биікті бағындыруға болатынын дәлелдеді. Бұл жеңіс – тек бір оқушының ғана емес, ауыл мектебінің әлеуетін, қазақ білімінің қуатын көрсететін маңызды көрсеткіш. Осындай талапты, білімге құштар жастар барда ел болашағының берік екеніне сенім мол. Расында, Кәусардың бүгінгі жетістігі ертеңгі үлкен белестердің бастауы ғана.
Қ.Қаптағай,
журналист.
Т.Рысқұлов ауданы.
