ҰСТАЗДЫҚТАН БАСШЫЛЫҚҚА ДЕЙІНГІ ӨНЕГЕЛІ ЖОЛ
Ел дамуының басты тірегі – білімді ұрпақ тәрбиелеу. Ал сол ұрпақтың болашағына бағыт-бағдар беретін, олардың талантын шыңдап, қабілетін ашатын білім саласының білікті мамандары екені белгілі. Осындай еңбегімен ел құрметіне бөленген жандардың бірі – «Бақытты болашақ» оқушылар сарайының директоры Арайлым Алекеева.
Арайлым Жұмағалиқызы 1987 жылғы 13 тамызда Жамбыл облысының сол кездегі Жамбыл ауданына қарасты Шайқорық ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келді. Бала күнінен білім мен өнерге деген шынайы құштарлық танытқан Арайлым 1993 жылы Шайқорық ауылының қазақ мектебінің табалдырығын аттап, ғылым мен таным әлеміне алғашқы қадамын басты.
2002 жылы 9-сыныпты аяқтағаннан кейін, Арайлым Жұмағалиқызы Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжіне оқуға түсіп, «Бастауыш сыныптарды оқыту» мамандығы бойынша білім алып, оқу орнын қызыл дипломмен тәмамдады. Білімге деген шексіз ынтасы оны одан әрі дамуға жетелеп, Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде таңдаған мамандығы бойынша терең білім алып, мол тәжірибе жинақтады.
Алғашқы еңбек жолын 2006 жылы Тараз қаласындағы Мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылық орталығында қосымша білім беру педагогі қызметінен бастаған.
– Мен үшін мұғалім болу – жай ғана мамандық емес, жүрек қалауы, өмірлік миссия. Бұл жолды таңдауыма ең алдымен өзім білім алған мектептегі ұстаздарым себеп болды. Олар бізге тек тәлім беріп қана қойған жоқ, адам болуды, өмірді түсінуді, қиындыққа мойымауды үйретті. Әсіресе, әр сабағын ерекше ықыласпен өтетін, шәкіртінің жан дүниесін түсінуге тырысатын ұстаздарымның бейнесі менің санамда мәңгілікке сақталып қалды. Сол кісілерге қарап, «мен де осындай мұғалім болсам екен» деген арман бала жүрегімде ерте оянды. Уақыт өте келе сол арманым мақсатқа айналды. Мен мұғалім болуды таңдағанда, бұл мамандықтың жауапкершілігі зор екенін жақсы түсіндім. Өйткені ұстаз – тек білім беруші ғана емес, тәрбиеші, бағыт-бағдар беруші, кейде тіпті балаға ата-анасындай жақын жан. Әр оқушының бойынан қабілет көре білу, оны дамыта алу үлкен шеберлікті талап етеді. Мұғалім мамандығының ерекшелігі де осында – сен күн сайын жаңа тұлғалармен жұмыс істейсің, әр баланың әлемі бөлек, мінезі әртүрлі. Солардың барлығына ортақ тіл тауып, білімге деген қызығушылығын ояту аса маңызды. Бұл мамандықта дайын үлгі жоқ, әр сабақ – жаңа ізденіс, әр күн – жаңа тәжірибе.
Мен үшін ең үлкен қуаныш – шәкірттерімнің жетістігі. Олардың кішкентай жеңістерінен бастап, үлкен табыстарына дейін куә болу – ұстаз үшін баға жетпес бақыт. Сол сәттерде өз еңбегіңнің зая кетпегенін сезінесің. Сондықтан да мұғалім болуды ұрпақ тәрбиелеу арқылы болашақты қалыптастыру деп санаймын. Өзіме үлгі болған ұстаздарым секілді, шәкірттерімнің жүрегінде із қалдыра алсам одан асқан жетістік жоқ, — деді кейіпкеріміз.
Ұлағатты ұстаздың еңбек жолына қайта оралсақ, ол 2013 жылы талантты ұйымдастырушылық қабілеті үшін орталықтағы «Көпшілік іс-шаралар ұйымдастыру» бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалып, 2014 жылы Мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылық орталығы директорының бейіндік ісі жөніндегі орынбасары лауазымына көтерілді. Оның бастамасымен Оқушылар сарайында көптеген үйірмелер мен шығармашылық бағыттар ашылып, балалардың жан-жақты дамуына кең мүмкіндік жасалды. Оқушылар түрлі байқауларға қатысып, аудандық, облыстық, республикалық деңгейлерде жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді.
2022 жылдың тамыз айынан қазан айына дейін Оқушылар сарайы директорының уақытша міндетін атқарған Арайлым Жұмағалиқызы сол жылдың 1-қарашасынан ресми түрде оқу ордасының директоры болып тағайындалды. Бүгінде оның басшылығымен Оқушылар сарайы – шығармашылыққа құштар балалар үшін шабыт пен мүмкіндік орталығына айналды.
Басшы ретінде Арайлым Жұмағалиқызы ұжымның ынтымағын нығайтып, әр қызметкердің кәсіби дамуына жағдай жасауды басты назарда ұстайды. Білікті маманның іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында Оқушылар сарайының тәлім алушылары биік белестерді бағындыруда. Ұжым мүшелері де оның адамгершілік қасиетін, талапшылдығы мен қамқорлығын ерекше бағалайды.
Қосымша білім беру саласында бір мекемеде үздіксіз 20 жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан Арайлым Алекееваның еселі еңбегі мемлекеттік деңгейде де жоғары бағаланды. Атап айтсақ, 2022 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатын иеленсе, биыл Мемлекет басшысының Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Әрине, бұл – тек бір адамның ғана емес, білім саласында еңбек етіп жүрген барша ұстаздардың еңбегіне берілген лайықты құрмет екені сөзсіз.
Кейіпкеріміздің қиыны мен жеңілі, қызығы мен қуанышы мол еңбек жолындағы педагогикалық ұстанымы – білім кеңістігінде болып жатқан жаңалықтарды үнемі назардан тыс қалдырмай, жаңашыл педагогтердің іс-тәжірибесін мүмкіндігінше саралап, әрбір тәрбиеленушіні жеке тұлға деп танып, оның пікірімен санасып бағалай білу, бұлақтың көзін ашу арқылы алдына қойған биік мақсаттарға жету.
Арайлым Жұмағалиқызы тек басшы ғана емес, отбасын құрған, бір ұлдың анасы. Сондықтан оның еңбек жолы – жас мамандарға үлгі, ал жетістігі – ұжымның ортақ мақтанышы екеніне ешкім де талас тудырмайды.
Қ.АМАНКЕЛДІҰЛЫ,
журналист.
Тараз қаласы.