Ещё один сайт на WordPress

ЗИЯТКЕРЛІК ОЙЫННЫҢ ҮЗДІКТЕРІНЕ ҚҰРМЕТ

Жуырда Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев екінші рет ұйымдастырылған «Ой шебері» зияткерлік ойынының жүлдегерлерін марапаттаған болатын.

0

«Ой шебері» – өңірде интеллектуалды ортаны қалыптастыруға және білім алушы-лардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған зияткерлік ойын.

Өңір басшысы өз сөзінде бұл байқау балаларды шыңдап, ізденіске жетелеп, олардың тұлға болып қалыптасуына ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ жеңімпаздардың ұстаздары мен ата-аналарына алғыс білдірді.
Биылғы білім бәйгесінде 2 мыңға жуық оқушы бақ сынап, қазақ әдебиетінің 112 шығармасымен терең танысты. Қатысушылар ойын ережесіне сәйкес 5 адамнан құралған топтарда (4 оқушы, 1 жетекші) өзара сынға түсті.
Финалдық кезеңге Тараз қаласы мен аудандардан іріктелген 20 команда (76 білім алушы) жолдама алды.
Зияткерлік ойының қорытындысы бойынша І орынды Жамбыл ауданы Айша бибі орта мектебінің командасы иеленді. ІІ орын Т. Рысқұлов ауданы Болтай батыр атындағы орта мектебінің оқушыларына бұйырды. Ал ІІІ орынды Тараз қаласындағы Б. Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясы мен Сарысу ауданы Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясының командалары өзара бөлісті.
Облыс әкімі жоғары нәтиже көрсеткен жүлдегерлер мен олардың жетекшілеріне MacBook, iPad және планшет секілді бағалы сыйлықтарды табыстап, алдағы істеріне сәттілік тіледі.
Жалпы, 2025 жылдың 18 қаңтарында бастаған “Ой шебері” зияткерлік ойыны бүгінде үлкен қозғалысқа айналып келеді.
– Бастапқы мақсатымыз — “Кітап оқитын ұлт” қағидасына теңізге қосылған бір тамшыдай болса да үлес қосу еді. Бүгінде сол тамшының тамыр жайып келе жатқанын көріп отырмыз. Бастамамызға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев пен облыстық білім басқармасының басшылығы қолдау көрсетті. Бүгінге дейін 16 ай ішінде елуден астам ойын өткіздік. 10 мыңнан астам бала кем дегенде бір кітапты қолына алып, оқып шықты. Бұл — жай статистика емес. Жасанды интеллект дәуірінде кітап оқып, ойы өзгеріп жатқан жастарды көру — біз үшін үлкен қуаныш. Биыл жоба аясында ерекше назарды есепте тұрған жасөспірімдерге, “Алтын” және “Күміс” алқа иелерінің балаларына, әлеуметтік осал топтағы оқушыларға аудардық. Олардың өзгерісі, қызығушылығы мен жаңа ортаға бейімделуі бізді қуантады. Сонымен қатар дүниеден өткен және көзі тірі жергілікті ақын-жазушыларды насихаттап келеміз. Әсіресе, оқушылардың жазушылардан жаппай қолтаңба алып жатқан сәттері ерекше әсер қалдырды. Себебі кітап шығарып, оның оқырмансыз қалуы — қаламгер үшін ең ауыр қасіреттің бірі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған арнайы Жарлыққа қол қойып, адам капиталын дамыту мен оқу-ағартуды мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты ретінде айқындады. Біз де осы бастамаға өз үлесімізді қосып келеміз деп есептеймін. Бұл — тек бастамасы. Біз әлі жаңарамыз, өзгереміз және алға қарай бірге жүреміз, — дейді аталған білім бәйгесінің ұйымдастырушысы, қоғам белсендісі Исламбек Дастан.
Қорыта айтқанда, «Ой шебері» зияткерлік ойыны – жас ұрпақтың дүниетанымын кеңейтіп, ойлау мәдениетін қалыптастыратын тағылымды жобаға айналды. Мұндай білім алаңдары оқушылардың тек әдебиетке қызығушылығын оятып қана қоймай, олардың еркін пікір айтуына, топпен жұмыс істеуіне және рухани тұрғыдан дамуына жол ашады. Ең бастысы – кітап арқылы өскелең ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтар мен ізгі қасиеттер сіңірілуде. Бүгінде білім мен парасатты биік қоятын осындай бастамалардың қоғам үшін маңызы зор. Себебі кітап оқитын, ойлай алатын ұрпақ – елдің ертеңгі интеллектуалды тірегі.

«ЖД» – ақпарат.

Leave A Reply

Your email address will not be published.