Ещё один сайт на WordPress

БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРУ КУРСТАРЫНАН ӨТУ МЕРЗІМІ ӨЗГЕРДІ

0

Жуырда Парламент Мәжілісінде екінші оқылымда қабылданған маңызды нормаларды көздейтін заң жобасы мақұлданды. Маңызды құжат бойынша білім саласына қандай өзгерістер енгізілмек? Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желіде жан-жақты айтып өтті.

Министрдің сөзінше, енді стипендиялар студенттердің шоттарына тікелей төленеді деп жоспарланып отыр. Яғни осыған дейінгі жоғары оқу орындарына аударатын жүйе болмайды.
– Біз уәде бергеніміздей, жоғары оқу орындарының гранттары үшін қаржыландыру да студенттерге тікелей жолдама ретінде беріледі. Ал кейін қаржыны студенттердің өздері жоғары оқу орындарына төлейді, — деп жазды «бас мұғалім». Сонымен қатар жоғары білім деңгейі бойынша жаңадан берілетін лицензиялар 5 жыл мерзімге беріледі. Бұған дейін лицензияның нақты мерзімі көрсетілмеген болатын.
– Мәселен, 1992 жылы алынған лицензия барлық өзгеріс пен жаңа шарттарға қарамастан жарамдық күшін сақтап келді. Бүгінге дейін мемлекет лицензия мерзіміне қатысты талап қойған жоқ, — деген министр жабылған ЖОО студенттеріне, басқа университетке ауысқандарға қатысты және басқа да құжаттардың көшірмелерін мемлекеттік мұрағатқа уақытылы тапсыру үшін жауапкершілік енгізілетінін де баса айтты. Сонымен қатар колледждерге академиялық еркіндік берілмек. Бұл жөнінде ведомство басшысы: «Бірнеше жыл бұрын біз бұл реформаны жоғары білім деңгейінде жүргіздік. Енді колледждердің білім беру бағдарламалары ЖБП пәндерінің циклін қоспағанда, министрлік бекіткен типтік жоспарлар мен бағдарламалар емес, кәсіптік стандарттар мен жұмыс берушілердің талаптары негізінде құрылады», — деді. Тағы бір айта кетерлігі, Қазақстан тарихы мен Дүниежүзі тарихы оқулықтары енді еліміздің барлық мектебі үшін бірыңғай және базалық болмақ. Яғни бір оқу бағдарламасы және бір негізгі оқулық. Сонымен бірге 2016 жылға дейін болғандай, басқа пәндер бойынша оқулықтардың балама нұсқалары қолданылады. Бұдан бөлек министр мұғалімдердің біліктілік курстарынан өтуіне қатысты өзгерістерге де тоқталды.
– Мұғалімдердің міндетті біліктілік арттыру курстарынан өту мерзімі өзгеріп жатыр. Қазір 5 жылда бір рет емес, 3 жылда бір рет өту ұсынылады. Бүгінде бәрі жылдам өзгереді, сондықтан мұғалімдердің де өз біліктіліктерін жиі арттырғаны абзал, — деді Асхат Аймағамбетов. Сондай-ақ енді ЖОО-лар оқытудың онлайн түрінде белгілі бір оқыту бағыттары бойынша кадрларды дайындауға мүмкіндік алмақ. Бір ескерерлігі біліктілік талаптарына сәйкес оқытудың белгілі бір бағыты бойынша (прокторинг, ақпараттық жүйе, цифрлық контент, кадрлар және т. б.) жеке лицензия алу міндетті болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.