Ещё один сайт на WordPress

БЕРЕРІ МОЛ БАСҚОСУ

0

Жуырда облыстық білім басқармасы оқу-әдістемелік кабинетінің ұйымдас-
тыруымен «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытудың өзекті мәселелері: бүгіні мен болашағы» тақырыбында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдеріне арналған дөңгелек үстел өтті.

Кәсіби біліктілігі жоғары педагогтердің әлеуетін «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті» және «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәндерін оқытудың өзекті мәселелерін шешуге және білім сапасын арттырудың тиімді жолдарын айқындауға жұмылдыру мақсатында өткен шараны облыстық білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозов ашып, жүргізіп отырды. Сонымен қатар, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ғалымдары жалпы білім беретін мектеп деңгейіндегі лингвистикалық білім мазмұнын қалыптастыру дағдылары, қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытудың өзекті мәселелері, мектептерде қазақ әдебиетін оқытудың жайы туралы ой бөлісті.
Басқосу барысында жаңартылған білім беру мазмұны аясында заманауи әдістемелер мен тиімді педагогикалық, білім берудің сапасын арттыруда ақпараттық-коммуникативтік технологияларды пайдалану, оқушылардың оқу сауаттылығын арттырудың тиімді жолдары сөз болып, қазіргі кездегі инновациялық технологиялар, үлгілі авторлық бағдарламалар, озық тәжірибелер талқыланып, өзара тәжірибе алмасты. Сондай-ақ, өткен жылдың соңында Нұр-Сұлтан қаласында өткен қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің республикалық съезіне қатысып келген облысымыздың делегаттары да өзара пікір алмасты.
– Съезге қатысқан педагог мамандардың айтқан ең негізгі ұсыныстарының бірі қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқыту бағдарламасын жетілдіру болды. Тілді түсіндіруде грамматикалық білім беру ісі де мүлде ескерілмегендігі, соңғы кезде пән бағдарламасына байланысты грамматика сәл артта қалып қойғандығы қозғалып, сол жөнінде, яғни, балалардың оқу сауаттылығына грамматиканың керектігі айтылды. Осы орайда айта кетерлігі, мектепте грамматиканы оқытуға байланысты төмендегідей ұстанымдар мен жағдайларды қамтамасыз ету керек.
Біріншіден, тұлға мен мазмұн бірлігі. Бұл ұстаным тілдік құбылыстарды бір жақты талдауға жол бермейді. Екіншіден, грамматикалық ұғымдардың біртіндеп қалыптасуы. Мектепте оқытылатын пән атаулының бәрі тіл арқылы түсіндіріледі, сондықтан қазақ тілінен теориялық білім берудің нәтижесінде оқушылардың ой-өрісін, дүниетанымын қалыптастырып, сөйлеу, жазу тілін дамыту іске асырылады. Әрі қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімдерінің республикалық ассоциациясы құрылып, бұл жобаны Ұлттық білім беру академиясы бақылап, жүргізетін болады. Сол себепті, пәнді оқытуда тың идеяларыңыз бен ұсыныстарыңыз болса, оны жан-жақты талқылап, жүзеге асыруға мүмкіндігіміз бар, — деді республикалық жиынға қатысушылардың бірі, Жамбыл ауданы Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Самал Байкеева.
Сьездің тағы бір делегаты Меркі аудандық білім бөлімінің әдіскері Зульфия Досмуханбетованың айтуынша, жиын барысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бірқатар өзекті мәселелерге кеңінен тоқталған. Мәселен, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің съезін жыл сайын өткізу, орыс сыныптарындағы «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті» пәндерін бөліп оқыту, оқулық мәселесі, оқулық құндылықтарын қалыптастыру және шығармалардың баланың жас ерекшелігіне сай таңдау қажеттілігі, оқу бағдарламасы мен оқу мақсаттарын зерделеу, жетілдіру, көркем шығармаларды оқытуға басымдық беру, мұғалімдер үшін арнайы мәтін лингвистикасына қатысты курс ұйымдастыру және пән мұғалімдерінің аталған курстан өтулерін қамтамасыз ету, қазақ тілінің болашағын модельдеудің өзектілігі, біліктілік арттыру курстарының мазмұнын өзгерту, контентті қазақ тілінде қолжетімді ету және 9,11-сыныптарды бітірген мектеп оқушылары мен мемлекеттік қызметке тұратын маманның қазақ тілі бойынша тест тапсырып, сертификат алу қажеттігі басты назарға алыну ұсынылды.
Облыстық басқосуға қатысқан Жамбыл ауданы А.Макаренко атындағы орта мектептің мұғалімі, педагогика ғылымдарының магистрі Салтанат Кусева да өзінің бірқатар ұтымды ұсыныстарын жеткізді.
– Білім мен ғылымның даму бағдарында, қазақ руханиятының көркею деңгейінде көркем әдебиеттің алатын орны ерекше. Ертеңгі күні рухани игіліктің жол жиегінде қалып, материалдық байлықтың алдыңғы қатарға шығып кетпеуінің алдын алудың жалғыз ғана жолы – рухани тәрбие деп білемін. Облыстық басқосудағы ойталқылардың ішіндегі айтылған мәселелер бойынша ең маңыздысы мен үшін осы көркем әдебиетті оқыту мен талдау болды. Себебі білім алып жатқан оқушыларға, үздіксіз дамып отыратын ұстаздарға қазақ әдебиетінің қорындағы аса құнды шығармаларды оқыту, сол туындылар арқылы рухани азық алу мақсатындағы жүзеге асырылып жатқан бірегей жобаның облыстың бас ұстазының назарына алынып, қолдау тапқаны, жоспарға сәйкес түсірілетін хабарға қатысып шығарма талдауға келісімін бергені – рухани діңгегіміздің беки түсетініне серпін бергендей.
Тек білім алып қана қоймай, ұлттық құндылықтарымыз болып саналатын көркем шығармаларды талдау арқылы жазушының жазу стиліндегі ішкі-сыртқы құпияларына бойлап, шығарманың айтар идеясы мен ойын өмірлік дағдылармен байланыстыра отырып талдау, бағдарламаның өн бойындағы талданған шығармалар арқылы өз қорытындысын жасау оқушыны сыни ойлауға жетелесе, мұғалімге сабақ барысында көмекші құрал болатыны сөзсіз.
Әрбір қаламгер – өз дәуірінің айнасы, ал ұстаздар қауымы сол шығармаларды ұрпақтан ұрпаққа жеткізуде «алтын көпір». Бағдарламаға жіті сараланып алынған жазушылардың шығармаларын талдауда ұлт болашағын тереңнен ойлайтын ұстаздардың бағдарламаға қатысып, ақын-жазушылардың қайраткерлік тұлғасын даралай түсумен қатар, ұлттық болмысты қалыптастыруға үлесі мол болады, — дейді Салтанат Жұмабекқызы.
Ал Т.Рысқұлов ауданы Қ.Сәтбаев атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мадина Дастанова болса: «соңғы жылдары қоғамда көп айтыла бастаған мұғалім мәртебесін көтерудің тағы бір жолы – пәнге құрмет көрсету. Ғылым негіздерінің қайсысы болса да адамзат үшін қажет десек те қарым-қатынастың ең негізгі құралы тілге құрмет ерекше болмақ. Бұл шара сол тілге құрметтің шынайы көрінісі», — деген пікірде.
Облыстық білім басқармасы оқу-әдістемелік кабинетінің әдіскері Айсұлу Нұрмолдаеваның мәліметінше, 2012 жылдан бастап облыстың 38 педагогі «Үздік педагог» республикалық конкурсының жеңімпазы атанып, айлық есептік көрсеткіштің 1000 еселенген мөлшерінде сыйақымен марапатталған. Соның ішінде 8 педагог қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Бұдан бөлек 2012 жылдан бері 100-ге жуық педагог республикалық білім байқауларында топ жарған. Сондай-ақ облысымыздың 76 педагогі республикалық «Үздік авторлық бағдарламалар» байқауының жеңімпазы атанса, соның ішінде 7 педагог қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады екен.

Ш.Жамбыл,
журналист.

Leave A Reply

Your email address will not be published.