ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ САБАҒЫНАН ШЫҚҚАН ДАУ
Жуырда ҚР Оқу-ағарту министрлігі мектептерде ұлдар мен қыздар дене шынықтыру сабағын бірге өткізетіні туралы шешім қабылдады. Алайда бұл шешім көп ұзамай-ақ пән мұғалімдерінің наразылығын туғызып, қоғамда түрлі пікір қалыптастыруда.
Бұл жөнінде министр Асхат Аймағамбетов: «Жаңа оқу жылынан бастап мемлекеттік білім беру стандартына сәйкес, бір сыныптың барлық оқушысы дене шынықтыру сабағын, сондай-ақ өзге де бірқатар пәндерді бірге оқиды. Дегенмен дене шынықтыру сабағының мұғалімдеріне қатысты мәселе жиі көтеріліп жүр. Осы арқылы ендігі уақытта балалар дене тәрбиесі сабағына аз баратын сияқты көрсеткісі келеді. Заңға сәйкес, барлық сыныпта бір аптаның ішінде үш дене шынықтыру сабағы өтеді. Аптасына үш сағат өзгермейді. Яғни әр сыныпқа бір мұғалімнен болады. Егер әр сыныпты екі бөліп, бүгінде әріптестеріміз талап етіп отырғанындай екі педагогтан беретін болсақ, онда бір спорт залда, бір сабақ кезінде 6 ұстазға жұмыс істеуге тура келеді. Балалар аптасына үш емес, екі дене шынықтыру сабағын өтеді деп жүр. Бұрынғыдай аптасына үш сабақ қала беретіндігін ресми түрде мәлімдеймін. Бұл жерде ешқандай өзгеріс жоқ. Біз үшін балалардың бұрынғыдай аптасына үш рет міндетті түрде дене шынықтырумен айналысқаны маңызды», — деген болатын. Бірақ ведомство басшысының бұл сөзі ұстаздардың көкейіндегі күмәнді сейілтуге сеп болар емес. Олардың дені сағат саны азайғаны былай тұрсын, қысқартуға ұшыраймыз ба деп алаңдайды. Бұл мәселені күні кеше Парламент сенатының депутаты Динар Нөкетаева да өткір сынға алған болатын.
– Орта және жоғары сыныптарда оқушыларды дене шынықтыру пәнінде гендерлік белгісі бойынша топтарға бөлмей, аралас оқыту ғылыми орта мен тәуелсіз сарапшылармен талқыланбай, оқу процесіне енгізілді. Бұл жерде гендерлік бөліну мәселесіне ғылыми тұрғыдан қарау керек. Яғни, ұлдар мен қыздардың психологиялық және физиологиялық ерекшеліктерін ескеру қажет еді. Тіпті олимпиада мен спартакиада, сондай-ақ спорттық ойындарда аралас командалар жоқ. Себебі бұл қауіпсіздік ережелеріне қайшы келеді. Енгізілген жаңашылдық педагогтер табысының төмендеуіне алып келді. Мәселен, бұрын қала мектебінде жұмыс істейтін дене шынықтыру пәні мұғалімінде аптасына 24-27 сағат жүктеме болса, қазір ол 17 сағатқа дейін төмендеген. Дене шынықтыру пәні мұғалімі аптасына орташа 16 сағат базалық мөлшерлемемен жұмыс істейді. Үстемақыны есептемегенде айына 95 мың теңге ғана табады. Бұл жағдай мұғалімдерге қосымша жұмыс істеуді қажет етеді. Сондықтан осыған қатысты өзгерісті Оқу-ағарту министрлігі мен Мәдениет және спорт министрлігі бірлесіп шешуі тиіс, — деді депутат.
Осыған қатысты облыстық білім басқармасына хабарласқан едік. Олардың бізге берген жауабында: «Облыста 2534 денешынықтыру пәнінің мұғалімі жұмыс істейді. Бүгінгі күні білім беру ұйымдарындағы аталған пән мұғалімдерінің апталық жүктемелерін есептеу бойынша жұмысшы тобы құрылды. Апталық жүктемелері 16 са-ғатқа жетпейтін педагогтардың сағаттарын толықтыру бойынша жұмыстар жүргізілуде», — делінген.
40 жылдан астам уақыт дене шынықтыру пәнінен сабақ берген ұстаз, ҚР білім беру ісінің үздігі Байжан Бөрібеков те министрліктің жоғарыдағы шешіміне түбегейлі қарсы. Оның айтуынша, бұл Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясы құрастырған бағдарламаға да қарама-қайшы келеді екен.
– Бұл пән қимыл-қозғалысты талап етеді. Әсіресе, футбол секілді доп ойындары мен гимнастика сабақтарында берілетін тапсырма да, белгіленген меже де әртүрлі. Ең бірінші, осы себепті пәнді біріктіріп оқыту мүмкін емес. Екіншіден, бұған кейбір білім ордаларының спорт залдары мен даладағы ойын. Мұның ең сорақысы спорт ойындары басталған кезде жалғыз мұғалім 40 балаға қалай ие болады? Біріншіден, қауіпсіздік ережесі, ертең жарақат көп болады. Түптеп келгенде, ес білген ұл мен қызды қатар жүгірту де ыңғайсыз.алаңдары мүлдем талапқа
сай келмейді. Соның салдарынан көптеген әріптестерім міндетті спорт секцияларын, үйір-
мелерін өткізе алмай жүр. Сол үшін министрлік сағаттың санымен алысқанша, осындай мәселелерді шешуге бас қатырғаны жөн болар еді, — дейді Байжан Төсбайұлы.
Тағы бір пән мұғалімі Аманбай Қозғанбаевтың да пікір осыған саяды. Ол бұл шешім пән мұғалімдеріне деген сұранысты күрт төмендетеді деген пікірде.
– Бұл да бюджетті үнемдеудің бір айласы болар. Сағаттарды қысқарту үрдісі енді жиілей түседі. Сонда бұған дейін бөліп оқытып жүрген пәндерді енді біріктіріп жібергеннен не ұтамыз?
Сыныпты екіге бөліп, 18 баланы оқытқан қандай, 30 баланы бөлмей оқытқан қандай? Едәуір салмақ. Бәлкім, дене шынықтыру пәні жеңіл, ойнайды, секіреді, жүгіреді деп ойлайтын шығар. Ол қате түсінік. Бұл пән өте қауіпті. 30 балаға бір мұғалім қалай ие болады? Ойнап жүріп бір бала мертіксе, оның қауіпсіздігіне министр жауап бере ме? Қазір ата-аналармен де жұмыс істеу өте қиын. Мектептерде барлығына мұғалімді кінәлау cиндромы өршіп тұр. Сондықтан өз басым министрліктің бұл бастамасын құптамаймын. Тағы бір айта кетерлігі, биыл қаншама түлек жоғары оқу орындарын осы мамандық бойынша тәмамдады? Енді олар қайда барады? Тәжірибелі мұғалімдердің өзі сағатсыз қалғалы тұрғанда жас мамандарды кім жұмысқа ала қойсын? — дейді Аманбай Әбдірәсілұлы.
Ұстаз Елдос Қалшабек болса, бұл жайтқа тек біржақты баға беруге болмайды дейді.
– Қазіргідей сананы тұрмыс билеп, нарық қос бүйірден қысқан заманда әріптестерімнің жан айқайын түсінуге болады. Біреуінің несиесі бар, енді бірі өткен оқу жылында алған сағатына сеніп шығындарын көбейткен де болуы мүмкін. Бірақ мұның екінші жағы да бар. Біріншіден, кез келген мұғалім мектеп жан бағатын мекеме емес екенін түсінуі керек. Мәселен, министр Аймағамбетов бір сұхбатында: «Кейбір мектептерде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі 35-40 сағатпен жұмыс істеп жүрген жайттар анықталды», — деді. Мұндай кезде сапа туралы не айтуға болады? Ұстаздардың бұлай шамдануы – жүктемесі көп болған сайын жалақысы жоғары болып үйренгендіктен. Мәселен, әдебиет пен тарих пәнінің мұғалімі 30-40 балаға сабақ береді, бірақ оған 16 сағаттан артық алуға болмайды. Бірақ дене шынықтыру мұғалімі дәл солай 30-40 балаға сабақ бергені үшін 30-40 сағаттан көп алады. Яғни бұл бір жүктемеден 2 есе көп деген сөз. Солай екен деп, осы уақытқа дейін бірде-бір тарихшы не әдебиетші шағым айтып көрген емес. «Педагог мәртебесі» туралы Заңда да барлығының құқығы бірдей екендігі жазылған. «Байдың асын қызғанған байғұс» болғым келмейді. Десек те, көп әріптестерімнің бұл жерде күйттеп отырғаны білім сапасы емес, құлқынның қамы. Яғни олардың көпшілігі артық ақшадан айырылғысы, оны өзге әріптесімен бөліскісі келмейді. Шындығы – осы. Себебі бірде-бір дене шынықтыру мұғалімінің уәжді қарсылығын көрмедім. Расында, халықаралық тәжірибеде бір сыныпқа сабақ өткізу үшін екі дене шынықтыру мұғалімін бөлу қарастырылмаған. Дамыған мемлекеттердің ешбірінде мұндай жоқ. Сабақ өтуге оқушының қыз не ұл екендігі кедергі бола алмайды.Өздеріңіз білесіздер, білім саласында осыған дейін мұндай қысқартулар болған. Ал біріктіру өзгерісі министрлікке түскен уақытша қиындықтар, оны бүгін еңсермесе, кейін кеш болады. Білім беру саясаты мұғалімді қысқарту үшін жасалмайды. Бұл өзгерістердің негізінде қажетсіз шығындарды азайту, әлемдік тәжірибені ескеру, сабақ кестесі, білім беру процесін оңтайландыру, спорт залдары, мүмкіндіктер, т.б. жатыр. Бірақ бұл жерде министрліктің ең үлкен қателігі – асығыс шешім қабылдағандығы. Мұндай қадамға бармас бұрын жоғары оқу орындарындағы дене шынықтыру мамандығына бөлінген грант пен орын санын азайтып, студенттердің лек-легімен ағылуына кезең-кезеңімен тосқауыл қоюы қажет еді. Бұл мәселеде министрліктен бөлек, ұстаздардың құқығын қорғайтын кәсіподақ та өз үдесін қосу керек еді, — деді ұстаз.
Біз де осы орайда облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағымен байланыстық. Ұйым төрағасы Ерұлан Мағзымбеков: «Күні кеше облыстық білім басқармасы мен салалық кәсіподақ арасында 2021-2023 жылдарға арналған Әлеуметтік әріптестік туралы Келісімге кезекті өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша қосымша Келісімге қол қойылды. Аталған құжат 2022-2023 оқу жылында Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы №348 бұйрығымен бекітілген мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті жаңа стандарттардың қабылдануын және Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 8 қараша 2012 жылғы №500 бұйрығымен бекітілген үлгілік оқу бағдарламаларының 12.08.2022 жылғы соңғы өзгерістерін ескере отырып, сонымен байланысты өзін-өзі тану, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, технология, дене тәрбиесі сынды жекелеген пәндер бойынша педагогтардың қысқару мәселесін оңтайлы шешу үшін, оларды ауыстырған сәтте конкурссыз және тест тапсырмай, сондай-ақ қолданыстағы біліктілік санаттарын сақтап қалу мақсатымен жасалды», — деп жауап берді.
Қалай десек те, бұл мәселе өте күрделі болып тұрғаны шындық. Ал мұның өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын оңтайлы жолын табу – министрліктің мойнындағы шаруа. Ал ол қалай шешіледі, бұл келер күннің еншісінде.
Ш.Жамбыл,
журналист.