Ещё один сайт на WordPress

ӨМІРІ – ӨНЕГЕ, ІСІ – ҮЛГІ

0

Білікті маман Сапаркүл Бопиеваның есімі тек Меркі ауданына ғана емес күллі Жамбыл облысына жақсы таныс десек, артық айтқандық емес. 42 жыл ғұмырын білім беру ісіне арнаған ұлағатты ұстаз күні кеше алпыс жастың асқарына шықты.

Сапаркүл Тұрғанбайқызы 1962 жылы 23 тамызда өмірге келген. Педагогикалық еңбек жолын 1978 жылы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс ауданы Монтайтас ауылында Б.Оңтаев атындағы орта  мектебі жанындағы интернатта тәрбиеші болып бастаған ол 1979 жылы Әл-Фараби атындағы  Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің география факультетіне оқуға түсіп, 1984 жылы  Жезқазған педагогикалық  институтын аталған мамандық бойынша бітіріп шығады. Сол жылы  Меркі ауданындағы №6 орта мектебінде, 1997 жылдан №1 орта мектебінде  география пәнінің мұғалімі, 2000 жылдан  Меркі ауданы білім бөлімінің әдіскері, 2010 жылдан бері әдістемелік кабинет меңгерушісі  болып қызмет етуде.

Мерейтой иесі өзіне де, ұстаздарға, оқушыларға да қатаң талап қоя білетін тәжірибесі мол маман. Қашанда өз білгенін жас ұстаздарға үйретуден жалықпай,  білім беру сапасын арттырудың жолдары мен мүмкіндіктерін шығармашылық тұрғыда ізденуге бағыттап келеді. Оның бұл жолдағы жұмысы жеміссіз емес. Айталық,  оның «Білім беру қызметкерлерінің кәсіби өсуі – білім берудің жаңа сапасын қамтамасыз етудің шарты» тақырыбында өткен Республикалық педагогикалық оқулардың облыстық кезеңінде «География пәнін оқытуда жаңа әдіс-тәсілдерді тиімді пайдалану» атты баяндамасы облыстық педагогикалық оқулар жинағына және Баласағұн атындағы Қырғыз Ұлттық университетінің педагогикалық кадрларды мақсатты даярлау институтының ұйымдастыруымен өткен «Педагогикалық кадрларды даярлаудың теориясы мен практикасы» атты ІІ-Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында  «География пәнін оқытудың әдістемесі» тақырыбындағы баяндамасы арнайы жинаққа енген. Сондай-ақ халықаралық деңгейде де біліктілігін арттырып отырады. Атап айтсақ, 2017 жылы «Интерактивные технологии Promethean. ClassFlow$ ClassFlow Desktop» атты Ұлыбритания мемлекетінің сертификаты, 2021 жылы «Компетенции 21 века vs Образование 21 века. Soft skills в национальных стандартах школьного образования» халықаралық семинарында  Беларусь Республикасының SKLAD білім беру онлайн-платформасының сертификатын иеленсе, «Азия елдері арасында педагогикалық кадрларды даярлаудың теориясы мен практикасы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясына қатысқаны үшін де Сертификатқа қол жеткізіп,  мақаласы конференция жинағына енді. Ол сондай-ақ мектепте экологиялық оқу мен тәрбие бойынша шығармашылықпен жұмыс жасайтын тәжірибе алаңына  2012-2017 жылдар аралығында топқа жетекшілік жасап, жалпы  мектептің   жоғары деңгейде көрінуіне  үлкен үлесін қосты. Табиғатқа шын жанашыр бола жүріп, оқушылардың экологиялық мәдениетінің  қалыптасуы  бағытында жұмыстар атқарып республикалық, халықаралық конференция, форумдарға шәкірттерін қатыстырып, облыстық «Экология және балалар» атты экофорумда, экологиялық тақырыпқа жазған шығармалары облыстық байқауда  І орынды иеленді. Жас экологтардың республикалық форумының аясында «Экологиялық  білім берудің жаңашыл әдістері  мен түрлері» семинар-практикумның қатысушысы ретінде экологиялық тәрбиесі бойынша тәжірибесімен бөлісіп, Құрмет грамотасымен оралғаны тағы бар. Бұдан бөлек зерттеу жұмысының аясында оқушылары «Мектептің экодизайны» атты жобасын қорғап, ұсынған үлгісі бойынша аудандық, облыстық  байқауларда жүлделі орындарды иеленді. Мәселен,  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында өткен «Табиғатты аяла» жас өлкетанушылар, экологтар мен табиғат зерттеушілерінің облыстық форумында оқушылары «Жасыл экономика» номинациясы бойынша жобасы І орын,  республикалық кезеңде де І орыннан көрінді. Облыстық  «Менің Отаным – Қазақстаным» атты туристік слетына қатысқан аудан оқушыларынан жасақталған «Жалын» тобы жүлдегер атанды. Өз жұмысына жауапкершілікпен қарап, тиісті тапсырмаларды дер кезінде ұқыпты орындайтын ол  жас мамандарға әдістемелік көмек көрсетіп, кәсіби дамуына жол ашуда.

Осы бір еселі еңбегінің өтеуіндей  «Республикалық географиядан атаулы мектептің 20 жылдығы» төсбелгісімен, аудандық мәслихаттың, облыстық білім басқармасының және Білім және ғылым министрлігінің Құрмет Грамоталарымен марапатталды.

Кейіпкерімізді әріптестері де көпшілікпен тез тіл табысып, өзінің кәсіби білімі мен біліктілігін шығармашылықпен ізденістер жолында таныта білген заман талабына сай педагог ретінде бағалайды. Қызмет пен отбасылық өмірді тең ұстап 40 жыл отасқан жары Жақсымбетов Тоқтар Әлімбайұлымен бірге ұл- қыздарынан 9 немере тәрбиелеп отырған жайы бар.

Білім саласының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген Сапаркүл Тұрғанбайқызының тәуелсіз еліміздің болашақ иелерін тәрбиелеуде алдағы уақытта әлі де жемісті еңбек етіп, берері көп екеніне сеніміміз мол.

 

Қ.Шахабай, журналист.

Меркі ауданы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.