Ещё один сайт на WordPress

ЖАМБЫЛДАҒЫ КӘСІПТІК БІЛІМНІҢ ҚАРАШАҢЫРАҒЫ

0

Абай нұрымен кемелденген колледжге – 105 жыл

Биыл ұлт руханиятының алтын діңгегі – Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толды. Бұл мерейтой – тек бір тұлғаның ғана емес, тұтас қазақ халқының өркениет пен өрелі ой жолындағы жетістіктерін дәріптейтін үлкен тарихи белес. Абай – қазақтың сөз өнерін жаңа белеске көтерген ойшыл, дара тұлға, рухани көшбасшы. Оның артында қалған мол мұрасы – сан ұрпаққа темірқазық, кемел білім мен кемеңгерлікке бастар жол. Осындай ұлы мұраттарды ұлықтап, жас ұрпақтың бойына сіңіру жолында еліміздің білім ошақтары ерекше рөл атқарады.

Солардың бірі – Абай есімін иеленген Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжі. Бұл оқу орны ұлы ақынның атын ғана емес, оның парасатты болмысын, білімге деген құштарлығын, адамгершілік құндылықтарын да шәкірт жүрегіне сіңіріп келе жатқан білім мен тәрбие ордасы. Колледж қабырғасындағы әрбір оқу жылы – Абай рухына тағзым, оның ұлағатты өсиеттеріне үн қосу, жаңа ғасыр жастарын кемел болашаққа тәрбиелеу жолындағы жүйелі еңбек.
Колледждің негізі 1920 жылы Шымкент қаласында педагогикалық техникум болып құрылудан басталған. Алғашқы директоры – қоғам қайраткері Сегізбай Айзұнов. 1926-1929 жылдары Техникумның директорлық қызметін халқымыздың біртуар ұлы, көрнекті жазушы, ірі қоғам қайраткері Жүсіпбек Аймауытов басқарды. 1929 жылы техникум Сырдария округтік Атқару комитетінің қаулысымен Шымкеттен Әулиеатаға көшіріліп, осы оқу орнының 1926 жылғы түлегі Шерім Ерманов директор болып тағайындалды. 1939 жылға дейін барлық мамандық бойынша білім тек қазақ тілінде берілді де, осы жылы орыс бөлімі ашылды. Училищенің 100 адамдық жатақханасы болған. 1940 жылы оқу орнының профилі түбегейлі өзгеріп, Жамбыл педагогикалық училищесі деп қайта аталды.
Училище облыс көлемінде қазақ және орыс мектептерінің бастауыш сыныптарының мұғалімдерін даярлайтын жалғыз оқу орны еді. 1945 жылы оқу орнына қазақтың біртуар ұлы Абай Құнанбаевтың есімі берілді. Училище жыл өткен сайын барлық жағынан өркендеп, өсуде болды. Қабылданатын талапкерлер көбейген сайын оқытушылардың да саны арта түсті. Олар біліктіліктерін жетілдірумен қатар білім беру жүйесін дамытып, әдістемесін жаңартып отырды. Білім сапасы да қарқындап арта түсті. Сапалы оқу мен еңбекті ұштастыра білген оқу орны Одақтық Халық ағарту бөлімінің ауыспалы Қызыл туын 3 рет жеңіп алып, бірнеше рет Оқу Министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. 1970 жылы уақыт талабына сәйкес «Мектепке дейінгі» мекеме мамандарын даярлайтын бөлім ашылып, бастауыш сынып мұғалімдерімен бірге мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиешілерін даярлау жолға қойылды. Сонымен қатар негізгі мектептерде даярлау да көзделді.
1997 жылы Тәуелсіз Қазақстанда білім саласын реформалау, білім беруді жетілдіру және оқу орындарын ірілендіру мақсатында ҚР Үкіметінің 24.12.1996 жылғы қаулысы, ҚР Білім министрлігінің 15.01.1997 жылғы қаулысы негізінде Абай атындағы Жамбыл педагогикалық колледжі мен Жамбыл орталық мәдениет колледжі біріктіріліп – Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжі болып қайта құрылды. Бүгінгі күнге дейін 30 мыңға жуық түлек түрлі салада еңбек етіп, еліміздің өркендеуіне үлес қосты. Солардың қатарында ақын Сырбай Мауленов, академик Төлеген Тәжібаев, ғылым докторлары Мәулен Балақаев, Нығметулла Киікбаев, Жанғара Дәдебаев, Тұяқбай Рысбеков, Лесхан Байсерке, профессор Рахыш Әміров, әдеби зерттеуші Балтабай Адамбаев, ақын Әдібай Табылдиев, жазушы Мейірхан Қуанышбаев, Жамбыл облыстық халық ағарту басқармасының бастығы болған Жатай Жұмаділов, Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі Арғынбай Бекбосын, балалар жазушысы Сұлтан Қалиев, КСРО-ның озат оқытушысы Әкім Садықбеков, Талас ауданының «Құрметті азаматы» Ералы Дадабаев, ақын Шырын Мамасерікова, жазушы Тынышбай Рахымов бар. Бұлардан да өзге еліміздің түкпір-түкпірінде жемісті қызмет атқарып жүрген түлектеріміз жетерлік.
Колледж жыл өткен сайын заман талабына сай жаңашыл өзгерістер енгізумен қатар сұранысқа ие мамандықтар ашып, оларды рухани жаңартуға бейімдеуді көздеп келеді. Қазіргі таңда 11 мамандық, 15 біліктілік бойынша 1085 студент білім алуда. Оларға 189 оқытушы тәлім береді. Оның 7-і «Ы.Алтынсарин атындағы» медальдің , 1 ұстаз ҚР Білім беру ісінің үздігі, 1 ұстаз ҚР «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен, 19 ұстаз ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, 7 ұстаз аталған министрліктің Алғыс хатымен марапатталған. Сондай-ақ 2 ұстаз Қазақстан Республикасының Суретшілер одағының мүшесі, 25 ұстаз «магистр» дәрежелерін иеленген.
Қазіргі таңда колледж аумағында автоматтандырылған ресурстар, ақпарат алмасу орталығы, WIFI (50 мг/сек) желісі, автоматтандырылған оқытушылар жүктемесі, КАБИС бағдарламасы негізіндегі электронды кітапхана қызмет етеді. Екі ауысымдық дәріс алуға жеткілікті оқу кабинеттері бар. Сондай-ақ колледж базасында спорт зал, жаттығу залы, ритмика, хореография залы, 2 абонемент, 2 оқу залы бар кітапхана, мұражай, көрме залы, асхана, «Абайтану» орталығы, «Кәсіптік бағдар беру алаңы» мен «Кәсіптік бағдар беру» кабинеті де орналасқан. Сонымен қатар психологиялық көмек орталығы мен Студенттік Парламент те жемісті жұмыс атқаруда. Оқу ұясымен қазіргі таңда әлеуметтік серіктес ретінде 27 мекеме жұмыс істейді.
– Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының бастамасымен білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайту бағытында маңызды қадамдар жасалуда. Осы орайда, халықаралық деңгейде Сингапур мемлекетінің Marshall cavendish education компаниясымен, И.Арабаев атындағы Қырғыз Мемлекеттік университеті гуманитарлық-педагогикалық колледжімен, Турция мемлекетіндегі Анкара музыка және бейнелеу өнері университетімен, Қытай Халық Республикасындағы Синьцзян педагогикалық институтымен және Корея мемлекетіндегі KARIS ассоциациясы (Korea TVET University and College Association for Recruiting International Students) – ТжКБ саласындағы қолданбалы білім мен халықаралық қарым-қатынастар бойынша Оңтүстік Кореяның колледждер бірлестігімен ынтымақтастық меморандумы жасалынды. Бұған қоса өнер бағытындағы мамандықтарды даярлауда 90 жылдам астам тарихы бар П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжімен, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясымен, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясымен, Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжімен, Мұрын жырау Сеңгірбекұлы атындағы Маңғыстау жоғары педагогикалық колледжімен, М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледждерімен ынтымақтастық меморандумы әзірленген. Келісім аясында білім беру саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыру, оқу бағдарламаларын жетілдіру, студенттердің кәсіби дағдыларын дамыту, тиімді инновациялық жобаларды әзірлеу және енгізуге бағытталған бірлескен жұмыстар жүргізіледі. Сондай- ақ Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің «Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы» РМҚК, Алматы гуманитарлық-экономикалық университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институты, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетімен, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетімен, Шымкент қаласындағы «Мирас» университеттерімен де меморандумдар жасалған. Бұған қоса Жамбыл облысындағы бірнеше оқу ордасы, оның ішінде «125 International school of Taraz» мектебімен, Тараз қаласының мектепке дейінгі мекемелерімен, өнер мектептерімен де екі жақты меморандумдар жасалып, берік байланыс орнатылды. Университет пен колледж ынтымақтастығы аясында Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжі базасында Алматы гуманитарлы–экономикалық университетінің «Педагогика, психология және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының филиалы ашылды, – деді колледж директоры Саясат Есеев.
Сондай-ақ, колледж басшысының айтуынша, Жамбыл облысының техникалық және кәсіптік білім беру саласын дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған Жол картасы негізінде тірек колледжі ретінде педагогогикалық бағытта бекітілген.
– Аталған жоба аясында колледждің іс-тәжірибесі облыста педагог мамандарды даярлайтын 6 жекеменшік колледжге бекітілген іс-шараға сәйкес таратылды. Олар: Тараз «Парасат» колледжі,Тараз инновациялық көп салалы колледжі, «Астана» көпсалалы колледжі,А.Асқаров атындағы Меркі көпсалалы колледжі, «Білім» кәсіби гуманитарлық –техникалық колледжі, Қаратау білім, технология және бизнес колледжі. Мұндағы мақсат – колледждің оқу процесінің сапасын басқарудың инновациялық стилімен таныстыру, тәжірибе алмасу, — деді Саясат Керімбекұлы.
Оқу ордасының қол жеткізген толайым табыстары да баршылық. Білім ошағы 2019, 2023 жылдары техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасында өткен байқаудың жеңімпазы ретінде «Үздік колледж» номинациясын иеленіп, 1 000 000 теңгенің сертификатына қол жеткізді. Заманауи талаптарға сай, кәсіби құзыретті маман даярлауда өзіндік жүйесі қалыптасқан, тамырын тереңге жайған білім ордасы халықаралық, республикалық, облыстық сайыстарда да үнемі жеңіс тұғырынан көрінуде. Атап айтсақ, «Талап» КЕАҚ Қазақстан Республикасының колледждерінің қызметін бағалау, қамтамасыз ету және қосымша сапасын арттыру, ынталандыру үшін мониторинг бойынша 2019 жылы оқу орны 214 колледждің ішінде гуманитарлық-экономикалық бағыты бойынша 1-орынды, 2019-2020 оқу жылының қорытындысы бойынша «Өнер және гуманитарлық ғылымдар бейіні бойынша да 1-орынды иеленді. Сонымен қатар «Табысты менеджмент – 2021» облыстық байқауында ұжымды басқарудағы заманауи стилі мен жаңашылдығын көрсеткені үшін II орынға лайық деп танылды.
Ұстаздарымыздың жекелеген жетістіктері де жетерлік. Оның ішінде республикалық «2017 жылдың үздік педагогі» атағының иегері Сандуғаш Наметкулова, облыстық «Үздік педагог – 2020» байқауында ІІІ орынды еншілеген колледж оқытушысы Нұризат Асанова, «Үздік педагог – 2021» байқауының ІІІ орын иегері Рабиға Тағашбаева, «Үздік педагог – 2023» байқауында ІІ орынды олжалаған Айжан Баялиева және «Үздік педагог – 2024» байқауында І орынға қол жеткізген Айжан Баялиеваны айрықша атап өткеніміз абзал.
Сонымен қатар 4 жыл қатарынан Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің базасында өткізілген «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері арасындағы мәдениет және өнер саласы бойынша кәсіби шеберліктің республикалық конкурсында 8 оқытушы – Бас жүлде, 7 оқытушы – І орын, 11 оқытушы – ІІ орын, 11 оқытушы – ІІІ орын және 6 оқытушы түрлі номинацияларға ие болды.Бұлардан бөлек түрлі білім бәйгелерінен олжалы оралған ұлағатты ұстаздарымыз мол. Олардың барлығының атын атап, түсін түстеу бір мақалаға сыймайтыны белгілі. Олардың әрқайсысының колледжіміздің дамуына қосып жатқан үлестері ұшан-теңіз.
Хәкімнің 180 жылдық торқалы тойы колледж ұжымының назарынан бір сәтке де тыс қалған емес. Ұлы ақынның мерейтойы жылдың басынан бері кең көлемде аталып өтіліп келеді. Соның бір мысалы – Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына арналған «Абай тағылымы — ұлттық құндылықтар мен қазіргі білім беру жүйесінің негізі» атты облыстық ғылыми конференциясы өтті.
Пленарлық отырыс аясында М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің доценті, ф.ғ.к. Т. Мұқашев «Абайдың “толық адам” ілімі – Мекемтас Мырзахметұлы зерттеулерінде», доцент, ф.ғ.к. С.Шормақова «Абай және шешендік өнер» тақырыптарында баяндамалар оқып, Абай шығармаларындағы ұлттық құндылықтардың тәлім-тәрбиелік маңыздылығы, оның дүниетанымындағы рухани құндылықтарды зерделеу жайлы құнды ақпараттармен таныстырды.
Конференция барысында «Абай орталығы» ашылды. Аталған орталық алдағы уақытта абайтану ғылымының аясын кеңейтуге бағытталған танымдық дәрістер өткізіп, ұлы тұлғаның мұрасын зерттеу, сақтау және болашақ ұрпаққа жеткізу мақсатында жұмыс істейтін болады.
Мерекелік іс-шаралар легі колледж ұжымы ұйымдастырған «Абай мұрасы: Қазақтың ұлттық рухы» атты кәсіптік бағдар беру – театрландырылған концерттік кешімен жалғасын тапты.
Мектеп оқушылары мен жастардың кәсіби бағдарын қалыптастыру, болашақ мамандықты саналы таңдауға бағыт беру және Абай мұрасын насихаттау мақсатында өткен іс-шараға мектеп оқушылары, ата-аналар және әлеуметтік серіктестер кеңінен тартылды. Кеш мазмұны жағынан терең, мағынасы биік екі кезеңнен тұрды. Айталық, бірінші бөлімде қатысушылар назарына «Абай мұрасы» тақырыбындағы және колледжде оқытылатын мамандықтар бойынша мазмұнды көрме ұсынылды. Осы көрме арқылы жастар Абай шығармашылығының тереңіне үңіліп, колледждің білім беру бағыттарымен танысу мүмкіндігіне ие болды.
Екінші кезеңде Абай Құнанбайұлының шығармаларынан шабыт алған театрландырылған қойылымдар мен концерттік нөмірлер сахналанды. Кеш барысында Абайдың поэзиясы мен қара сөздері көркем бейнелермен, сахналық қойылымдармен ұштастырылып, көрермендерге рухани әсер сыйлады. Кеш соңында Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінде оқытылатын мамандықтар шеру түрінде таныстырылып, жастарға оқу ордасының білім беру мүмкіндіктері кеңінен насихатталды.
Биыл іргетасы қаланғанына 105 жыл толып отырған Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжі – тек білім беру мекемесі ғана емес, рухани ұстаным мен адамгершілік асыл қасиеттерді бойына дарытқан кемел ұрпақ тәрбиелеудің ордасы. Бұл оқу орнының әрбір жетістігі – Абай мұрасына көрсетілген тағзымның, ал әрбір түлегі – кемеңгердің рухани ықпалымен қалыптасқан тұлғаның айғағы. Абай ілімін арқау еткен колледж болашаққа сеніммен қадам басып, елдің ертеңі болатын жас буынның жүрегіне нұр құйып келеді. Ұлт руханиятының алтын өзегін ұлықтау жолында колледж ұжымы мен студенттері әлі де талай биіктерді бағындырары сөзсіз.

Бағила Абжапарова,
Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжі директорының ғылыми- әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары.

ТАРАЗ қаласы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.