Ещё один сайт на WordPress

МҰХТАР ТАЛҚАНБАЕВ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҰСТАЗЫ

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұстаздардың кәсіби мерекесі қарсаңында бір топ білім саласының маманын арнайы қабылдап, ізгі тілегін білдірді.

Президент өз сөзінде мұғалімдердің кәсіби мерекесі елімізде ерекше аталып өтетінін жеткізіп, ұстаздар қауымына зор құрмет көрсетілетінін айтты.
– Міржақып Дулатұлы «Халыққа ең пайдалы адам – мұғалім» деген. Мұғалім – әр азамат үшін өте қадірлі тұлға. Басқа сөзбен айтқанда, мұғалім – әрбір балаға өмір жолын көрсетеді. Ұстаз – тәлім-тәрбие мен білімнің қайнар көзі. Кез келген қоғамның кемелдігі, өркениеттілігі ұстазға деген қатынасымен өлшенеді. Ұстазын ұлықтаған елдің ұрпағы саналы, болашағы жарқын болары хақ. Себебі әр мұғалімнің еңбегі – ерен, еліміздің дамуына қосқан үлесі – орасан. Сондықтан бүгін мен білім беру саласында еңбек етіп жүрген барша азаматқа шынайы ризашылығымды білдіремін, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы озық ойлы ұлт болу үшін ең алдымен, білім-ғылымның дамуына баса мән беруіміз керек деп санайды.
– Соңғы бес жылда елімізде осы бағытта көп жұмыс істелді. Білім саласына бөлінетін қаржы үш есе артты. 1200 жаңа мектеп ашылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Осы жоба бойынша заман талабына сай 150 білім ошағы салынды. Сондай-ақ осындай 67 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Балалардың сапалы білім алуына қажетті барлық жағдай жасалуда. Бұл деректі халық білуі керек, себебі мемлекет жас ұрпақтың біліміне және ұстаздардың жағдайына баса назар аударып жатыр. Біз педагогтердің мәртебесін көтеріп, әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін нақты шараларды қолға алдық. Арнайы заң қабылдадық. Бүгінде ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті, — деген Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласына қосқан елеулі үлесі және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін бір топ ұстазды мемлекеттік наградамен марапаттады.
Президент қолынан мектеп мұғалімдерімен бірге колледж және жоғары оқу орындарының оқытушылары, сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар балалармен жұмыс істейтін мамандар да марапат алды. Солардың қатарында жамбылдық жерлесіміз, дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» лицей-интернатының мұғалімі Талқанбаев Мұхтар Дәулетұлы «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын иеленді.
– Мен үшін бұл марапат – тек жеке еңбегімнің ғана емес, барша ұстаздар қауымының маңдай тері мен адал қызметіне берілген баға деп қабылдаймын. Яғни, бұл – мыңдаған шәкірттің жүрегіне шырақ жаққан, олардың өміріне жол сілтеген әріптестеріме көрсетілген зор құрмет. Президент қолынан марапат алу үлкен жауапкершілік жүктейтін сәт. Бұл сәт мені ғана емес, артта тұрған бүкіл ұжымымды, мектебімді, тіпті облысымды биіктетіп тұрғандай сезілді.
Ұстаз – ұлттың ұлы мақсатын жүзеге асыратын тұлға. Сондықтан мемлекет тарапынан педагог мәртебесін көтеруге арналған нақты шаралар бізді жігерлендіріп, кәсіби дамуға, үнемі ізденіп отыруға шабыт береді. Әсіресе, білім беру саласындағы реформалар мен қолдау бағдарламалары – жас мамандарға сенімді болашаққа жол ашып, тәжірибелі ұстаздардың еңбегінің еленуіне мүмкіндік туғызып отыр. Сондықтан әрбір ұстаздың еңбегінің еленгенін тек бір мамандық иесіне көрсетілген ілтипат емес, ұлттың келешегіне салынған берік негіз деп қабылдауымыз қажет. Себебі біздің қолымыздан білім алған әр бала – елдің ертеңгі тірегі, мемлекеттің сенімді азаматы. Бұл марапатты алудағы ең үлкен қуаныш жас ұрпаққа қалтқысыз қызмет ету жолында аянбай еңбек еткенімнің қоғам мен мемлекет тарапынан бағалануы дер едім. Мұндай құрмет бізге үлкен үміт пен сенім артылып отырғанын көрсетеді. Ал сол сенімді ақтау – әр ұстаздың басты парызы. Болашақта да осы жолдан таймай, ұрпақ тәрбиесіне шын ықыласпен үлес қоса беремін, — деді Мұхтар Дәулетұлы.
Мұхтар Талқанбаев «Математикалық сауаттылық», «Математикалық сауаттылық бойынша есептер жинағы», «Математикалық сауаттылық бойынша тесттер жинағы», «Математикалық сауаттылық бойынша оқушының жұмыс дәптері», «5-11 сыныптарға арналған математика курсы бойынша есептер жинағы», «Математика пәні бойынша тақырыптық тесттер жинағы», 10-сыныпқа арналған геометрия пәні бойынша «Қорытынды бағалау тапсырмалары» және өзге де көптеген оқу-әдістемелік құралдардың авторы.
Ол «Тұлғаның шығармашылық қабілеттерін дамытуда метатанымды мақсат еткен тиімді оқыту жолдары» тақырыбында ғылыми-шығармашылық ізденіс жүргізіп келеді. Сонымен қатар, мектеп оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендердің сарапшысы.
Мұхтар Талқанбаев педагогикалық қызмет барысында түрлі олимпиадалар мен байқаулардың жүлдегері атанды. Сондай-ақ оқушылары да республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар жарыстарының жеңімпаздары.
Қорыта айтқанда ол өз ісінің білікті, жоғары адамгершілік қасиетке ие, жаңашыл идеяларды зерттеумен айналысатын, коммуникативтік қабілеті жоғары педагог ретінде танылған маман. Сондықтан оған бұл марапаттың берілуі кездейсоқтық емес, заңдылық іспетті.

Қ.Аманкелдіұлы,
журналист.
Тараз қаласы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.