ӘРБІР ЖЕТІСТІГІМ – АТА-АНАМНЫҢ, БАУЫРЛАРЫМ МЕН ҰСТАЗДАРЫМНЫҢ ЕҢБЕГІНІҢ ЖЕМІСІ
Әрбір адамның жүрегінде мәңгі сақталатын, қайта оралмайтын бір ғажап әлем бар. Ол – балалық шақ. Бұл кезең жан дүниені жылулыққа бөлейтін тәтті естеліктерге, шынайы қуаныш пен таза сезімдерге толы. Уақыт алға жылжыған сайын, балалықтың әрбір сәті алтынға бергісіз құндылыққа айналады. Әсіресе, бүгінде ұрпақ тәрбиелеп жүрген, өмірін білім мен тәрбиеге арнаған ұстаздардың балалық шағы болашаққа сәуле шашқан алғашқы шырақ іспетті. Сол бір қарапайым, бірақ жүрекке ыстық естеліктер арқылы біз ұстаз тұлғасының рухани әлеміне үңілеміз. Өйткені әрбір үлкен жүрек иесінің артында арманшыл бір бала тұрғаны анық. Біздің «Балалық шаққа саяхат» айдарымыздың бүгінгі кейіпкері – «Білім» кәсіби гуманитарлық-техникалық колледжінің құрылтайшысы әрі директоры Жанат Ертаева да сол бір бал дәуреннің шуақты сәттерін сағынышпен еске алады.
Жанат Әкебайқызы 1975 жылы Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Мойынқұм ауылында дүниеге келген. Мойынқұм ауданы, Қарабөгет ауылындағы «Маяк» орта мектебінде білім алған.
– Әкем – өте еңбекқор, өз ісіне адал жан. Еңбек жолын аудандық газетте тілші болып бастап, өзі әрі тілші, әрі фото-тілшілікпен айналысқан. Журналистік қызметтің қиындығына қарамастан, ауыл-аймақты аралап, халықтың өмірін жазып, елдің үнін жеткізген. Мен дүниеге келген соң, әкемнің үлкен ағасы, ғалым Ерболған Ертаев ақылын айтып:
– Сен ауылға келген сайын үйде жоқсың, іссапардасың. Журналистің жұмысы отбасылы адамға қиын. Жоғары оқу оқы, білім ал, болашағыңа мықты негіз сал. Қызың мектепкебарғанша қой бағасың, кейін Алматыға барып, мал-дәрігерлік институтты тәмамдайсың, — деп бағыт-бағдар берген екен. Әкем ағасының ақылын тыңдап, алға қойған жоспарын толық орындап шықты. Бес жылдың ішінде жоғары білім алып, партия қатарына өтіп, үш баланың әкесі атанды. Қарабөгет қаракөл совхозының зоотехнигі болып еңбек жолын жалғастырды.
Осы жолда анам әрдайым әкемнің жанынан табылды. Әкем оқуда жүргенде бір отар қойды өзі бағып, бала тәрбиелеп, өмірдің бар қиындығын мойымай көтерді. Қыста қыстауда, жазда жайлауда, Хантауының бөктерінде әкемнің қас-қабағына қарап, бүкіл шаруаны тындырып отырған. Анамның мамандығы есепші еді, сауда саласында қызмет атқарды. Ол өте төзімді, мейірімді, бір әулеттің берекесін ұйытып отырған жан болды. Өкінішке қарай, 2018 жылы анам бақилық болып, бізді қимас сағынышқа қалдырды. Ал бүгінде 75 жастағы әкем – немерелерінің ортасындағы қадірлі ақсақал. Еліне сыйлы, абыройлы, ардақты жан. Оның өмірі – еңбек пен адалдықтың, төзім мен қайсарлықтың үлгісі. Үйде бес баламыз, үш інім, бір сіңілім бар, — деген кейіпкеріміз бала кезде елші, дипломат болуды армандапты.
– Мектепте алғашқы ұстазым Айтолқын Амангельдиева деген әпки болды. Ол кісі өте талапшыл, еңбекқор, шыншыл, адал. Ұстазымыз өте қатал еді. Осы тұста ойыма бір оқиға оралып отыр. Бірде құрбы қыздармен жиналып, бір сыныптасымыздың үйіне «сухой вечер» жасамақшы болдық. Бар ойымыз – жай билеп қайту. Ол «вечеріміз» күндіз болғандықтан терезелерді қараңғыладық. Ол кезде жоғары сыныпта оқитынбыз. Соны бастауыш сыныпта сабақ берген Айтолқын ұстазымыз естіп, мектептің алдына бүкіл оқушыны жинап, сапқа тұрғызып, «вечерге» барған қыздарды ортаға шығарып: «Мен сендерге «вечер» жасауды үйретіп пе едім?» деп, шапалақпен тартып-тартып жіберді. Есіміз шығып, сасқалақтап, әпкиіміз оң бетімізден шапалақтаса, сол бетімізді сипалап, қызарып, біреулер аяса, енді бірінің күлкісіне қалған жайымыз бар. «Мектептен кет, СПТУ ға көзіңді құрт» деген сөздер де айтылды. Мектептің белсенді оқушысы, түрлі білім олимпиадаларының жүлдегері болсам да, сондай сөз естігеніме ыза болып, әкеме келіп, мектептен училищеге кетемін деп бекінгенімді жеткіздім. Ата-анамды көндіріп, «Училищені үздік бітіріп, Қарағандыдағы жоғарғы оқуға емтихансыз түсемін» дедім. Әкем онымды құптады. Сонымен жаз келді де училищеге түсу туралы ойымнан айныдым. Әкемді «Ондағы балалар бұзық, темекі шегеді, арақ ішеді екен, мен соларға ілесіп кетуім мүмкін» деп қорқыттым. Сөйтіп күзде мектепке қайта келдім де училище туралы әңгіме аяқталды.
Бірақ мен жоғарыда айтқанымдай елші, дипломат болуды қаладым. Әкеммен бірге Алматыдағы шет тілдер институтына оқуға түсу үшін құжат өткізуге келдік. Корпус жанындағы скверде жас қыздар темекі шегіп отыр екен, соны көрген әкем «Ана қыздар құсап сенде темекі шегіп кетесің, оқымайсың!» деп, менің құжатымды тапсыртпады. Бұған қоса «Сен кезінде училищеге сондай қыздарға ілесіп кетемін деп түспей қойғансың» деп бұрынғы жағдайды есіме салды. Сонымен шет тілдер инстуты да арманға айналды, — деп ағынан жарылды өткен күндерге көз тастаған Жанат Әкебайқызы.
Балалық шақ – адам жанының ең нәзік те шынайы сәттерге толы кезеңі. Бұл шақта әр күн жаңа бір оқиға, әр сәт – ұмытылмас естелік. Шыны керек, балалық кездегі кейбір қызықты оқиғалар уақыт өте келе жүрек түбінде қайта-қайта жаңғырып, жүзіңе еріксіз күлкі үйіреді. Бұл естеліктер ؘ– ешбір көркем шығарманың сценарийіне сыймайтын, шынайылығымен бағалы өмір парақтары. Шыр етіп дүние есігін ашқаннан бастап, адам бойына ізгілік пен мейірімділік дарытатын осы кезең рухани қалыптасудың бастауы іспетті.
Балалық шақтың қадірі де сол оқиғалар мен тәтті сәттерде жатыр. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де сол балғын шақтағы қызықты оқиғаларын, қарапайым да мағыналы сәттерін жүрек тереңінен суырып, бізбен бөлісті.
– Менің екінші бауырым шала туды. Бес жасқа дейін «мешел» болып, жүріп, тұра алмаған. Мен алты жасымнан сол інімді арқалап, қарадым. Ол бауырымсыз мені ешқайда жібермейді, ойнасам да арқалап жүруім керек. Бір күні тығылыспақ ойнаймыз, мен тығылайын десем бауырым дауыс шығарып, мені тауып алады. Сонымен, «сен де тығыл» деп, үлкен кірленді төңкере саламын ғой. Ойынның қызығына батып, ұмытып кеткем. Кешкісін даладағы тапшанда тамақ ішіп отырсақ, әлгі кірлен қозғалып, ала көлеңкеде қорқынышты көрінді. Барлығымыз үркіп қарап отырмыз. Бір кезде әкем кірленді көтеріп қалып еді, астындағы інім қап-қара болып тұтығып, қара терге шомылыпты. Мүмкін сол кірленнің астында 1-2 сағат ұйықтап та алған шығар. Сол үшін анамнан таяқ жедім. Анам оқтаумен ұратын.
Бала кезде қыздармен ауылдың шетінен күзде жиде теретінбіз. Арқамда інім, онсыз үйден бір қадам шыға алмаймын. Жиде теруге барғым келеді, достарым, «алып шық, кезек-кезек көтереміз» дейді. Менсіз ешкім барғысы келмейді. Сонымен жарайды деп шықтық. Біраздан соң шаршап, інімді ауылға велосипедпен кетіп бара жатқан балалардан беріп жібердім. Үйден шықтым, болды деп ойлаған шығармын, қайта келетінімді қаперге алмасам керек. Келсем анам ашулы, содан мені оқтаумен ұрамын деп қолы қайырылып, саусақтары шығып кеткен болатын. Бірақ содан кейін анам мені ұруды қойды, бәлкім аяған болар. Сол «мешел» бауырым қазір еңгезердей жігіт, үйлі-баранды, — деген Жанат Ертаева өзге де бауырлары жайлы жан сырын ақтарды.
– Менен екі жасқа кіші үлкен інім өте ақылды, пысық, білімді болды бала кезінде. Анам маған сабақ оқытып отырса, ол жаттап, есептеп, дәптерді толтырып тастайтын. Анам жоқта тез-тез сол ініме жазғызып қоятынмын. Содан келесі жылы мектепке барамын деп, менен қалмай, бір жылға ерте барды. Мектепте де жақсы оқыды.
Үшінші інім қырсық, айтқанынан қайтпайтын. Сабақ оқытып, «Бір алмаға екі алма қоссаң неше болады?» десең, қане, алмаңды бірінші көрсет, сосын айтамын деп талай шатақ шығарған. Ол да қазіргі таңда көп балалы әке атанып отыр.
Ал, сіңілім туралы айтсам, оның өзі бір тарих. «Елдің әпкесі бар, сіңілісі бар, менде жоқ» деп анамның мазасын алғанымын. Көшедегі балаларға конфет таратып, қайта жинап алатынмын. Сондағым «Қызғаншақ болсам, мамам маған қыз туып береді» деген өзінше ұстаным ғой. Араға уақыт салып, сол арман- тілегімді анам орындап, өзімнен дәл он жасқа кіші сіңілі сыйлады. Ол үшін ата-анама мың алғыс. Осындай сіңлімнің барына Аллаға шүкіршілік етемін. Ізімнен ерген сіңілім қазір алты баланың анасы, жаныма сая болып, көңіліме қарап келеді, — деді кейіпкеріміз.
Балалық шақтың мәңгілік естеліктерге айналатын ең жарқын беттері алғашқы ұстаздармен және сыныптастармен өткен сәттерге толы. Солардың жанында жүріп, әр бала өмірдің алғашқы сабақтарын үйренеді. Сыйластықты, достықты, жауапкершілікті, кейде жеңілісті де ұғынады. Алғаш рет партаға отырған сәт, мұғалімнің мейірімге толы қарасы, сыныптаспен бөліскен бір үзім нан – бұлардың бәрі де адамның жүрегінде терең із қалдырады. Ұстаз – бала қиялын қанаттандыратын шамшырақ болса, сыныптастар – сол балалық дәуреннің бірге жетілген гүлдері. Кейіпкеріміздің де өмірде өз орнын табуына ұстаздары мен достарының септігі мол болған.
– Мектепте үлгі тұтқан ұстазым – математика пәнінің мұғалімі Рахмаш ағай еді. Біз мектепте компьютер көрмесек те информатикаға деген қызығушылығымызды арттырды. Кітаптағы суретті көрсетіп, клавиатураның суретіндегі әріптерді басып, қолымызды жаттықтыратын. Соның арқасында мен кейін жоғарғы оқу орнында мәтінді жылдам теріп, бітірушілердің дипломдарын қағазға түсіріп, басып, шығарып, біраз ақша тауып, ең ақшалы студент болдым. Жалпы, Мойынқұм елінің халқы жайлы, кең, қонақжай. Менің сыныптастарым да сондай қарапайым, ақжарқын жандар. Әлі күнге кездесіп, бас қосып, отбасымызбен араласып тұрамыз. Қорыта айтсам, өмір жолымда ата-анамның еңбегі мен тәрбиесі, бауырларымның қолдауы, ұстаздарымның бағыт-бағдары ерекше орын алды. Әрбір жетістігім – солардың еңбегінің жемісі. Ал ең бастысы – елге адал қызмет ету, білім мен тәрбиені болашақ ұрпаққа жеткізу – менің өмірлік мақсатым, — деді балалық шағына саяхат жасаған Жанат Әкебайқызы.
Жанат Ертаева мектепті тәмамдаған соң Алматыдағы қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «физика және информатика мамандығында» білім алды. Кейін магистратура, аспирантурада білімін жалғастырып, ғылыми жолға қадам басты. Ядролық физика зерттеу институтында жас ғалым болды және Қазақстан ақпарат, басқару және технология институтында оқу бөлімін басқарды.
Кейін Тараз қаласында Ақпараттану, байланыс және технология колледжінде директордың орынбасары қызметін атқарып, білім саласындағы тәжірибесін одан әрі тереңдетті. Бүгінде «Білім» кәсіби гуманитарлық-техникалық колледжінің құрылтайшысы әрі директоры ретінде елдің болашағы – жастардың сапалы білім алуына сүбелі үлес қосып келеді.
Оқу-ағарту саласындағы ұзақ жылғы еңбегім еленіп, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Үздік білім қызметкері» төсбелгісін иеленген. 40-тан астам ғылыми мақала мен кітаптың авторы.
Әңгімелескен Қ.Аманкелдіұлы,
журналист.
Тараз қаласы.
