ЖЕТПІС БЕЛЕСІҢМЕН ЖАҚСЫ ІНІМ
Адамзат баласының қай-қайсысы болмасын өзіне тән өмір жолы, тіршілігінің баяны бар. Әлбетте әркімнің еткен еңбегі, көрген бейнеті мен татқан зейнеті, алған асу-бел, биігі әртүрлі. Оны сырткөз өз өресі тұрғысынан бағалап жатады. Сондағы көпшілік қауымның іздейтіні біреу ғана: ол – кісілік келбет, азаматтық тұлға. Оған – дәп осындай адами асқақ қасиетке, ғұмыр дариясын қанша кешсе де, жеткен де, жетпеген де бар. Жеткені – өз болмысына қанмен берілген асыл қасиеттің арқасында парасат биігіне шығып, абыройы аспандап жатады. Әуесбай Бақбергенұлын абыройы аспандаған сондай сыйлы інім деп санаймын.
Мен ес білгелі өмірімнің сан қилы өткелінде сыртта жүрдім. 1956 жылы мектеп бітіріп ауылдан кеткелі қырғыз елінде, одан кейін Алматыда еңбек еттік. Шалғайда жүрсек те баба қоныс – туған жеріміз Бірлес ауылымен шама-шарқымызша байланысты үзбедік. Ауылымыздың тарихын да аз-кем біле жүргеннің айыбы жоқ. Бұрынғы Бірлес ауылымыз бүгінде Сәлімбай Пармановтың есімімен аталады. Сәлімбай Парманов алғашқылардың бірі боп колхоз құрушы және 30 жыл бойына колхоз басқарған іскер басшы, шебер ұйымдастырушы, ауылымыздан шыққан еліміздің құрметті азамат. 1955 жылы «30 жылдық Қазақстан» колхозы құрылып, оған «Шолаққайыңды», «Көкарық» және «Бірлес» бөлімшелері кірген екен. Орталығы — «Көкарық» ауылы болыпты. Осы колхоздың алғашқы төрағасы – Бірлес ауылының тумасы Сәлімбай Парманов болған. Әуесбай інім екеуіміз осы Бірлес, кейін Сәлімбай атамыздың атымен аталған ауылдың түлегіміз. Бірлес ауылында Әуесбайдың әкесі Бақберген атамыздың үйімен көрші тұрдық. Үйлеріміздің арасын тек екі үй ғана бөліп тұрушы еді. Әуесбай оның үстіне менің ағам Сейітжанның қызы Аманкүлдің кластас құрдасы.
Біздің бауыр болып араласқанымыздың бір белгісі — қандай отбасылық рәсіміміз болмасын, Әуесбай інім үнемі қасымнан табылып, асыл сәттеріме ортақтасты. Сондай мерейлі күндерімнің бірі – Бішкекте дүркіреп өткен 60 жастық мерейтойым еді. Алпыс – адамның ғұмыр керуеніндегі межелі белес қой. Бұл, өмір мектебінен тәлім алып, тәжірибе жиып-теріп, ой түйетін нағыз зиялы шақ. Қазақтың Шерағасы «алпыс – тал түс» деп бекер айтпаса керек. Өткен өмірге көз жүгіртіп, «қолымнан не келді? не істей алдым? тағы не істеуім керек?» деп өзіңе іштей есеп беретін уақыт. Осынау шуақты мерекемді ұйымдастырып, той тізгінін ұстату үшін Тараздағы Әуесбай інімді шақырған едім. Мерейтойлық іс-шарамыз қырғыз жерінде өтетіндіктен бір думанымызды қазақ және бір қырғыз асабасына тапсырдым. Қазақ тарапынан мерейжас қуанышыма орай інім Тараздан бір музыкант жігіт пен әнші қызды арнайы алып кеп, жоғары деңгейде өткізгені еш ұмытылмас. Алпыс жас тойымызға келген көпшілік қазақша айтқанда «халықаралық той», қырғызша айтқанда «эл аралык той» деп баға беріп, мерейімді үстем етті. Әуесбай бауырым қара костюм, қырғыз асабасы ақ костюм киіп тойымды жүргізгені де ерекше есте қалыпты. Ақ пен қара костюмдердің әдемі үйлесіміне назар аударған тойшыл әлеумет қазақ пен қырғыз біртуғандығының символикалық белгісіндей қабылдап еді. Ағайынның қадірі қуаныш-қайғыда ортақтаса білгенінде арта түседі. Менің ғана емес, ел-жұрттың талай қуанышына ортақтасқан Әуесбай інім халықтың ыстық ықыласына кенеліп, ақ батасын алған көпке сыйлы жан.
Жуырда журналист Қанат Әуесбай балам менен сұхбат алуға арнайылап тілші жіберген екен. Газеттен келген Ардақ Үсейінова есімді елгезек қызым Әуесбай інімнің отбасында осыдан 30 жылдан аса уақыт бұрын, яғни 1989 жылы болған оқиғаның егжей-тегжейін сұрады. Ол кезде Алматыда Сызғанов атындағы жүрек-қан тамырлары институтында қызметте едім. Рабиға келінімнің өкпесінде ісік пайда болып, соған қатысты үлкен уайым мазалап, маған жолыққан екен. Тараздық дәрігерлер Әуесбай ініме келіннің «аз ғана ғұмыры қалды, дайындала беріңіз» деп уайым үстіне уайым жамапты. Сол кезде Әуесбай інім тіпті, «үш баламен жалғыз қаламын ба?» деп күйзеліп, қатты әбігерге түскен екен. Мен диагнозды асықпай қарап, келінге ота жасауға ұлым Рәтанға жіберген екенмін. Бағына орай, ісік қатерсіз боп шығып, ота өте сәтті өткен. Бұл оқиғаны тілші арқылы журналист Қанат балам айтып жіберіпті. Тек шынымды айтсам, 30 жылдан аса уақыт өткен сол оқиға туралы мен тіпті, ұмытып та кетіппін. Өйткені, бұл менің үйреншікті әдетім. Біреуге жасаған жақсылығымды есімде сақтамаймын. Тез ұмытамын. Менің өмірлік қағидатым да сол – «қолыңнан келсе жәрдем ет, келмесе алдынан тоспа» деймін. Дәрігердің кәсіби өмір жолында сан мың науқас қолынан өтеді. Әрқайсының диагнозы оның тағдыры. Ақ халатты абзал жандардың міндеті – аурумен мұқият танысып, шамасы жеткенше емдеп жіберу. Емі біткен соң қалғаны Жаратушының қолында.
Өнегелі өмір соқпағында сыйластық пен достықтың ұлағатын ұлықтап, үлкенге құрмет, кішіге ізет болар дәстүрімізді үкілеп келе жатқан Әуесбай екеуіміздің арамызда ағалы-інілі жарасымды сыйластық жалғасып келе жатыр. Інімнің мағыналы өмірінің, шуақты шаңырағының алтын діңгегі — өмірлік қосағы Рабиға келінім екеуінің жалғасы, ертеңгі мәуелі жемісі – бауыр еті балалары мен алтын асықтай немерелері. Жетпіс дейтін асу-белге абыройлы жеткен мерейжасындағы бауырыма зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, әулетіне баянды бақыт тілеймін. Жетпіс белесіңмен жақсы інім!
| Сейітхан ЖОШЫБАЕВ,
ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі, кардиохирург, медицина ғылымдарының докторы, академик, «Парасат» орденінің иегері, Қазақстан жүрек-қан тамырлары хирургиясы қауымдастығының төрағасы
|
«Білім шырағы» педагогикалық-ақпараттық газеті
№6, 17 маусым 2022 ж.