Ещё один сайт на WordPress

БІЛІМ МЕН БІЛІК ЖАСПЕН ӨЛШЕНЕ МЕ?

0

Әр баланың санасына білім нәрін құйып, оны тәрбиемен ұштастыратын ұстаздарға деген құрмет қашанда ерекше. Олардың қызметі де сонысымен бағалы, абыройы сонысымен биік. Бүгінгі технологиялар дәуірі педагогтерден жаңашылдық пен икемділікті талап ететіні белгілі. Сол үшін де педагог мамандарға қойылар талап та жоғарылап келеді. Дегенмен бұл зейнет жасына толған ұстаздардың қызметін жалғастыруына кедергі келтіре ме? Бұл мақаланы жазуымызға шулық ардагер ұстаз Шамсат Смағұлованың редакциямызға жолдаған хаты түрткі болды.

Шамсат Байбосынқызы ұзақ жылдар бойы қарапайым мұғалімдіктен бастап аудандық білім бөлімі оқу-әдістемелік кабинетінің меңгерушісі қызметіне дейін көтерілген. Зейнетке шыққаннан кейін де аудандағы М.Мақатаев атындағы тірек орта мектебінде әдіскер болып жұмыс істеген. Білім ордасына тартылған 5 магниттік мектептің әдістемелік жұмыстарын жүргізіп, қанша педагогті әдістемелік, жаңа технологияны игеруге машықтандырған. Бұдан бөлек тізе берсе жетістігі жетіп артылады. Ол өз хатында зейнет жасына толған ұстаздарды бірден ысырып тастамай, бай тәжірибесін пайдалануға мүмкіндік берсе деген ұсынысын жеткізген.
– 2 жылдан астам уақыттан бері басшылар «зейнеткерді жұмысқа алмаймыз» деген талап енгізді. Рас, менің көксегенім әріптестерімнің штаттық қызметі емес. Яғни, тек мені ғана емес тәжірибесі мол ұстаздарды неге пайдаланбасқа? Бұған әлі де күш-қайратым, мүмкіндігім жетеді. Білім бөлімінің немесе ауданда ашылған «Оқушылар сарайының» бір штатына қызметке алса, бар күш-жігерімді жас ұрпақтың тәрбиесіне арнап, ұлттық құндылықтарды сіңіруге атсалысар едім. Осы арқылы білім саласының дамуына да пайдамды тигізгім келеді. Қазір тек білімді алға қойып, тәрбие жұмысын ақсатып алдық. Кейбір мектеп басшыларының да жұмысы көңіл көншітпейді, соған қарным ашады. Сондықтан да қара бастың қамы үшін емес, өскелең ұрпақтың тәлім-тәрбиесі үшін еңбек еткім келеді. Тәжірибесі мол, айтары бар ардагерлер қай салаға да керек-ақ, — деді ардагер ұстаз.
Осы орайда ресми мәліметке көз жүгіртсек, Қазақстанда 366 мыңнан астам педагог қызмет етсе, олардың ішінде зейнет жасындағы педагогтер саны 9 мыңнан астам. Зейнет жасына жақындаған педагогтер саны – 6 600. Сондай-ақ, 3 733 педагогке қажеттілік бар екен. Ал облысымызда 288 педагог зейнет жасында көрінеді. Бұл мәселеге өзге ұстаздар қандай пікірде? Біз солардың бірқатарына құлақ түріп көрдік.
Бірнеше жыл облыстық «Жамбыл дарыны» балалар мен жасөспірімдер орталығын басқарған Шариякүл Қашқынованың да сөзі жоғарыдағы пікірге саяды.
– Расында, неше жыл еңбек еткен, осы салада тер төккен ұстаздарға неге әрі қарай қызметін жалғастыруға мүмкіндік бермеске?! Олардан ешқандай зиян жоқ, қайта келер пайда ұшан-теңіз. Ардагер ұстаздар бар білгенін жас мамандарға, оқушыларға үйретсе бұл саламыздың да ілгерілуіне жол ашады. Сондықтан «өткенге тас атудың» еш қажеттілігі жоқ. Қайта зейнеттегі ұстаздармен үнемі кездесу өткізіп, дәрісін тыңдап, ақыл-кеңесіне құлақ түру артық етпейді, — деді Шариякүл Көпжасарқызы.
Ал саланың тағы бір ардагері, «Айқын» жекеменшік балабақшасының директоры Орынкүл Жүнісбекова Еңбек Кодексіне сәйкес зейнет жасына толғаннан кейін негізгі жұмысын тоқтатқаны дұрыс деп санайды.
– Әлбетте қажет болған жағдайда тәлімгер, көмекші ретінде жұмысқа қабылдаған дұрыс шығар. Алайда зейнет жасындағы адамның демалғаны дұрыс деп ойлаймын. Өйткені адамның ақыл ойы да шаршайды, жаңалықты ауыр қабылдайды, жұмысқа деген қызығушылығы да төмендейді. Сол үшін олардың зейнеткерлікке шыққан соң бала тәрбиесімен айналысқаны абзал. Қазір көпшілігіміз қызмет қуып, бала тәрбиесіне мүлде мән бермей кеттік. Сол үшін де балғындардың сана-сезімдерін жаңа технологиялар бүлдіруде. Сондықтан ұл-қыздарымызға ата-әженің тәрбиесі ауадай қажет. Ардагерлеріміздің сол үшін бар тәжірибесін, білгенін немерелеріне үйретіп, баулығаны дұрыс деп білемін. Бұл пікірім жасы келгеніне мойынұсынбай, өзін әлі де «мықты» сезінетін кейбір әріптестеріме арналуда. Отбасындағы тәрбиенің берік болуына үлес қосу білім саласының өркендеуіне қосылған үлеспен пара пар, — деген көзқарасын білдірді Орынкүл Тәжібайқызы.
Талас ауданы, Қаратау орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Зеберкүл Шардарбекова бұл мәселеге тек біржақты қарауға болмайтынын айтты.
– Бұған екі түрлі пікір білдіруге болады. Егер мұғалім өз пәнін жетік білетін, тәжірибесі мол, денсаулығы жақсы, ұжымына беделді болса онда қызметін жалғастырғаны дұрыс. Себебі адам баласының жаратылысы бірдей емес. Тумасынан ширақ, іскер, өмірге құштар ұстаздар бар. Мұндай педагогтерді мектеп пайдалана тұрғаны абзал. «Жақсы мұғалім мектептің жүрегі» деген сөз тегін айтылмаған. Олардың көрсетер үлгісі, үйретер тәлімі аз емес. Оның үстіне қазақтың: «Көпті көргеннен сұра» деген нақылын ескерсек үлкендер жүрген жерде қанша дегенмен жасөспірімдер де, жас мамандар да ілтипаттың, үлкенге ізет көрсетудің үлгісін көріп өседі. Егер мұғалімдерге сағат жетпей жатса тәлімгерлік үйірмелер беріп, оқушыларды қосымша оқытуға мүмкіндік берген дұрыс. Әрине, мәңгілік ештеңе жоқ, адам да темір емес. Жұмыстан қажыған адам өзі де қызметін күндердің бір күні тоқтатыны анық қой. Ал енді педагогтік еңбек өтілінде тек жаттанды сабақ беріп қана келген мұғалім болса онда сөз басқа. Үнемі шаршап, денсаулығы сыр беріп жүрген мұғалім оқушыны да қызықтыра алмайды. Қазір көп білім ордаларын сауатсыздық жайлап барады. Бұл тұрғыда педагогтерден де көп қателік кетуде. Сондықтан мұндай әріптестеріміз зейнетке уақытында кеткендері жөн, — дейді ұстаз.
Қалай десек те, бұл мәселеге бір жақты қарауға болмайды. Ең бастысы біліміне білігі сай, өскелең ұрпаққа тәлім бере алатын, сол жолда жан аямайтын ұстаздардың қарасының қалың болуы.

Қ.АМАНКЕЛДІҰЛЫ,
журналист.

Leave A Reply

Your email address will not be published.