Ещё один сайт на WordPress

БҰЛ МАРАПАТ БІЗДІ ОДАН ӘРІ ҚАНАТТАНДЫРЫП, АЛҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ

0

Жуырда өткен «Білім сапасы мен адами капитал: жаңа оқу жылындағы өңірлік басымдықтар» тақырыбындағы ұстаздардың облыстық Тамыз кеңесінде білім беру саласындағы үздіктер анықталып, озық тәжірибелер сараланды.
Маңызды жиында Тараз қаласындағы Әлихан Бөкейхан атындағы №1 гимназия «Орта білім беретін үздік ұйым» атанып, 68 миллион теңге көлеміндегі грантқа ие болды.
Осынау айтулы жетістікке орай оқу ордасының толайым табыстары, шәкірттері мен ұстаздарының бағындырған белестері және өзге де атқарылған жұмыстар жөнінде гимназия директоры Асем Махановамен сұхбаттасқан едік.

– Асем Нұрғалиқызы, әңгімеңіздің әлқиссасын оқу ордасының құрылу тарихынан бастасақ…
– Гимназияның тарихы 1878 жылдың 1 шілдесінен бастау алады. Дәл осы күні қаладағы алғашқы мектеп ретінде есігін айқара ашқан білім ошағы өңірдегі ағартушылықтың алғашқы қарлығашына айналды. Ол кезең қазақ даласында білім беру ісі енді ғана жүйелене бастаған уақыт болатын. Соған қарамастан, бұл оқу орны халықтың сауатын ашып, саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында маңызды миссия атқарды. 1905 жылы училище үш сыныптық жүйеге көшіп, білім беру құрылымы жаңартылды. Ал 1914 жылдан бастап бастауыш орта мектеп түрінде жұмыс істей бастады. Кеңестік кезеңде мектептің мәртебесі артып, 1918-1919 жылдары «2-сатылы 1-Әулие-Ата мектебі» деген ресми атауға ие болды.
1924 жылдың 27 қаңтарында мектепке В.И. Лениннің есімі берілді. Осы атаумен мектеп бірнеше онжылдық бойы жұмыс істеп, мыңдаған шәкіртке сапалы білім мен тәрбие берді. Уақыт өткен сайын оқу орнының материалдық-техникалық базасы да нығая түсті. 1968 жылы гимназия қазіргі негізгі ғимаратына көшірілді. Бұл кезең мектептің жаңа даму сатысына көтерілген уақыт ретінде есте қалды.
1970 жылы мектеп КСРО Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысып, II дәрежелі дипломмен марапатталды. Ал 1978 жылы ғасырлық мерей-
тойына орай Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасына ие болуы – білім ордасының қоғам алдындағы зор еңбегінің айқын көрінісі болды.
Тәуелсіздік жылдары гимназия тарихындағы жаңа белестердің бастауы болды. 1989-1999 жылдары білім мазмұнын жаңарту бағытында ауқымды эксперименттік жұмыстар жүргізіліп, Мәскеу қаласындағы №315 мектептің моделі енгізілді. Бұл тәжірибе білім сапасын арттыруға, оқыту әдістемесін жетілдіруге үлкен ықпал етті.
1991 жылы оқу ордасына мектеп-гимназия мәртебесі беріліп, жаңа бағыттағы білім беру жүйесі қалыптаса бастады. 2004 жылы ресми түрде №1 гимназия атауын иеленіп, көпсалалы гимназияны дамыту бағдарламасы жүзеге асырылды. Бұл жылдары мектеп тек білім беріп қана қоймай, оқушының жан-жақты дамуына басымдық берген заманауи орталыққа айналды. Осы кезеңнен бастап оқу орны көпсалалы гимназия ретінде дамудың жаңа бағытын таңдады.
2012 жылдан бастап гимназия «Назарбаев Зияткерлік мектептері» тәжірибесін енгізу мен тарату бойынша базалық мектепке айналды. Сол жылы «E-learning» электронды оқыту пилоттық жобасы іске қосылып, цифрлық технологиялар білім беру үдерісіне кеңінен енгізілді.
Ал, 2017 жылы гимназияға ұлт көсемі, Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханның есімі берілуі тарихи әділдік пен рухани жаңғырудың белгісі болды. Әлихан Бөкейхан – ұлттың болашағын біліммен байланыстырған, ел ертеңі үшін күрескен тарихи тұлға. Сондықтан оның есімін иеленген білім ордасы жас ұрпақты елжандылыққа, парасаттылыққа және білімге құштарлыққа тәрбиелеуді басты мұрат етіп келеді.
– Осы ретте гимназия ауыз толтырып айтатын толайым табыстарына тоқтала кетсеңіз…
– Гимназия жетістіктері – ұзақ жылдық қажырлы еңбектің нәтижесі. 2011-2012 оқу жылының қорытындысы бойынша №1 гимназия облыс көлемінде «Үздік білім беру ұйымы» атанып, арнайы «Газель» автокөлігімен марапатталды. Ал 2015-2016 және 2016-2017 оқу жылдарында қатарынан «Табысты мектеп» номинациясын жеңіп алуы – білім сапасының жоғары деңгейде екенін дәлелдеді.
2018 жылдан бастап гимназия Қазақстан Республикасының 100 үздік мектебінің қатарына енді. Кейінгі жылдары республикадағы ең үздік олимпиадалық мектептердің қатарынан бірнеше мәрте көрініп, 2025 жылы еліміздегі «Үздік 100 мектептің» қатарынан орын алды. Ал 2024-2025 оқу жылының қорытындысы бойынша қала мектептерінің рейтингінде 1-орынға ие болуы – білім ордасының абыройын асқақтатқан үлкен жетістік. Ал, биыл өздеріңіз білетіндей «Орта білім беретін үздік ұйым» атанып, қомақты қаржылай сертификатқа қол жеткіздік. Әрине, бұл марапат бізді одан әрі қанаттандырып, алға жетелейді.
– Кез келген білім ордасының беделі ондағы ұстаздардың кәсіби деңгейімен өлшенетіні белгілі. Бүгінде оқу ордасында қанша ұстаз еңбек етуде? Сондай-ақ, олардың қандай жарқын жетістіктері бар?
– Қазіргі таңда гимназияда 164 педагог еңбек етеді. Оның ішінде 59 педагог-модератор, 31 педагог-сарапшы, 47 педагог-зерттеуші және 6 педагог-шебер бар. Бұл – білім сапасын қамтамасыз ететін үлкен интеллектуалдық күш.
Гимназия ұстаздары республикалық, облыстық және қалалық деңгейдегі байқауларда үнемі жүлделі орындардан көрініп келеді. Куатбекова Меруерт Малдыбаевна, Насыбулина Сания Валиевна, Қыздарбеков Әділбек Бақбергенұлы, Рапильбекова Гульшат Джумабаевна секілді педагогтер түрлі республика-
лық байқауларда жеңімпаз атанып, мектеп мерейін үстем етті. Сонымен қатар Андреева Елена Евгеньевна «Үздік авторлық бағдарлама» байқауында І орын иеленсе, Нұрланов Ерлан Керімжанұлы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған облыстық байқауда жеңімпаз атанды. Ал Иманкулова Татты Ирановна «Үздік ІТ ұстаз» байқауында жүлделі орынға ие болды. Бұл жетістіктер ұстаздардың кәсіби біліктілігі мен шығармашылық ізденісінің нәтижесі екені сөзсіз.
– Әрине, жетістіктер туралы айтқанда дарынды оқушылардан айналып өте алмаймыз. Өткен оқу жылында білім ордасының озат өрендері қандай жетістіктерімен қуантты?
– Бізде дарынды шәкірттер өте көп. Біз олардың әрқайсысымен мақтанамыз. Өткен оқу жылында оқушыларымыз биік белестерді бағындырды. Атап айтсақ, Республикалық олимпиадада Кочкорбаев Саматбек қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен алтын медаль иеленсе, Сейсенбаева Майя физика пәнінен қола медаль жеңіп алды. Оршыбек Адия ағылшын тілі пәнінен жүлдегер атанып, «Алтын түлек» олимпиадасында Аманбай Меруерт математика пәнінен ІІІ орын иеленді. Халықаралық әл-Фараби олимпиадасында да гимназия шәкірттері жоғары нәтиже көрсетті. Шадыхан Нұрдаулет география пәнінен, Бектұрған Іңкәр биологиядан, Өміржан Ерасыл мен Ибрагим Аружан тарих пәнінен жүлделі орындарға ие болды. Ғылыми жобалар байқауында Оршыбек Адия мен Середенков Артур қолданбалы математика бағыты бойынша ІІ орын алса, Жадеев Руслан техника секциясында жүлдегер атанды. Осылайша, жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиадаларда гимназия оқушылары облыстық деңгейде – 22, республикалық деңгейде – 4, халықаралық деңгейде – 4 жүлделі орынды иеленді. Ал ғылыми жобалар байқауларында облыстық деңгейде – 11, республикалық деңгейде 3 жеңіске қол жеткізілді. Мұның барлығы гимназия шәкірттерінің жан-жақты дамып, ғылым мен білімге құштар болып қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жасанды интеллектіні дамытуға, оны білім беру саласына тиімді енгізуге және цифрлық технологияларды кеңінен қолдануға ерекше мән беріп келеді. Бұл бағытта гимназия тарапынан қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Жасанды интеллект мүмкіндіктерін енгізу үдерісі қалай жүруде?
– Бүгінде гимназия білім беру саласындағы инновациялық бастамаларды жүзеге асырып, заманауи білім беру үдерістерін қалыптастыруға бағытталған ізденістердің орталығына айналып келеді. Мұнда дәстүрлі оқыту тәсілдері жаңа технологиялармен ұштастырылып, оқушылардың білім алуға деген қызығушылығын арттыруға, мұғалімдердің кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуге және білім сапасын жаңа деңгейге көтеруге басымдық берілуде. Бұл ретте білім беру жүйесінде қарқынды дамып келе жатқан цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану мәселесіне де ерекше назар аударылып отыр.
2025 жылдан бастап оқу ошағында «Мектептің білім беру үдерісінде жасанды интеллектінің әдістері мен модельдерін тиімді пайдаланудың ұйымдастыру-педагогикалық шарттары» тақырыбында эксперименттік алаң жұмыс істеуде. Аталған жоба білім беру үдерісіне жасанды интеллект құралдарын енгізудің тиімді жолдарын зерделеуге, оның педагогикалық мүмкіндіктерін тәжірибе жүзінде сынақтан өткізуге және оқу сапасын арттыруға бағытталған.
Эксперименттік алаң аясында жасанды интеллектіні сабақ барысында орынды әрі тиімді қолдану, мұғалімнің жұмысын жеңілдететін цифрлық құралдарды пайдалану, оқу материалдарын әзірлеудің жаңа тәсілдерін енгізу сияқты бағыттарға басымдық беріледі. Сонымен қатар мұндай технологияларды қолдану барысында білім алушылардың шығармашылық қабілетін, сыни ойлауын, өздігінен ізденуін және ақпаратпен жұмыс істеу дағдыларын дамытуға мүмкіндік беретін әдістер қарастырылады.
Жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізу тек жаңа технологияны қолданумен шектелмейді. Оның басты мақсаты – педагог пен оқушы арасындағы тиімді өзара байланысты сақтай отырып, білім беру сапасын арттыру, әр баланың жеке қабілеті мен қажеттілігіне қарай оқу мүмкіндіктерін кеңейту. Осы тұрғыдан алғанда гимназиядағы эксперименттік алаң педагогтерге жаңа әдістемелерді сынақтан өткізіп, олардың нәтижесін саралауға мүмкіндік беретін маңызды тәжірибе алаңы болып отыр.
Бүгінде мұғалімнің кәсіби шеберлігі цифрлық сауаттылықпен де тығыз байланысты. Сондықтан гимназия ұжымы педагогтердің заманауи технологияларды меңгеруіне, жасанды интеллект құралдарын оқу мақсаттарына сай дұрыс пайдалануына және жаңа білім беру тәсілдерін тәжірибеге енгізуіне мән беруде. Бұл өз кезегінде ұстаздардың ізденісін арттырып, сабақ беру үдерісін мазмұндық тұрғыдан жетілдіруге жол ашады.
Сонымен қатар жасанды интеллектіні білім беру саласында қолдану жауапкершілікті де талап етеді. Ақпараттың дұрыстығын тексеру, оқушының өздігінен ойлау қабілетін төмендетпеу, академиялық адалдық қағидаттарын сақтау және технологияны мақсатқа сай пайдалану – эксперименттік жұмыстың маңызды бағыттарының бірі. Яғни гимназия үшін басты міндет – жасанды интеллектіні білім алушының орнына қолдану емес, оның білім алуына қосымша мүмкіндік беретін тиімді құрал ретінде пайдалану.
Бұл бастама гимназияның заман талабына сай өзгерістерге бейімделіп, білім беру ісіне жаңа технологияларды жүйелі түрде енгізіп отырғанын көрсетеді. Қазіргі таңда мектеп оқушыға тек дайын білім беретін орын емес, оның ізденуіне, ойлануына, жаңалық ашуына және болашаққа қажетті дағдыларды қалыптастыруына жағдай жасайтын орта болуы тиіс. Ал мұндай ортаны қалыптастыруда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің мүмкіндіктері маңызды рөл атқарады.
Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде гимназияда заманауи білім беру мәдениетін қалыптастыруға, педагогтердің инновациялық әлеуетін арттыруға және оқушылардың цифрлық дәуір талаптарына сай білім мен дағдыларды игеруіне мүмкіндік молая түсуде. Сондықтан 2025 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан эксперименттік алаңды гимназияның білім беру сапасын арттыруға бағытталған маңызды инновациялық қадамдарының бірі деуге толық негіз бар.
– Таяуда еншілеген 68 миллион теңге грантты қандай мақсатқа жұмсауды жоспарлап отырсыз-
дар?
– Алдағы уақытта білім беру үдерісін заманауи технологиялармен жетілдіру мақсатында виртуалдық зертхана, 3D принтер, LED экран және интерактивті тақта сатып алу көзделуде. Аталған құралдар оқу сапасын арттырып, білім алушылардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға және сабақтарды заманауи форматта ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Виртуалдық зертхана – күрделі тәжірибелерді қауіпсіз ортада модельдеуге, зертханалық жұмыстарды бірнеше рет орындауға және тәжірибелік дағдыларды қалыптастыруға мүмкіндік береді.
3D принтер – білім алушылардың жобаларын нақты үлгіге айналдырып, инженерлік, техникалық және шығармашылық ойлау қабілеттерін дамытуға ықпал етеді. LED экран – оқу материалдарын, бейнероликтерді, презентациялар мен түрлі ақпараттарды жоғары сапада және үлкен форматта көрсетуге жағдай жасайды.
Интерактивті тақта – сабақ барысында оқытушы мен білім алушының өзара белсенді жұмысын күшейтіп, материалды көрнекі әрі түсінікті жеткізуге, түрлі интерактивті тапсырмаларды орындауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, бұл заманауи жабдықтар білім алушылардың сабаққа қызығушылығын арттырып, цифрлық және практикалық дағдыларын дамытып, білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Қ.Қаптағай,
журналист,
Тараз қаласы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.