Ещё один сайт на WordPress

АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР САРАЛАНЫП, АЛДАҒЫ ЖОСПАРЛАР АЙҚЫНДАЛДЫ

0

Жуырда «Білім сапасы мен адами капитал: жаңа оқу жылындағы өңірлік басымдықтар» тақырыбындағы ұстаздардың дәстүрлі облыстық Тамыз кеңесі өтті.
Мәні мен маңызы зор іс-шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Толқын Исақова, «Қазақстан Халық Банкі» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасының орынбасары Тлеген Маткенов, аудан және Тараз қаласы әкімдерінің орынбасарлары, құқық қорғау және атқарушы органдардың басшылары, кәсіподақ ұйымдары мен азаматтық қоғам өкілдері, білім саласының еңбек ардагерлері, ардақты ұстаздар мен жас педагогтер қатысты.

Конференция аясында колледж студенттері мен мектеп оқушыларының жасанды интеллект пен цифрландыруға негізделген жобаларының көрмесі ұйымдастырылды.
Жиын барысында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қатысушыларды жаңа оқу жылының басталуымен бейнеқұттықтау жолдады.
Басқосуда өңірдің білім беру жүйесін одан әрі дамыту, білім сапасын арттыру және адами капиталды қалыптастыру бағытындағы басым міндеттер талқыланды. «Адами капиталдың сапасын дамытудағы білім берудің өңірлік жүйесі» тақырыбындағы бейнеролик көрсетіліп, 2025–2026 оқу жылының қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған жаңа міндеттер таныстырылды.
– Облыс оқушылары халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жоба байқауларында 369 медаль иеленді. Облыс командасы қатарынан 17-ші жыл қатарынан республикалық ғылыми жобалар конкурсында «Ең үздік команда» атағын қорғап қалды. Сонымен қатар қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша республикалық олимпиада қорытындысы бойынша «Үздік олимпиадалық команда» деп танылды. Бұл өңірдегі педагогтердің кәсіби біліктілігінің және оқушылардың сапалы білім алып жатқанының нақты көрсеткіші екені белгілі.
Аймақтағы 5 мектеп республикалық «Ең үздік олимпиадалық 100 мектеп» қатарына еніп, өңір мерейін үстем етті. Олимпиадалық білім бәсекесінде облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернаттары үздік нәтижелер көрсетіп, жүлделі орындар саны бойынша көш бастады. Сонымен қатар, Тараздағы Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназия, Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясы және Т.Рысқұлов ауданындағы №6 мектеп-гимназиясы да үздіктер қатарынан табылды.
Бұған қоса ағымдағы жылы Жамбыл облысының педагогтері халықаралық және республикалық деңгейдегі байқаулар мен олимпиадаларда жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Осы кезеңде 76 педагог жеңімпаз және жүлдегер атанды.
Облыс ұстаздары «Педагогикалық идеялар фестивалі», «Teachers Hackathon», «Дарынды балаларға – талантты ұстаз», «Алтын тұғыр», «Математикалық регата», «OI SANDYQ», «Олимп шыңы» секілді беделді республикалық және халықаралық білім сайыстарында топ жарды.
Республикалық «Математикалық регата» олимпиадасында облыс командасы Бас жүлдені иеленсе, бастауыш сынып мұғалімдері арасындағы республикалық олимпиадада ІІ орынға, ал «OI SANDYQ» зияткерлік байқауында ІІІ орынға қол жеткізді.
Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері де республикалық байқауларда үздік нәтиже көрсетіп, бірнеше Бас жүлде мен жүлделі орындарды иеленді, — деген Нұрбек Әбубекұлы биылғы ҰБТ нәтижесіне де тоқталды.
Басқарма басшысының айтуынша, ағымдағы жылы 11-сыныпты аяқтаған 14 494 түлектің 639-ы «Алтын белгі» төсбелгісінің, 1 212 түлек «Үздік аттестат» иегері атанған. Сондай-ақ, Ұлттық бірыңғай тестілеуге 11 911 (82,5%) түлек қатысып, орташа балл 79,9-ды құрады. 4 түлек ең жоғары 140 балл жинап, Жамбыл облысының мерейін үстем етті. Алайда, облыстағы 54 мектеп 65 баллдан төмен нәтиже көрсеткен. Сонымен қоса пән олимпиадалары мен ғылыми, шығармашылық конкурстардың облыстық республикалық, халықаралық кезеңдерінің нәтижелері бойынша 292 мектеп 0-3 бала аралығында төмен көрсеткіш көрсеткен.
Ал, мемлекеттік аттестаттауға келсек, 95 балабақша қайта аттестаттаудан сәтті өтсе, 1 мектепке дейінгі білім беру ұйымы профилактикалық бақылау тізіміне енгізілген. Тағы 3 балабақша ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында қайта аттестаттаудан өтеді. Олар Талас ауданы «Болашақ» балабақшасы, Меркі ауданы «Балапан» балабақшасы, Жамбыл ауданы «Ақбота»
балабақшасы. Бұдан бөлек, 68 мектеп қайта аттестатталса, 4-еуі профилактикалық бақылау тізіміне енгізілген. Үш мектептің қайта аттестаттау мерзімі биылғы жылдың 2-жартыжылдығында болады. (Талас ауданы Б.Әлменұлы орта мектебі, Шу ауданы Кешкі мектебі, Қордай ауданы Әл-Фараби орта мектебі).
Жиында аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев сөз сөйлеп, білім сапасын арттыру, білім беру инфрақұрылымын жаңғырту, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ұлттық тәрбие мен отбасылық құндылықтарды нығайту, цифрландыру және жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, инклюзивті білім беруді дамыту және еңбек нарығына қажетті кадр даярлау мәселелеріне тоқталды.
– «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында заманауи технологиялармен жабдықталған 7 мектеп іске қосылып, үш ауысымды мектептер мәселесі толық шешімін тапты. Сонымен қатар биыл 14 білім беру нысанының құрылысына қаржы қарастырылған. Оның ішінде 5 мектеп және 9 жапсарлас құрылыс бар.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыста 2025-2029 жылдарға арналған 133 мектепті жаңғырту жоспары бекітілді. Өткен жылы 10 мектеп жаңғыртылса, биыл 6 білім беру ұйымында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бұдан бөлек, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен 80 мектептегі 207 оқу кабинеті қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Білім саласына мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп отыр. Қаржы да, мүмкіндік те бар. Ендігі мәселе – осы мүмкіндікті нақты нәтижеге айналдыру. Мектептің материалдық базасы жаңарғанымен, білім сапасы артпаса – жұмысымыздың толық нәтижесі жоқ. Сондықтан әрбір білім беру ұйымының жұмысы нақты нәтижемен бағалануы тиіс», — деген Ербол Шырақпайұлы түрлі марапаттарды табыстады.
Атап айтқанда, Тараз қаласындағы Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназия «Орта білім беретін үздік ұйым» атанып, 68 миллион теңгенің грантын иеленді. Сонымен қатар, үздік деп танылған білім беру ұйымдарына облыстық кәсіподағының қаржылай сертификаттары табысталды.
«Үздік инновациялық мектеп-лицей» – Меркі ауданындағы М.Әуезов атындағы №9 мектеп-лицейі, «Үздік мектеп-гимназия» – Байзақ ауданындағы №1 мектеп-гимназиясы, «Үздік мамандандырылған білім беру ұйымы» – облыстық Айша бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған мамандандырылған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернаты, «Үздік ауыл мектебі» – Қордай ауданындағы Бауыржан Момышұлы атындағы №43 орта мектебі, «Үздік шағын жинақталған мектеп» – Жуалы ауданындағы №27 Дихан орта мектебі, «Үздік техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы» – Тараз қаласындағы Жамбыл политехникалық жоғары колледжі 1 миллион теңге сертификаттарымен марапатталса, «Үздік әлеуметтік серіктестік моделі» – Шу ауданындағы №10 Шу колледжі мен «Үздік дуальды оқыту тәжірибесі» аталымына Сарысу ауданындағы Жаңатас көпсалалы колледжі 750 мың теңгеге қол жеткізді.
Бұған қоса, «Мектепке дейінгі білім беру ұйымдары қызметтерінің тиімділігін бағалау» рейтингісінің нәтижесінде «Үздік инновациялық мектепке дейінгі ұйым» – Тараз қаласындағы №45 «Балбұлақ» бөбекжай-бақшасы, «Үздік ауылдық мектепке дейінгі ұйым» – Жамбыл ауданындағы «Балдырған» бөбекжай-бақшасы, «Үздік қалалық мектепке дейінгі ұйым» ретінде Тараз қаласындағы №8 бөбекжай-бақшасы марапатталып, әрқайсысына кәсіподақ тарапынан 1 миллион теңгеден ақшалай сертификаттар табысталды.
Сондай-ақ, білім беру жүйесін дамытуға елеулі үлес қосқан педагогтер мен қызметкерлер құрметке бөленді. Нақтырақ тоқталсақ, Мойынқұм ауданы, Тұрар Рысқұлов атындағы тірек мектебі директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ләззат Қарабекова, Меркі аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Зейнеш Иманалиева, Қордай ауданы, Дінмұхаммед Қонаев атындағы №1 мектеп-гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі Кеңескүл Әбдіқалықова, Сарысу ауданы, Балтабай Адамбаев атындағы тірек орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Құралай Кәрібекова «Ыбырай Алтынсарин» медалімен марапатталды.
Сонымен қатар Қордай ауданы, №1 Балалар және жасөспірімдер шығармашылық орталығының директоры Бақытжан Арқабаев, Тұрар Рысқұлов ауданы, Ақыртөбе орта мектебінің алғашқы әскери дайындық жетекшісі Виль Баязитов және Байзақ ауданы, №1 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сымбат Құсбекова «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін еншіледі. Бұдан бөлек, Жамбыл облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісіне – 5 педагог, Құрмет грамотасына – 5 педагог, Алғыс хатына – 5 педагог ие болды.
Жиында «Halyk» қайырымдылық қорының атынан білім басқармасына 10 автокөліктің кілті табысталды. Пленарлық отырыста білім беру саласының өзекті бағыттарына арналған баяндамалар ұсынылды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов «Цифрлық жаһандану дәуірінде педагогтерді даярлау» тақырыбында сөз сөйлесе, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Толқын Исақова бала құқықтарын қорғау және білім беру ортасында заң мен тәртіп қағидаттарын нығайту мәселелеріне тоқталды.
Сонымен қатар білім беру жүйесіндегі парасаттылық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен академиялық адалдық мәселелері қозғалды. Бұл бағытта Жамбыл облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Болат Көпдікбаев баяндама жасады.
Жиын соңында жергілікті өнерпаз өрендер концерттік бағдарламаларын көпшілікке тарту етті.

Қ.АМАНКЕЛДІҰЛЫ,
журналист.
Тараз қаласы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.