Ещё один сайт на WordPress

МҰСТАФИНДЕР ОТБАСЫНЫҢ МАЗМҰНДЫ ЖОЛЫ

0

Жыр дүлдүлі Мағжан Жұмабаевша айтсақ, алты Алаштың баласының басы қосылған жерде төрдегі орынды иеленген ұстаздардың қашанда орны бөлек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ұстаз – ұлт зияткерлігінің қуаты» деген пікірі де аталған сала иелерінің мәртебесін одан әрі биіктеткені сөзсіз. Ал оқу-ағарту ісіне тұтас жылдарын арнаған отбасылар ұстаздыққа деген құрметті тіпті еселей түсері анық.

Бұл сөзімізге Меркі ауданындағы Мұстафиндер әулеті дәлел. Әулеттің тірегі болған Ғарифолла Ахметұлы Мұстафин 1902-1950 жылдар аралығында өмір сүрген. 1936-1940 және 1941-1942 жылдар аралығында Меркі ауданының орталығындағы қазақ орта мектебінің (қазіргі №18 мектебі) және интернаттың ең алғашқы директоры болды. Өз қызметінде оқу ордасының жетіжылдық білім жүйесіне көшуіне белсене атсалысты. Сондай-ақ осы жылдары В.Ленин атындағы №2, В.Савва атындағы №6 балалар үйлерін басқарды.
Алайда, Ғарифолла Ахметұлының еңбек жолы тым әріден басталады. Ол сонау 1922 жылы, небәрі 20 жасында Жуалы ауданындағы №7,10 ауыл мектептерінде педагогтік қызметін бастаған. Ол кезеңдерде халықты жаппай сауаттандырып, оқу-ағарту жұмысына тарту мақсатында білікті де тәжірибелі мамандар жиі ауыстырып тұратын. Осы үрдіспен Ғарифолла Мұстафин 1928 жылдың тамыз айынан бастап Шу аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі, одан инспектор болып жүргенінде 1933 жылы Түлкібас ауданындағы «Жаңа-ауыл» мектебіне мұғалім болуға жолданды. Кейін 1933 жылдың тамызы мен 1935 жылдың шілде айының аралығында «Высоко» ауылындағы «Высокинск», 1935-1936 жылдары Жамбыл қаласындағы №1 және №2 балалар үйлерінің тізгінін ұстады. Оның әрі қарайғы қызметтік жолына жоғарыда кеңінен тоқталып өттік. Әулеттің отанасы Рысайым Бердібайқызы да еңбек пәнінен сабақ беріп, шәкірттерін тігін шеберлігіне тәрбиелеген. Отбасында екі ұл,екі қызды тәрбиелеп өсірген.
Бүгінде ұлағатты ұстаздардың ұл-қыздары да ата-анасының жолын қуды. Айталық, математика, логика саласының маманы, профессор, физика-математика саласы ғылымдарының докторы Төленді Мұстафиннің есімі ұрпақ мақтанышына айналған. Төленді Ғарифоллаұлы 1990 жылы қараша айында Францияда өткен халықаралық семинарда модельдер теориясы бойынша үлкен баяндама жасаған. Сонымен қатар Париж, Марсел, Цюрих, Хельсинки секілді ірі қалаларда болып, ғылыми қоғамдастықтардың нығаюына, дәстүр сабақтастықтың дамуына үлес қосты. Оның екі ұл, бір қызы бар. Солардың екеуі ұстаздыққа бет бұрды. Атап айтсақ, ұлы Ерұлан әке жолын қуған математик, қызы Гүл-Бегім-Аида ағылшын пәнінің ұстазы. Тағы бір ұлы Арман заңгер, ал немересі Снежана ІТ маманы.
Бұған қоса осы отбасының тағы бір перзенті Темірболаттың төрт қызы мен екі ұлы да ұстаздықты таңдаған. Мәселен, Балғын Темірболатқызы Меркі ауданындағы білім бөлімінің әдіскері болса, Өркен Темірболатұлы №2 саз мектебінің директоры. Ал Бекжан Темірболатұлы №15 мектепте тарих пәнінен сабақ берсе, Ләзиза Темірболатқызы да №48 мектепте шәкірттеріне тарихтан тағылым үйретуде.
Немересі Нұрғалым Молдабаев болса М.Әуезов атындағы мектеп-гимназиясының математика пәнінің мұғалімі, өзге немерелері Адина ағылшын тілі, Әйгерім қазақ тілі, Бірғаным сурет, Жұлдызай Өркенқызы математика пәндерінің мамандығы бойынша оқып жатыр. Нұрлы Өркенұлы болса ІТ мамандығын меңгерген.
Аталған әулеттің үлкен қызы Мінайым Ғарифоллақызы талай жыл математика пәнінен сабақ берген ардагер ұстаз, «ҚР оқу ісінің үздігі». Екі ұл, бір қызы бар. Ұлы Ерболат математика пәнінің мұғалімі, қызы Салтанат неміс тілі пәнінің маманы, ұлы Рахым заңгер. Немересі Лаура халықаралық бизнес экономика мамандығының иесі.
Отбасының кенже қызы Мадина Мұстафина да әулеттің дәстүрлі жолынан ауытқыған жоқ. Саналы ғұмырын педагогика саласына арнаған ол Меркі ауданы А.Қосанұлы атындағы №18 жалпы орта білім беретін мектептің ардагер ұстазы, математика, физика пәнінің мұғалімі.
Мадина Ғарифоллақызы 1951 жылы Меркі ауданының Ақжол ауылында дүниеге келген. Сегізжылдық Ленин жолы (қазіргі Жауғаш) №15 мектебін бітіргеннен кейін, Меркідегі орталықта орналасқан Қалинин атындағы №18 орта мектепті ойдағыдай аяқтап, қолына аттестат алды. Мамандық таңдауда ата-анасының ұстаздық жолына басты бағдар етіп ұстанды. Сол бағытпен Целиноград (қазіргі Астана) қаласындағы С.Сейфуллин атындағы педагогикалық институттың физика-математика факультетіне оқуға түсіп, 1973 жылы тәмамдады. Содан кейін ұстаздық еңбек жолын М.Маметова атындағы №13 орта мектебінен бастап, Ленинжолы №15 мектебінде 1975-80 жылдар аралығында физика пәнінің мұғалімі мен оқу ісінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1980 жылы Калинин атындағы №18 мектеп жанындағы интернатта, 1981-1995 жылдары аралығында №1 мектеп жанындағы интернатта мұғалім-тәрбиеші болып қызмет етті. Ал 1995 жылдан зейнетке шыққанға дейін №18 жалпы орта білім беретін мектептің математика, физика пәнінің мұғалімі бола жүріп, қоғамдық жұмысқа да белсенді қатысты. «Ауыл мектебі дегеніміз қазақ мектебі, қаймағы бұзылмаған ұлттық тәлім-тәрбиенің көзі, қара шаңырақ мектепте», — деп түсінген ұстаз төрт мәселе төңірегінде жұмыс істеді. Біріншісі мектеп тарихын білу, екіншісі мектеп формасы, үшіншісі қазақи дәстүрді білу, төртіншісі әлемдік білім алу. Ұстаз зейнетке шыққанға дейін осы мәселелерді жүзеге асырып, осы жолда аянбай еңбек етті.

Меркі ауданы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.