БИЫЛ «ЖАЗҒЫ МЕКТЕП» ҰЙЫМДАСТЫРЫЛМАЙДЫ
Бірер күннен соң 2022-2023 оқу жылы аяқталады. Бұл кезеңде өткен күнге есеп беріліп, жаңа оқу жылына жоспарлар құрылуда. Биылғы оқу жылы облысымыздың қандай жетістіктермен аяқталды? Келер оқу жылынан күтеріміз не? Осы бойынша Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбекпен сұхбаттасқан едік.
– Мейірхан Азатұлы, санаулы күндерден соң оқу жылы аяқталады. Биыл қанша бала ҰБТ тапсырады және олардың қаншауы «Алтын белгіге» үміткер?
– Биылғы оқу жылында 11-сыныпты 11 мыңнан астам түлек бітіргелі отыр. Оның 304-і «Алтын белгіге» үміткер. ҰБТ-ға қатысу үшін мектеп бітіруші түлектер онлайн түрінде базаға тіркелді. Жалпы ҰБТ өту барысында аса бір өзгерістер жоқ, өткен жылдағы форматпен өтетін болады. Тек өткен жылмен салыстырғанда түлектердің базаға тіркелуі екі кезеңге бөлінген. Яғни, бөлек-бөлек тіркеледі. Қазіргі таңда, мектеп бітірушілердің 70%-дан астамы ҰБТ-ге қатысуға ниет білдіріп отыр. Жалпы республика бойынша ҰБТ 16 мамыр — 5 шілде аралығында өтеді. Түлектердің ҰБТ-ға еш алаңсыз дайындалуына барлық жағдай жасалған. Айталық, 2022-2023 оқу жылында мектеп бітірушілер қаңтар, наурыз айларында өткен ақылы ҰБТ-ға қатысты. Сонымен қатар, мектеп бітірушілер ай сайын тегін тесттерден өтуде. Облыста «Өркениет» қайырымдылық қорының бастамасымен «Жарқын болашақ» жобасы іске асырылуда. Әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылардан шыққан 11 сынып оқушылары арасында ҰБТ-ға дайындық жұмыстары ағымдағы жылдың қазан айының екінші жартысынан басталды. Бүгінгі күні «Жарқын болашақ» жобасы бойынша аудандар мен Тараз қаласынан 120 оқушымен тегін ҰБТ-ға дайындау жұмыстары жүргізілуде.
ҰБТ-ның жаңа форматы мектеп бітірушілер үшін өте қолайлы, себебі ҰБТ-ны екі рет тапсыруға мүмкіндік берілген. Екі тестілеудің қайсысынан талапкер жоғары балл жинаса, сол нәтижемен мемлекеттік грантқа үміткер ретінде конкурсқа қатысады. Осы жерде айта кету керек, облыс әкімдігі тарапынан 2019 жылдан бастап жергілікті бюджет қаражаты есебінен жоғары білім алу үшін гранттар қарастырылуда. Биылғы жылы білім беру грантына 55 орын беріліп отыр. Оның ішінде «Физика пәні мұғалімі» мамандығына – 10, Су шаруашылығы мамандығына – 15, «Өнер» мамандығына – 5 орын беріліп отыр. Сондай-ақ «Химиялық инженерия және процесстер» мамандығына – 25 орын беріліп отыр. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті мен Ресейлік химия-технологиялық университеті арасында екіжақты меморандумға қол қойылған. Қос дипломды бағдарламамен оқыту үшін аталған мамандық бойынша 2 курс кешенін қалыптастыруға колледж түлектерінің ҰБТ нәтижелері бойынша техникалық және кәсіптік орта білімнен кейінгі білімі бар түлектерді тарту көзделуде.
– Биыл оқушылардың жазғы демалысы қалай ұйымдастырылады? Былтырғыдай жазғы мектеп бола ма?
– ҚР Оқу-ағарту министрлігінің 2023 жылғы 10 сәуірдегі №88 бұйрығына сәйкес 2022-2023 оқу жылы ұйымдасқан түрде осы жылдың 31 мамырында аяқталады. Барлық Қазақстандық мектептерде оқу жылының ұзақтығы 36 аптаны құрайды. Бәрімізге белгілі, дәстүр бойынша оқу жылының бірінші күні 1-қыркүйек болып табылса, биылғы жылдан бастап соңғы оқу күні 31 мамыр болады. Ал, 1 маусым – Балаларды қорғау күнімен қатар, мектептерде соңғы қоңырау мерекесі аталып өтетін болады. Бұл өзгерістер 2022-2023 оқу жылы басталмай тұрып, хабарланған болатын. Яғни, бұл оқу жылында барлық мектептер 5 күндік оқу аптасына көшті. Бұл педагогтер жұмысының тиімділігін арттырып, оқушылардың материалды меңгеруіне ықпал етіп, күрделі тақырыптарды оқудың қарқынын төмендетеді, оқылған материалды қайталауға және бекітуге уақыт береді деген мақсатта қабылданған шешім болатын. Бұл ретте өзгерістер жазғы демалысқа әсер етпейтінін түсіну маңызды. Яғни балалар 1 маусым мен 1 қыркүйек аралығында демалады.
2023 жылғы 2-13 маусым аралығында 9 (10) сыныптарда білім алушылардың қорытынды бітіру емтихандары, ал 2023 жылғы 5-19 маусым аралығында 11 (12) сыныптарда білім алушылардың мемлекеттік бітіру емтихандары өткізілетін болады. Тікелей сіздің сұрағыңызға келсек, өткен оқу жылынан кейін, яғни, 2022 жылдың 26 мамыр мен 17 маусым аралығында білім сапасын арттыру және пандемия, шектеу шаралары кезеңінде жіберілген білімдегі олқылықтардың орнын толтыру мақсатында 1-8, 10-сыныптарда білім алушылары үшін «Жазғы мектепте оқыту» сабақтары ұйымдастырылған болатын. Ал, 2023 жылы «Жазғы мектепте оқыту» сабақтары ұйымдастырылмайды.
– Биылғы маусымда жазғы лагерлер жұмысы қалай болмақ?
– Облыс бойынша 11 қала сыртындағы сауықтыру лагері бар. Оның 4 мемлекеттік, 2 сенімгерлікке берілген,5 жекеменшіктегі лагерьлер. Өткен жылғы жазғы демалыс маусымында пандемияға байланысты оқушылар 70-80 пайыз сауықтырумен қамтылған болатын. Биылғы жылғы жоспар бойынша оқушылардың жазғы маусымында сауықтырумен және түрлі демалыс шараларымен оқушыларды 100 пайыз қамту қарастырылуда. Оның ішінде 75 пайызы – жазғы сауықтыру және демалыс шараларымен және 25 пайызы демалыс шараларымен қамтамасыз етілмек. Осы мақсатта көп балалы, аз қамсыздандырылған отбасы балаларының жазғы сауықтыру демалысына жергілікті бюджеттен 434,9 млн. теңге қарастырылған. Облыстағы 4 мемлекеттік қала сыртындағы лагерьлердің ағымдағы дайындық жұмыстарына 4 млн. теңге бөлінді. Сонымен қатар, мемлекеттік лагерьлері жоқ Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Мойынқұм, Сарысу, Шу аудандары мен Тараз қаласының балаларын қала сыртындағы лагерьлерде сауықтыру үшін конкурс жарияланған. Қала сыртындағы лагерьлердің дайындық жұмыстары зерделенуде. Лагерь басшылары тарапынан жергілікті СЭС және төтенше жағдай департаменттерінің қорытындыларын алу мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Биылғы жылдың ерекшелігі-ол балаларды демалыспен әрі сауықтырумен қамтитын жыл бойына жұмыс істейтін орталықты ашу бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде.
– Жуырда облыс әкімі Нұржан Нұржігітов аймақта педагог шеберлердің аздығын айтып сынға алған еді. Жалпы облыста кадр тапшылығы қалай шешілуде?
– Бүгінде облыстың 446 мектебінде 26331 педагог қызметкер жұмыс істейді. Білім бөлімдерінің мәліметтеріне сәйкес 2023-2024 оқу жылында 306 маманға, оның ішінде: бастауыш сынып мұғалімі орыс сыныбына, ағылшын тілі, орыс тілі, математика, физика, химия т.б мамандықтар бойынша қажеттілік туындап отыр. 2022-2023 оқу жылында облыс мектептеріне жалпы 800-ге жуық жас маман қабылданып, маман тапшылығы жойылса, шалғай елді мекендердегі мектептерде сағат санының аз болуына байланысты зейнеткер ұстаздар мен қосымша жүктеме арқылы маман тапшылығы жабылып отыр. Дегенмен 2022-2023 оқу жылында облыс бойынша білім саласында зейнет жасында жұмыс істеп жатқан 102 педагог қызметкер бар. Сонымен қатар, білім басқармасы тарапынан түлектердің жұмысқа орналасуына көмек беру мақсатында Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетімен және өңіріміздің М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетімен меморандум жасалып, бітіруші түлектерді ауыл мектептеріне тарту үшін жоғарғы оқу орындарының басшыларымен тығыз байланыс жұмыстары жүргізілуде. Жасыратыны жоқ, 2021 жылға дейін мектеп басшылары мұғалімдік мамандық бойынша дипломы бар маманды жұмысқа ешқандай конкурссыз қабылдап келді. Ал 2021 жылдан бастап педагогика мамандығын бітірген түлектер өз мамандығы бойынша жұмысқа қабылданбас бұрын міндетті түрде сертификаттаудан өтетін болды. Арнайы сертификаттаудан өтіп, өз біліктілігін дәлелдеген соң ғана жұмысқа орналасады. Кейін өз білімін тәжірибеде көрсететін болады. Жалпы мұның бәрі елдегі мұғалімдердің мәртебесі, білім саласы үшін жасалынып жатқан іс-шара.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы №57 бұйрығының талабына сәйкес, білім беру ұйымдарындағы педагогтің бос немесе уақытша бос лауазым орындарына конкурспен қатысады. Қағида талабына сәйкес, мемлекеттік орта білім беру ұйымдары педагогінің бос және (немесе) уақытша бос лауазымына тағайындау конкурсын орта білім беру ұйымдары ұйымдастырады. Конкурсқа қатысатын үміткерлердің сертификаттаудан өту нәтижелері туралы сертификат немесе педагог-модератордан төмен емес қолданыстағы біліктілік санатының болуы туралы куәлігі болуы қажет. Біліктілік санаттарын беру (растау) педагогтерді аттестаттау «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабының 1-тармағы 3)тармақшасына сәйкес бес жылда бір реттен сиретпей өткізіледі.
Білім беру ұйымдарындағы жас мамандардың кәсіби біліктілігін көтеру және қабілетін жетілдіру мақсатында облыстық Тәлімгерлік мектебі құрылып, жұмыс жасауда. Мақсаты – жас мамандармен жұмысты тиімді ұйымдастыру, жас педагогтермен атқарылатын жұмыстың тиімділігін айқындау. Тәлімгерлік мектебі арқылы жас мұғалімдердің кәсіби деңгейін арттыруға бағытталған кешенді шаралар іске асырылуда.
– Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін 1000 мектеп салуды тапсырған еді. Осы орайда облыста үш ауысымды мектептердің мәселесі қалай шешімін табуда?
– Биылғы оқу жылында облыста 4 мектеп үш ауысымда жұмыс істейді. Жалпы жыл сайын оқушылар саны артуда. Мәселен 2021-2022 оқу жылымен салыстырғанда оқушы саны 240 мыңнан 246 мың балаға өскен. Осы орайда, 2022 жылға 18 мектеп және 2 мектептің қосымша құрылысына 7,0 млрд. теңге қаржы қарастырылды. Былтыр жоспарланған 10 мектептің 8-де құрылыс жұмыстары аяқталды. Ал 2 мектептің құрылысы 2023 жылға өтпелі. Сондай-ақ 2023 жылы 18 мектеп және 7 мектептің қосымша құрылысына 8,0 млрд. теңге қаржы қарастырылды. Ағымдағы жылы тағы 10 мектеп және 3 мектептің қосымша құрылысы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бұған қоса 2024 жылы 7 мектеп және 4 мектептің қосымша құрылысы тәмамдалады. Оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 7 мектеп бар. Үш ауысымда жұмыс істейтін 4 мектептің ішінде 2-нің мәселесі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы арқылы, қалған 2-нің мәселесі қосымша құрылыс есебінен 2024 жылы шешіледі деп жоспарлануда.
– Биылғы оқу жылы жамбылдық ұстаздар мен оқушылар үшін қандай айтулы жетістіктермен аяқталды?
– Қазіргі таңда облыс оқушылары дарындылықтары мен білім деңгейлерін көрсетіп, түрлі халықаралық, республикалық білім додаларында облыс атын асқақтатуда. Республикалық ғылыми жобалар жарысында облыс командасы 14-ші жыл қатарынан «Ең үздік команда» атағын иеленді. Республикалық олимпиадада қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша облыс командасы республикада 1-ші орынды жеңіп алды. Робототехникадан республикалық турнирде облыс командасы I орынды иеленіп, «Ел кубогын» жеңіп алды. Бүгінде оқушыларымыз халықаралық деңгейдегі Жібек жолы, Леонард Эйлер, Менделеев, Балкан олимпиадаларынан топ жаруда. Халықаралық Менделеев олимпиадасына Қазақстан құрама командасында Жамбыл облысынан Дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» лицей-интернатының оқушысы ҚОРШЫБЕК ДИАС қатысқан болатын. Әлемнің дарынды оқушыларының ішінен үздік нәтиже көрсетіп, қола медальды иеленді.
Оқушыларымыздың осындай нәтиже көрсетіп, жетістікке жетуі ұстаздарымыздың берген білімі мен тәрбиелерінің көрсеткіші десек артық айтқандық болмас еді. Оқушылармен қатар облыс ұстаздарының да халықаралық, республикалық деңгейде жетіп жатқан жетістіктері аз емес. Ағымдағы оқу жылында 3 педагог республикалық «Үздік педагог» байқауында жеңімпаз атанса, академик Асқар Жұмаділдаев атындағы халықаралық олимпиадада, математика, физика және информатика пәндері мұғалімдерінің 9-шы халықаралық шығармашылық байқауында 20 педагог жеңімпаз атанып, командалық есепте жүлделі ІІ орынды иеленсе, мектеп директорлары арасында өткен республикалық дебат турнирінде облыс командасы І орынды жеңіп алды. Сондай-ақ, республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастыратын қашықтық пән олимпиадаларында Жамбыл облысының ұстаздары бірінші орынды иеленіп, көш бастап тұр.
Спорт саласында да облыс мұғалімдері белсенділік танытып, «Республикалық мұғалімдер спартакиадасында» жүлделі І орынды еншіледі. Сонымен қатар, оқушыларымыздың спорттық жарыстарда да жеткен жетістіктері өте көп. Атап айтсақ, облыс командалары волейбол спорт түрінен өткен республикалық ұлттық мектеп лигасында ІІ жүлделі орынды иеленсе, футзал спорт түрінен ІІІ орынды еншіледі. Ал, жуырда Семей қаласында қазақша күрестен өткен турнирде Жамбылдық студент бас жүлде иеленіп, «Жас сарбаз барысы» атанды.
– Облыстағы білім ордаларының материалдық-техникалық базасы қаншалықты жаңаруда?
– Мектеп оқушыларының білім сапасын арттыруда білім ошақтарын күрделі мектептердің заманауи пәндік кабинеттермен қамтамасыз етілуі маңызды рөл атқарады. 2022 жылы 13 мектепке 39 жаңа модификациялық кабинеттер алынса, ағымдағы жылы 30 мектепке 90 жаңа модификациялық кабинеттер алынады. Сондай-ақ, өткен жылы 3 622,9 млн. теңгеге шағын қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда жоспарға сәйкес 72 мектеп жаңғыртудан өткен болатын. Ал 2023 жылға облыс бойынша 71 мектепті жаңғырту жоспарлануда. Сонымен қатар «Ауыл мектебі» пилоттық жобасы аясында «Білім беруді тұрақты дамыту» қорымен бірлесе отырып, тірек мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жүргізілуде. Биылғы жылы Сарысу ауданындағы Б.Адамбаев атындағы тірек мектебі аталған қордың қолдауымен заманауи үлгіде жабдықталды. Осы жұмыстар ары қарай жалғасын тауып, Жуалы ауданындағы №15 мектеп-лицей, Мойынқұм ауданындағы Т.Рысқұлов атындағы тірек мектебі жабдықталатын болады. 2027 жылға дейін басқа аудандардағы да бір-бір тірек мектептерін осындай үлгіде жабдықтауға «Білім беруді тұрақты дамыту қоры» қолдау білдіріп отыр. Сонымен қатар, облыста 2020 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан «Жомарт түлек» жобасы да — мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға әсер етіп отыр. Аталған жоба аясында 269 мектепке 86 млн. 946 мың теңгеге түрлі түсті принтер, жиһаз, қайырымдылық көмек, абаттандыру, көгалдандыру сияқты көмектер көрсетілді. Білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін нығайтып, талапқа сай қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылы жергілікті бюджет есебінен 1,5 млрд. теңге бөлінді. Бүгінгі күні мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, ерекше білімді қажет ететін балаларға әлеуметтік қолдау көрсету, оларды ерте диагностикалау мақсатында құрылған облыстағы психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияларға демеушілердің есебінен қызметтік 6 «Largus» автокөліктерінің кілті табысталып, осы және ерекше балаларға оңалту-дамыту қызметін көрсететін түзету кабинеттеріне демеушілер есебінен қажетті арнайы құрал-жабдықтар табыс етілді.
– Әңгімеңізге рақмет! Оқу жылы сәтті аяқталуына тілектеспіз.
Сұхбаттасқан Р.ИЛЬЯСҚЫЗЫ.