ТАБЫСҚА БАҒЫТТАЛҒАН БАСҚАРУ
Жуырда облыстық білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен «Табысты менеджер – 2021» байқауы өткізілді. Аталған сайыста Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясының директоры Фарида Советбекқызы бас жүлдені еншілеп, мерейі үстем болды. Білікті басшы, ұлағатты ұстаз өзінің жетістікке жетудегі қыр-сырымен, басшылық қызметіндегі тәжірибесімен
бөлісуді жөн санады.
Мені басшылық сатыға жеткізген әр жылдар мен уақыттың өзіндік үлесі бар. 1997 жылы Жамбыл педагогикалық институтының филология факультетін аяқтап, еңбек жолымды Тараз қаласындағы №30 орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі болып бастап, 1999 жылдан аталған білім ордасында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 2004 жылдан оқу-тәрбие ісі жөніндегі, 2007 жылдан №53 орта мектепте директордың ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарып, 2017 жылдың 1 ақпанынан бастап Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясына басшылық қызметке келдім. Әлбетте басқарудағы жаңа жол, оның ішінде жаңа ұжымды басқару, танып-білу көп ізденуді талап етті. Мен басқаруға келген гимназияның өткеніне көз жүгіртсем, өз тарихында 2009 жылы республикалық «Таңдаулы мектеп» байқауының лауреаты ретінде танылса, 2011 жылы «Алтын қыран» халықтық сапа белгісімен, 2013 жылы облыстық «Үздік білім беру ұйымы» байқауының бас жүлдесімен, 2015 жылы облыстық «Табысты гимназия» номинациясымен марапатталған.
Табысты мектептің жетістігін арттыру үшін бұдан жоғары «Қалай даму керек?», «Гимназияны табысқа қалай жетелейміз?», «Бұдан да жоғары жетістікке қалай жетеміз?» — деген ой мені мазалады. Мәселені шешу жолдарын қарастырып, «Дамығың келсе зертте, дамытқың келсе, зерттеуге үйрет» кредосын басшылыққа ала отырып және даму жоспарының белгіленген табыс критерийіне бағыт алу керек екенімді ұғындым. Осы мақсатта көшбасшы мұғалімдерден командалық топ құра отырып, оқушылар мен ата-аналар, ұстаздар тарапынан алынған сауалнамалар нәтижесіне жүгіну арқылы үш тараптың пікірі ескеріліп, гимназияның SWOT талдауы жасалынды.
Басқарудың ең маңызды негізі – мектепішілік басқару теориясы, яғни, мектеп менеджменті. 2017 жылдан бастап Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибелерін енгізу арқылы табысты мектепке жету үшін соған жеткізетін жоба құрастыру қажеттігі туындап, «Цифрландыру жағдайындағы қазақ гимназиясының моделі» тақырыбында педагогикалық жобасы жүзеге асты. Соған сай оқу ордасының басқару құрылымына стратегиялық және тактикалық тұрғыдан өзгерістер енгізілді. Аталған жоба нәтижесінде 8 түйінді-нысаналы индикаторды орындауға қол жеткізуге мүмкіндік алдық.
Зерттеулер мен енгізілген өзгерістер эволюциясы сапалы баскару мүмкіндігіне әкелді. Мектептің білім сапасының көрсеткіші – мұғалімдердің сапалық құрамынан асып түспейтіні белгілі. Гимназия мұғалімдерінің сапалық құрамы бүгінде 67 пайызды құраса, оқушылар контингенті – 2073-ді құрайды. Білім беруді басқарудағы көшбасшылық арқылы ұжымда ортақ ұстаным мен құндылық қалыптасты, бір мүддеге бағытталған жұмыс жасау мәдениеті орнады. Кәсіби шыңдалу алғашында педагог қызметкерлердің өзгеру қажеттілігін ұғынып, өз ойларын өзгертуге бет алды. Бұл өзгерістер мектеп дамуы үшін табысты қадам болып табылды. Гимназия басшысы ретінде көп деңгейлі жүйеде басты рөл атқарып, педагогикалық, әлеуметтік өзгерістер мен жанартулардың бел ортасында отырғандықтан, педагог қыз-
меткерлердің еңбегін жандандыру, жаңашылдыққа бағыттау, шығармашылық әрекетке, креативтікке талпындыру басты мақсатым деп есептедім. Нәтижесінде, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің үздік тәжірибелерінен тиімді идеялар жинақталып, Қазақстандық мән-мәтінде мектеп ерекшелігімен қажеттіліктеріне сәйкес сараланып бес үздік идея таңдалды. Оның механизмдері «Үздік инновациялық жоба», «Ұстаздықтың дара жолы», «Үздіктер алаңы», «Табысты үштік», «Ақылды ата-ана, шебер мұғалім, тәрбиелі орта: табысты бала» жобалары арқылы сәтті іске асырылды. Сонымен қатар мектепішілік кәсіби қоғамдастық арқылы мұғалімдердің үздіксіз оқу ортасы қалыптасты, командалық жұмыс істеу мәдениеті орнады. Бұдан бөлек іс-әрекеттегі зерттеу, Lesson Study тәсілдері арқылы оқу мен оқытудың үздік тәжірибелері анықталды, жинақталды, таратылды, мұғалімдердің кәсіби деңгейі үздіксіз артып отырды және жұмыстық оқу жоспарына жаңа пәндер еңгізілді.
Тағы бір айта кетерлігі «Ұстазға қажетті креативті құралдар» порталы – педагогтердің цифрлы-креативті құзыреттілігін, креативті ойлау қабілетін, әдіснамалық рефлексия, жаңалыққа деген талпынысын, инновациялық технологияларды шығармашылықпен пайдалану, оқу-тәрбие процесін жетілдіру мақсатындағы ұдайы ізденістерді, педагогикалық инновацияларды өз іс-тәжірибесінде жүйелі пайдалану үшін құрылса, «Сабақтар шеруі», «Мұғалімдердің электрондық портфолиосы», «TEDx» форматындағы оқушылардың кіші жобалары соңғы екі жылдың көлемінде 150 мыңнан астам көрермен жинап, гимназияның әлеуметтік инстаграм мен Facebook парақшаларында бүгінгі таңдағы оқырманы 8 мыңға жетті.
Педагогикалық шеберлік орталық тренерлерімен бірлесе отырып, 5 мұғалімнің әдістемелік құралы республика көлемінде, облыстық әдістемелік кабинеттің қолдауымен 5 меморандумға тұрған ЖОО ғалымдарымен бірлесе жазған 44 мұғалімнің оқу-әдіс-
темелік құралдары жарық көрді. 35 жылдык тарихы бар гимназияның жеткен жетістіктері мен табыстарын заманауи үлгіде баршаға жеткізу мақсатында 2017 жылы «Виртуалды мектеп мұражайын» құрастырып, Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының I дә-
режелі дипломымен, 2019 жылы облыстық жетекші мектептер арасында өткен «Үздік жетекші мектеп» конкурсында ІІІ орынды, 2020 жылы облыс мектептерінің арасындағы рейтингтік көрсеткіш бойынша «Үздік инновациялық мектеп» ретінде танылып екі жыл қатарынан республикалық «Дарын» орталығы кубогының иегері, соңғы үш жылда республиканың «100 үздік олимпиадалық мектеп» мекемелерінің бірі атанып, республикалық «Ұлы дала өркениеттері» байқауынан жүлделі екінші орынды олжаладық.
2019 жылы кәсіби өсуіме шабыт берген «Үздік жас директор» байқауында топ жарып қала, облыста бас жүлде иегері атансам, Қазақстан республикасы оңтүстік аймақтың жетекші мектептерінің «Жаңару жаршысы – 2019» атты І форумында жетекші мектеп ретінде серіктес мектептермен жүргізілген сабақты зерттеу нәтижелеріммен тәжірибе бөліссем, 2018, 2019 екі жыл қатарынан Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы ұйымдастырған «Білім берудегі инновация: ізденіс және шешім» тақырыбындағы V халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға мектепті басқару тәжірибеме байланысты ғылыми баяндама жасадым. Сондай-ақ 2019 жылы наурызда Тараз қаласы мектептерінің басшыларына «Жаңартылған білім беру мазмұны жағдайында жобалық іс-әрекетті ендірудің мәселелері, шешу жолдары» тақырыбындағы семинарда директорлық қызметте түйген кәсіби тәжірибені өзгелермен бөлістім.
Мектеп өрендерінің де табыстары аз емес. Айталық «100 кітап» жобасы аясында ұйымдастырылған «Кітап оқып, миллионер бол!» байқауына 10-сынып оқушысы Қазына Әбдісейіт қатысып, жүлделі I орынға және миллион теңгенің сертификатына ие болса, былтыр «Кітап оқу» бағыты бойынша «Елбасы медаліне» қол жеткізді. Жетістіктер легі мұнымен шектелмейді. Мәселен, бүгінде гимназияда «Туған елге тағзым!», «Еңбек – елдің мұраты», «Бала. Бағдар. Болашақ», «Балалар және театр», «Менің эко-мектебім», «Мақтан тұтам есімін Бауыржандай бабамның!», «Дәстүр мен ғұрып», «Мәдени passport», «Тәуелсіздікке тарту», «Денсаулықты нығайтатын мектеп», «Мектеп өмірінің бір күні» жобалары жүзеге асырылуда. Үйірме жұмыстары арқылы биік мәрелерден көрініп, соңғы жылдарда ұстаздар мен оқушылардың республикалық, облыстық және қалалық жарыстардағы жетістігі 1150-ге жетті. Гимназия түлектерінің ҰБТ-дағы көрсеткіштері де көңіл қуантады. Соңғы жылдары ҰБТ орта балл көрсеткіші – 112 баллға дейін көтеріліп, оқу жылының қорытындысымен мектеп түлектерінің 82 пайызы мемлекеттік гранттарды иеленсе, екі түлек Назарбаев Университетінің білімгері атанды. Сонымен қоса екі оқушы «Елбасы медалін» олжалап, IELTS тапсыру көрсеткіші – 6,3 баллды құрады. Халықаралық FLEX байқауы бойынша гимназияның дарынды 6 оқушысы АҚШ-та білім алып келуі – гимназиядағы үштілділік бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың жүйелілігінің, мақсаттың айқындығы мен ұстаздардың біліктілігінің дәлелі екені сөзсіз.
Фарида Шортанбекова,
гимназия директоры.
Тараз қаласы.