Ещё один сайт на WordPress

«ҚАСІРЕТТІ ҚАҢТАРДАН» ҚАНДАЙ САБАҚ АЛУЫМЫЗ КЕРЕК?

0

Жыл басында елімізде болған қанды оқиға жұрттың қабырғасын қайыстырып, еңсесін езіп кетті. Бейбіт шерудің соңы бүлікке ұласып, жазықсыз жандар қаза тауып, әкімшілік ғимараттарға зақым келді. Орны толмас апаттың жай-жапсарын қайталап жатпайық. Десе де еліміздің барлық өңірін шарпыған лаңкестік шабуылға жасөспірімдердің де қатысқаны айтылуда. Олардың нақты саны белгісіз болғанымен бұл жағдай жас буынның тәрбиесіндегі олқы тұстарды көрсетіп бергені сөзсіз. Енді осы «Қасіретті қаңтардан» қандай сабақ алуымыз керек? Туындаған мәселелерді қалай шеше аламыз? Осы сауалдардың жауабын білу мақсатында сала мамандарының тұщымды пікірлеріне құлақ түрген едік.

 

Ерболат Саурықов,
Халықаралық Тараз инновациялық институтының ректоры, облыстық мәслихат депутаты:

«Бұл мәселенің шешу жолдарын ұсынбас бұрын әуелі оның шығу себептеріне үңілгеніміз жөн. Мұның бірқатар себебі бар. Біріншіден, жастарымыз қазір бірнеше топқа бөлініп кетті. Олардың алғашқы тобы мектепті тәмамдаған соң университетте, колледжде білім алып жүрген жастар. Яғни олар біліммен қатар тәрбиемен де сусындауда. Сол себепті кешегі оқиғаға қатысқандардың қатарында мұндай жастардың қарасы өте аз. Ал екінші топ оқу орнына түсе алмай қалған, бірақ жұмысы бар жастар. Олардың да бұл оқиғада үлес салмағы жоқтың қасы. Ал үшінші топ не жұмысы, не оқуы жоқ жастардан құралған. Осы бос жүрген жастарды әлдебір беймәлім күштер тез арада игеріп, бағындырып алды. Аталған жағдайдан кейін Президент көптеген тапсырма жүктегені мәлім. Соған сәйкес бірінші кезекте осындай жастардың аражігін ажыратып, әр топқа жеке-жеке бөліп, жіті зерттеуіміз қажет. Сондай-ақ бүгінде ұлттық тәрбие мүлде ұмыт қалды. Соның салдарынан жаһандану көшіне ілесеміз деп еуропалық, батыстық мәдениетке еліктеушілердің қатарын көбейтіп алдық. Содан болар қазақтың тарихын, танымын менсінбейтін, білмейтін, өздерінің арғы тегін арабтан шыққан деп шатасып жүргендердің легі қалыптасуда. Бұл мәселенің тағы бір ұшы осыған тіреледі. Сол үшін бала бөбекжайға барған сәттен бастап тілін қазақша шығарып, қазақи танымдарды бойына сіңіру қажет. Бұған ертегілер, батырлар жыры секілді ауыз әдебиеті озық үлгілерінің де тигізер ықпалы өте зор. Сондай-ақ балабақшада ұлттық тәрбие жоспары жасалуы тиіс. Мектепке дейінгі білім беру ұйымынан бастау алған бұл жоспар содан кейін мектеп пен университет қабырғасында да жалғасқаны жөн. Жалпы ұлттық тәрбиенің өзегі баланың бойында ата тарихы, наным-сенімі, салт-дәстүрі қазақи мінездің қалыптасуы болып табылады. Халқымыз «не ексең соны орасың» деп бекер айтпаған. Бізде ешбір жұртта кездеспейтін ғажайып дүниелер, таным-түсініктер бар. Өкінішке орай, біз соны пайдалана алмай отырмыз. Өйткені білім ордалары тәлім-тәрбиеден алшақ кетіп, тек оқытумен ғана шектеліп отырғаны жасырын емес. Азаннан кешке дейін тек смартфонға үңіліп, жалған ақпаратқа бой алдырып жүрген жасөспірімдермен еліміз ұшпаққа шыға алмайды. Сондықтан ғасырлар бойы жинақталған ұлттық құндылықтарды, қадір-қасиеттерді жинақтап, оқу процесіне енгізу арқылы ұлтшыл жандарды тәрбиелей аламыз. Ал енді бұларды санасына тоқыған адам кешегідей бүлікке қосылмайды, арандатушылыққа бармайды. Бұған тек санаулы адам ғана емес зиялы қауым өкілдері, жалпы көзі ашық, көкірегі ояу барша азамат үн қосуы қажет деп білемін».

Ринат Нұрақбаев,
облыстық ата-аналар комитетінің төрағасы:
«Әлемді жайлаған жаман аурудан енді есімізді жиып келе жатқанда осындай жағдайдың орын алғаны көңілге кірбің салды. Ал бұған еліміздің келешегі саналатын жас буынның қатысуы сол қайғыны үстемелей түскендей. Әрі олар өздерінің қандай мақсаттары бар екенін де білмеген. Демек бұл олардың саяси сауатының төмендігін білдіреді. Осыдан келіп мұның соңы жантүршігерлік қасіретке ұласты. Бұдан кейін қоғам мүшелері «Неге мұндай жағдайға жол бердік?», «Бала неге ата-анасын тыңдамайды?» деген өзекті сұрақтарға жауап іздеуі тиіс. Әлбетте бұл жерде ата-ананың да кінәсі аз емес. Өйткені өз баласына ие бола алмаған ата-анадан не күтуге болады? Сонда біздің үлкенге құрмет, кішіге ізет, үлкенді сыйлау деген асыл қасиеттеріміз қайда қалды? Әдетте, барлығын қоғамға арта саламыз ғой. Бірақ сол қоғамды өзіміз құрайтынымызды ұмытып кете береміз. Ата-аналар да қоғамның жүгін арқалап жүр. Ата-ана ретінде бұл мәселе мені де бей-жай қалдырмайды. Жарайды, болар іс болды, өткен іс өтті. Енді мұның алдын алу үшін не істемек керек? Алдымен ата-аналармен жұмысты күшейтуіміз керек. Бұрыннан келе жатқан жұмысты одан сайын ұлғайып, нақты іс-әрекеттерге көшуіміз тиіс. Әрі бұл жұмыстар тек қағаздағы есеп немесе анда-санда бір өткізілетін кездесулермен шектелмеуі қажет. Қазір бізде әркім өз қазанында қайнап жатыр. Соның кесірінен білім ордаларында баланың психикасы бұзылмасын, отбасының беделі түспесін деп әр баланың оқу үлгерімі мен тәртібін ата-анасының жеке өзіне айтамыз да, жылы жауып қоя салатын түсінік қалыптасқан. Олай етуге болмайды. Себебі ол да қоғамның мүшесі болғандықтан оны сол қоғам тәрбиелеуі керек. Сонда кез келген саналы адамның намысы оянып, келесіде қоғамның сынына ұшырамас үшін кемшіліктерін түзетуге тырысады. Осы орайда өз тарапымнан білім саласының басшыларына да құлаққағыс айта кеткім келеді. Баланың өмірінде қандай да бір маңызды оқиға, мейлі ол жиналыс, мейлі басқа болсын ата-аналарының да түгелдей қатысуына жағдай туғызғаны жөн. Сонда бала ата-ананың жауапкершілігін, қамқорлығын сезінеді. Тағы бір айта кетерлігі, көптеген мемлекетте сол ұлттың психологиясы жөнінде арнайы пәндер оқытылатын көрінеді. Осыдан біз де үлгі алып, жасауымызға болады ғой. Сонымен қоса барлық мекемелерде аптасына бір күн бір сағат «Отбасы сағатын» енгізгеніміз де артық болмайды. Себебі бабаларымыз айтпақшы «Отан – отбасынан басталады». Бір жанұядағы келеңсіз жағдай асқынып кетсе ол кейін мемлекеттік үлкен мәселеге айналып кетуі бек мүмкін. Бүгінгі күні дастархан басында бүлдіршіндерінің көзінше мемлекетті, билікті жамандап отыратын ата-аналар бар. Сондай алып-қашпа әңгімелердің барлығын отбасында көкейіне түйген бала келешекте өз Отанына қарсы шығады. Оның ақыры кешегідей бүлікпен аяқталады. Сондықтан да осы шараларды қазірден қолға алмасақ тәрбие жұмысының ақсағаны ақсаған».

Сәуле Түменбаева,
Д.Қонаев атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, Талас ауданы:

«Сыныптай сырғыған уақыт көшінде, отбасының әлеуметтік жай-күйі мен санасын тұрмыс билеген ата-аналардың күнделікті күйбең тіршіліктен, бала тәрбиесіне көңіл бөле бермейтіні белгілі. Бала тәрбиесі – балабақшада тәрбиешілерге, уақыт өте келе, мектеп мұғалімдері мен сынып жетекшісіне тапсырылады. Ал, бір сәт әрбір ата-ананың ой-санасында: «Балам бос уақытында немен айналысады?» «Оның достары кім?», — деген заңды сұрақ туындауы тиіс. Себебі, баласының қоршаған ортасы, айналасы оның ой-санасының дамуында маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар көгілдір экрандағы атыс-шабысқа толы, қан төгіс, кісі өлтіріп жатқан көріністер, компьютерлік ойындар да балалардың санасын улап жатыр… Міне, осындай бір сарынды, жүйкесіне салмақ салар сүреңсіз жайттардан әбден жүйкесі тозған, қатыгез балалар өзгенің өміріне қауіп төнгізбесіне кім кепіл?!
Баланың инабатты, жүрегі мейірімге толы, парасатты болып өсуі ата-ананың үйдегі берген тәрбиесіне де байланысты екені сөзсіз. Өйткені балаға тәрбие беруі үшін әуелі ата-ананың өзі тәрбиелі болуы тиіс. Отбасындағы жақсылық пен ізгілікке толы істер баланың да жақсы болып өсуіне ықпал етеді. Ал ата-ананың мінезінің дұрыс болмауы, отбасындағы ұрыс-керіс, жиі орын алатын жанжал, ауызбіршіліктің жоқтығы баланың жүйкесіне кері әсер етеді. Сондықтан да, ата-ана ең алдымен өз арасындағы қарым-қатынасты дұрыс жолға қойғаны жөн. «Еңбек – адамның екінші анасы», «Бақыттың кілті – еңбекте» деген тағылымды тәмсілдер бар. Соған сай балаға – адал еңбек етуді, достарымен тату болуды, тура сөйлеп, адал ғұмыр кешуге бағыт беру де зор ықпал етеді. Сөз соңында айтарым, отбасында саналы тәрбиемен қаруланған жас өскіннің алдағы келешегі кемел, бағыты айқын болады».

P.S. Қалай десек те, қаралы оқиға тәрбие мәселесіндегі өткір проблемаларды жалпақ жұртқа әйгілеп бергендей. Солай бола тұра облысымыздағы білім саласына жауапты басқармалар мен бөлімдердің тәрбие бойынша тізгінін ұстаған бірқатар мамандарының да пікірін білмек болып арнайы хабарласқан едік, алайда олар жауап беруден жалтарды. Осы мәселеге ең бірінші бас ауыртуы тиіс тұлғалардың пікір білдіруден бас тартуының сырын түсінбей далмыз. Сондықтан да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан «Жаңа Қазақстанды» құру ең алдымен осындай түйткілдердің түйінін тарқатудан басталғаны жөн деп ойлаймыз.

Пікірлерді жинақтаған
Ш.Жамбыл.

Leave A Reply

Your email address will not be published.