Қазіргі білім беру жүйесі қарқынды өзгерістер кезеңін бастан өткеріп отыр. Жаһандану үдерісі, цифрландыру, білім мазмұнының жаңаруы – мұның барлығы мұғалімнің кәсіби қызметіне жаңа талаптар қоюда. Бүгінгі педагог тек білім беруші ғана емес, сонымен қатар оқушының жеке тұлғалық дамуын бағыттайтын, оның сыни ойлауын қалыптастыратын, заманауи технологияларды тиімді қолдана алатын маман болуы тиіс. Осындай өзгерістер аясында мұғалімнің күнделікті жұмысындағы негізгі құралдардың бірі – қысқа мерзімді жоспар (ҚМЖ) мәселесі бүгінгі күні жиі талқыланып келеді.
Бүгінде ҚМЖ-ның қажеттілігі мен тиімділігі туралы пікірлер біржақты емес. Кейбір педагогтер оны сабақ сапасын арттыратын, жүйелілікті қамтамасыз ететін маңызды құрал деп есептесе, енді біреулері ҚМЖ жазу мұғалімге артық жүктеме түсіріп, қағазбастылықты көбейтеді деп санайды. Әсіресе күнделікті бірнеше сыныпқа сабақ беретін мұғалімдер үшін әр сабаққа жеке-жеке ҚМЖ дайындау уақыт пен күшті талап ететін процесс екені жасырын емес.
Осы тұрғыда «Мұғалімдерге ҚМЖ жазу керек пе, керек емес пе?» деген сұрақ білім беру саласындағы өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Бұл тақырып тек құжат жүргізу мәселесі ғана емес, сонымен қатар мұғалімнің кәсіби еркіндігі, шығармашылығы және жұмыс жүктемесімен тікелей байланысты. Сондықтан біз де аталған мәселені жан-жақты қарастырып, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін саралауға тырысқан едік.
«QAZBILIM GROUP» компаниясы басқарма төрағасы, PhD химик Аятжан Ахметжанұлы ҚМЖ мәселесіне біржақты қарауға болмайды деп санайды.
– Жалпы, өзім кезінде ҚМЖ жазбайтын мұғалім болдым. Қазір директор ретінде де мұғалімдерден оны талап етпеймін. Бірақ соған қарамастан, ҚМЖ-ны толық алып тас-
тауға қарсымын. Неге? Себебі еліміздегі мұғалімдердің біліктілігі әлі де төмен деңгейде. Жуырда ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова да еліміздегі мұғалімдердің жартысынан астамының білімі төмен екенін айтты. Мұны қайдан алынғанын білмеймін, бірақ өз басым 16 жыл бойы осы саланы терең зерттеп келемін. Соның ішінде, 3-4 жыл бойы мұғалімдердің біліктілік тестінің нәтижелерін де зерттеп көрдім.
Біліктілікті мен үш бағытта қараймын. Біріншіден, пәндік білім. Бұл қатаң талап болуға тиіс. Себебі пәндік білімі нашар мұғалім, қанша тамаша әдістемесі болса да, оқушыға сапалы білім бере алмайды. Екіншіден, әдістемелік біліктілік. Пәндік білімі жоғары мұғалім оны жеткізудің жолын да білуі керек. Үшіншіден, педагогтың өз мамандығын сүюі және психологиялық қабілеті. Бұл үшеуі – ошақтың үш бұты секілді. Біреуі кем болса, мұғалім толыққанды маман болып шықпайды. Дегенмен, ҚМЖ-ны міндеттеген де дұрыс емес. Біліктілігі төмен мұғалімдерден ҚМЖ-ны алып тастаса, білім сапасы мүлде құлдырайтыны анық. Бірақ дәл қазіргі жағдаймен оны міндеттеу де нәтиже бермейді. Себебі бүгінде ҚМЖ сатылатын бизнеске айналды. Мұғалімдердің көбі дайын жоспарды сатып алады. Нәтижесінде, ҚМЖ бір жақта, мұғалімнің сабағы екінші жақта қалды. Тіпті жасанды интеллект те жаза салады. Мұндай құжат мұғалімнің дайындық деңгейін көтермейді. Сондықтан осындай формальды құжат бізге керек пе? Әрине, жоқ. Сондықтан бұл мәселені әлі де тереңірек зерттеп, ортақ шешімін табу керек, — деді белгілі ұстаз.
Тағы бір белсенді ұстаз Ақмарал Шатемірқызы «Сапалы білім – есеп үшін емес, баланың болашағы үшін берілуі керек» деген пікірді алға тартты.
– 2000-2026 жылдар аралығында Қазақстандағы білім саласында 12 министр ауысты. Әр министр өз реформасын бастады, бірақ ешқайсысы оны толық аяқтап, 11 жылға арналған тұрақты бағдарламаны соңына дейін жеткізе алмады. Соның салдарынан білім жүйесі жиі өзгеріп, мұғалім де, оқушы да үнемі жаңа талапқа бейімделумен келеді. Шаршау, күйзеліс, алаңдау, сынау – бәрі осында.
Бір «12 жылдық білім жүйесін енгіземіз» деді, ақыры ол да толық іске аспады. Ең өкініштісі, енгізілген бағдарламалардың нақты нәтижесі қалай өлшенді, оның тиімділігі қандай болды, бұл туралы ашық әрі тәуелсіз талдау аз. Мәселен, сапалы білім тек «2» баға қоймаумен немесе қағаз жүзіндегі жақсы мониторингпен өлшене ме? Әлде баланың пәнге қызығуы, еркін ойлауы, кітап оқуы, ізденуі арқылы бағалана ма? Шын мәнінде, сапалы білім – есеп үшін емес, баланың болашағы үшін берілуі керек. Ол үшін тұрақтылық, нақты жоспар және шынайы бағалау қажет.
Осы ретте ҚМЖ мәселесі неге шешілмей, дауға айналып кеткенінің себебіне үңіліп көрейікші. Біріншіден, ҚМЖ жазуға қажет жағдай толық жасалған жоқ. Білім саласына қаншама қаржы бөлінуде. Бірақ, сол қаражат мұғалімнің күнделікті жұмысына жетті ме? Мәселен, мұғалімдер бөлмесінде А-4 қағазы, қағаз шығарғыш, сия жеткілікті ме? Бұл мәселе әлі толық өз шешімін тапқан жоқ. Көп мектептерде мұғалімдер бөлмесі де жоқ. Бақылаушылар немесе жиі жүретін комиссия соған мән бере ме? Білім саласын бақылайтын құрылымның өзі министрлікке қарайды? Бұл дұрыс па?
Екіншіден, қаншама жыл өтсе де, әлі күнге ҚМЖ-ның бірізді, нақты, түсінікті шаблоны да қалыптасқан жоқ. Мұғалім «жаз деді», «оқушы жазды» деген бағандар қисынсыз талаптарға айналып кетті.
Үшіншіден, кітаптағы қателіктер де мұғалімдерді күйзелтті. Қателіктерден басқа, оқулық мазмұны мен оқу бағдарламасы мақсаттарының бір-бірімен сәйкес келмеуі де осындай дау-дамайға әкелді. ҚМЖ дегеніміз – оқу мақсатын нақтылау үшін, сол мақсатқа сай сабақ мақсатын қою үшін, мақсатқа жету жолдарын белгілеу үшін және нәтижесін белгілеп отыру үшін қажет құрал. Демек, ол үш ғана сауалға жауап беруі керек:
* cабақта нені меңгертемін? (үлгілік оқу бағдарламасында берілген оқу мақсатына сай)
* қалай меңгертемін (қандай әдістер қолданасыз)?
* оқушының меңгергенін немесе меңгермегенін қалай білемін?
Егер ҚМЖ-ны бағыт беруші құрал десек, оған бір парақ та жеткілікті. Ал мұғалімнің шығармашылығын шектемеу керек, жазған ҚМЖ-сын кеңейтіп презентацияға айналдырса, құптарлық. Сондықтан ҚМЖ – кедергі емес, бағыт беретін құрал болуға тиіс. Сондай-ақ, оның міндетті құжат екенін сылтауы етіп, күн сайын өзгерте беруге болмайды, — деді ұстаз.
Дегенмен, «ҚМЖ жазу – артық жүктеме емес, керісінше, сапалы сабақтың кепілі» деп ойлайтын ұстаздар да аз емес. Солардың бірі – тараздық ұстаз Айгүл Нұрмағанбетова.
– Қазіргі білім беру кеңістігінде мұғалімнің кәсіби шеберлігі тек пәнді меңгеруімен ғана шектелмейді, ол – оқу үдерісін тиімді жоспарлай білуімен де өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда, қысқа мерзімді жоспар (ҚМЖ) – мұғалім жұмысының ажырамас бөлігі.
Әр сабақ – оқушының дамуына әсер ететін маңызды кезең. Егер мұғалім сабақты алдын ала жүйелеп, нақты мақсат қойып, әдіс-тәсілдерді дұрыс таңдамаса, онда оқу үдерісі өз деңгейінде нәтижелі болмайды. ҚМЖ осы олқылықтың алдын алады. Ол маған сабақты құрылымдауға, уақытты тиімді бөлуге және әр оқушының қажеттілігін ескеруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, ҚМЖ мұғалімнің кәсіби рефлексия жасауына да ықпал етеді. Жоспар арқылы мұғалім өз тәжірибесін талдап, қандай әдіс тиімді болғанын, қай тұста қиындық туындағанын анықтай алады. Бұл өз кезегінде келесі сабақтарды жетілдіруге жол ашады. ҚМЖ-ның тағы бір маңызды қыры – мұғалімнің жауапкершілігін арттыруында. Жоспарсыз өткен сабақ – бағытсыз қозғалыс сияқты. Ал ҚМЖ – сол бағытты айқындайтын құрал. Әрбір әрекетің нақты мақсатқа негізделгенде ғана нәтиже болады. Әрине, кейбір мұғалімдер қысқа мерзімді жоспар жазуды уақытты көп алатын процесс ретінде қабылдауы мүмкін. Дегенмен, бұл – уақыт өте келе қалыптасатын дағды. Алғашында қиын көрінуі мүмкін, бірақ жүйелі түрде жазып үйренгенде, керісінше, уақыт үнемдей бастайсың. Ең бастысы – дайын жоспарды көшіріп алу емес, оны өз сабағыңа бейімдеп, саналы түрде құрастыру, — деп өз ойын ортаға салды білікті ұстаз.
Қорыта айтқанда, қысқа мерзімді жоспар (ҚМЖ) мәселесі – біржақты шешімді қажет етпейтін, күрделі әрі көпқырлы тақырып. Бір тарап оны мұғалімнің кәсіби қызметін жүйелейтін, сабақ сапасын арттыратын маңызды құрал ретінде қарастырса, екінші тарап артық қағазбастылық пен формализмге әкелетін жүктеме ретінде бағалайды. Бұл пікірлердің әрқайсысында белгілі бір шындық бар екенін жоққа шығаруға болмайды.
Ең бастысы, қандай құжат болса да, оның түпкі мақсаты сапалы білім беру екенін ұмытпау қажет. ҚМЖ да осы мақсатқа қызмет еткен жағдайда ғана өзінің шынайы маңызын сақтай алатыны сөзсіз.
Қ.Қаптағай,
журналист.
Тараз қаласы.