МЕН ҮШІН ОҚУШЫ КӨЗІНДЕГІ ҚУАНЫШТЫ КӨРУДЕН АСҚАН МАРАПАТ ЖОҚ
Ұстаздық – жай ғана мамандық емес, өмірлік миссия. Әр мұғалімнің жүрек түкпірінде оны осы жолға жетелеген арман, балалық шақтан қалған әсер немесе тағдырлы шешім жатады. Мен үшін де ұстаздыққа келу үлкен жүрек қалауы мен өмірлік таңдаудың нәтижесі болды.
Мен қарапайым отбасынан шыққанмын. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған күнім әлі есімде. Алғашқы ұстазымның әрбір сабағы, оқушыларға деген мейірімі мен төзімділігі қатты әсерге бөледі. Сол кезде кішкентай жүрегімде: «Мен де бір күні ұстаз боламын» деген ой пайда болды. Балалық арман уақыт өте келе шынайы мақсатқа айналды. Бала кезімде мектепке алғаш барғанымда, мұғалімімнің қарапайым мейірімі мен оқуға деген ынтасын көріп, жүрегімде бір ерекше сезім оянды. Ол тіл арқылы ғана емес, жүрекпен түсіндіретін маман еді. Сол күннен бастап мен үшін ұстаз болу тек мамандық емес, өмір мәнінің бір бөлігіне айналды.
Мектепті жақсы аяқтап, педагогикалық университетке түсу туралы шешім қабылдадым. Осы мақсатпен 1999 жылы Тараз қаласында орналасқан М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Тарих және география» мамандығына түстім. Университетте теория мен тәжірибені теңестіруге мән бердім. Әсіресе, оқу пәнінің тереңдігі, әдістемелік курстар, педагогикалық тәжірибе – барлығы ұстаздықтың негізін қалады. Тәжірибелік сабақтарда алғаш рет жалғыз өзім сабақ өткізгенде ерекше қобалжығаным есімде. Бірақ «әрбір жасалған қате – тәжірибе, әрбір табыс — сенім» деген тәмсіл бар.
Жоғары оқу орнында оқып жүрген жылдары теорияны меңгерумен қатар, мектептерде тәжірибеден өттім. Алғаш рет сабақ берген кезімде қатты қобалжып, «оқушыларға жеткізе аламын ба, олардың сенімін ақтаймын ба?» деген ой мазалады. Бірақ әрбір қадам, әрбір сабақ мені шыңдап, сенімді ете түсті. Осылайша, университет қабырғасындағы төрт жыл зымырап өтіп, 2003 жылы жоғары оқу орнын үздік дипломмен аяқтап, еңбек жолыма жолдама алдым.
Алғашқы еңбек жолым 2003 жылдың қыркүйегінен Тараз қаласындағы Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясынан басталды. Жұмысқа алғаш келген сәтімде тағы да көкейімде «оқушылардың сенімін ақтай аламын ба?» деген қорқыныш тұрды. Алайда, сол сәтте үлкен жауапкершілікті сезіндім. Бастапқыда қиындық та, қуанышты сәттер де көп болды. Кейбір оқушылардың қызығушылығын ояту оңайға соқпады. Бірақ уақыт өте келе әрбір балаға жол тауып, олардың сеніміне қол жеткіздім.
Уақыт өте келе курс-семинарларға қатысып, жаңа әдістемелерді де енгіздім. Сабақтарымда жобалық оқыту, сыни ойлау жаттығулары және цифрлық құралдар қолдандым. Мұның нәтижесінде оқу жетістіктері жақсарып, оқушылардың пәнге деген қызығушылығы артты.
Ұстаздықтағы ең басты қағидам – әрбір оқушы қайталанбас тұлға. Біреу тез қабылдайды, біреу баяу түсінеді, біреу сенімсіз, біреу өзіне тым сенімді. Әрқайсысына жеке көзқарас қажет. Сабақ барысында оқушының қабілетін ашу, оны жігерлендіру мен үшін маңызды.
Әрине, ұстаздық жол тек жеңіл сәттерден тұрмайды. Оқушы тәртібі, ата-анамен байланыс, кейде материалдық ресурстардың жетіспеушілігі мұның бәрі кездеседі. Бірақ әрбір қиындық – сабақ. Мысалы, бір оқушым пәнге қызықпайтын. Қосымша уақыт бөліп, қарапайым мысалдармен, ойын әдістерімен түсіндірдім. Көп ұзамай ол пәнге қызыға бастады. Кейін пән байқауларынан жүлделі орын алды. Мен мұны толайым табыстарымның бірі ретінде санаймын.
Ұстаздық жолда ресурстардың аздығы, қабілеттері әр түрлі балалар және ата-аналармен түсініспеушіліктер секілді бірқатар қиындықтар кездесті. Бұлардың барлығы мені мойытқан жоқ, керісінше бойымдағы сабырлылықты, икемділікті және коммуникативтік дағдыларды дамытты.
Уақыт өте мен тәжірибемді толықтырып, жаңа әдіс-тәсілдерді меңгердім. Сабақтарымда жобалық жұмыстар, сыни ойлау жаттығулары, цифрлық технологияларды қолданамын. Оқушылардың белсенділігі артып, пәнге қызығушылығы күшейді. Әріптестеріммен тәжірибе алмасып, жас ұстаздарға да кеңес беріп отырамын.
Қорыта айтқанда, ұстаздыққа келу жолым – жүрек қалауынан басталған, қажырлы еңбекпен шыңдалған, шынайы миссияға айналған өмірлік мақсат. Кейде адамдар ұстаздықты жай жұмыс деп қарайды. Бірақ мен үшін ол – өмірімнің мәні. Сондай-ақ мен үшін оқушы көзіндегі қуанышты көру, олардың жетістігіне куә болудан асқан марапат жоқ. Бұл – менің өмірлік таңдауым әрі ең үлкен мақтанышым.
Рауан ОШАҚБАЕВ,
Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясының география пәнінің мұғалімі,
үздік педагог.
Тараз қаласы.