Ещё один сайт на WordPress

ПЕДАГОГТЕР НЕГЕ ДИРЕКТОР БОЛҒЫСЫ КЕЛМЕЙДІ?

0

ЖАМБЫЛДА 35 МЕКТЕП БАСШЫСЫНЫҢ ОРНЫ БОС ТҰР

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ««Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа арнаған Жолдауында мұғалімдердің біліктілігін арттыруға және әлеуметтік мәртебесін көтеруге көңіл бөлу қажеттігін қадап айтқан болатын.

– Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады. Үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық, — деген ел Президенті бұл бағыттағы жұмысты жалғастыруды жүктеген еді. Оның үстіне бүгінгі жаһандану дәуірі де ұстаздардан көп нәрсені талап етуде. Сапалы білім мен саналы тәрбие беру арқылы балаларды заман ағымына сай бейімдеу де педагогтардың еншісінде. Әсіресе бұл тұрғыда мектеп директорларына артылар жауапкершілік жүгі ауыр. Десе де, облысымызда осыған мән беруге тиіс мектеп басшыларының тапшылығы байқалуда. Бұл сөзіміздің дәлелі – қазіргі таңда облысымызда жалпы саны 35 мектеп директорының орны бос тұрғаны.
– ҚР Білім және ғылым министрінің «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларын бекіту туралы» 2012 жылғы 21 ақпандағы №57 бұйрығына сәйкес мектеп басшыларының тағайындау жұмыстары жүргізілуде. Конкурс жұмыстары тұрақты түрде айына бір рет өткізілуде. Бос тұрған басшы лауазымдары азайғанымен, кейде директорлардың зейнетке шығуымен, басқа жұмыстарға ауысына байланысты бос лауазымдар саны қайта қалыптасып жатады. Конкурстың ашықтығын қамтамасыз ету үшін комиссия отырысы басқарманың «Facebook» әлеуметтік желісінде тікелей эфирде жүргізіліп, дыбыс бейне жазба құралы қолданылуда, — делінген облыстық білім басқармасының ресми мәліметінде. Осы ретте «Неліктен біздің мектептерге басшы бұйырмай тұр, әлде бізде бұған лайық білікті кадрлар жоқ па, немесе оның басқа себебі бар ма?» деген заңды сауал туындайды. Біз де осы сұрақтарға мейлінше жауап табуға тырысып көрген едік.
Осы тұста атап өтерлігі ҚР Оқу-ағарту министрі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2024 жылғы 24 желтоқсандағы бірлескен бұйрығымен мемлекеттік білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтерін тағайындау және қызметтен босатудың жаңа ережелері бекітілген болатын. Соған сәйкес мемлекеттік білім беру ұйымының бірінші басшысы лауазымын атқару Еңбек кодексінің 139-бабының 1-тармағына сәйкес жұмыс берушінің шешіміне сәйкес немесе конкурс бойынша жүзеге асырылады. Атап айтсақ, басшылық қызметтен үміткерлер электронды форматта 180 минут ішінде түрлі заңдар бойынша 48 тест сұрағына жауап беру қажет. Сертификаттаудың шекті деңгейі 50 пайызды құрайды. Ал сыннан сүрінбей өткендер әрі қарай әңгімелесуге жіберіледі. Осылайша, директор болуға лайық деп танылған бірінші басшы 5 жыл мерзімге тағайындалады. Ендеше осы конкурс білікті мамандардың басшылыққа келуіне кедергі келтірмей ме? Бұған қатысты сала мамандарының өз айтары бар.
Өзі де ұзақ жыл Мойынқұм ауданындағы білім ордасын басқарған сала ардагері Раушан Игілікова қатардағы педагогтардың басшылыққа ұмтылмауының бірнеше себебін атап көрсетті.
– Бұл мәселенің ең бірінші ұшы еңбекақыға тіреледі. Мысалы өзге мемлекеттік мекемелерде басшының жалақысы қызметкерден жоғары да, ал мектептерде бұл керісінше іске асады. Әрине, ебін тапқан директорлар заң аясында рұқсат берілген жартылай жүктемені қосып алып немесе түрлі біліктілік дәрежелеріне ие болу арқылы үстемақыға қол жеткізіп келеді.
Сондықтан да әуелі осы жағын реттеу қажет. Тағы бір айта кетерлігі, қазір директорлар тек орындаушы, ұйымдастырушы ғана болып кетті. Олар әуелі оқу ордасының материалдық базасына, қауіпсіздігіне көп мән береді де, оқу-тәрбие процесіне араласа алмайды. Өйткені бала бұзықтық жасаса, мектептен тыс кезде де бірдеңе бүлдірсе, оның сұрауы ата-анадан емес, директордан болады. Жазасын тартатын да – сол. Оның үстіне облыс пен аудандағы басшылардан түскен нұсқауларды орындау, бітпейтін науқандық іс-шаралар мен жиындарға қатысудың салдарынан директорлардың көпшілігі қағазбастылыққа салынып, бюрократияға бейімделіп кеткені жасырын емес. Басшы да темір емес, ол да ет пен сүйектен жаралған пенде. Ал жоғарыда мен тілге тиек еткен шектен түс жүктеменің барлығы кез келген адамды физикалық та, моралдық та тұрғыдан әбден қажытады. Сондай-ақ әркімнің отбасылық жағдайы әртүрлі. Ол да өз әсерін тигізбей қоймайды. Осыдан кейін педагогтер бір мезгіл сабағын беріп, қалған уақытта демалғанды дұрыс көреді. Директорлар секілді таңның атысынан кештің батысына дейін мектепте табан тоздырғысы келмейді. Әлбетте оларды да түсінуге болады. Себебі сананы қашанда тұрмыс билейді. Ал олардың конкурстан өту мәселесіне келсек, басшы заңды жетік білмесе де, таныс болуы керек. Алдына әкелінген құжаттарға қол қоярда оның заңға сәйкестігін дұрыс бағамдай білеу ең әуелі өзіне пайдалы. Бірақ білім саласы тек заңдарға ғана негізделмейді ғой. Бұған қоса мұғалімнің барлығы заңгер емес. Сондықтан алдымен үміткердің ұжыммен, ата-анамен, оқушылармен қалай тіл табыса алатынына басымдық берген жөн деп санаймын. Яғни теориядан гөрі тәжірибелік біліктілігіне ерекше екпін түсірген абзал, — деді Раушан Шыныбайқызы.
Тараз қаласындағы жекеменшік мектептердің бірінің мұғалімі Динара Базылбаеваның пікірінше, білікті мамандардың басшылыққа бармауына жоспардан тыс тексерістердің көбеюі де өз әсерін тигізіп отыр екен.
– Өз басым 30-дан аса мектепте басшылық орынның бос тұруының бірнеше себебін атар едім. Біріншіден, заманмен үндес тұлғалық өзгеріс пен сабақтастықтың жоқтығы. Яғни кейбіреуі басшылыққа бейімделе алмауы мүмкін. Екіншіден, директор болуға қанша жерден ұмтылғанымен, оған педагогикалық және психологиялық тұрғыдан дайын болмауы. Себебі бабы келмесе де, бағы жанып басшылыққа барғандардың қадамы ұзаққа бармасын көз көріп, құлақ естіп жүр. Мұның тағы бір себебі ретінде құзырлы органдар тарапынан жүргізілетін жоспарлы, жоспардан тыс тексерістерді атар едім. Егер сол тексерістерден бір кілтипан тапса құзырлы органдардың қырына ілігіп, соңында бірінші жаза арқалауы да мүмкін. Ал оның бәрі жүйкеге салмақ түсіріп ғана қоймай, мектептің ғана емес басшының да абыройына нұқсан келтіреді. Содан соң мектепте таңнан кешке дейін сабақ беріп жүрген менің «Еңбек туралы», «Білім туралы» Заңдарды оқып, конкурсқа дайындалатын уақытым жоқ. Сондықтан үміткерлердің заң туралы сауалдарға жауап бере алмай, басшылыққа тағайындалмауы ақылға қонбайды. Мұғалім заңдарды білгенімен, оған қатысты қойылған сұрақтарға жүз пайыз жауап бере алады дегенге сенбеймін. Екінші жағынан алып қарасақ, заңды білмеді деп оларды кінәлайтын болсақ, бұл «Педагог мәртебесі туралы» Заңды аяққа таптағанымыз. Сол себепті бұл конкурс ештеңенің көрсеткіші бола алмайды. Өз басым мектеп директорларын ұжымның ұсынысымен сайлаған дұрыс деп білемін. Өйткені сырттай тағайындау қоғамдық ашықтыққа жатпайды, — деді Динара Қуандыққызы бізбен әңгімесінде.
Жуырда Тараз қаласындағы Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназиясының жаңа директорын тағайындаудың соңы қып-қызыл дауға ұласқан еді. Нақтырақ айтсақ, аталмыш оқу ордасының ұжымы конкурстан өткен Гүлжахан Абдрешованың кандидатурасына қарсылық білдіріп, оның бұл қызметке лайықсыз екенін алға тартқан болатын. Нәтижесінде осы оқу ордасына Абитова Қиял Шәріпханқызы басшы болып тағайындалды. Бастапқы шешімнің өзгеруін Тараз қалалық білім бөлімі бізге былай деп түсіндірді:
«Конкурс жеңімпазы болған алдыңғы кандидат осы қызметтен өз еркіммен бас тартқандықтан кадрлық резервте тұрған өзге үміткер лайық деп танылды».
Әрине, мұндай жағдайдың тағы да қайталанбасына ешкім кепілдік бере алмайды. Осындай кезде не істемек керек? Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы № 57 Бұйрығына көз салсақ онда конкурс шешімімен келіспеген жағдайда қатысушының аппеляцияға беруге құқылы екені жазылған. Алайда, №12 білім ордасындағыдай ұжымдық қарсылық кезінде не істеу керектігін айқындалмаған. Демек, осындай дау-дамай туындаған сәтте барлығы конкурс ұйымдастырушыларының шешіміне байланысты болатын тәрізді.
Сонымен қатар облыстық білім басқармасының тағы бір дерегінше, «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» жобасы аясында да бос лауазымдарға мектеп директорлары тағайындалуда екен. Сонымен қатар өңірлік білім беру менеджерлерінің клубы, мектеп директорларының кеңесі де жұмыс істеуде. Ұйымдастырушылық қабілеті бар директордың орынбасарлары мен педагогтерден «Кадрлық резерв мектебі» құрылған. Атап айтсақ, қазіргі таңда «Кадрлық резервке» 20 педагог алынса, оның ішінде 9 мұғалім директор лауазымына тағайындалған. Ендеше, осы жоба облыстағы директор тапшылығын біржола шешуге ықпал ететініне сенім мол. Әйтпесе, басшысы жоқ білім ордасының білім сапасы туралы сөз айту да өте қиын екені белгілі.

Ш.ЖАМБЫЛ,
журналист.

Leave A Reply

Your email address will not be published.