Ещё один сайт на WordPress

МЕРКІЛІК ҰСТАЗДЫҢ МЕРЕЙЛІ БЕЛЕСІ

0

Жуырда Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс шараларды өткізетін облыстық орталықтың ұйымдастыруымен «Қосымша білім беру ұйымдарының директорлары мен директор орынбасарларына арналған «BEST-менеджер» облыстық байқауы өткен болатын. Білім бәйгесіне Меркі аудандық оқушылар «Үміт» сарайы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Мадина Мамырханова да қатысып, Бас жүлдені еншіледі.

Мадина Садуахасқызы өз саласында жоғары кәсібилігімен және жұмысқа деген адалдығымен ерекшеленеді. Ол оқу үдерісін ұйымдастыру мен басқаруда мол тәжірибеге ие білікті маманның бірі.
– Аталған білім сайысы ашық және жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Осы байқауға қатысқан әрбір қатысушы өз жобасымен бөлісіп, қажеттісін іске асыруға мүмкіндік алды. Байқау 2 кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде қатысушылар «Заманауи қосымша білім беру ұйымын басқару: трендтер және келешек» тақырыбында эссе жазса, екінші кезеңде «Қосымша білім берудің заманауи бағыттары» тақырыбында өз жобаларын қорғады. Өзім осы байқауға «Инновациалық хаб: Оқушыларға арналған жасанды интеллект стартаптар» атты жобамды ұсынып, сарапшылардың жоғары бағасын алдым. Жалпы мұндай білім бәйгелері алдағы уақытта да өз жалғасын табады деп сенемін, — деді Мадина Садуахасқызы өз сөзінде.
Мадина Мамырханова алғашқы еңбек жолын 2007 жылы №5 Ақарал жалпы білім беретін мектебінен бастаған. 2010-2015 жылдар аралығында В.Савва атындағы №9 мектебінде биология пәні мұғалімі болып жұмыс істесе, 2016 жылы оқушылар «Үміт» сарайында қосымша білім беру педагогі болып еңбек етті. Биология пәніне деген оқушылардың таным-белсенділігін, ойлау-қабілетін, қызығушылығын арттыру мақсатында жаңа технология әдістерін пайдалана отырып әр оқушымен жеке жұмыстарын жүргізеді. Жеткіншек ұрпаққа білім беру мен тәрбиелеуді заман талабына сай шығармашылықпен жүргізуге баса мән беріп, оқушылармен жүйелі жұмыс атқаруда. Ол ұжымдастары арасында ұйымдастыру қабілеті жоғары, әр істің қыр-сырын таба білетін педагог ретінде зор құрметке ие. Өзінің айтуы бойынша әр оқушымен жеке жұмыс жүргізу есте сақтау, зейіндік қабілетін дамытуға, пәнге деген қызығушылығын арттыруға жетелейді екен.
Білікті педагог 2019 жылдан бастап Меркі аудандық оқушылар «Үміт» сарайы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келеді. Саналы ғұмырының 16 жылдан астам уақытын педагогикаға арнаған Мадина Садуахасқызы әрдайым өзінің жоғары жауапкершілігі, талапшылдығы және шығармашылық көзқарасымен өзгелерге үлгі. Сондай-ақ өз саласында жоғары кәсібилігімен және жұмысқа деген адалдығымен де ерекшеленеді.

Ш.Жамбыл,
журналист,
Меркі ауданы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.