БЕДЕЛІ БИІК БЕТҚАЙНАР КОЛЛЕДЖІ
Жуырда өткен облыстық Тамыз кеңесінде Қордай ауданындағы Бетқайнар колледжі «Ең үздік колледж» номинациясын иеленіп, 1 миллион теңгенің сертификатына қол жеткізді. Аталған колледж бүгінде білім көгіне еркін құлаш сермеген айшықты оқу орындарының бірі.
Колледждің құрылу және қалыптасу кезеңдерінің де тарихы тым тереңде. Өзінің жарты ғасырдан астам шұрайлы шежіресінде ауылшаруашылық саласында өңір кәсіпорындарының негізгі кадрлық әлеуетін құрайтын 16 мыңнан астам маман даярлап шығарған колледж 1957 жылы ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Красногор ауылында училище болып ашылған еді. Оқу ордасының алғашқы директоры А.И.Оникин басталған сара жол П.С.Шпорн, Ф.И.Малинка, А.С. Бычков, П.С.Павлов секілді білікті басшылардың даңғыл жолына ұласты. Кейін колледж Ауылшаруашылық механикаландырылған училищесі болып қайта құрылып, 225 оқушыға екі этажды оқу корпусы, төрт қабатты жатақхана салынды. Осы жылдар ішінде өндіріс пен ауыл шаруашылығы үшін көптеген механизаторлар, жүргізушілер, электриктер, слесарлар, бухгалтерлер, газэлектросварщиктер және әмбебап тігіншілер дайындап шығарды. Сондай-ақ «Ауылшаруашылық кәсіптік техникалық училищесі-7», «Ауылшаруашылық кәсіптік техникалық училищесі-13», «Кәсіптік техникалық училище -7», «Кәсіптік техникалық мектеп-7», «Бетқайнар кәсіптік есеп шаруа оқу орталығы», «Кәсіптік мектеп-7», «№7 Кәсіптік лицей» болып бірнеше атауы өзгерген оқу ошағын әр жылдары Ж.Б.Базарбаев, В.С.Денисов, Т.Ж.Мустафин, Р.И.Вахитов, Ұ.М.Жауар сынды өз ісінің жетік білетін білгір мамандар басқарды.
Ал 2012 жылы «№7 Бетқайнар колледжі» деген атауға ие болған білім ұясына 2015 жылдан бері Гүлнар Әлімбаева басшылық етіп келеді. Осы сәттен бастап колледждің екінші тынысы ашылып, өрлеудің жаңа кезеңі басталды деуге толық негіз бар.
Гүлнар Еділбайқызы саналы ғұмырының 37 жылын педагогика саласына арнаса, оның 20 жылы басшылық қызметтерге тиесілі. Ол – қазіргі таңда 1 санатты басшы-көшбасшы, математика пәні бойынша педагог-зерттеуші. Еңбек жолында Қазақстан Республикасының техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Қазақстан Республикасы мемлекеттілігінің қалыптасуына, егемендігінің нығаюы мен әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқаны үшін» төсбелгілерімен және ҚР Білім және ғылым министрлігінің, облыс, аудан әкімдіктері мен мәслихаттарының, кәсіподақ ұйымдарының Құрмет Грамотасы және Алғыс хаттарымен бірнеше марапатталған. Қазіргі таңда аталған колледждің өңіріміздегі мемлекеттік оқу орындары арасында көшбасшыға айналуы осындай үздік басшы, ұйымшыл ұжым, білікті оқытушылардың еңбегі екені даусыз. Айталық, 2016 жылы №7 Бетқайнар колледжінің Қазақстан Республикасы Ұлттық ұйымдастыру комитетінің ұлттық бизнес рейтинг сараптамасы бойынша «Индустрия көшбасшысы 2016» алтын рейтингіне енгізілгені жоғарыдағы сөзіміздің айғақтай түседі.
Бүгінде ұжым басшылығының жетекшілігімен колледждің стратегиялық жоспары дайындалды. Аталған ұзақ мерзімді жоспарға сәйкес материалды-техникалық базаны жаңарту және нығайту, оқу үрдісін әдістемелік жағынан қамтамасыз ету мақсатында жұмыстар атқарылуда.
– Колледжімізде «Ауыл шаруашылығын механикаландыру», «Дәнекерлеу ісі (түрлері бойынша)», «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» және «Бағдарламалық қамтамасыз ету (түрлері бойынша)» мамандықтары бойынша кадрлар даярланады. Оқу ордасы 2020-2021 оқу жылынан бастап «Ауылшаруашылығын механикаландыру» және «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандықтары «Жас маман» жобасына еніп, осы екі мамандықтың материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Сонымен қатар 2023 жылы аталған екі мамандық бойынша құзыреттілік орталықтары ашылды. Сондай-ақ оқу ордасының жылыжайында лимон өсірілуде. Бұған қоса «Жастар аллеясы» бағы ашылып, қазіргі таңда экономикалық және экологиялық сұранысқа ие Павловния және алма ағаштары егілуде. Ал, «Тігін мамандығы» студенттерінің өнімі ұлттық нақышта безендірілген киіз үйде көрмеге қойылған. Тағы бір атап өтерлігі, биыл 150 орынға арналған колледж жатақханасы ағымдағы жөндеуден өткізілуде. Жатақхана заманауи жиһаздармен толығымен жабдықталуда. Бөлмеде 2 студенттен жатады. Сондай-ақ жатақханада 3 демалатын қонақ бөлмесі, 2 теннис ойнайтын бөлме, екі асхана, киім жуатын, кептіретін бөлмелер, дәретхана мен жуынатын бөлмелер бар. Қазіргі таңда өтініштер бойынша 100 студент орналастырылған. Жатақханада студенттер өміріне қажетті жағдай жасалған. Бірінші қабатта кітапхана, оқу залы, оқуға құштар колледж, дәрігерлік пункт, оқу кабинеттері орналасқан. Бұдан бөлек, «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандықтары студентері үшін кәсіпкерлікті қолдау мақсатында бизнес-инкубатор ашылған. Бұл өз алдына Қордай ауданының экономикасын дамытуға, жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
Әлемдегі үздік тәжірибеден шет қалмай 2019 жылы Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы мен Қырғызстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі жанындағы бастауыш кәсіптік білім беру агенттігі арасында жасалған екі жақты меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар Қырғыз Республикасының Тоқмақ индустриалды педагогикалық колледжімен тәжірибе алмасу мақсатында халықаралық «Кәсіби шеберлік» чемпионаты өткізілді. Колледжде білім алатын студенттердің ата-аналарымен тығыз байланыс орнатылып, кері байланыс жүйелі жолға қойылған, — деді Гүлнар Еділбайқызы бізбен әңгімесінде.
Еңбек нарығында, кәсіби қызметке, мансаптық өсуге және тұрақты сапалы өмірге дайын мамандарды даярлауды мақсат тұтқан колледжде қызметкерлер құрамының сандық, сапалық мазмұнын сақтау және жаңару үдерістерінің оңтайлы теңгерімін қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жүргізілуде. Әсіресе, педагогтердің аттестациясы – үздіксіз кәсіби дамудың маңызды құралы. Айталық, ағымдағы оқу жылында Бетқайнар колледжінде 58 педагог жұмыс істейді. Оның ішінде қосымша қызмет атқарушы педагог саны 5 болса, тиісті бейіні бойынша жоғары педагогикалық білімі бар педагогтер – 57, арнаулы білімі бар – 1. Оның ішінде 21 өндірістік оқыту шебері, 12 арнайы пән оқытушысы, 23 жалпы білім беретін пән оқытушысы, 2 басқа лауазымдағы педагог және 6 ғылыми дәрежесі бар ұстаз еңбек етуде. Колледж институционалды және мамандандырылған аккредиттеуден және 2022-2023 оқу жылында барлық мамандықтар бойынша мемлекеттік аттестациядан өткен.
Бетқайнар колледжі «World Skills» стандартын енгізу бойынша студенттердің облыстық және республикалық чемпионатқа үдайы қатысып келеді. 2024 жылы «WorldSkills Jambyl 2024» облыстық чемпионатында «Сәндік технология» құзыреттілігі бойынша колледж студенті Арбуду Латифа 1 орын, «Дәнекерлеу технологиясы» бойынша Светлорусов Виталий 3 орын алса, «World Skills Kazakstan 2023» республикалық чемпионатында 3 курс студенті Бор Рамина арнайы Дипломмен марапатталды.
Колледж ұстаздарының толағай табыстары да жетерлік. Нақтырақ тоқталсақ, Қ.Бітібаева атындағы республикалық ғылыми-әдістемелік зерттеу орталығының ұйымдастыруымен «Білім беру ұйымы басшысының үздік орынбасары» республикалық кәсіби байқауында үздік нәтижесі үшін Гаухар Нурбекова 2 дәрежелі дипломды, «Еңбекті қорғау жөніндегі үздік техникалық инспектор» республикалық салалық кәсіподақ конкурсында «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығының жоғары санатты арнайы пәндер оқытушысы Бауыржан Жауар 2 орынды еншіледі. Бұған қоса түрлі білім бәйгелерінде топ жарған ұлағатты ұстаздардың қатары жыл өткен сайын молаюда.
Қорыта айтқанда, білікті басшы, білгір ұстаз, саналы студенттердің басын бір арнаға тоғыстырған Бетқайнар колледжінің беделі бұдан да биіктей түсері сөзсіз.
Қ.ШАХАБАЙ,
журналист,
Қордай ауданы.