ҰСТАЗДАРДЫҢ КӘСІБИ БІЛІКТІЛІГІ АРТУДА
Бүгінгі таңда облыстық білім басқармасымен, аудандық, Тараз қалалық білім бөлімдерімен бірлескен жұмыстар нәтижесінде өңірде 2300 педагог біліктілікті арттыру курстарында оқытылды. Оның ішінде 1900-і орта білім беру ұйымдарының, 400-і мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтері. Бұл туралы Өңірлік коммуникация-
лар қызметінің алаңында «Өрлеу» «Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» Акцио-
нерлік қоғамы филиалы Жамбыл облысы бойынша Кәсіби даму институтының директоры Сұлушаш Құрманбекова баяндады.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2021 жылы Қазақстан халқына Жолдауында: «Білім беру жүйесіне жігерлі әрі білікті мамандар қажет. Мұғалімдерді қазіргідей 5 жылда емес, 3 жылда бір рет қайта даярлықтан өткізуіміз керек деп санаймын. Өйткені олар шәкіртінің бойына жаңа білім сіңіре алатындай нағыз ағартушы болуға тиіс», — деп, педагогтердің біліктілігін арттыру мәселесін көтерген болатын. Осыған байланысты ҚР-ның «Білім туралы» Заңына 2022 жылдың 27 маусымында «…37 баптың 4-тармағында: Бiлiм беру ұйымдары басшы кадрларының, педагогтерінің бiлiктiлiгiн арттыру үш жылда бір реттен сиретпей жүзеге асырылады», — деп нақты өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, жүзеге асырыла бастады.
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша Кәсіби даму институты өңірдегі педагог кадрлардың біліктілігін арттыру шараларын жүзеге асырады. Мысалы, 2022 жылы мемлекеттік тапсырыс бойынша біліктілікті арттыру курстарында 6315 педагог оқытылса, оның 5772-і орта білім беру ұйымдарының 543-і мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтері.
Өткен жылы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту Министрлігінің тапсырмасы бойынша республика көлемінде пән мұғалімдерінен сауалнама алынып, пәндерді оқытудағы күрделі тақырыптар анықталды. Әр пәннің күрделі тақырыптары бойынша құзыреттілікті дамытуға бағытталған пәндік курстардың 44 бағдарламасы әзірленді. Өткен жылдың 1 тамызынан бастап осындай пәндік курстардан 3690 педагог өтті. Сондай-ақ 2023 жылы мемлекеттік тапсырыс бойынша облыстың 6624 педагогін біліктілікті арттыру курстарында оқыту жоспарланған. Оның 5514 -і орта білім беру ұйымдарынан; 1110-і мектепке дейінгі білім беру ұйымдарынан.
Бүгінгі таңда облыстық білім басқармасымен, аудандық, Тараз қалалық білім бөлімдерімен бірлескен жұмыстар нәтижесінде 2300 педагог, яғни жалпы контингенттің-35% біліктілікті арттыру курстарында оқытылды. Оның ішінде 1900-і орта білім беру ұйымдарының, 400-і мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтері. Бұған қоса 2022 жылы жаңа енгізілген «Жаһандық құзыреттіліктер» курсын 340 педагог оқыса, биыл облыстың 350 педагогін оқыту жоспарланған. Мұғалімдерге курстан кейінгі қолдау көрсету – институт жұмысының маңызды бағыттарының бірі, – деді институт директоры.
Сондай-ақ баяндамашының айтуынша, курстан кейінгі қолдау аясында филиалдың профессор-оқытушылар құрамы тыңдаушылармен түрлі бағытта семинарлар, қысқа мерзімді жоспарлау, критериалды бағалауды енгізу, тапсырмаларға дескрипторларды, сабақтарға критерийлерді әзірлеу, оқытудың белсенді әдістерін пайдалану, модерация жүргізу мәселелері бойынша жеке консультациялар; педагогикалық тәжірибе алмасу; білім беру мазмұнының проблемалық мәселелері бойынша пікірталастар, білім беру бағдарламаларының оқу материалдарын пайдалануда әдістемелік көмектер көрсетуде. Курстан кейінгі қолдау шаралары аясында есепті мерзімде 40 іс-шара өткізілген. Курстан кейін аға оқытушылар мен әдіскерлер Виртуалды қауымдастықта (forum.orleu-edu.kz) тыңдаушылармен бірге жұмыс жүргізеді, қазір онда 500-ге жуық тыңдаушы тіркелген. Сонымен қатар институттың профессор-оқытушылар құрамы да үздіксіз өз білімдерін жетілдіріп отырады екен. Мысалы, 2022 жылы — 26, 2023 жылы — 24 қызметкер білім жетілдіру курстарынан өткен. Оқытушылардың шығармашылық ізденісінің нәтижесінде «Негізгі және орта білім беру» бойынша 6 бағдарлама және «Мектепке дейінгі білім беру» бойынша 3 бағдарлама әзірленген. Сондай-ақ облыстың білім басқармасымен курс ұйымдастыру, өткізу, курстан кейінгі қолдау шараларын жүзеге асыру бойынша бірлескен іс-шаралар жоспарын бекітіп, облыс педагогтеріне оқу-әдістемелік, тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру бойынша әдістемелік көмектер көрсетілуде. Мысалы, Тараз қаласындағы №30 «Назерке» бөбекжай-бақшасы базасында өткен жылы маусым айында М.Монтессори кабинетін жабдықтап, іс-шаралар жоспарын бекіттік. Балалардың өмірге қажетті негізгі дағдыларын дамытуда М.Монтессори жүйесін үздіксіз қолдану бойынша әдістемелік көмектер беріліп, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Бұған қоса облыстың білім беру ұйымдарының рейтинг қорытындысы бойынша өткен оқу жылында кризистік жағдайдағы 9 мектептің ішінен 3 мектепке көмек көрсету бағытында іс-шаралар әзірленіп, бекітілген.
Облыс білім беру ұйымдарының басшыларына менеджменттік басқару, көшбасшылық, жаңа тұрпатты мектеп жұмысын үйлестіру бойынша әдістемелік көмек беру мақсатында да бірқатар шаралар жоспарланған. Айталық, 2023 жылы барлығы 345 басшы кадрларды, 270 директор мен орынбасарларын арнайы курстан өткізу жоспарланған. Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту ұйымдарының басшылары мен әдіскерлері де білімін жетілдіретін болады.
Институт тарапынан әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары арқылы арнайы рубрикалармен педагогтерге түрлі ақпараттар беру жақсы жолға қойылған. Мысалы, «Әлеуметтік желіде танымал тұлғалардың Жеке парақшаларына қонаққа бару» айдары аясында түрлі тақырыпта тікелей эфирлер ұйымдастырылды. Ал «Жұлдызды спикер» айдары аясында облысқа танымал, шығармашыл ұстаздармен сұхбаттар арқылы тәжірибе бөлісуге мүмкіндіктер туды. «Жас ұстаз» айдары бойынша жас мамандар педагогикалық идеяларымен, жаңашыл тәжірибелерімен бөліседі.
Институттың айына 1 рет шығатын республикалық «Білім.kz» педагогикалық журналы және аймақтық «Заманауи ұстаз» педагогикалық газетінде де ақпараттар мол жарияланып тұрады.
Осылайша атқарылған ауқымды жұмыстарға кеңінен тоқталған Сұлушаш Сәтбекқызы БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сауалдарға да тұщымды жауаптар берді.
Өз тілшіміз.